Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (бұдан әрі – Хаттама) (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 19 қосымша) 10-тармағының 3) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 99 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істерді қарау тәртібінің (бұдан әрі – Істерді қарау тәртібі) 44 және 45-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен келіп түскен, 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 35-7/649-И хатпен ұсынылған материалдарға және оған қоса берілген "Scuderia" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 76-бабының 1 және 3 – 5-тармақтарын бұзу белгілері бойынша бір тұлғалар тобына (бұдан әрі – "Дельрус" нарық субъектісі) кіретін "Медицинская компания" жауапкершілігі шектеулі қоғамына (121108, Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы, Иван Франко көшесі, 4-үй, 1-корп., 45-офис, СЖН 7731585774) (бұдан әрі – "Медицинская компания" ЖШҚ), "Дельрус" жабық акционерлік қоғамына (620086, Ресей Федерациясы, Екатеринбург қаласы, Посадская көшесі, 23-үй, СЖН 6662068795) (бұдан әрі – "Дельрус" ЖАҚ), "Дельрус ҚР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Шынтас келтекөшесі, 2/1-үй, БСН 080740011581) (бұдан әрі – "Дельрус ҚР" ЖШС), лауазымды адамдарға: "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиковқа, "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры О.А. Арендарчукқа және "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдинге қатысты арызына (бұдан әрі тиісінше – арыз иесі, жолданым) байланысты 2018 жылғы 30 шілдеде қозғалған № 22-2018/Д-01 іс бойынша трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларының бұзылғаны туралы мәселені қарады.
2019 жылғы 22 қаңтарда Істерді қарау тәртібінің 23-тармағына сәйкес істі қарау жөніндегі комиссияның төрағасы – Комиссияның Монополияға қарсы реттеу департаментінің (бұдан әрі – Департамент) директоры А.Г. Сушкевич мыналардың:
істі қарау жөніндегі комиссияның мүшелері:
істі қарау жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары – Департамент директорының орынбасары А.А. Қалиевтің;
Департаменттің бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істерді қарау бөлімі бастығының орынбасары Ш.Т. Жүсіпбекованың;
Департаменттің бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істерді қарау бөлімінің кеңесшісі Б.Т. Иманбектің;
жауапкерлер (олардың өкілдері):
2018 жылғы 29 маусымдағы № 4125 сенімхат бойынша "Дельрус" ЖАҚ-тың өкілі Е.С. Банныхтың;
2018 жылғы 8 тамыздағы № 281 сенімхат бойынша "Медицинская компания" ЖШҚ-ның өкілі Н.М. Лихачеваның;
2018 жылғы 9 тамыздағы № 23 және 24, 2019 жылғы 10 қаңтардағы № 5 және 6 сенімхаттар бойынша "Дельрус ҚР" ЖШС-ның өкілдері О.Б. Власова мен Э.Ф. Мухамедиеваның;
Федералдық монополияға қарсы қызметтің өкілдері:
Картелдермен күрес басқармасы тауар нарықтарындағы тергеп-тексерулер бөлімінің бастығы М.М. Нестеренконың;
Халықаралық экономикалық ынтымақтастық басқармасы ТМД елдерімен экономикалық интеграция бөлімінің жетекші маман-сарапшысы А.П. Михайлованың қатысуымен істі қараудың аяқталғанын жариялады.
Хаттаманың 58-тармағына сәйкес Комиссияға жолданым (2018 жылғы 17 қаңтардағы кіріс № 618) келіп түсіп, онда арыз иесінің пікірі бойынша, Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектісі "Дельрус" жауапкершілігі шектеулі қоғамының (бұдан әрі – "Дельрус" ЖШҚ) әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) арыз иесімен, Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектісімен бауыр фиброзының дәрежесін инвазивтік емес жолмен айқындауға арналған FibroScan 502 TOUCH Echosens өндірісі (Франция), 2015 жылғы 27 сәуірдегі № РЗР 2015/2622 тіркеу куәлігі, қолданылу мерзімі шектелмеген) аппаратқа (бұдан әрі – FibroScan аппараты) ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсыну шартын жасасудан негізсіз бас тартудан не жалтарудан көрінген, Шарттың 76-бабының 1-тармағын бұзу белгілерінің ықтимал болуы көрсетілген.
Комиссия Шарттың 76-бабының 1-тармағын бұзудың ықтимал белгілерінің болуына байланысты жолданымды, сондай-ақ оны қарау барысында алынған ақпаратты (құжаттар мен өзге де материалдарды) қарау нәтижелері бойынша Хаттамаға, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 97 Шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы арыздарды (материалдарды) қарау тәртібіне (бұдан әрі – Арыздарды қарау тәртібі), Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 98 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу тәртібіне (бұдан әрі – Тергеп-тексеруді жүргізу тәртібі) және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "2010 жылғы 9 желтоқсандағы Бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің 29-бабын іске асыру туралы" 2013 жылғы 14 мамырдағы № 112 шешімінің 1-тармағына сәйкес 2018 жылғы 28 ақпанда трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу туралы № 22-08/МА-1 ұйғарым шығарды.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) өз құзыретіне бәсекелестік (монополияға қарсы) саясатты іске асыру және (немесе) жүргізу кіретін уәкілетті органдары (Армения Республикасының Экономикалық бәсекелестікті қорғау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы, Беларусь Республикасының Монополияға қарсы реттеу және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік монополияға қарсы реттеу агенттігі, Федералдық монополияға қарсы қызмет) Арыздарды қарау тәртібінің 13-тармағына сәйкес Комиссияға ол трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізген кезде Комиссиямен өзара іс-қимыл жасасуға жауапты қызметкерлердің кандидатуралары туралы ұсыныстар берді.
Тергеп-тексеру жүргізу тәртібінің 6-тармағына сәйкес трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу белгілерінің бар немесе жоқ екені туралы тұжырым жасауға мүмкіндік беретін мәліметтердің жеткіліксіз болуына байланысты Комиссия трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылыққа тергеп-тексеру жүргізу мерзімін ұзарту туралы 2018 жылғы 30 мамырдағы № 2П/2018/ДАР ұйғарыммен трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзушылықтарға тергеп-тексеру (бұдан әрі – тергеп-тексеру) жүргізу мерзімін 60 жұмыс күніне ұзартты.
