ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы шешім 01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6 бабының 1 тармағының 15) тармақшасына, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 18- бабының 8 тармағына, "Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мөлшерін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 126 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрiнiң 2014 жылғы 6 қарашадағы "Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" №72 бұйрығына сәйкес, Отырар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Отырар ауданының ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, (ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын ветеринария пунктерінің ветеринария мамандарына да қолданылады), ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне (басшы лауазымдарды атқаратын адамдарды қоспағанда) қажеттілікті ескере отырып, 2024 жылға арналған аудан бюджетінде қарастырылған сома көлемінде келесі әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілсін:
1) жүз еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы;
2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – бюджеттік кредит:
- ауданның әкімшілік орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі мың бес жүз еселенген мөлшерінен аспайтын сомада;
- ауылдық елді мекендерге келген мамандар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі мың еселенген мөлшерінен аспайтын сомада айқындалсын.
2. Осы шешім 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Отырар аудандық мәслихатының төрағасы | У. Ұзақов |