Павлодар қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Павлодар қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы" № 507/2 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қала әкімдігі қаулысының 1-қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің аппарат басшысы К. А. Адильжановқа жүктелсін.
4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Павлодар қаласының әкімі | Х. Хабылбеков |
Павлодар қаласы әкімдігінің 2024 жылғы "18" желтоқсандағы № 1726/2 қаулысына қосымша |
|
Павлодар қаласы әкімдігінің 2022 жылғы "11" cәуірдегі № 507/2 қаулысына 1-қосымша |
"Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" (бұдан әрі - әкім аппараты) Кенжекөл ауылдық округінің әкімі (бұдан әрі – әкім) қызметін қамтамасыз ететін және Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады.
2. Әкім аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы әкім аппараты туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Әкім аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, қазынашылық органдарында шоттары болады және оның қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Әкім аппараты азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
5. Әкім аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық –құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
6. Әкім аппараты өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен асшының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
7. Штат санының құрылымы мен лимитiн бекіту, сондай-ақ лауазымға тағайындау Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Әкім аппаратының:
мемлекеттік тілдегі толық атауы "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі;
орыс тілінде: Государственное учреждение "Аппарат акима Кенжекольского сельского округа".
Әкім аппаратының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 140014, Павлодар облысы, Кенжекөл ауылы, Ата Заң алаңы, 3.
"Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің жұмыс тәртібі:
дүйсенбі – жұма күндері сағат 900-ден 1830-ға дейін, түскі үзіліс сағат 1300-ден 1430-ға дейін, демалыс күндері: сенбі – жексенбі.
9. Әкім аппараты қызметiн каржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергiлiктi бюджеттен жүзеге асырылады.
10. Әкім аппаратына әкім аппаратының өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Егер әкім аппаратына заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері
11. Міндеттер:
Әкімнің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу;
ведомстволық аумақта мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі әкім қызметін қамтамасыз ету;
басқа да мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен әкімнің өзара іс-әрекеті.
12. Функциялар:
1) Ауылдық округ әкімінің аппараты өз құзыреті шегінде:
ауылдық округтің бюджетін жоспарлауды және атқаруды қамтамасыз етеді;
жергілікті қоғамдастықтың жиналысына және Павлодар қалалық мәслихатына ауылдық округ бюджетінің атқарылуы туралы есепті ұсынады;
ауылдық округтің бюджетін іске асыру туралы шешім қабылдайды;
жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлейді және оны жергілікті қоғамдастық жиналысының бекітуіне ұсынады;
ауылдық округтің коммуналдық мүлкіне жататын объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырыс беруші болады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға алып қойылған мүлікті кейіннен баланстан шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін күтіп ұстау және оның сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкінің мәселелері бойынша мемлекеттің мүдделерін білдіреді, ауылдық округтің меншік құқығын (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) қорғауды жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін сенімгерлік басқару келісім шарты бойынша міндеттемелерді сенімгерлік басқарушының орындауын бақылауды жүзеге асырады;
мүлкі ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылауды және талдауды жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін есепке алуды ұйымдастырады, оның тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
жергілікті қоғамдастық жиынын, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын, жергілікті қоғамдастық жиналысын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының, жергілікті қоғамдастық жиынының және жиналысының шақырылу уақытын, орнын және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді;
жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған және ауылдық округінің әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді;
әкім аппараты әкімшісі болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды әзірлеп, тиісті мәслихаттың бекітуі үшін жоғары тұрған әкімдіктің қарауына енгізеді;
мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды ұйымдастырады;
спорт мекемелерін материалдық-техникалық қамтамасыз етуді қолдайды және жәрдем көрсетеді;
елді мекен жерлерінде жануарлардың жайылымы үшін орындарды анықтайды;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етеді;
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiруді жүргізуге қатысады;
ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын, мал шаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердің, сою алаңдарының (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарының), мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлардың), пестицидтердi, улы химикаттарды және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарының (көмінділердің) жұмыс iстеуiне жәрдемдеседі;
Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз етеді және жергілікті қоғамдастық жиынына оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;
жайылым пайдаланушылар арасында жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;
жеке меншікке және жер пайдалануға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда жер телімдерін береді;
көпшілік сервитуттарды орнатады;
жер телімдерін алып қою, соның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою мәселелерi жөнiнде Павлодар қаласы әкiмдiгіне ұсыныстар енгізеді;
мемлекеттік корпорацияға жер теліміне құқық ауыртпалығын белгілеуге және тоқтатуға нұсқама жібереді;
жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі тиісті уәкілетті органға заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпаратты ұсынады;
пошта операторларына өздерінің аумақтарына өндірістік объектілерді орналастыруында жәрдем көрсетеді;
ауылдық округінде пошта байланысының тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдеседі;
2) Ауылдық округ әкімінің аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша:
өз құзыреті шегінде жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқару саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;
егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
шешім қабылдайды және жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жекешелендіруді жүзеге асырады, оның ішінде объектіні жекешелендіруге дайындау процесінде оның сақталуын қамтамасыз етеді, жекешелендіру процесін ұйымдастыру үшін делдалды тартады, жекешелендіру объектісін бағалауды қамтамасыз етеді, жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарттарын дайындау мен жасасуды және сатып алу-сату шарттары талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
мүлкі ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметінің нысанасы мен мақсаттарын, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның түрін (шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе қазыналық кәсіпорын) айқындайды;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғасына берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде өзі сатып алған мүлікті алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай пайдаланылмайтын мүлкін алып қоюды жүзеге асырады;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығынсыз не кейіннен сатып алу құқығымен мүліктік жалдауға (жалға алуға), сенімгерлік басқаруға береді;
Павлодар қаласы әкімімен келісім бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларын құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы шешім қабылдайды;
коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға өзіне бекітіп берілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) иеліктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуге, филиалдар мен өкілдіктер құруға, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруге және есептен шығаруға келісім береді;
жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік заңды тұлғаларының жарғысын (ережесін), оған енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;
мүлкі ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсетілетін қызметтерінің) міндетті көлемін айқындайды;
мүлкі ауылдық округінің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерді "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда қарайды, келіседі және бекітеді;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін пайдалану, оның ішінде оны кепілге, жалға алуға, өтеусіз пайдалануға және сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімдер қабылдайды;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп береді;
жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдайды;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
13. Әкімі аппараты өз құзыреті шегінде құқығы бар:
мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа материалдарды сұрауға және алуға;
мүлiктiк және мүлiктiк емес құқықтарды алуға және жүзеге асыруға;
мемлекеттік басқару органдарының, мұрағаттардың, ғылыми мекемелердің ақпараттық деректер базаларын пайдалануға;
шарттар, келісімдер жасасуға;
әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
14. Міндеттер:
Әкім аппараты өз құзыреті шегінде:
қолданыстағы заңнамаға сәйкес халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету;
Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, облыс әкімінің және әкімдігінің, қала әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау;
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамада көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
3. Ауылдық округі әкімі аппаратының мәртебесі, өкілеттігі
15. "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесін әкім басқарады.
16. Әкімнің өкілеттіктері:
1) лауазымды тұлға болып табылады және мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда "Кенжекөл ауылдық округі әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің атынан сенімхатсыз өкілдік етеді;
2) азаматтардың өтініштерін, арыздарын, шағымдарын қарайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнінде шаралар қолданады;
3) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi жинауға жәрдемдеседi;
4) азаматтардың және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативті құқықтық актілерін орындауға жәрдемдеседі;
5) өз құзыреті шегінде жер қатынастарын реттеуді жүзеге асырады;
6) ауылдық округтің мемлекеттік тұрғын үй қорының, сондай-ақ ауылдық округте автомобиль жолдарының салынуын, қайта жаңартылуын, жөнделуiн және күтiп ұсталуын қамтамасыз етедi;
7) шаруа қожалығын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдеседі;
8) өз құзыреті шегінде әскери міндеттілік және әскери қызмет, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері жөніндегі, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
9) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен нотариаттық әрекеттер жасауды ұйымдастырады;
10) тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
11) табысы аз адамдарды анықтайды, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныс енгізеді, жалғызілікті қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастырады;
12) мүгедектігі бар тұлғаларға көмек көрсетуді ұйымдастырады;
13) қоғамдық жұмыстарды, жастар практикасын және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастырады;
14) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органмен және мүгедектігі бар тұлғалардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе отырып, мүгедектігі бар тұлғалар арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
15) тұрғылықты жерлері бойынша жеке тұлғалардың және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы көпшілік демалатын орындарында дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдай жасайды;
16) мүгедектігі бар тұлғалардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мәдени-бұқаралық және ағарту іс-шараларын ұйымдастырады;
17) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;
18) қылмыстық-атқару инспекцияларының пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмысқа орналасуына қамтамасыз етеді және өзге де әлеуметтік-құқықтық көмекті көрсетеді;
19) жұмыспен қамту органдары жоқ жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыссыздарды белгілеп отырады;
20) "Алтын алқа" алқасымен наградталған аналарға тұрғын үй бөлуге жәрдемдеседі;
21) жазалаудың осы түріне сотталған адамдардың қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастырады;
22) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың жұмыспен қамтылуына, оның ішінде:
қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындары мен мекемелері өндіретін тауарларға, орындайтын жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге тапсырыстарды орналастыру;
қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында сотталғандардың еңбегін пайдаланатын өндірістер ашу, оларды кеңейту және жаңғырту үшін кәсіпкерлік субъектілерін тарту арқылы жәрдемдеседі.
23) ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
24) жергiлiктi әлеуметтiк инфрақұрылымның дамуына жәрдемдеседi;
25) қоғамдық көлiк қозғалысын ұйымдастырады;
26) шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда ауруларды дәрігерлік көмек көрсететін таяу жердегі денсаулық сақтау ұйымына дейін жеткізіп салуды ұйымдастырады;
27) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
28) әкім аппаратының жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылық етуді жүзеге асырады;
29) жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында қабылданған шешімдерді қарайды, олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
30) бюджет қаражатын үнемдеудің және (немесе) Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көзделген түсімдердің есебінен еңбек шарты бойынша қызметкерлерді қабылдайды;
31) мемлекеттік мекемелердің өз иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды және бекітеді;
32) ауылдық округтің тұрғын үй қорын түгендеуді жүргізеді;
33) Павлодар қаласы әкімімен және жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша ауылдық округінің авариялық тұрғын үйлерін бұзуды ұйымдастырады;
34) жергілікті бюджетті бекіту кезінде Павлодар қалалық мәслихаты сессиясының жұмысына қатысады;
35) өз құзыретi шегiнде елдi мекендердi сумен жабдықтауды ұйымдастырады және су пайдалану мәселелерiн реттейдi;
36) елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
37) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады;
38) қоғамдық медиаторлардың тізілімін жүргізеді;
39) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары аясында ауыл халқына шағын несие беруге жәрдем көрсетеді;
40) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдайды;
41) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдайды;
42) статистикалық және шаруашылықтар бойынша есепке алуды жүзеге асырады;
43) ауыл шаруашылығы санағын жүргiзуге қатысады;
44) ауылдық округі халқының пiкiрiн ескере отырып, аудандық өкiлдi және атқарушы органдарға көшелерге, ауылдарға, ауылдық округіне, ат қою және олардың атын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;
45) ауылдық округі халқының пiкiрiн ескере отырып, облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде осы елдi мекендердің құрамдас бөлiктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі мәселелерді шешеді;
46) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте электронды үлгіде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына бағалау жүргізу үшін ақпараттандыру саласында уәкілетті органға ақпарат беруді қамтамасыз етеді;
47) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, оған қатысты жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
17. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес әкімнің орынбасары болуы мүмкін.
18. Әкім Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес әкім орынбасарының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды.
19. Әкім аппараты қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілер этикасының нормаларын сақтауын әкім қамтамасыз етеді.
4. Ауылдық округі әкімі аппаратының мүлкі
20. Заңнамада көзделген жағдайларда әкім аппаратының жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
Әкім аппаратының мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Әкімнің аппаратына бекітіліп берілген мүлік ауылдық округтің коммуналдық меншігіне жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, әкім аппараты жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша бекітіліп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті иеліктен шығаруы немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуі мүмкін.
5. Мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату
23. Әкімнің аппаратын қайта ұйымдастыру және тарату, сондай-ақ оның азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болу құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
24. Әкім аппаратының қарамағында мынадай ұйымдар бар:
1) "Кенжекөл ауылдық округі әкімі аппаратының Қамар Қасымов атындағы Мәдениет үйі" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны;
2) Кенжекөл ауылдық округі әкімі аппаратының "Кенжекөл ауылының "Арлан" дене шыңықтыру-сауықтыру кешені" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.