Департамент тергеп-тексеру барысында Хаттамаға, Тергеп-тексеру жүргізу тәртібіне және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2013 жылғы 30 қаңтардағы № 7 шешімімен бекітілген Бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдістемесіне сәйкес мүше мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларынан, органдарынан жолданымда баяндалған фактілер бойынша ақпаратты, құжаттарды, мәліметтерді, түсініктерді жазбаша нысанда сұратты.
Комиссия тергеп-тексеру шеңберінде дайындалған тиісті талдамалық есепте ұсынылған FibroScan аппаратының, соның ішінде оған қызмет көрсету мен оны берудің трансшекаралық тауар нарығындағы бәсекелестік жай-күйін бағалау нәтижелері бойынша медициналық бұйым – FibroScan аппаратының Ресей Федерациясының аумағында белгіленген тәртіппен тіркелгенін және медициналық мақсатта қолдануға рұқсат етілгенін анықтады.
FibroScan аппараты фиброздың дәрежесін сатылары және объективті сан мәндері бойынша бағалауға мүмкіндік беретін бауырдың солқылдақтығын саны жағынан өлшеу үшін медицина мекемелері арнайы жасаған және пайдаланатын аспап болып табылады. FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсетуді өндіруші (Echosens компаниясы) регламенттейді және ол, соның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді (балаларды және дене бітімі астениктік типтегі адамдарды зерттеп-қарауға арналған бергіш – S+ probe (small), пациенттердің негізгі тобын (14 жастан үлкен) зерттеп-қарауға арналған стандартты бергіш – М+ probe (medium), артық салмағы бар (семірген) пациенттерді зерттеп-қарауға арналған бергіш – XL+ probe) калибрлеуді де қамтиды. FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет өндіруші уақытша пайдалануға беретін Probe Calibration Bench ультрадыбыстық бергіштерді сырттай калибрлегіштің (калибрлеу орындығы) көмегімен жүзеге асырылады. "Дельрус" ЖАҚ мүше мемлекеттердің аумағында калибрлеу орындығын қосалқы жалға береді.
Жолданымда айтылған фактілерді, сондай-ақ FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсету, соның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметтер көрсету туралы шарттардың ережелерін ескеретін болсақ, 2017 жыл – 2018 жылғы І тоқсан уақыт аралығы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын болжамды бұзу кезеңі болып табылады, тауар нарығының өнімдік шекаралары FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет болып табылады.
Зерттелген кезеңде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызмет көрсетуді:
Ресей Федерациясының аумағында – нарық субъектісі "Дельрус";
Қазақстан Республикасының аумағында – "Дельрус ҚР" ЖШС жүзеге асырды.
Хаттаманың 2-тармағының 5) тармақшасында айқындалған белгілерге орай "Дельрус" ЖАҚ, "Медицинская компания" ЖШҚ және "Дельрус" ЖШҚ бір тұлғалар тобына кіреді.
Бәсекелестіктің жай-күйін бағалау әдістемесінің 11 – 22-тармақтарына сәйкес FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет тауар нарығының өнімдік шекараларын белгілеу кезінде бірін-бірі өзара алмастыратын тауарлар анықталмады.
FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет тауар нарығының географиялық шекаралары Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекаралары болып айқындалды. Нарық трансшекаралық болып табылады, өйткені екі мүше мемлекеттің аумағын қамтиды.
Армения Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Армения Республикасының медицина орталықтары ұсынған ақпаратқа сәйкес Армения Республикасының аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу жүзеге асырылмаған (2018 жылғы 25 сәуірдегі кіріс № 6580 және 2018 жылғы 25 сәуірдегі кіріс № 8285 хаттар). Беларусь Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес (2018 жылғы 24 сәуірдегі кіріс № 6454 хат) Беларусь Республикасының денсаулық сақтау мекемелерінде FibroScan аппараты пайдаланылмайды. Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Монополияға қарсы реттеудің мемлекеттік агенттігі ұсынған ақпаратқа сәйкес Қырғыз Республикасының аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу жүзеге асырылмаған (2018 жылғы 3 сәуірдегі кіріс № 5043 хат).
Тергеп-тексеру барысында 2017 жылғы 18 наурызда арыз иесінің FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызмет көрсету конкурсының жеңімпазы бола отырып, электрондық поштаны пайдалану арқылы "Дельрус ҚР" ЖШС мен "Дельрус" ЖШҚ-ның атына, сондай-ақ Echosens компаниясының атына FibroScan аппаратына сервистік қызмет көрсету, соның ішінде оның бергіштерін калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынуды сұрап, өтініш жасағаны анықталды. Scuderia ЖШС-ның директоры Т.М. Есламгалиевтың (электрондық пошта: timuryes@gmail.com) 2017 жылғы 18 – 27 наурыз аралығында "Дельрус ҚР" ЖШС-ның өкілімен (электрондық пошта: arz@delrus-rk.kz и zre@delrus-rk.kz), "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының директоры В.Б. Мочаловпен (электрондық пошта: mvb@delrus.ru) және Echosens компаниясының өкілі К. Монсьемен (электрондық пошта: сamille.мanceau@echosens.com, мanceauсamille@echosens.com, мanceau@echosens.com) электрондық хат-хабар жазысуы өтініш жасау фактісін растау болып табылады.
