Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 3 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жеңіл өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2015 – 2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 9-тармағын, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында, Өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 27 қосымша) 2-тармағы 2-тармақшасының екінші абзацына сәйкес
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) өнеркәсіптік ынтымақтастығын дамыту, мүше мемлекеттерде, соның ішінде бірлескен өнім өндірісінің технологиялық кооперациялық тізбегі шеңберінде өндірілген өндіріс көлемін ұлғайту және жеңіл өнеркәсіп өнімін (бұдан әрі – жеңіл өнеркәсіп өнімі) өткізу үшін жағдай жасаудың маңыздылығын назарға ала отырып,
мүше мемлекеттерге осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі ресми сайтында жарияланған күнінен бастап:
1. Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру және өткізу саласындағы қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілерді қолдау тетігін әзірлеу және іске асыру кезінде мынадай мүмкіндікті қарастыруды:
а) жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілерді, соның ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің шаруашылық жүргізуші субъектілерін мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы қаржылай қолдауды қамтамасыз етуді;
б) жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер, мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсіп өнімін өндіру жөніндегі, соның ішінде импорт алмастыру жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыруға қатысатын шағын және орта кәсіпкерліктің шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін кредиттік қаржыларға қол жеткізуді оңайлатуды;
в) бірлескен өнім өндірудің технологиялық кооперациялық тізбегі және мүше мемлекеттердің бірлескен жобаларды іске асыру шеңберінде аралық тауарларды беру кезінде ҚҚС-ны кепілмен алуды болдырмауды;
г) жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілердің осы өнімнің Еуразиялық экрномикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалауға байланысты іс-шараларды жүргізуге жұмсайтын шығындарын субсидиялауды;
д) мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсібі саласындағы сертификаттау және сынақ зертханалары жөніндегі органдар желісін кеңейтуді;
е) мүше мемлекеттер белгілеген еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлерге арнайы киімді, арнайы аяқ-киімді және басқа да жеке қорғау құралдарын тегін беру жөніндегі нормаларды қайта қарау және өзекті ету арқылы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайту мақсатында арнайы киімге, арнайы аяқ-киімге және басқа да жеке қорғау құралдарына сұранысты ынталандыруды,
2. Еуразиялық экономикалық комиссияға 2017 жылғы 1 шілдеге дейін:
а) бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен (қажет болған кезде) таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп өнімінің түр-түрін кеңейту жөнінде;
б) бір мүше мемлекеттің жеңіл өнеркәсіп өнімінің басқа мүше мемлекеттердің сауда желілеріне қол жетімділігін кеңейту жөнінде;
в) Еуразиялық экономикалық одақ органдарының мүше мемлекеттердің қажет болған кезде Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен өнеркәсіп өнімінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеуіне және іске асыруына қатысты актілердің жобаларын қабылдау жөнінде ұсыныстар жіберуді ұсынады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |