Кеден одағының Кеден кодексі 180-бабының 1-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға декларацияларды толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың 15-тармағына қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.
2. Осы Шешім 2016 жылғы 1 сәуірден бастап, бірақ ерте дегенде 2015 жылғы 8 қыркүйектегі "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісім күшіне енген күні күшіне енеді және осы Келісімнің қолданылу мерзімі шегінде қолданылады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
В. Христенко |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 8 шешіміне ҚОСЫМША |
Тауарларға декларацияларды толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың 15-тармағына енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР
1. 29-тармақша мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
"10-нөмірмен:
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2015 жылғы 23 қарашадағы № 70 шешімімен бекітілген бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесіне (бұдан әрі – бақылау белгілерімен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі) енгізілген және реимпорттың немесе ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімдеріне орналастырылатын тауарлар үшін – салынған бақылау (идентификациялау) белгілерінің саны және "," бөлу белгісі арқылы қос нүктеден кейін бос орын қалдырмай – олардың идентификациялау нөмірлері (идентификаторлар) көрсетіледі.
Қатарынан жазып салынған бақылау (идентификациялау) белгілерінің сәйкестендіру нөмірлері (идентификаторлар) "–" бөлу белгісі арқылы тиісті диапазондағы алғашқы және соңғы нөмірді қою жолымен көрсетіледі.
Егер реимпорттың немесе ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімдеріне орналастырылатын тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалау Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тауарлар шығарылғаннан кейін жүзеге асырылатын болса, салынған бақылау (идентификациялау) белгілерінің саны мен олардың идентификациялау нөмірлерінің (идентификаторлардың) орнына 2 таңбалы "ПВ" әріптік код көрсетіледі;".
2. 31-тармақша екінші абзацтан кейін (кестеден кейін) мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"М" әрпі, егер декларацияланатын тауарлар бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесіне енгізілсе, бірақ бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалау туралы талаптар 2015 жылғы 8 қыркүйектегі "Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар" тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015 – 2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің 3-бабының 5-тармағына сәйкес оларға қолданылмайды;".