2017 жылғы 24 наурызда арыз иесі электрондық пошта мекенжайына (timuryes@gmail.com) "Дельрус ҚР" ЖШС-ның өкілінен (электрондық пошта: arz@delrus-rk.kz) 2 450 000 теңге сомасына FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеуді де қамтитын қызметтер көрсетуге арналған коммерциялық ұсынысты алды. Сол күні арыз иесі электрондық поштаның мекенжайынан (timuryes@gmail.com) "Дельрус ҚР" ЖШС-ның электрондық поштасына (arz@delrus-rk.kz) 2 450 000 теңге деген бағаның өте қымбат баға болып табылатыны, өйткені ресейлік компанияда осындай көрсетілетін қызметтің әлдеқайда арзан тұратыны және "Дельрус ҚР" ЖШС-да сервис шамамен 200 000 – 400 000 теңге болуға тиіс екені туралы хабар жіберген. Сол күні (2017 жылғы 24 наурыз) арыз иесі электрондық поштаның мекенжайына (timuryes@gmail.com) "Дельрус ҚР" ЖШС-ның өкілінен (электрондық пошта: arz@delrus-rk.kz) компанияның хабарда көрсетілген бағалар бойынша жұмыс істейтіні және арыз иесінің ресейлік компаниядан көрсетілетін қызметті ала алмайтыны, өйткені аппаратқа қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының аумағында ресми эксклюзивті дистрибьютор болып табылатын "Дельрус ҚР" ЖШС-ның жүргізетіні туралы хабар алған.
2017 жылғы 26 наурызда арыз иесі электрондық пошта мекенжайына (timuryes@gmail.com) Echosens компаниясының өкілі К. Монсьеден (электрондық пошта: сamille.мanceau@echosens.com) хабар алып, онда Echosens компаниясының Қазақстан Республикасы аумағында қызмет көрсетпейтіні, ал оның Қазақстан Республикасы аумағындағы жалғыз дистрибьюторы "Дельрус ҚР" ЖШС болып табылатыны, соған байланысты Қазақстан Республикасының аумағында оған өтініш жасау қажет екенін көрсетілген.
2017 жылғы 27 наурызда арыз иесі электрондық пошта мекенжайына (timuryes@gmail.com) "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының директорынан хабар алып, онда Fibroscan аппаратының сервисі мәселелері бойынша, соның ішінде көрсетілген аппаратқа ультрадыбыстық бергіштерге регламенттелген техникалық қызмет көрсету (калибрлеу) бойынша арыз иесінің Қазақстан Республикасы аумағында Астана қаласында өндіруші (Echosence компаниясы) аккредиттеген ұйым – "Дельрус ҚР" ЖШС-ға өтініш жасауы керек екені айтылған. Оның үстіне, электрондық хабарда "Дельрус ҚР" ЖШС-ның байланыс жасаушы тұлғасы – "Дельрус ҚР" ЖШС-ның Қазақстан өңірі бойынша сервистік қызметінің бастығы, оның жұмыс және ұялы телефондарының нөмірлері туралы мәлімет қамтылған. Хабарда "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының Ресей Федерациясы аумағында Fibroscan аппаратының сервисін қамтамасыз ететіні көрсетілген.
"Дельрус" ЖАҚ сыйақы алып, қызмет көрсету мүмкіндігі бола тұра, арыз иесіне FibroScan аппаратына ультадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан бас тартқан. Бас тартуды Қазақстан Республикасында осындай қызметті көрсететін бәсекелес компания ("Дельрус ҚР" ЖШС) бар деп уәждеген. Бұл ретте "Дельрус" ЖАҚ бәсекелес компанияның қызметкерлері туралы нақты деректерді көрсеткен. Бұл мән-жай "Дельрус" ЖАҚ-тың арыз иесіне FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан негізсіз бас тартқанын куәландырады.
FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша қызметтерді, соның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша қызметтерді көрсету туралы шарттарды талдау нарық субъектісі "Дельрус" пен "Дельрус ҚР" ЖШС-ның FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бір нарығында қызметті жүзеге асыратын бәсекелес компаниялар болып табылатынын көрсетті. Мәселен, "Дельрус ҚР" ЖШС мен "Дельрус" ЖАҚ-тың қызметтерді, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша қызметтерді көрсету туралы шарттарын талдау FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың ауқымын аумақтық қағидат бойынша шектейтін ережелерді анықтамады. "Дельрус" ЖАҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес Қазақстан Республикасының аумағындағы заңды тұлға, соның ішінде медицина ұйымы FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша, соның ішінде оның бергіштерін калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті алу үшін Екатеринбург қаласындағы "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығына өтініш жасай алады ("Дельрус" ЖАҚ-тың Комиссияға 2018 жылғы 3 шілдедегі кіріс № 10530 хаты). "Дельрус ҚР" ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес үшінші тұлғалардан, соның ішінде Ресей Федерациясының аумағындағы үшінші тұлғалардан FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеуге сұрау салу алынған жағдайда, "Дельрус ҚР" ЖШС мұндай жұмыстарды жүргізу мүмкіндігі болса, мүдделі тұлғаларға коммерциялық ұсыныс жібереді ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 22 маусымдағы кіріс № 9941 хаты). "Дельрус ҚР" ЖШС-ның Ресей Федерациясы аумағындағы медицина ұйымдарына өзінің Астана қаласында орналасқан техникалық орталығында FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша, соның ішінде оның бергіштерін калибрлеу бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндігі бар ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 10 шілдедегі кіріс № 10966 хаты).
Медициналық техникаға техникалық қызмет көрсетуді, соның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеуді жүзеге асыратын персоналға қойылатын талаптарды талдау тұтынушыларға FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша қызметтер көрсетуді аумақтық қағидат бойынша шектейтін шарттарды анықтамады. "Дельрус ҚР" ЖШС мен "Дельрус" ЖАҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес, медициналық техникаға техникалық қызмет көрсету бойынша қызметті, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметті медициналық техниканы өндірушіде (Echosence компаниясында) тиісті оқытудан өткен және тиісті үлгідегі құжатты (сертификат) алған мамандар көрсетеді ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 29 мамырдағы кіріс № 8538 хаты және "Дельрус" ЖАҚ-тың Комиссияға 2018 жылғы 27 маусымдағы кіріс № 10160 хаты). Echosence компаниясы беретін FibroScan аппаратына қызмет көрсету сертификаттарында олардың қолданылу аумағын шектейтін шарттар жоқ.
