2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 5-бабының 3-тармағына және 12-бабы 2-тармағының 22) тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
1. Еуразиялық экономикалық одаққа көмекші орган Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесі құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесі туралы ереже бекітілсін.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:
Армения Респуликасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 9 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
І. Жалпы ережелер
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдар басшыларының кеңесі (бұдан әрі тиісінше – Басшылар кеңесі, уәкілетті органдар, мүше мемлекеттер, Одақ) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 5-бабына сәйкес Одақтың көмекші органы ретінде, мүше мемлекеттердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласында келісілген немесе үйлестірілген саясатты (бұдан әрі –келістірілген немесе үйлестірілген саясат) іске асыруы үшін құрылады.
2. Басшылар кеңесі өз қызметінде Одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
ІІ. Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері мен функциялары
3. Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері мыналар:
а) келісілген немесе үйлестірілген саясатты іске асыруға жан-жақты жәрдемдесу;
б) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын үйлестіру болып табылады.
4. Басшылар кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:
а) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етудің басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді және оның тиімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды әзірлеуді жүзеге асырады;
б) уәкілетті органдардың:
санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру кезінде келісілген әрекеттерді;
уәкілетті органдар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша келісілген позицияны;
халықаралық ұйымдарда және үшінші елдердің құзыретті органдарымен талқылау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығымен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша келісілген позицияны әзірлеуіне жәрдемдесуді жүзеге асырады.
в) мынадай мәселелер бойынша:
келісілген немесе үйлестірілген саясатты іске асырудың тиімді тетіктерін қалыптастыру;
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіру және үйлестіру;
уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау стратегияларын, бағыттарын және перспективаларын айқындау;
уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру;
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау;
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті органдардың ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар дайындайды;
г) мүше мемлекеттердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тәжірибесі мен халықаралық тәжірибені уәкілетті органдардың зерделеуін ұйымдастырады;
д) келісілген немесе үйлестірілген саясатты іске асыру шеңберінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де функцияларды жүзеге асырады.
ІІІ. Басшылар кеңесінің құқықтары
5. Басшылар кеңесінің мыналарға:
а) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) арналған ұсыныстар дайындауды жүзеге асыруға;
б) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті органдармен, ғылыми және білім беру мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауға;
в) Комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына қосу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары бойынша Комиссияға ұсыныстар беруге;
г) келісілген немесе үйлестірілген саясатты іске асыру шеңберінде уәкілетті органдардың келісілген позициясын Комиссияға ұсынуға құқығы бар.
ІV. Басшылар кеңесінің құрамы
6. Басшылар кеңесінің құрамы уәкілетті органдардың басшыларынан және (немесе) мүше мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінен құралады.
Басшылар кеңесінің құрамына санитариялық шаралар саласында Комиссия функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін Комиссия Алқасының мүшесі кіреді.
Уәкілетті органдар уәкілетті органдар басшылары мен мүше мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері құрамындағы өзгерістер туралы Басшылар кеңесі мен Комиссияға уақтылы хабар береді.
7. Басшылар кеңесінің отырыстарында төрағалық етеді және Басшылар кеңесінің жұмысына жалпы басшылықты Басшылар кеңесінің төрағасы жүзеге асырады.
Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің отырысында тікелей ашық дауыс беру арқылы Одақ туралы шарттың 8-бабының 4-тармағына сәйкес Одақ органдарында төрағалық ететін мүше мемлекеттің Басшылар кеңесінің мүшелерінен сайланады.
8. Басшылар кеңесінің төрағасы:
а) Басшылар кеңесінің жұмысына басшылық жасайды;
б) Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оны өткізу күнін, уақыты мен орнын айқындайды;
в) Басшылар кеңесінің отырысын жүргізеді;
г) Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамаларына қол қояды.
9. Басшылар кеңесі төрағасының шақыртуы бойынша Басшылар кеңесінің отырысына – Басшылар кеңесінің отырысында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері, уәкілетті органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – Басшылар кеңесінің отырысына қатысушылар) қатыса алады.
10. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысын уәкілетті органдар қызметкерлерінің, Комиссияның лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің арасынан Басшылар кеңесінің төрағасы тағайындайды.
11. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы:
а) Басшылар кеңесі отырысы күн тәртібінің жобасын әзірлейді және оны Кеңес төрағасының бекітуіне ұсынады;
б) Басшылар кеңесінің мүшелері мен Басшылар кеңесі отырысының қатысушыларына Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібі мен оның материалдарын жібереді;
в) Басшылар кеңесінің мүшелері мен Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларға Басшылар кеңесінің кезекті отырысының күні, уақыты мен өтетін орны туралы хабар береді;
г) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Басшылар кеңесінің төрағасына қол қоюға ұсынады;
д) Басшылар кеңесінің мүшелеріне Басшылар кеңесі отырыстары хаттамаларының көшірмелерін жібереді;
е) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасында көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстардың орындалуына мониторингті жүзеге асырады және Басшылар кеңесінің төрағасына оның нәтижелері туралы хабар береді.
V. Басшылар кеңесі жұмысының тәртібі
12. Басшылар кеңесінің отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына 2 реттен кем болмауға тиіс.
13. Басшылар кеңесінің отырысын өткізу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы қабылдайды.
14. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсынысты Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің төрағасына жібереді.
15. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне материалдар мыналарды:
а) қаралатын мәселелер бойынша анықтамаларды;
б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (болған кезде);
в) қаралатын мәселелер бойынша хаттамалық жазбалардың жобаларын;
г) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды қамтиды.
16. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесінің мүшелері мен Басшылар кеңесі отырысына қатысушыларға Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей, ал айрықша жағдайларда - Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібі мен оның материалдарын, оның ішінде электрондық түрде жібереді.
17. Басшылар кеңесінің отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.
Басшылар кеңесінің отырысы уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде қабылданатын Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде өткізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда, қабылдаушы мүше мемлекет Басшылар кеңесінің отырысын ұйымдастыру мен өткізуге жәрдем көрсетеді.
Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша Басшылар кеңесінің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.
18. Егер Басшылар кеңесінің отырысына әрбір мүше мемлекеттен Басшылар кеңесінің кемінде 1 мүшесі қатысатын болса, онда бұл отырыс заңды болып есептеледі.
Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырысына ауысу құқығынсыз жеке өзі қатысады.
Басшылар кеңесінің отырысына Басшылар кеңесі мүшесінің қатысуы мүмкін болмаса, оның қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін Басшылар кеңесінің төрағасына күні бұрын жазбаша нысанда ұсынуға құқығы бар.
19. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібіне кірмеген қосымша мәселелерді Басшылар кеңесінің отырысында қарау үшін ұсына алады.
Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді қосу туралы шешімді Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісу бойынша Басшылар кеңесінің төрағасы қабылдайды.
20. Басшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстары бойынша Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосылған мәселені қараудан алып тастай алады.
21. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосу үшін мәселені ұсынған Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына ұсынылған мәселелер бойынша қажетті материалдар мен ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді.
Басшылар кеңесі төрағасының Басшылар кеңесінің құзыретіне жатқызылған мәселелер жөніндегі материалдар мен ақпаратты уәкілетті органдар мен Басшылар кеңесінің мүшелерінен белгіленген тәртіппен сұратуға құқығы бар.
22. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие болады.
Басшылар кеңесі отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Басшылар кеңесі мүшелерінің позициялары тіркеледі. Басшылар кеңесінің отырыстарында Басшылар кеңесінің мүшелері ұсынған ұсыныстар мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қарала алмайды.
Басшылар кеңесі отырысының хаттамасына Басшылар кеңесінің төрағасы, әдетте, Басшылар кеңесінің отырысы өткен күні қол қояды, ал айрықша жағдайларда – Басшылар кеңесінің отырысы өткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесі отырысы хаттамасының көшірмелерін Басшылар кеңесінің төрағасы оған қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесінің барлық мүшелеріне жібереді.
Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша Басшылар кеңесі отырысы хаттамасының көшірмелері немесе одан үзінді көшірме Басшылар кеңесі отырысының қатысушыларына жіберілуі мүмкін.
Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамалары – Басшылар кеңесінің жауапты хатшысында, ал осы хаттамалардың көшірмелері Комиссияда сақталады.
23. Басшылар кеңесінің мүшелері мен уәкілетті органдардың Басшылар кеңесінің жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберуші мүше мемлекеттер көтереді.
Басшылар кеңесінің жұмысына ғылыми және білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдар, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтары, халықаралық ұйымдар өкілдерінің және тәуелсіз сарапшылардың қатысуына байланысты шығыстарды аталған тұлғалар дербес көтереді.
Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Басшылар кеңесінің жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды Комиссия көтереді.
24. Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.