Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 105-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 124-бабына сәйкес Қарабалық ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылсын.
2. "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы Жарғы осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.
3. "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қарабалық ауданы әкімінің орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | Р. Халықов |
Қарабалық | |
ауданы әкімдігінің | |
2024 жылғы 5 желтоқсандағы | |
№ 185 қаулысымен | |
бекітілген |
"Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жарғысы
Қарабалық кенті, 2024 жыл |
1. Жалпы ережелер
1. "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Мекеме) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыру үшін мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Мемлекеттік Мекеменің түрі: коммуналдық.
3. Мекеме Қостанай облысы Қарабалық ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 5 желтоқсандағы № 185 "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы" қаулысымен құрылды.
4. Мекеменің құрылтайшысы Қостанай облысы Қарабалық ауданының әкімдігі (бұдан әрі – Құрылтайшы) болып табылады.
Құрылтайшының заңды мекенжайы: 110900, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Қарабалық кенті, Космонавтар көшесі, 31.
5. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай – ақ оған қатысты Мекеменің мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Уәкілетті орган) болып табылады.
6. Мекеменің толық атауы:
Мемлекеттік тілде: "Қарабалық ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
Орыс тілде: коммунальное государственное учреждение "Центр оказания специальных социальных услуг" государственного учреждения "Отдел занятости и социальных программ акимата Карабалыкского района".
7. Мекеменің орналасқан жері: индекс 110900, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Қарабалық кенті, Космонавтар көшесі, 16.
2. Мекеменің заңды мәртебесі
8. Мекеменің дербес балансы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің қазынашылық органдарында шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және Мекеменің атауы жазылған бланкілері, мөрлері мен мөртабандары болады.
9. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мекеме басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
10. Мекеме өзінің қарауындағы ақшамен өз міндеттемелері бойынша жауап береді. Мекемеде ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
11. Мекеме жасасатын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын азаматтық-құқықтық мәмілелер, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
3. Мекеме қызметінің мәні мен мақсаты
12. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Жарғыға сәйкес азаматтарға қызмет көрсету жолымен жүзеге асырады.
13. Мекеме қызметінің мәні:
Қарабалық ауданының әкімшілік аумағында тұрақты тіркелген және тұратын, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар (отбасылар) үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес ұсынылады.
14. Мекеме қызметінің мақсаты:
адамға (отбасына) адамның тыныс-тіршілігін объективті бұзатын негіздерді еңсеру үшін жағдай жасауды қамтамасыз ететін және басқа азаматтармен қоғам өміріне қатысуға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін көрсету болып табылады.
15. Өз мақсаттарына жету үшін Мекеме келесі қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) психоневрологиялық патологиялары бар мүгедектігі бар балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға, психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар тұлғаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға, егде жасқа байланысты өз бетінше қызмет көрсетуге қабілетсіз тұлғаларға үйде қызмет көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау;
3) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
4) осы Жарғымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
16. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған тұлғаларды (отбасыларды) қабылдау қызмет көрсету шартында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
17. Мекемеде қызметтер тегін көрсетіледі.
18. Мекеменiң қызметiн жүзеге асыруға, сондай-ақ осы Жарғыда бекiтiлген өз қызметiнiң мәнi мен мақсаттарына сай келмейтiн мәмiлелер жасауға құқығы жоқ.
19. Мекеме Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында айқын шектелген қызмет мақсаттарына қайшы не басшының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiле Уәкiлеттi органның, мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның, жергiлiктi атқарушы органның, прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
4. Мекемені басқару
20. Мекемені жалпы басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған Уәкілетті орган жүзеге асырады
21. Уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Мекемеге мүлікті бекітеді;
2) Мекемені қаржыландыру жоспарын бекітеді;
3) Мекеме мүлкінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Мекеменің Жарғысын бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
5) Мекеме директорының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны атқаратын лауазымынан босату негіздерін айқындайды;
6) Мекеменің құрылымы мен шекті штат санын бекітеді;
7) Мекемеге берілген немесе өзінің шаруашылық қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға жазбаша келісім береді;
8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдайды;
9) өзіне осы Жарғымен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
22. Мекеменің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті орган қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын директор болып табылады.
23. Мекеменің директоры Мекеменің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Уәкілетті органға тікелей бағынады (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда) және Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
24. Мекеменің директоры кәсіпорынның қаржылық-шаруашылық қызметі мен мүлкінің сақталуына дербес жауапты болады.
25. Мекеменің директоры дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын оның құзыретіне сәйкес Мекеме қызметінің мәселелерін дербес шешеді.
26. Мекеме директорының жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеттері Еңбек міндеттерін бұзу болып табылады және тәртіптік және материалдық жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соғады.
27. Мекеменің директоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) мемлекеттік органдарда, өзге де мекемелер мен ұйымдарда Мекеменің мүдделерін білдіреді;
3) шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды;
4) Мекеменің іссапарлар, тағылымдамалар, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқыту және қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлері жөніндегі жоспарларын бекітеді;
5) сенімхат береді;
6) банк шоттарын ашады;
7) Мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
8) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес уәкілетті орган тағайындайтын қызметкерлерден басқа Мекеме қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметкерлерді көтермелеу шараларын қолданады және оларға тәртіптік жаза қолданады;
10) Мекеме қызметкерлерінің міндеттерін айқындайды;
11) атқарылған жұмыс туралы ай сайынғы, тоқсандық және жылдық есепті ұсынады, Мекеменің қызметін жоғары тұрған ұйымдарға жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
12) өз құзыреті шегінде мемлекет және өзге де ұйымдар мен жеке тұлғалардың қатысуымен заңды тұлғалардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратады және алады;
13) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Жарғымен және Уәкілетті органмен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Мекеменің мүлкін құру тәртібі
28. Мекеменің мүлкін заңды тұлғаның активтері құрайды, олардың құны оның балансында көрсетіледі. Мекеменің мүлкі:
1) меншік иесі оған берген мүлік;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
29. Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және оған смета бойынша бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқылы емес.
30. Егер қосымша қаржыландыру көзі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, Мекеменің қызметін Уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырады.
31. Мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізеді және есептілікті ұсынады.
6. Мекемедегі жұмыс режимі
32. Мекеменің жұмыс режимі ішкі тәртіп ережелерімен белгіленеді және Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.
7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
33. Мекеменің құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аумақтық әділет органдарында мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтеді.
8. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату шарттары
34. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша немесе Қарабалық ауданы әкімінің келісімі бойынша жүргізіледі.
35. Мемлекеттік заңды тұлға заң актілерінде көзделген басқа да негіздер бойынша таратылады.
36. Мекемені қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.
37. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған таратылған мемлекеттік заңды тұлғаның мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не Қарабалық ауданы әкімінің келісімі бойынша қайта бөледі.
38. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған, осы заңды тұлғаның мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, таратылған Мекеменің ақшасы тиісті бюджеттің кірісіне есептеледі.
9. Мекеменің филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер
39. Мекеменің филиалдары мен өкілдіктері жоқ.