"Дельрус ҚР" ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес 2017 жылы компания Қазақстан Республикасының аумағында ғана FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша қызметті, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша қызметті көрсеткен (2018 жылғы 5 шілдедегі № 69 хат). "Дельрус" ЖАҚ та 2017 жылы осындай қызметтерді Ресей Федерациясының аумағында көрсеткен және оларды Қазақстан Республикасының аумағында көрсетпеген (2018 жылғы 5 шілдедегі № 58 хат).
"Дельрус ҚР" ЖШС-ның, "Дельрус" ЖАҚ пен "Медицинская компания" ЖШҚ-ның FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметінің бағаларын салыстыру Қазақстан Республикасының аумағында "Дельрус ҚР" ЖШС-да аталған қызметтің құны Ресей Федерациясының аумағындағыдан 2,5 есе жоғары екенін көрсетті. "Дельрус ҚР" ЖШС тұтынушыларға көрсеткен FibroScan аппаратына екі бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтің ең төмен бағасы – 1 225 000 теңгені (шамамен 222 727 рубль), ал "Дельрус" ЖАҚ тұтынушыларға көрсеткен FibroScan аппаратына екі бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтің ең төмен бағасы 69 915 рубльді құрайды. "Дельрус" ЖАҚ пен "Медицинская компания" ЖШҚ-ның FibroScan аппаратына екі бергішті калибрлеу бойынша қызметтер көрсету бағасы бәсекелес болып табылады, оны Қазақстан Республикасындағы тұтынушының (арыз иесінің) FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсету бойынша, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша қызмет көрсетуді сұрап, "Дельрус" ЖАҚ-қа өтініш жасағаны айғақтайды.
Тергеп-тексеру барысында "Дельрус" ЖШҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес "Дельрус" ЖШҚ 2017 жыл – 2018 жылғы наурыз аралығындағы кезеңде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметтерді көрсетпеген және мүше мемлекеттердің ұйымдарынан осындай қызметтерді көрсетуге өтініштер алмаған. "Дельрус" ЖШҚ тиісті лицензиясының жоқтығы себепті медициналық техникаға, оның ішінде FibroScan аппаратына техникалық қызмет көрсетуді, оның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеуді жүзеге асырмайды ("Дельрус" ЖШҚ-ның Комиссияға 2018 жылғы 20 сәуірдегі кіріс № 6291 және 2018 жылғы 28 мамырдағы кіріс № 8436 хаттары).
Хаттаманың 2-тармағының 17) тармақшасына сәйкес келісім – бұл құжатта немесе бірнеше құжатта қамтылған жазбаша нысандағы уағдаластық, сондай-ақ ауызша нысандағы уағдаластық.
Мыналар "Дельрус ҚР" ЖШС мен "Дельрус" ЖАҚ-тың арасында тауар нарығын Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес тыйым салынған аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісімнің болғанын және іске асырылғанын растайды:
"Дельрус" ЖАҚ-тың өзінде қызмет көрсетуге мүмкіндігі бола тұра, оның қазақстандық тұтынушыға (арыз иесіне) FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан бәсекелес компанияның ("Дельрус ҚР" ЖШС) пайдасына негізді бас тартуының жоқтығы;
бағадағы елеулі алшақтық. Бәсекелес-компанияда ("Дельрус ҚР" ЖШС) FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу құны 2,5 есе жоғары;
бәсекелес-компаниялардың бір-бірінің қызметі туралы хабардар болуы және сатып алушыларды қызмет көрсету аймағының географиялық қағидатына сәйкес көрсетілетін қызметті берушіге әрі қарай бағыттау практикасы;
FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет нарығын іс жүзінде бөліп алу. "Дельрус" ЖАҚ Ресей Федерациясының аумағында Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектілеріне қызметтер көрсетеді, "Дельрус ҚР" ЖШС Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының шаруашылық жүргізуші субъектілеріне қызметтер көрсетеді.
"Дельрус" ЖАҚ пен "Дельрус ҚР" ЖШС-ның арасында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді сырттай калибрлегішті қосалқы жалға алу бойынша шарттық қатынастардың бар екендігі бәсекелес-компаниялардың ("Дельрус" ЖАҚ және "Дельрус ҚР" ЖШС) арасында тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлу туралы келісімнің бар екенін қосымша айғақтайды. "Дельрус" ЖАҚ-тың "Дельрус ҚР" ЖШС-мен және "Медицинская компания" ЖШҚ-мен жасаған FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті сырттай калибрлегішті (калибрлеу орындығы) қосалқы жалға алу (уақытша иелену және пайдалану) шарттарын (бұдан әрі – қосалқы жалға алу шарты) талдау "Дельрус" ЖАҚ белгілеген FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді сырттай калибрлегішті қосалқы жалға алу қызметтерінің құны ультрадыбыстық бергіштердің типтері мен бағдарламалық қамтылымның нұсқасына қарай ультрадыбыстық бергіштерге жүргізілген калибрлеу саны негізге алына отырып айқындалатынын көрсетті. Мәселен, "Дельрус ҚР" ЖШС мен "Дельрус" ЖАҚ-тың арасында жасалған 2017 жылғы 10 қаңтардағы № 1 қосалқы жалға алу шартына № 1 қосымшаға сәйкес "Дельрус ҚР" ЖШС үшін қосалқы жалға алу бағасы М типіндегі бергіш үшін 6 айда 1 рет калибрлеген жағдайда – 25 200 рубльді (ҚҚС-сыз), ал 12 айда 1 рет калибрлеген жағдайда 50 400 рубльді (ҚҚС-сыз) құрайды. S және XL типіндегі бергіштер үшін қосалқы жалға алу бағасы 6 айда 1 рет калибрлеген жағдайда – 14 300 рубльді (ҚҚС-сыз), ал 12 айда 1 рет калибрлеген жағдайда 28 600 рубльді (ҚҚС-сыз) құрайды. "Дельрус" ЖАҚ пен "Медицинская компания" ЖШҚ-ның арасында жасалған 2018 жылғы 9 қаңтардағы № А1-09/18 қосалқы жалға алу шартына № 1 қосымшада "Медицинская компания" ЖШҚ үшін де қосалқы жалға алудың осындай есеп-қисабы көзделген. Көрсетілген шарттарда қамтылған ережеге (2017 жылғы 10 қаңтардағы № 1 және 2018 жылғы 9 қаңтардағы № А1-09/18 қосалқы жалға алу шарттарының 6.3.2-тармағы) сәйкес қосалқы жалға алушылар осы шарттардың қолданылу мерзімі ішінде ультрадыбыстық белгіштерді белгілі бір калибрлеу санының өткізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Бәсекелес-компанияның ("Дельрус ҚР" ЖШС) қосалқы жалға алу шартын онда көзделген калибрлеу санын бір жыл ішінде іске асыру бөлігінде орындауы оның ("Дельрус ҚР" ЖШС) Қазақстан Республикасы аумағында көрсеткен FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметтердің санына тікелей байланысты. Бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында бәсекелес орта болмаған жағдайда осындай келісімнің болуы "Дельрус ҚР" ЖШС-ның FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметтер көрсетуге бәсекелес бағадан 2,5 есе жоғары болуы мүмкін баға белгілеуіне мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша қызметтерді бәсекелес-компанияның ("Дельрус ҚР" ЖШС) көрсетуі "Дельрус" ЖАҚ үшін қосалқы жалға алу шартының орындалмауына байланысты тәуекелдерді болдырмайды, өйткені FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді сырттай калибрлегішті (калибрлеу орындығы) қосалқы жалға алу бағасы қосалқы жалға алушының ("Дельрус ҚР" ЖШС) Қазақстан Республикасы аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерге жүргізген калибрлеу саны негізге алынып есептеледі.
