Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 39-3 бабының 6-тармағына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, Жаңақала аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Жаңақала ауданының аумағында жергiлiктi қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткiзудің және жергiлiктi қоғамдастық жиынына қатысу үшiн ауыл, көше, көппәтерлi тұрғын үй тұрғындары өкiлдерiнiң санын айқындау тәртiбi туралы қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекiтiлсiн.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихат төрағасы | К. Каменов |
Аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 14 мамырдағы № 17-12 шешіміне қосымша |
Жаңақала ауданының аумағында жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібі туралы қағидалары
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының өкілдерінің санын айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бөлек жергілікті қоғамдастық жиыны –ауылдық округ, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы;
2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы.
2 тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі
3. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын өткізу үшін ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдар, шағын аудандар, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер) бөлінеді.
4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.
5. Ауылдық округтің әкімі ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын шақырады және өткізуді ұйымдастырады.
Шағын аудан немесе көше шегінде көппәтерлі үйлер болған кезде көппәтерлі үйдің бөлек жиындары жүргізілмейді.
6. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жергілікті қоғамдастықтың халқын ауылдық округтің әкімі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.
7. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ашудың алдында тиісті ауылдың, шағын ауданның, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
Кәмелетке толмағандардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысуына жол берілмейді.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда, шағын ауданда, көшеде, көппәтерлі үйде тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Ауылдық округтің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.
Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.
9. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, шағын аудан, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауданның мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының қатысушылары ұсынады.
10. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп есептеледі.
Егер жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында дауыс беру кезінде қатысушылардың дауыстары тең бөлінген жағдайда, бөлек жиынның төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.
11. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасына төраға мен хатшы қол қояды және бөлек жиын өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жиын хатшысы тіркеу үшін тиісті ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.
Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында хаттама жүргізіледі, онда:
1) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының өткізілген күні мен орны;
2) тиісті аумақта тұратын және жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;
3) қатысушылардың саны және олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетілген тізім;
4) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда);
5) күн тәртібі, сөйленген сөздердің мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.
3-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше тұрғындары өкілдерінің санын айқындау
12. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны төмендегідей айқындалады:
1. Жаңақала ауылдық округінің тұрғындары үшін – 7 өкіл;
2. Мастексай ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
3. Жаңақазан ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
4. Жаңажол ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
5. Қызылоба ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
6. Пятимар ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
7. Бірлік ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
8. Көпжасар ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл;
9. С.Меңдешев ауылдық округінің тұрғындары үшін – 5 өкіл.