Прокуратура органдарының қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру тәртiбiн реттеу мақсатында қаулы етемiн: Қазақстан Республикасы прокуратурасының сыныптық шендерi бар прокурорлары мен тергеушiлерiн, ғылыми мекемелерi мен оқу орындарының қызметкерлерiн және олардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамсыздандыру тәртiбi туралы ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 12 мамырдағы N 2278 қаулысымен Бекiтiлген Қазақстан Республикасы прокуратурасының сыныптық шендерi бар прокурорлары мен тергеушiлерiн, ғылыми мекемелерi мен оқу орындарының қызметкерлерiн және олардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамсыздандыру тәртiбi туралы Ереже I. Жалпы ереже
1. Бұл Ереже Қазақстан Республикасы прокуратурасының сыныптық шендерi бар прокурорларын, тергеушiлерiн, ғылыми мекемелерi мен оқу орындарының қызметкерлерiн (әрi қарай - прокуратура қызметкерлерi) және олардың отбасы мүшелерiн зейнетақымен қамсыздандыру жұмысын ұйымдастыруды және оның ерекшелiктерiн белгiлейдi.
"Қазақ КСР азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақ КСР-iнiң 1991 жылғы 17 маусымдағы N 675-ХII Заңы, "Iшкi iстер органдарының әскери қызметшiлерiн, басшы және қатардағы құрамының адамдарын, олардың отбасыларын зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 21 қаңтардағы N 1910-ХII Заңы, "Iшкi iстер органдарының әскери қызметшiлерiне, басшы және қатардағы құрамының адамдарына, олардың отбасыларына қызмет еткен жылдарын есептеу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртiбi туралы Ереженi бекiту жөнiндегi" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 25 мамырдағы N 429 Қаулысы Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандырудың құқылық негiзi болып табылады.
2. Прокуратура қызметкерлерi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қызмет еткен жылдары үшiн зейнетақы алуға - мүгедек болып қалғандары мүгедектiгiне байланысты зейнетақы алуға, ал оның отбасы мүшелерi - асыраушысынан айырылғанына байланысты зейнетақы алуға құқылы.
3. Осы Ережеге сәйкес тағайындалатын зейнетақыны алуға мыналар құқылы:
- Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, облыс прокуроры, Алматы қаласының прокуроры, қала прокуроры, аудан прокуроры, облыстардың, қалалардың немесе аудандардың прокурорларына теңестiрiлген басқа прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға көмекшiлерi және көмекшiлерi, прокуратуралар басқармаларының, бөлiмдерiнiң бастықтары, олардың орынбасарлары (тиiсiнше прокурорлардың аға көмекшiлерi және көмекшiлерi болып табылатын), осы басқармалардың, бөлiмдердiң аға прокурорлары мен прокурорлары, аға прокурор-криминалистер, прокурор-криминалистер және олардың отбасы мүшелерi;
- ерекше маңызды iстер жөнiндегi аға тергеушiлер және ерекше маңызды iстер жөнiндегi тергеушiлер, аға тергеушiлер, тергеушiлер және олардың отбасы мүшелерi;
- ғылыми-зерттеу институтының директоры, оның орынбасарлары, ғалым хатшы, ғылыми-зерттеу бөлiмдерiнiң, кафедраларының, секторларының, лабораторияларының меңгерушiлерi және олардың орынбасарлары, бас ғылыми қызметкерлер, жетекшi ғылыми қызметкерлер, аға ғылыми қызметкерлер, ғылыми қызметкер, кiшi ғылыми қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi;
- бiлiктiлiктi арттыру институтының директоры, оның орынбасарлары, кафедралардың меңгерушiлерi, профессорлар, доценттер, аға оқытушылар, оқытушылар, ассистенттер және олардың отбасы мүшелерi;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң, Президентiнiң және Министрлер Кабинетiнiң аппараттарына белгiленген тәртiппен уақытша iссапарға жiберiлген прокуратураның кадры болып табылатын қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi.
4. Сыныптық шенiнен айырылған прокуратура қызметкерлерiне зейнетақы "Қазақ КСР азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақ КСР-iнiң 1991 жылғы 17 маусымдағы N 675-ХII Заңында белгiленген негiздерде тағайындалады.
II. Қызмет еткен жылдары, зейнетақыны есептеу
және тағайындау
5. Зейнетақы тағайындалатын қызмет еткен жылдарға қызметтiң (жұмыстың) мына кезеңдерi есептелiнедi:
- осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген қызметте - қызметке тағайындалған, сондай-ақ стажер есебiнде жұмысқа тағайындалған күннен бастап (бұрынғы КСР Одағының және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң прокуратура органдарындағы жұмысын қоса есептегенде);
- судья болған;
- 5 жылға дейiнгi мөлшерде жоғары заң оқу орнында күндiз оқыған уақыты - бiр жыл оқуы алты ай есебiнде, егер оқуды бiтiргеннен кейiн прокуратураға қызметке тұрса;
- Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi 1993 жылғы 25 мамырдағы N 429 қаулысымен бекiткен Iшкi iстер органдарының әскери қызметшiлерiне, басшы және қатардағы құрамының адамдарына, олардың отбасыларына қызмет еткен жылдары есептеу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртiбi туралы Ережеде көрсетiлген кезеңдер.
6. Прокуратура қызметкерлерi, олардың отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестiрiлген прокуратуралардың тиiстi қызметтерiне зейнетақы тағайындау жөнiнде арыз бередi.
7. Осы Ереженiң 3-тармағында көрсетiлген адамдарға зейнетақы олар прокуратура органдарынан, ғылыми мекемелер мен оқу орындарынан босатылған жағдайда, сол жұмыстан босаған орны бойынша немесе тұрғылықты жерi бойынша тағайындалады.
8. Зейнетақы прокуратура қызметкерлерiнiң жұмыстан босар алдындағы соңғы штаттық қызметтегi ақшалай табысы бойынша есептелiнедi.
Ақшалай табысқа: соңғы қызметтегi лауазымдық айлық ақы, сыныптық шен мен қызмет еткен жылдарға үстеме төлем, тұрақты түрде берiлетiн қосымша ақша, зейнетақы тағайындалған немесе қайта есептелген күнгi азық-түлiк паегының құны кiредi.
9. Денсаулығына немесе ұйымдық-штаттық шараларға байланысты кемiнде үш жыл атқарған қызметiнен лауазымдық айлығы аз қызметке белгiленген тәртiпте ауыстырылған, сол кезде қызмет iстеген жылдары үшiн зейнетақы алуға құқылы аға заң кеңесшiсi және одан жоғары сыныптық шенi бар адамдарға, кейiн қызметтен босатылғанда зейнетақы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының шешiмiмен олардың ауысқанға дейiнгi штаттық қызметiндегi айлығы бойынша есептелуi мүмкiн.
III. Зейнетақымен қамсыздандыру жұмысын
ұйымдастыру
10. Прокуратура органдарында зейнетақымен қамсыздандыру жұмысын ұйымдастыруды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры белгiлейдi.
11. Прокуратура органдарының зейнетақымен қамсыздандыру қызметiне мыналар жүктеледi:
- прокуратура органдарының қызметкерлерiне және олардың отбасы мүшелерiне зейнетақы мен жәрдемақыны заңға сәйкес уақтылы тағайындау, қайта есептеу және төлеу;
- зейнеткерлердiң және зейнетақылық iстердiң жеке есебiн жүргiзу;
- Қазақстан Республикасының банк немесе почта байланысы мекемелерiнiң зейнетақыны дұрыс және уақтылы төлеуiн бақылау;
- заңдарда белгiленген жеңiлдiктер құқығы туралы құжаттарды зейнеткерлерге беру;
- зейнетақымен қамсыздандыру, зейнеткерлердi қабылдауды ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi ұсыныстарды, арыздар мен шағымдарды қарау;
- зейнетақылық жұмыстың есебiн ұсыну;
- ведомстволық зейнетақылық органдармен өзара iс-қимыл жасау.
12. Зейнетақы тағайындалғаннан кейiн зейнеткерге белгiленген үлгiдегi зейнетақылық куәлiк берiледi, зейнетақы парағы толтырылады, оған прокуратураның тиiстi қызметiнiң қаржы бөлiмшесiнiң бастығы қол қояды, елтаңбалы мөр басылады және ол хабарлама қағазбен қоса банк немесе почта байланысы мекемесiне жiберiледi (жеткiзiледi).
13. Банк немесе почта байланысы мекемесiне зейнетақы парағы келiп түспеген жағдайда (банктiң басқарушысы мен бас бухгалтерi қол қойған құжатпен расталынады) жоғалған зейнетақы парағының орнына дубликат берiледi, оның жоғарғы оң жақ бұрышында "Дубликат" деп көрсетiледi. Сонымен қатар, прокуратура байланыс органдары арқылы бұрын жiберiлген құжатқа iздеу салады. Оны банк немесе почта байланысы мекемесi жоғалтқан жағдайда тиiстi шара қолдану үшiн бұл жөнiнде олардың жоғары тұрған органдарына хабарлайды.
14. Алатын зейнетақының түрi өзгерген жағдайда банк немесе почта байланысы мекемелерiне хабарлама жiберiледi, онда жаңа зейнетақының түрi және мөлшерi көрсетiледi.
15. Зейнетақы парағы төленуге тиiстi зейнетақының толық сомасына жазылады.
Орындау құжаттары бойынша ұстап қалу қажет болған жағдайда олар тиiстi банк немесе почта байланысы мекемесiне жiберiледi.