Шаруашылық жүргізуші субъектілердің (нарық субъектілерінің) лауазымды адамдары Шарттың 76-бабының 3 – 5) тармақшаларына сәйкес жол берілмейтін келісімдерді жасасқаны және іске асырғаны үшін жауапты болады.
"Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220 Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабының 1-тармағына сәйкес, егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында алқалы атқарушы органды (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделмесе, мұндай жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметіне ағымдағы басшылықты және оның ісін жүргізуді жеке-дара атқарушы орган (директор, басқарушы) жүзеге асырады.
"Дельрус ҚР" ЖШС-ның 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 12/лс бұйрығына сәйкес азамат В.В. Бурдин 2015 жылғы 27 сәуірден бастап "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры лауазымына кіріскен ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 29 мамырдағы кіріс № 8538 хаты). "Дельрус ҚР" ЖШС-ның жарғысына сәйкес бас директор серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретіндерін қоспағанда, серіктестік қызметінің барлық мәселесін шешеді ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 20 сәуірдегі кіріс № 6274 хаты).
"Акционерлік қоғамдар туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы № 208-ФЗ Федералдық заңның 69-бабының 2-тармағына сәйкес қоғамның жеке-дара атқарушы органы (директор, бас директор) қоғамның атынан сенімхатсыз әрекет етеді, соның ішінде оның мүдделерін білдіреді, қоғамның атынан мәмілелер жасасады, штаттарды бекітеді, бұйрықтар шығарады және қоғамның барлық қызметкерінің орындауына міндетті нұсқаулар береді.
"Дельрус" ЖАҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес "Дельрус" ЖАҚ-тың жалғыз акционерінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 01-15 шешіміне сәйкес азамат А.И. Новиков "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры лауазымына сайланған ("Дельрус" ЖАҚ-тың Комиссияға 2018 жылғы 6 шілдедегі кіріс № 10749 хаты).
"Жауапкершілігі шектеулі қоғамдар туралы" 1998 жылғы 8 ақпандағы № 14-ФЗ Федералдық заңның 40-бабының 3-тармағына сәйкес қоғамның жеке-дара атқарушы органы қоғамның атынан сенімхатсыз әрекет етеді, соның ішінде оның мүдделерін білдіреді және мәмілелер жасасады, көрсетілген Федералдық заңда немесе қоғамның жарғысында қоғамға қатысушылардың жалпы жиналысының, қоғамның директорлар кеңесінің (байқаушы кеңесінің) және қоғамның алқалы атқарушы органының құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
"Медицинская компания" ЖШҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес азамат О.А. Арендарчук "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры болып табылады ("Медицинская компания" ЖШҚ-ның Комиссияға 2018 жылғы 24 шілдедегі кіріс № 11846конф хаты).
Комиссия нарық субъектісі "Дельрустің", "Дельрус ҚР" ЖШС-ның, лауазымды адамдар – "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиковтың, "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры О.А. Арендарчуктың және "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдиннің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Шарттың 76-бабының 1 және 3 – 5-тармақтарын бұзу белгілерінің болуына, соның салдарынан "Дельрус" ЖАҚ-тың қазақстандық тұтынушыға (арыз иесіне) FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынудан негізсіз бас тартып, мұндай бас тартуды Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас қызметті көрсететін бәсекелес-компанияның ("Дельрус ҚР" ЖШС) бар болуымен уәждеуіне байланысты жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша Комиссия Хаттамаға, Тергеп-тексеру жүргізу тәртібіне және Істерді қарау тәртібіне сәйкес 2018 жылғы 30 шілдедегі трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істі қозғау және қарау туралы ұйғарыммен № 22-2018/Д-01 істі қозғады және оны қарау бойынша комиссия құрды.
Бір тауар нарығында жұмыс істейтін, бәсекелес болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектілер (нарық субъектілері) арасында тыйым салынған келісімдердің болу мүмкіндігі туралы қосымша ақпарат алу мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне және Федералдық монополияға қарсы қызметке жекелеген процестік әрекетерді жүргізу, атап айтқанда өздеріне қатысты іс қаралып жатқан компаниялардың аумақтарын, үй-жайларын, құжаттарын және нәрселерін қарап-тексеру және іс бойынша іс жүргізуге қажетті құжаттарды талап етіп алдыру туралы уәжді ұсыну жіберілді (Комиссияның 2018 жылғы 31 шілдедегі тиісінше № МА-1850/22ҚБП және № МА-1849/22ҚБП хаттары).
