2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 58-бабының 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 22-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қосымшаға сәйкес Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 шілдедегі № 317 шешімімен бекітілген Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға өзгеріс енгізілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы № 216 шешіміне ҚОСЫМША |
Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын Бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға енгізілетін ӨЗГЕРІС
"Қорытынды және өтпелі ережелер" бөлімінің 5-тармағының екінші және үшінші абзацтары мынадай мазмұндағы абзацтармен ауыстырылсын:
"Осындай ветеринариялық сертификатты келісуге мүдделі мүше мемлекеттердің бірінің уәкілетті органы (бұдан әрі – бастамашы) ветеринариялық сертификаттың жобасын дайындайды және оны келісу үшін экспорттаушы ел – Еуразиялық экономикалық одақ форматында басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарына жібереді.
Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары бастамашыдан ветеринариялық сертификаттың жобасын алғаннан соң 20 жұмыс күні ішінде келіседі және оны бастамашының мекенжайына жібереді немесе ол бойынша өзінің ескертулерін ұсынады. Егер ұсынылған ветеринариялық сертификат ережелерінің ХЭБ Кодексі мен Комиссияның стандарттарына, ұсынымдары мен нұсқаулықтарына, Алиментариус Кодексіне сәйкес келмеуінің объективті фактілері болған және (немесе) адамның және жануарлардың денсаулығы мен өміріне қатысты қауіп төнуінің негізделген ұстанымы бар болған жағдайда, мүше мемлекеттің уәкілетті органы бастамашыға ветеринариялық сертификаттың жобасы бойынша ескертулерді жібереді.
Бастамашы көрсетілген мерзім ішінде мүше мемлекеттің уәкілетті органынан ветеринариялық сертификаттың келісілген жобасын немесе ол бойынша ескертулерді алмаған жағдайда осы уәкілетті орган ветеринариялық сертификаттың жобасын келісті деп есептеледі.
Ескертулер алған жағдайда бастамашы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және экспорттаушы елдің құзыретті органының өкілдерін шақырып, ветеринариялық сертификаттың жобасын келісу бойынша келіссөздерді (бұдан әрі – келіссөздер) ұйымдастырады. Бастамашы шақырылған тұлғаларға келіссөздер басталғанға дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды, сондай-ақ оларға қажетті материалдарды жібереді.
Бастамашы оларға Комиссия өкілдерін қатысуға тарта отырып келіссөздерді оның алаңында өткізу туралы ұсыныспен Еуразиялық экономикалық комиссияға өтініш білдіре алады және осы мәселе келісілгеннен кейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей осындай келіссөздерді ұйымдастырады.
Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары келіссөздерге кез келген сатысында қосылуға құқылы.
Бастамашы келіссөздер нәтижелері бойынша осы жобаны алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оны келісетін және бастамашының мекенжайына жіберетін мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына ветеринариялық сертификаттың түзетілген жобасын жібереді. Бастамашы осы мерзім ішінде мүше мемлекеттің уәкілетті органынан ветеринариялық сертификаттың келісілген жобасын немесе ескертулерді алмаған жағдайда осы уәкілетті орган ветеринариялық сертификаттың жобасын келісті деп есептеледі.
Ескертулер алған жағдайда бастамашы келіссөздердің келесі кезеңін ұйымдастырады.
Ветеринариялық сертификаттың жобасын барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен келісу процесі аяқталғаннан кейін бастамашы келісілген ветеринариялық сертификатты мүше мемлекеттердің саны бойынша даналар санына 1 данасын қосып экспорттаушы елдің құзыретті органына қол қою үшін жібереді. Экспорттаушы елдің құзыретті органы ветеринариялық сертификаттың олар қол қойған даналарын кері қайтарғаннан кейін бастамашы оларға өзі қол қояды және орысша әліпбидің ретіне сәйкес бірінші болып табылатын мүше мемлекеттің уәкілетті органына одан әрі қол қою үшін жібереді. Ветеринариялық сертификаттың даналарын қол қою үшін жөнелту бір мүше мемлекеттен екіншісіне орысша әліпби тәртібімен жүзеге асырылады. Ветеринариялық сертификаттың даналарына қол қоюды және одан әрі жөнелтуді әрбір мүше мемлекеттің уәкілетті органдары оларды алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ветеринариялық сертификаттың оларға жіберілген даналарына қол қоюы міндетті түрде жүзеге асырылады, келісілген ветеринариялық сертификатқа қосымша өзгерістер енгізуге рұқсат етілмейді.
Барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары қол қою процесін аяқтағаннан кейін ветеринариялық сертификаттың даналарын оған ең соңынан қол қойған мүше мемлекеттің уәкілетті органы бастамашыға қайтарады. Ветеринариялық сертификаттың барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары қол қойған даналарын алғаннан кейін бастамашы оларды барлық қол қойған тараптарға жөнелтеді. Қол қойылған даналардың бірі бастамашыда қалады, ал көшірмесі Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберіледі.
Оларға ең соңынан қол қойған мүше мемлекеттің уәкілетті органынан ветеринариялық сертификаттың даналарын алғаннан кейін бастамашы оны 3 жұмыс күнінен кешіктірмей ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі өзінің ресми сайтында жариялайды. Осыдан кейін ветеринариялық сертификат 5 жұмыс күні ішінде барлық мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайттарында орналастырылады.
Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында ақпарат және құжаттар (хаттар, материалдар, ветеринариялық сертификаттың жобалары мен даналары және т.б.) алмасу ресми хаттар арқылы, соның ішінде электронды түрде жүзеге асырылады.".