Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.06.18 N 829 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң 1993-1995 жылдарға /II кезең/ арналған Ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаулы етемiн:
1. Инвестициялық жекешелендiру купондары туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
2. Жергiлiктi әкiмдер:
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрлесiп инвестициялық жекешелендiру купондарын есептеу жөнiндегi аумақтық комиссиялардың жұмысын ұйымдастырсын, бұл мақсат үшiн бұрын тұрғын үй купондарын есептеу үшiн құрылған купондық тетiктi жүзеге асыру жөнiндегi комиссияларды пайдалансын;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық комитеттерiмен бiрлесiп Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мемлекеттiк жинақ банкiсiнiң мекемелерiне инвестициялық купондармен операцияларды жүргiзу үшiн қажеттi қосымша операциялық орындар ашуға өндiрiстiк алаңдар бөлу туралы мәселенi шешсiн;
- iшкi iстер органдарымен бiрлесiп инвестициялық жекешелендiру купондарын алу кезiнде паспортқа және тууы туралы куәлiкке белгi соғу үшiн арнаулы штамптардың жасалуын қамтамасыз етсiн.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi:
- Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiмен бiрлесiп компьютер техникасын және оған жұмсалатын материалдар сатып алсын және оларды Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мемлекеттiк жинақ банкiсiне берсiн, сондай-ақ жаппай жекешелендiру бағдарламасын жүзеге асыру үшiн ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету iсiн ұйымдастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мемлекеттiк жинақ банкiсiмен бiрлесiп қажеттi бланк материалының жасалуын қамтамасыз етсiн.
5. Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мемлекеттiк жинақ банкiсi:
- халыққа жеке шот ашу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырсын;
- қызметкерлердi инвестициялық жекешелендiру купондарымен операциялар жүргiзу iсiне үйретсiн.
6. Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлiгi:
- жаппай жекешелендiру бағдарламасының бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөзде жан-жақты көрсетiлуiн қамтамасыз етсiн;
- купондық механизмдi насихаттау үшiн қажеттi жарнамалық материалдың дайындалуын ұйымдастырсын.
7. Инвестициялық жекешелендiру купондары туралы Ереже 1993 жылғы 1 шiлдеден бастап күшiне енгiзiлсiн.
8. Осы Ереженiң орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне жүктелсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1993 жылғы 23 маусымдағы
N 1289 Қаулысына
қосымша
Жекешелендiрудiң инвестициялық купондары туралы
ЕРЕЖЕ
Қазақстан Республикасындағы 1993-1995 жылдарға арналған /II кезең/ мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру Ұлттық бағдарламасына сәйкес купон механизмi мемлекеттiк меншiк - одан әрi жекешелендiру процесiне республиканың әрбiр азаматының қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта бұдан бұрын тұрғын үйдi сатып алуға арналған жекешелендiру купондарымен қатар, халықтың жаппай жекешелендiруге қатысуының құралы ретiнде жекешелендiрудiң инвестициялық купондары /бұдан әрi - инвестициялық/ енгiзiледi.
Инвестициялық купондардың ақшалай маңызы жоқ және олар жекешелендiрiлетiн кәсiпорындардың акцияларын жинақтайтын инвестициялық жекешелендiру қорына салуға арналған.
I. Инвестициялық купондарды есептеу тәртiбi
1. Инвестициялық купондар Жинақ банкiсiне барған сәттегi азаматтық хал-ахуалының актiсiне сәйкес, жас мөлшерiне қарамастан 1993 жылғы 1 шiлдеге дейiн Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып келген /тұрақты тiркемелiмi бар-кәмелетке толғандар/ Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына берiледi.
Осы ережеде аталмаған, алайда купон алу құқысы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының санаттары оларды Меммүлiкком белгiлеген тәртiппен алады.
2. Инвестициялық купондар барлық адамдарға бiрдей мөлшерде 100 купоннан есептеледi.
Селолық аудандардың тұрғындары үшiн 1,2 көтерiңкiлiк коэффициентi енгiзiледi. Селолық елдi мекендерге жатқызылатын орындарды анықтау Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес жүргiзiледi.
3. Инвестициялық купондар сатуға және сатып алуға жатпайды. Олар төмендегi туысқандық қатынастағы адамдарға /ата-аналар, балалар, немерелер, ата, әже, аға-iнi және әпке-қарындас/ ғана сыйға тартылуы, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен мұраға берiлуi мүмкiн.
4. Инвестициялық купондар жас мөлшерiне қарамастан оларды алу құқы бар адамдар санаттарының барлығының жеке шоттарына аударылады. Кәмелеттiк жасқа толмағандардың шотына иелiк жасау құқығы ата-аналары бiрге тұрған жағдайда олардың бiрлескен өтiнiшiнiң негiзiнде ата-аналарының бiрiне берiледi. Ата-анасы бөлек тұрған жағдайда бұл құқық баланы асырап отырған ата-анасының бiрiне берiледi.
Бiр отбасы мүшелерiнiң купондары купон тетiгiн жүзеге асыру жөнiндегi комиссияға берiлетiн кәмелеттiк жасқа толған барлық отбасы мүшелерiнiң жазбаша келiсiмiмен бiр отбасылық шотқа бiрiктiрiлуi мүмкiн.
5. Балалар үйiнде тәрбиеленушi немесе қамқорлықта жүрген балаларға, сондай-ақ қарттарға арналған интернат-үйлерде тұратын адамдарға тиесiлi купондар олардың жеке бәсiре шоттарына аударылады. Осы шоттарды ашу, сондай-ақ купондарды жекешелендiру инвестициялық қорына салу құқығы балалар үйлерiнiң, қарттарға арналған интернат-үйлердiң әкiмшiлiктерiне немесе қамқоршыларға берiледi.
Балалар үйiнде тәрбиеленушiлер мен қамқорлықта жүрген балалар кәмелеттiк жасқа толғанда купондар салынған инвестициялық қорлардың акциялары, жекешелендiру инвестициялық купондардың қалдығы көрсетiлген чек кiтапшалары , сондай-ақ бәсiре шотқа инвестициялық қорлар акцияларына алынған дивидендтер аударылған жинақ кiтапшалары олардың нақты иелерiне берiледi.
6. Еңбекке жарамсыз, еңбекке жарамдылығы шектелген, iшiнара еңбекке жарамды /15-тен 18 жасқа дейiнгiлер/ болып табылатын инвестициялық купондардың иелерiнiң мүдделерiн Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес олардың заңды өкiлдерi, қамқоршылары мен асыраушылары бiлдiредi.
7. Республикадан сырт жерлерге оқуға еңбек контрактiсi бойынша кеткен, ТМД Қарулы Күштерiнiң қатарына шақырылған адамдардың инвестициялық купондарға үлес құқы белгiленген тәртiппен сақталады.
Купондар есептелген сәтте Қазақстан Республикасынан сырт жерлерге тұрақты тұру үшiн кеткен адамдарға /1993 жылғы 1 шiлдеге дейiн/ республикада тұрған мерзiмiне қарамастан инвестициялық купондар берілмейдi.
8. Республика аумағында әскери қызметiн атқарып жатқан және 1994 жылғы 1 қаңтарға дейiн Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған әскери қызметшiлерге инвестициялық купондар белгiленген тәртiппен берiледi.
9. Инвестициялық купондар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына 1993 жылдың 1 шiлдесiнен кейiн тұрақты тұруға жұмысқа шақырылуы бойынша келiп, белгiленген тәртiппен ресiмделген азаматтарға, сондай-ақ 1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң Ұлттық бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезеңде таяу және алыс шетелдерден тарихи отанына қайтып оралған тұрғылықты ұлт өкiлдерiне берiледi.
10. Осы Ережеге сәйкес инвестициялық купондар алу құқығы бар адамдардың тiзiмiн жекешелендiру /тұрғын үй/ купондарын есептеу үшiн бұрын құрылған, осы тәртiп үшiн белгiленген купон тетiгiн жүзеге асыру жөнiндегi комиссиялар /бұдан әрi комиссия/ түзедi және оны Жинақ банкiсiнiң бөлiмшесiне тапсырады.
Балалар үйiнде тәрбиеленушiлерге, қарттарға арналған интернат-үйлерде тұратын адамдарға, әскери қызметшiлерге купондар есептеу туралы өтiнiштердi комиссияға тиiстi ұйымдар бередi.
11. Қазақстан Республикасының тұрғындарына есептелген инвестициялық купондар Жинақ банкiсiнiң жергiлiктi бөлiмшелерiндегi азаматтардың бәсiре шоттарына тiркеледi.
Бiртұтас отбасылық, сондай-ақ бөлек шоттары ашу кезiнде барлық отбасы мүшелерiнiң мынадай құжаттары көрсетiледi:
- паспорт немесе оны айырбастайтын құжат /әскери қызметшiлер мен оларға теңгерiлетiн адамдар үшiн/;
- тууы туралы куәлiк /16 жасқа толмағандар үшiн/.
Шоттардың ашылуына бақылау жасау паспортқа, оны айырбастайтын құжатқа, тууы туралы куәлiкке арнайы белгi соғу жолымен жүргiзiледi.
12. Купон механизмiн жүзеге асыру жөнiндегi комиссия ұсынған тiзiмге сәйкес Жинақ банкiсiнiң бөлiмшесi купон иелерiнiң өздерiнiң жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетуi бойынша арнайы чек кiтапшаларын ресiмдейдi. Заңды өкiлдер /оның iшiнде арнайы берiлген сенiмхаты бар адамдар/ қамқоршылар, асыраушылар өз өкiлдiктерiн куәландыратын құжатты көрсетуге тиiс.
13. Инвестициялық купондарды есептеу мен арнайы чек кiтапшаларын берудiң, сондай-ақ жекешелендiру легiнiң басталуы мен аяқталуының мерзiмдерi туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.
14. Тиiстi құжаттарды ресiмдеуге, бәсiре шоттарды ашуға және чек кiтапшаларын беруге байланысты шығыстарды жабу үшiн азаматтар Жинақ банкiсiнiң мекемелерiне 600 сом мөлшерiнде комиссиялық алым төлейдi.
Азаматтардың мынадай санаттары:
- зейнеткерлер;
- барлық санаттардағы және топтардағы мүгедектер;
- көп балалы отбасылары (4 және одан да көп балалар);
- отбасының әр бiр мүшесiне шаққандағы ең төменгi жалақының мемлекет белгiлеген деңгейiнен аспайтын отбасылар (табысы туралы анықтамаларды тапсырған жағдайда);
- жалғызiлiктi аналар;
- балалар үйлерiнде тәрбиеленгендер;
- қарттарға арналған интернат үйлерiнде тұратын адамдар;
- жоғары оқу орындарының оқушылары;
- арнаулы орта оқу орындарының оқушылары;
- кәсiптiк-техникалық училищелердiң оқушылары комиссиялық алым төлеуден босатылсын.
Инвестициялық жекешелендiру купондардың мақсаты бойынша бұдан былайғы беруге байланысты келесi операцияларды жасағаны үшiнчек кiтапшаларының иелерi Меммүлiккомы мен Жинақ банкi белгiлеген мөлшерде және тәртiп бойынша комиссиялық алым төлейдi.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентiнiң 1993.10.18. N 1385 қаулысымен.
II. Инвестициялық купондарды пайдалану
15. Инвестициялық купондарды оларды тiркеу мен алу орындарына қарамастан, олардың иелерi Қазақстанның бүкiл аумағындағы /әр лекте бiрнеше қорға/ инвестициялық жекешелендiру қорына /бұдан әрi қорлар/ орналастыруы мүмкiн.
Жекешелендiру легiнiң алғашқы кезеңiнде жалпы берiлетiн купондар сомасының 20 процентi салуға жатады. Әрбiр кейiннен болатын жекешелендiру легiне купондар салудың мөлшерiн жекешелендiретiн кәсiпорындар санына, сондай-ақ жаппай жекешелендiру бағдарламасының шегiнде чектiк аукциондарда сату үшiн түсетiн акциялар санына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi белгiлейдi.
16. Үкiмет жариялаған жаппай жекешелендiру басталған сәттен бастап купон иелерi бәсiре салымдарын таңдап алған жекешелендiру қорының шотына өздерi ашқан шоттарға өздерi көрсеткен купондар сомасын беру арқылы жүзеге асырады. Азаматтардың тапсыруы бойынша Жинақ банкiсiнiң бөлiмшесi инвестициялық купондардың белгiлi мөлшерiн олар көрсеткен инвестициялық қорға аударады.
Қорларды таңдау мен оған инвестициялық жекешелендiру купондарын салуға берiлетiн уақыты - әрбiр жекешелендiру легi басталған сәттен бастап - 2 ай.
17. Әрбiр жекешелендiру легiндегi бiрiншi аукцион аяқталғаннан кейiн купон иесi қолданылып жүрген Заңға сәйкес ресiмделген инвестициялық қор акциясына айырбастайды.
Инвестициялық қор акцияларының еркiн сатылуы мүмкiн.
Купон иесi тұратын аумақтан сырт орналасқан қорға купон салған жағдайда купон салу мен акциялар алуға байланысты барлық операциялар қорлардың филиалдарында жүргiзiледi.
18. Инвестициялық купондардың қор шотына аударылғандығы туралы мәлiметтер түскен бойда олар белгiленген тәртiппен қорда тiркеледi /компьютер, кiтапшадағы жазба/. Жазбаларда: купон иесiнiң аты-жөнi, әкесiнiң аты, жинақ банкiсiндегi бәсiре шоты, купон аударуды жүзеге асырған Жинақ банкiсi бөлiмшесiнiң барлық деректемелерi көрсетiледi.
Инвестициялық қорларда инвестициялық купондарды орналастыру тәртiбi тиiстi Ережемен реттеледi.
19. Инвестициялық купондар жекешелендiру құралы ретiнде бiр рет пайдаланылады. Инвестициялық купондарды өтеу рәсiмiн Қазақстан Республикасының Жинақ банкiсi мен Қаржы министрлiгiнiң келiсiмi бойынша Меммүлiкком белгiлейдi.
20. Арнайы чек кiтапшасы жоғалған немесе бүлiнген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мемлекеттiк банкiсiнiң нұсқамаларында қарастырылған тәртiппен қайтадан берiледi.
21. Жекешелендiру купондарының иелерi мен инвестициялық жекешелендiру қорының арасында туған барлық даулар сот арқылы шешiледi.