Федералдық монополияға қарсы қызмет ұсынған ақпаратқа сәйкес "Медицинская компания" ЖШҚ мен "Дельрус" ЖАҚ-қа бару арқылы жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде тексерілген тұлғалардың Шарттың 76-бабы 1-тармағының 5 және 6) тармақшаларын және 3-тармағының 1, 3 және 5) тармақшаларын бұзу белгілері анықталды (Федералдық монополияға қарсы қызметтің 2019 жылғы 22 қаңтардағы кіріс № 901ҚБП хаты).
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінен ақпарат түскен жоқ.
Істерді қарау тәртібінің 16-тармағына сәйкес, № 22-2018/Д-01 іс бойынша шешім қабылдауға қажетті қосымша ақпарат алу мақсатында көрсетілген істі қарау мерзімі 60 жұмыс күніне ұзартылды (істі қарау жөніндегі комиссияның 2018 жылғы 22 қазандағы ұйғарымы).
Істерді қарау тәртібіне сәйкес істі қарауға қатысатын адамдар тыңдалды (2018 жылғы 13 тамызда, 10 қыркүйекте, 4 және 22 қазанда, 3 және 14 желтоқсанда, 2019 жылғы 15 және 22 қаңтарда), келіп түскен өтінішхаттар қаралды және талқыланды, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды, бұл істі қарау жөніндегі комиссия отырыстарының хаттамаларында көрініс тапты, дәлелдемелер зерттелді, істі қарауға қатысатын адамдардың істі қарауға қатысатын басқа адамдар ұсынған дәлелдемелерге қатысты пікірлері мен түсініктері тыңдалды. Өз кезегінде "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиков, "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры О.А. Арендарчук және "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдин істі қарау жөніндегі комиссияның отырысына келмеді және жеке өздері түсінік бермеді.
"Медицинская компания" ЖШҚ-ның ақпаратына және істі қарау барысында компанияның өкілі берген түсініктерге сәйкес "Медицинская компания" ЖШҚ Ресей Федерациясының аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді сырттай калибрлегіштің – Probe Calibration Bench-тің (калибрлеу орындығының) тұрған жерінде (Мәскеу қаласы, И. Франко көшесі, 4-үй, 1-корпус, 45-офис) FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеуді жүзеге асырады. Бұл қызметті компания, соның ішінде осындай көрсетілетін қызметті ұсыну туралы сұрау салумен "Медицинская компания" ЖШҚ-ның атына өтініш жасаған жағдайда, Ресей Федерациясының бейрезидент-шаруашылық жүргізуші субъектілеріне де көрсете алады. Компания FibroScan аппаратын беру және оның бергіштерін калибрлеу жөніндегі ынтымақтастық туралы барлық өтініш бойынша ынтымақтастық жасауға әзір. Компанияда арыз иесімен жазылған хат-хабар жоқ, өйткені 2016 жыл – 2018 жылғы І тоқсан аралығындағы кезеңде компанияның электрондық поштасына, сондай-ақ компания қызметкерлерінің электрондық поштасына арыз иесінен өтініш түспеген ("Медицинская компания" ЖШҚ-ның Комиссияға: 2018 жылғы 4 қазандағы шығыс № 02-12/268, 2019 жылғы 14 қаңтардағы кіріс № 368 хаттары).
"Дельрус" ЖАҚ-тың ақпаратына және істі қарау барысында компанияның өкілі берген түсініктерге сәйкес электрондық поштаға ұйымның бланкісінде ресімделмеген және басшы немесе өзге уәкілетті адам қол қоймаған ынтымақтастық туралы ұсыныстар, соның ішінде FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бағасы туралы коммерциялық ұсынысқа сұрау салулар түскен кезде олар тіркелмейді және бірден менеджердің қарауына түседі. Менеджер FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеудің бекітілген бағаларын басшылыққа ала отырып, әлеуетті тапсырыс берушіге бергішті калибрлеу бойынша қызмет көрсетуді ұсынады. "Дельрус" ЖАҚ-та FibroScan аппаратына және (немесе) оның бергіштерін калибрлеуге қатысты ынтымақтастық бойынша шектеулер көзделмеген.
"Дельрус ҚР" ЖШС-ның ақпаратына және істі қарау барысында компанияның өкілі берген түсініктерге сәйкес "Дельрус ҚР" ЖШС "Дельрус" ЖАҚ-пен қосалқы жалға алу шарты бойынша FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерге калибрлеу жүргізуге қажетті жабдықты пайдаланып отыр. "Дельрус ҚР" ЖШС "Дельрус" ЖАҚ-пен және "Медицинская компания" ЖШҚ-мен ынтымақтасуда, "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бастамасы бойынша "Дельрус" ЖАҚ-пен тауарларды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы беру, сондай-ақ сырттай калибрлегішті қосалқы жалға алу шарттары жасалған ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға: 2018 жылғы 3 қыркүйектегі кіріс № 14135 және 2019 жылғы 21 қаңтардағы кіріс № 805 хаттары).
