Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 2-бабының 1-тармағы 50-тармақшасына және 266-бабының 12-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған:
жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто және мото көлік құралдары мен авто және мото көлік құралдарына тіркемелердің жекелеген түрлерінің тізбесі;
Жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто және мото көлік құралдары қозғалтқышының шығарылған мезетін және жұмыс көлемін анықтау тәртібі бекітілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одағының Кеден кодексі туралы шарты күшіне енген күннен кейін күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 74 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто және мото көлік
құралдары мен авто және мото көлік құралдарына тіркемелердің жекелеген түрлерінің
ТІЗБЕСІ
1. ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 тауар позициясында сыныпталатын, басты түрде адамдарды тасымалдауға арналған жеңіл автомобильдер (арнайы медициналық мақсаттарға арналған автомобильдерді қоспағанда) мен өзге де моторлы көлік құралдары.
2. ЕАЭО СЭҚ ТН 8703 тауар позициясында сыныпталатын квадроциклдар, қар кешкіштер, қар-батпақ кешкіштер, жол талғамайтын мотокөліктер және өзге де жалпы пайдалану жолдары бойымен қозғалысқа арналмаған моторлы көлік құралдары (жалпы пайдалану жолдары бойымен қозғалысқа арналмаған жарыс автомобильдерін қоспағанда).
3. ЕАЭО СЭҚ ТН 8711 тауар позициясында сыныпталатын мотоциклдер, мопедтер, мотороллерлер.
4. ЕАЭО СЭҚ ТН 8702 тауар позициясында сыныпталатын, жүргізушіні қоса алғанда 12-ден аспайтын адамды тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары, ЕАЭО СЭҚ ТН 8704 21 және 8704 31 қосалқы позицияларында сыныпталатын толық салмағы қоса алғанда 5 тоннаға дейінгі жүктерді тасымалдауға арналған моторлы көлік құралдары.
5. ЕАЭО СЭҚ ТН 8716 тауар позициясында сыныпталатын толық салмағы қоса алғанда 3,5 тоннаға дейінгі тіркемелер (автомобильдерді тасымалдауға арналған тіркемелерді қоспағанда), ЕАЭО СЭҚ ТН 8716 10 қосалқы позициясында сыныпталатын тұруға арналған немесе автотуристерге арналған "үй-автотіркеме" типті тіркемелер.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 30 маусымдағы № 74 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто және мото көлік
құралдары қозғалтқышының шығарылған мезетін және жұмыс көлемін анықтау
ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп жеке пайдалануға арналған көлік құралдары (бұдан әрі – көлік құралы) болып табылатын авто және мото көлік құралдары қозғалтқышының шығарылған мезетін және жұмыс көлемін анықтау қағидаларын белгілейді.
2. Көлік құралдары қозғалтқышының шығарылған мезетін, яғни дайындалған күнін және жұмыс көлемін декларант және кеден органы негізінде анықтайды:
осы құралдың алдыңғы тіркелген мемлекетте тіркелгенін растайтын құжаттарға қамтылған көлік құралы қозғалтқышының дайындалған күні және жұмыс көлемі туралы ақпарат;
көлік құралын жасаушының осы құралдың сәйкестендіру нөмірінде кодталған немесе автокөлік құралы шанағының, шассиінің жапсырмаларында, тақтайшаларында және мотокөлік құралының сәйкестендіру жапсырмаларында, рама тақтайшаларда, қозғалтқышында қамтылған ақпарат негізінде анықтайды.
3. Осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген ақпарат болмаған немесе оның негізінде көлік құралы қозғалтқышының шығарылған мезетін және (немесе) жұмыс көлемін бір мәнді анықтау мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ көрсетілген ақпаратты тексеру мақсатында көлік құралы қозғалтқышының шығарылған мезетін және (немесе) жұмыс көлемін декларант Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттегі (бұдан әрі – мүше мемлекет) көлік құралын жасаушы өкілінің қорытындысы, мүше мемлекеттің сауда-өнеркәсіптік палатасының (өзге ұқсас ұйымның) немесе мүше мемлекеттің сараптама ұйымының қорытындысы, сондай-ақ басқа да анықтамалық және ақпараттық дереккөздер қолданылуы мүмкін қосалқы ақпарат дереккөздерінің негізінде аннықтайды.
4. Осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген ақпарат болмаған немесе оның негізінде көлік құралы қозғалтқышының шығарылған мезетін және (немесе) жұмыс көлемін бір мәнді анықтау мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ кедендік бақылауды жүргізу мақсатында (соның ішінде осы құрал шығарылғаннан кейін) көлік құралы қозғалтқышының шығарылған сәтін және (немесе) жұмыс көлемін кеден органы мүше мемлекеттегі көлік құралын жасаушы өкілінің қорытындысы, мүше мемлекеттің сауда-өнеркәсіптік палатасының (өзге ұқсас ұйымының) қорытындысы, кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы, басқа да анықтамалық және ақпараттық дереккөздер қолданылуы мүмкін қосалқы ақпарат дереккөздерінің негізінде анықтайды.
Кеден органы бұрын осы Тәртіптің 3-тармағына сәйкес пайдаланылған және декларант ұсынған қосалқы ақпарат дереккөздерін қолдануға құқылы.
5. Егер осы Тәртіптің 2 – 4-тармақтары негізінде көлік құралының шығарылған жылы анықталған жағдайда шығарылған мезеті ол жасалған жылдың 1 шілдесі, егер шығарылған жылы және айы анықталған болса – шығарылған айдың 15 жұлдызы деп есептеледі.
Егер осы Тәртіптің 2 – 4-тармақтары негізінде көлік құралы қозғалтқышының жұмыс көлемі анықталмаған жағдайда, жұмыс көлемі деп жасаушы тиісті көлік құралы моделіне анықтамалық және ақпараттық дереккөздерге сәйкес белгілеген қозғалтқыштың ең жоғары жұмыс көлемі есептеледі.