2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:
1.Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі құрылсын.
2.Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі туралы ереже бекітілсін.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:
Армения |
Беларусь |
Қазақстан |
Қырғыз |
Ресей |
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2018 жылғы 14 мамырдағы № 5 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі туралы
ЕРЕЖЕ
І. Жалпы ережелер
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі – тиісінше Басшылар кеңесі, мүше мемлекеттер, Одақ) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты іске асыру шеңберінде Одақта техникалық реттеу саласындағы аккредиттеуді дамыту мақсатында Одақтың көмекші органы ретінде құрылады.
2. Басшылар кеңесі өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақтың құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, соның ішінде осы Ережені басшылыққа алады.
ІІ. Басшылар кеңесінің негізгі функциялары
3. Басшылар кеңесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
а) мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалау жүргізуінің нәтижелері бойынша және қабылданған түзету іс-қимылдарының тиімділігі туралы шешімдер қабылдайды;
б) мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының мынадай бағыттарды іске асыруына жәрдемдесуді жүзеге асырады:
Одақ шеңберінде аккредиттеуді дамытуды жетілдіру;
аккредиттеу бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл;
в) мынадай мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейді:
Одақ шеңберінде техникалық реттеу саласындағы аккредиттеуді дамытудың стратегиясын, бағыттарын және перспективаларын айқындау;
аккредиттеу саласындағы даму бағыттарын іске асырудың тиімді механизмдерін қалыптастыру;
мүше мемлекеттердің аккредиттеу саласындағы заңнамасын жетілдіру және үндестіру;
мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара салыстырмалы бағалаулар жүргізу рәсімдерін жетілдіру және оларды практикалық іске асыру;
мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру;
мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
аккредиттеу саласындағы процестерді цифрландыруды қамтамасыз ету;
аккредиттеу жөнінде өңірлік ұйым құрудың орындылығы;
г) аккредиттеу саласындағы халықаралық практикаға талдау жүргізеді және мүше мемлекеттердің тәжірибе алмасуын қамтамасыз етеді;
д) мүше мемлекеттердің аккредиттеу саласында келісілген іс-қимылдарын іске асыру шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.
ІІІ. Басшылар кеңесінің құқықтары
4. Басшылар кеңесінің:
а) аккредиттеу мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауы үшін ұсыныстар дайындауды жүзеге асыруға;
б) аккредиттеу мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, өзге де мемлекеттік құрылымдарымен, мүше мемлекеттердің ғылыми және білім мекемелерімен, қоғамдық ұйымдарымен, бизнес-қоғамдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауға;
в) Комиссияның ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарына енгізу үшін Комиссияға ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары бойынша ұсыныстар беруге;
г) Комиссияда мүше мемлекеттердің аккредиттеу мәселелері жөніндегі органдарының келісілген ұстанымын білдіруге құқығы бар.
IV. Басшылар кеңесінің құрамы
5. Басшылар кеңесінің құрамы мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының басшыларынан қалыптастырылады.
Техникалық реттеу мәселелері құзыретіне жататын Комиссия Алқасының мүшесі Басшылар кеңесінің құрамына кеңесші беру дауысы құқығымен кіреді.
Мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары өз басшыларының құрамындағы өзгерістер туралы Басшылар кеңесін және Комиссияны уақытылы хабардар етеді.
6. Басшылар кеңесінің отырыстарында Басшылар кеңесінің төрағасы төрағалық етеді және Басшылар кеңесінің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
Басшылар кеңесіндегі төрағалық орыс әліпбиі тәртібімен ротациялық негізде күнтізбелік 1 жыл ішінде ұзарту құқығынсыз жүзеге асырылады.
7. Басшылар кеңесінің төрағасы:
а) Басшылар кеңесінің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
б) Басшылар кеңесінің отырыстарының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақытын және орнын айқындайды;
в) Басшылар кеңесінің отырыстарын жүргізеді;
г) Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамаларына қол қояды;
д) Басшылар кеңесінің қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де іс-қимылдарды жүзеге асырады.
8. Басшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстары негізінде Басшылар кеңесі төрағасының шақыруы бойынша Басшылар кеңесінің отырыстарына Комиссияның Басшылар кеңесінің отырыстарында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын лауазымды адамдары мен қызметкерлері, мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, өзге де мемлекеттік құрылымдарының, мүше мемлекеттердің ғылыми және білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық өңірлік ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – Басшылар кеңесінің отырыстарына қатысушылар) қатысады.
9. Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің төрағасы сайланатын мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органының лауазымды адамдары немесе қызметкерлері не Комиссияның қызмет бағыттары бойынша мәселелер құзыретіне жататын қызметкерлері арасынан 1 жыл мерзімге Басшылар кеңесінің жауапты хатшысын тағайындайды.
10. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы:
а) Басшылар кеңесі отырыстарының күн тәртібінің жобасын дайындайды және оны Басшылар кеңесінің төрағасына бекітуге ұсынады;
б) Басшылар кеңесінің мүшелеріне және Басшылар кеңесінің отырыстарына қатысушыларға Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібін және оған материалдарды жібереді;
в) Басшылар кеңесінің мүшелерін және Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларды Басшылар кеңесінің кезекті отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;
г) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасын жүргізеді, оны Басшылар кеңесінің мүшелерімен келіседі және Басшылар кеңесінің төрағасына қол қоюға ұсынады;
д) Басшылар кеңесінің мүшелеріне отырыстар хаттамаларының көшірмелерін жібереді;
е) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасында көзделген іс-шараларды іске асыру жөніндегі жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және Басшылар кеңесінің төрағасы мен мүшелерін нәтижелер туралы хабардар етеді.
V. Басшылар кеңесінің жұмыс тәртібі
11. Басшылар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына 2 реттен сиретпей өткізіледі.
Басшылар кеңесінің отырыстарын өткізу кестесі Басшылар кеңесінің отырысында бекітіледі.
12. Басшылар кеңесінің мүшелері мүше мемлекеттердің мүдделі тараптары берген ұсыныстарды ескере отырып, Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындауды қамтамасыз етеді және оны Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына жібереді.
13. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне материалдар:
а) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдарды;
б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобаларын (қажет болған кезде);
в) хаттамалық шешімдердің және жазулардың жобаларын қамтиды.
14. Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 20 күннен кешіктірмей, ал айрықша жағдайларда – Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесінің мүшелеріне және Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларға Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібін және оған қатысты материалдарды, соның ішінде электрондық түрде жібереді.
15. Басшылар кеңесінің отырыстары, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.
Басшылар кеңесінің отырысы мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының ұсыныстары негізінде қабылданатын Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда, қабылдаушы мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы Басшылар кеңесінің отырысын ұйымдастыру мен өткізуде жәрдем көрсетеді.
Басшылар кеңесінің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.
Басшылар кеңесінің отырысын бейнеконференция режимінде өткізу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісу бойынша қабылдайды.
16. Егер Басшылар кеңесі мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Басшылар кеңесінің отырысы құқылы болып есептеледі.
Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырыстарына өздері жеке немесе өздерінің уәкілетті өкілдері арқылы қатысады.
Басшылар кеңесінің отырысына Басшылар кеңесі мүшесінің уәкілетті өкілі қатысқан жағдайда, Басшылар кеңесінің мүшесі Басшылар кеңесі төрағасының атына ресми хат жіберу арқылы бұл туралы күні бұрын хабардар етеді.
Басшылар кеңесі мүшесінің немесе оның уәкілетті өкілінің Басшылар кеңесінің отырысына қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, Басшылар кеңесінің мүшесі Басшылар кеңесінің төрағасына қаралатын мәселелер бойынша өз пікірін жазбаша түрде күні бұрын ұсынады.
17. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесі отырысының бекітілген күн тәртібіне енгізілмеген қосымша мәселелерді Басшылар кеңесінің отырысында қарау үшін ұсынуы мүмкін.
Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді қосу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісу бойынша қабылдайды.
Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесі мүшесінің ұсынысы бойынша қараудан алып тастауы мүмкін.
18. Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосу үшін мәселелер ұсынған Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің жауапты хатшысына тиісті материалдар мен ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді.
Басшылар кеңесі төрағасының мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарынан және Басшылар кеңесінің мүшелерінен белгіленген тәртіппен Басшылар кеңесінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша материалдар мен ақпарат сұратуға құқығы бар.
19. Басшылар кеңесінің отырыстарында мәселелерді талқылау кезінде Басшылар кеңесі мүшелерінің құқықтары тең болады.
Басшылар кеңесі шешімдерді консенсуспен қабылдайды.
Басшылар кеңесі отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделіп, онда Басшылар кеңесі мүшелерінің позициялары тіркеледі.
Басшылар кеңесі мүшелерінің Басшылар кеңесінің отырыстарында ұсынған позициялары мүше мемлекеттердің түпкілікті позициясы ретінде қаралмайды.
Басшылар кеңесі отырысының хаттамасына Басшылар кеңесінің төрағасы, әдетте, Басшылар кеңесінің отырысы өткізілген күні, ал айрықша жағдайларда – Басшылар кеңесінің отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.
Басшылар кеңесінің жауапты хатшысы Басшылар кеңесінің отырысы хаттамасының көшірмесін Басшылар кеңесінің төрағасы қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесінің барлық мүшелеріне жібереді.
Басшылар кеңесі төрағасының шешімі бойынша Басшылар кеңесінің отырысы хаттамасының көшірмесі немесе оның көшірме үзіндісі Басшылар кеңесінің отырысына қатысушыларға жіберілуі мүмкін.
Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамалары Басшылар кеңесінің жауапты хатшысында, ал осы хаттамалардың көшірмелері – Комиссияда сақталады.
20. Басшылар кеңесі мүшелерінің және мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдарының уәкілетті өкілдерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын мүше мемлекеттердің аккредиттеу жөніндегі органдары көтереді.
Мүше мемлекеттердің ғылыми және білім мекемелерінің, қоғамдық ұйымдарының, бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің және тәуелсіз сарапшылардың Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын аталған тұлғалар өздері көтереді.
Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарын Комиссия көтереді.
21. Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.