Істерді қарау тәртібіне сәйкес іс бойынша дәлелдемелер зерттелгеннен, істі қарауға қатысатын адамдардың пікірлері баяндалғаннан, зерттелетін мән-жайлар туралы мәліметтерге ие адамдарға сұрау жүргізілгеннен кейін мыналар анықталды:
істі қарау барысында "Дельрус" ЖАҚ-тың өкілдері жолданымда жазылғандай, 2018 жылғы 27 наурыздан бастап арыз иесі мен "Дельрус" ЖАҚ-тың арасында электрондық хат-хабар жазысудың болғанын растады. "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиков арыз иесімен жеке өзі хат-хабар жазысуды жүзеге асырмаған. Онымен хат-хабар жазысуды "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының көрсетілетін қызметтерін сату жөніндегі менеджері И.Д. Чусовитина және "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының директоры В.Б. Мочалов жүзеге асырған. "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының директоры В.Б. Мочалов берген түсініктерге сәйкес арыз иесі тарапының қызметкері ұсынған техникалық өзіндік ерекшелік FibroScan аппаратына бергіштерді калибрлеу және аппаратқа техникалық қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметті қамтыған. "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының FibroScan аппаратына бергіштерді калибрлеуді жүзеге асыратын инженерінің басқа жұмысы бар болуына байланысты "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының директоры В.Б. Мочалов арыз иесін Қазақстан Республикасының аумағында FibroScan аппаратына бергіштерді калибрлеуді және техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыра алатын сервистік орталықтың бар екенін ұсынымдық тәртіппен хабарлаған ("Дельрус" ЖАҚ-тың Комиссияға 2019 жылғы 15 қаңтардағы кіріс № 533 хаты). Алайда істі қарау барысында "Дельрус" ЖАҚтың арыз иесіне FibroScan аппаратына бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан негізді түрде бас тарту фактісін растайтын дәлелдемелер (арыз иесі өтініш жасаған кезеңде "Дельрус" ЖАҚ-тың техникалық орталығының жұмыс көлемі және оның мамандарының жұмысбастылығы, арыз иесіне қызмет көрсетудің техникалық мүмкіндігі және тұтынушыға компанияның шарттарында ұсынылған коммерциялық ұсыныстың бар екені туралы ақпарат) анықталмады;
"Дельрус ҚР" ЖШС-ның өкілдері жолданымда жазылғандай, 2018 жылғы 27 наурыздан бастап арыз иесі мен "Дельрус ҚР" ЖШС-ның арасында электрондық хат-хабар жазысудың боғанын растайды. Арыз иесі "Дельрус ҚР" ЖШС-ның атына ресми жазбаша сұрау салу жібермеген. Алайда "Дельрус ҚР" ЖШС-ның сервис қызметінің қызметкерлері жұмыста пайдаланатын электрондық поштаға арыз иесінің атынан FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерге калибрлеу жүргізуге сұрау салу жіберілген. Осы сұрау салуға жауап ретінде "Дельрус ҚР" ЖШС-ның атынан тиісті коммерциялық ұсыныс жіберілген. Арыз иесіне хат-хабар жазысу негізінен сұратылып отырған техникалық өзіндік ерекшелікке сәйкес баға ұсынысын беруді қамтыған. Арыз иесімен хат-хабар жазысу "Дельрус ҚР" ЖШС-ның менеджері Р.С. Ахметовтың электрондық поштасы (arz@delrus-rk.kz) арқылы жүргізілген ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2019 жылғы 21 қаңтардағы кіріс № 805 хаты).
Істі қарау барысында "Дельрус ҚР" ЖШС және "Дельрус" ЖАҚ ұсынған ақпарат тергеп-тексерудің FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтердің бір нарығында жұмыс істейтін бәсекелес-компаниялар ("Дельрус" ЖАҚ и "Дельрус ҚР" ЖШС) арасында Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында тыйым салынған, тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген, соның салдарынан "Дельрус" ЖАҚ арыз иесіне FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан негізсіз бас тартып, мұндай бас тартуды Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас қызметті көрсететін бәсекелес компанияның ("Дельрус ҚР" ЖШС) бар болуымен уәждеген келісімнің болғаны және іске асырылғаны туралы тұжырымдарын теріске шығармайды.
"Дельрус" ЖАҚ-тың жалғыз акционері бекіткен 2000 жылғы 1 шілдедегі "Дельрус" ЖАҚ бас директорының лауазымдық нұсқаулығына сәйкес "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиков сенімхатсыз ұйымның ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады, ұйымның барлық міндеттемені, оның ішінде келісімшарттар мен бизнес-жоспарларды орындауын қамтамасыз етеді, қоғамның атынан әрекет етеді, оның мүдделерін білдіреді, қоғамның атынан мәмілелер жасайды, штаттарды бекітеді, бұйрықтар шығарады және қоғамның барлық қызметкерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді ("Дельрус" ЖАҚ-тың Комиссияға 2018 жылғы 11 қыркүйектегі кіріс № 14650 хаты).
"Дельрус ҚР" ЖШС-ның жалғыз қатысушысы бекіткен2015 жылғы 27 сәуірдегі "Дельрус ҚР" ЖШС директорының лауазымдық нұсқаулығына сәйкес директор В.В. Бурдин кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық және қаржы-экономикалық қызметін басқарады, қабылданатын шешімдердің салдары, кәсіпорын мүлкінің сақталуы мен тиімді пайдаланылуы үшін, сондай-ақ оның қызметінің қаржы-шаруашылық нәтижелері үшін толық жауапты болады ("Дельрус ҚР" ЖШС-ның Комиссияға 2018 жылғы 29 мамырдағы кіріс № 8538 хаты).
"Медицинская компания" ЖШҚ-ның және лауазымды адам – "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры О.А. Арендарчуктың Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу фактісін растайтын дәлелдемелер анықталмады.
Осы айтылғандарды ескере келе, Комиссия "Дельрус" ЖАҚ-тың, "Дельрус ҚР" ЖШС-ның, лауазымды адамдар – "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиковтың және "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдиннің бір көрсетілетін қызметтер нарығында жұмыс істейтін бәсекелес компаниялар ("Дельрус" ЖАҚ және "Дельрус ҚР" ЖШС) арасында тауар нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісімнің болуы мен оны іске асырудан, соның салдарынан арыз иесіне Қазақстан Республикасында ұқсас қызметті көрсететін көрсетілетін қызметті берушінің (бәсекелестің-компанияның) бар болуы негізінде Ресей Федерациясының аумағында FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергішті калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметті ұсынудан бас тартудан көрінген әрекеттері (әрекетсіздігі) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу болып табылады деген тұжырымға келді.
"Дельрус" ЖАҚ, "Дельрус ҚР" ЖШС және "Медицинская компания" ЖШҚ Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу фактісін мойындамады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 17 желтоқсандағы № 118 шешімімен бекітілген Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды есептеу әдістемесі мен салу тәртібіне сәйкес трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдардың мөлшерін есептеу кезінде жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ескеріледі.
Жауапкерлердің өкілдерінің істі қарауға қатысуы және оны қарау барысында туындаған мәселелер бойынша өз ұстанымдарын дер кезінде ұсынуы (істі қарауға қатысу тұлғаның міндеті емес, құқығы екенін назарға ала отырып) трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істерді қарау кезінде Комиссияға жәрдемдесу ретінде қабылданады және жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде бағаланады.
