Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 94 шешімімен бекітілген, Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 10-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 7-тармағының 10-тармақшасы негізінде,
ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлікті экспортқа жылжытудың шетелдік тәжірибесін, сондай-ақ интеграциялық қоғамдастықтардағы үйлестіру механизмдерін ескере отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) осы Ұсыным ресми жарияланған күннен бастап мынадай ұсыным жасайды:
1. Экспорттық әлеуетті дамыту перспективаларын айқындау кезінде мүше мемлекеттердің елдік және салалық экспорттық басымдықтары туралы деректері негізінде Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) дайындайтын және Еуразиялық экономикалық одақтың "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі ресми сайтында орналастырылатын, мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлігін үшінші елдер нарығына экспорттауды кеңейту бойынша ұсыныстарды ескерсін.
2. Жыл сайын, 2016 жылдан бастап, 15 қаңтардан кешіктірмей, Комиссияға:
Комиссияның жиынтық шолуды дайындауы мақсатында мүше мемлекеттерде қолданылатын ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түлік экспортын қолдау шаралары мен механизмдері туралы;
Комиссияның үйлестіруі кезінде бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің халықаралық көрмелері мен жәрмеңкелеріне қатысу жоспарлары туралы;
Комиссияның алдыңғы жылға арналған жиынтық ақпаратты дайындауы мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік экспортын жылжытуға қатысты бизнес-миссияны өткізу жоспарлары туралы ақпарат берсін.
3. Басқа мүше мемлекеттер мен Комиссияға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімі мен азық-түліктің халықаралық және ішкі нарықтарының жай-күйін көрсететін мүше мемлекеттерде жүргізілген зерттеу нәтижелері туралы ақпарат берсін.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
В. Христенко |