Алименттер - зейнеткердi күтiп-баққаны үшiн берiлетiн үстеме ақыны қоспағандағы зейнетақының барлық сомасынан ұсталады. Бұл жағдайда банк немесе почта байланысы мекемесiне зейнетақының ұстауға тиесiлi сомасы көрсетiлген хабарлама жiберiледi.
Зейнеткерге артық төленген соманы зейнетақыдан ұстағанда банк немесе почта байланысы мекемесiне ұсталатын мөлшерi көрсетiлген хабарлама жiберiледi. Заңсыз алынған соманы қайтаруға зейнеткер өз еркiмен келiскен жағдайда зейнеткердiң тиiстi мiндеттемесi ресiмделiп, ол жайында банк немесе почта байланысы мекемесiне хабарлама жiберiледi.
16. Егер зейнеткер бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан болса, онда орындау парағы оның жаза өтеп жатқан жерiне жiберiледi.
17. Зейнетақы парағы бойынша зейнетақы төлеудiң бастапқы мерзiмi зейнетақы парағына қол қойылып, банк немесе почта байланысы мекемесiне жiберiлген күннiң алдындағы бес айдан артық уақытқа белгiленбеуге тиiс. Бес айдан асатын мерзiм үшiн зейнетақы бiр жолғы төленетiн тапсырма бойынша төленедi.
18. Бензинге, автомобильдердi және мотокөлiктердi жөндеуге, техникалық баптауға, олардың қосалқы бөлшектерiне кеткен шығынның, сондай-ақ көлiкпен жүру шығынының орнын толтыруға құқығы бар мүгедек зейнеткерлерге өтем төлеу үшiн банк немесе почта байланысы мекемесiне төленетiн сома көрсетiлген тапсырма жiберiледi.
IV. Зейнетақылық iстердi жүргiзу тәртiбi
19. Зейнетақылық iстердi рәсiмдеу, зейнетақылық құжаттарды
беру Қазақстан Республикасының Бас прокуроры белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады. Зейнеткер куәлiгiн жоғалтып алған жағдайда прокуратура басшысының рұқсатымен жаңасы берiлуi мүмкiн, ол жайында зейнетақылық iске белгi қойылады. Құжатты қайтадан берер алдында оның жоғалғандығына қызметтiк тексеру жүргiзiледi. 20. Зейнетақылық iстер зейнетақы тағайындауға және оның мөлшерiн қайта есептеуге, өтем төлеуге, үстеме ақыны белгiлеуге қажеттi құжаттармен жинақталады. 21. Прокуратура органдарының қаржы бөлiмшелерi әр жылдың 20 қаңтарына дейiн Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының тиiстi қызметiне өткен жылы атқарылған жұмыс жайында ақпарат берiп тұрады. V. Зейнетақы тағайындау мен төлеудiң дұрыстығын бақылау
22. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы прокуратура органдарының зейнетақыны дұрыс тағайындауын, оны қайта есептеуi мен төлеуiн бақылайды.
23. Жергiлiктi жерлерде зейнетақының дұрыс төленуiн прокуратураның тиiстi қызметтерi бақылайды. Бұл қызметтер төленген зейнетақы парағына және бiр жолғы төлем тапсырмасына хабарлама қағазды банк немесе почта байланысы мекемесiнен алғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тексередi. Зейнетақы төлегенде банк немесе почта байланысы мекемесiнiң кiнәсiнен қателiк жiберiлгендiгi анықталса, оларға бiр айдың iшiнде тиiстi хабар жiберiледi.
24. Прокуратураның тиiстi қызметтерi төленген зейнетақы парағының хабарлама қағазын банк немесе почта байланысы мекемесiнiң уақтылы қайтарғандығын - бақылау карточкасы бойынша, ал бiр жолғы төлем бойынша зейнетақы төленген тапсырманың хабарлама қағазын - тапсырманың түбiртегi бойынша бақылайды.
Егер зейнетақы парағының немесе тапсырманың мерзiмi өткен соң үш ай iшiнде хабарлама қағаз прокуратураға келiп түспесе, оларды сұратып алу үшiн шаралар қолданылады.
25. Зейнетақының артық берiлген сомасының уақтылы және толық қайтарылуын бақылау үшiн прокуратураның тиiстi қызметi артық төленгендiгi анықталған (банк немесе почта байланысы мекемелерi қызметкерлерiнiң кiнәсiнен артық төленгендерден басқа) әрбiр зейнетақылық iске жасалынған есеп карточкалары бойынша бұл сомаларды есепке алады. Карточкаға прокуратураның қаржы бөлiмшесiнiң басшысы қол қояды және елтаңбалы мөр басылады.
26. Зейнеткерлерге зейнетақыны олардың тұрғылықты жерiндегi Қазақстан Республикасы Халық жинақ банкiсiнiң мекемелерi (филиалдары) немесе Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң почта байланысы мекемелерi төлейдi.