Бәсекелес-компаниялардың ("Дельрус" ЖАҚ және "Дельрус ҚР" ЖШС) арасындағы келісімді 2017 жыл – 2018 жылдың І тоқсаны бойында жалғастырып іске асыру Комиссияның трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзуды ұзаққа созылған деп саралауына және оны жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде бағалауына мүмкіндік береді.
Бәсекелес-компаниялардың ("Дельрус" ЖАҚ және "Дельрус ҚР" ЖШС) FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызмет нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісімді жасасу және іске асыру жөніндегі әрекеттері құқық бұзушылардың әрбірінің келісімді ұйымдастырғанын куәландырады және оны Комиссия жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде бағалайды.
Комиссия Алқасы Хаттаманың 10-тармағының 3) тармақшасын, Істерді қарау тәртібінің 44-тармағын, Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды есептеу әдістемесі мен салу тәртібін басшылыққа ала отырып шешті:
1. № 22-2018/Д-01 істің қаралуын тоқтату үшін Істерді қарау тәртібінің 46-тармағында көзделген негіздерінің жоқ екені танылсын.
2. "Дельрус" ЖАҚ-тың бәсекелесімен – "Дельрус ҚР" ЖШС-пен FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтер нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісімнің болуынан және іске асырылуынан көрінген әрекеттері (әрекетсіздігі) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу деп танылсын.
3. "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бәсекелесімен – "Дельрус" ЖАҚ-пен FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтер нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісімнің болуынан және іске асырылуынан көрінген әрекеттері (әрекетсіздігі) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу деп танылсын.
4. "Дельрус" ЖАҚ-тың бәсекелесімен – "Дельрус ҚР" ЖШС-пен FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтер нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісім жасасу туралы шешім қабылдаудан және оны іске асырудан көрінген лауазымды адамның – "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиковтың әрекеттері (әрекетсіздігі) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу деп танылсын.
5. "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бәсекелесімен – "Дельрус" ЖАҚ-пен FibroScan аппаратына ультрадыбыстық бергіштерді калибрлеу бойынша көрсетілетін қызметтер нарығын аумақтық қағидат бойынша бөлуге алып келген келісім жасасу туралы шешім қабылдаудан және оны іске асырудан көрінген лауазымды адамның – "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдиннің әрекеттері (әрекетсіздігі) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзу деп танылсын.
6. "Медицинская компания" ЖШҚ-ның және лауазымды адам – "Медицинская компания" ЖШҚ-ның бас директоры О.А. Арендарчуктың әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Шарттың 76-бабы 3-тармағының 3) тармақшасын бұзушылықтар жоқ деп танылсын.
7. Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдарды есептеу әдістемесі мен салу тәртібіне және Хаттаманың 16-тармағына сәйкес:
жауаптылықты жеңілдететін (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істі қарау кезінде Комиссияға жәрдем көрсетуі) және ауырлататын (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын ұзақ уақыт бұзуы, құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзатын, бәсекелестікті шектейтін келісімдерді немесе келісілген әрекеттерді ұйымдастыруы) мән-жайларының болуы ескеріле отырып, "Дельрус" ЖАҚ-қа 173 235,63 Ресей рублі мөлшерінде айыппұл тағайындалсын;
жауаптылықты жеңілдететін (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істі қарау кезінде Комиссияға жәрдем көрсетуі) және ауырлататын (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын ұзақ уақыт бұзуы, құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзатын, бәсекелестікті шектейтін келісімдерді немесе келісілген әрекеттерді ұйымдастыруы) мән-жайларының болуы ескеріле отырып, "Дельрус ҚР" ЖШС-ға 322 344,58 Ресей рублі мөлшерінде айыппұл тағайындалсын;
жауаптылықты жеңілдететін (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істі қарау кезінде Комиссияға жәрдем көрсетуі) және ауырлататын (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын ұзақ уақыт бұзуы, құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзатын, бәсекелестікті шектейтін келісімдерді немесе келісілген әрекеттерді ұйымдастыруы) мән-жайларының болуы ескеріле отырып, лауазымды адам – "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиковқа 117 500 Ресей рублі мөлшерінде айыппұл тағайындалсын;
жауаптылықты жеңілдететін (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзу туралы істі қарау кезінде Комиссияға жәрдем көрсетуі) және ауырлататын (құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын ұзақ уақыт бұзуы, құқық бұзушының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің ортақ қағидаларын бұзатын, бәсекелестікті шектейтін келісімдерді немесе келісілген әрекеттерді ұйымдастыруы) мән-жайларының болуы ескеріле отырып, лауазымды адам – "Дельрус" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдинге 117 500 Ресей рублі мөлшерінде айыппұл тағайындалсын.
Осы Шешіммен тағайындалған айыппұлдар аумағында шаруашылық жүргізуші субъект (нарық субъектісі) тіркелген немесе трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларын бұзған жеке тұлға уақытша тұратын мүше мемлекеттің бюджетіне аударылуға жатады.
Осы Шешіммен тағайындалған айыппұлдарды шаруашылық жүргізуші субъект (нарық субъектісі), жеке тұлға аумағында шаруашылық жүргізуші субъект (нарық субъектісі) тіркелген немесе трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік қағидаларын бұзған жеке тұлға уақытша тұратын мүше мемлекеттің ұлттық валютасында Комиссия айыппұл салу туралы шешім қабылдаған күнге көрсетілген мүше мемлекеттің ұлттық (орталық) банкі белгілеген бағам бойынша төлейді.
8. "Дельрус" ЖАҚ, "Дельрус ҚР" ЖШС, лауазымды адамдар – "Дельрус" ЖАҚ-тың бас директоры А.И. Новиков пен "Дельрус ҚР" ЖШС-ның бас директоры В.В. Бурдин осы Шешім күшіне енген күннен бастап бір айлық мерзімде осы Шешімнің 7-тармағының орындалғаны туралы ақпарат ұсынатын болсын.
9. Осы Шешімге белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық одақ Сотына шағым жасауға болады.
10. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |