ЗҚАИ ескертпесі!
Келісім Қазақстан Республикасы 12.10.2015 ж. № 356 "1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңының қабылдануына байланысты орналастырылды.
I БӨЛІМ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР ЖӘНЕ НЕГІЗ ҚАЛАУШЫ ҚАҒИДАТТАР
II БӨЛІМ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БАР БОЛУЫНА, КӨЛЕМІНЕ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУҒА ҚАТЫСТЫ НОРМАЛАР
1. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар
2. Тауарлық белгілер
3. Географиялық нұсқаулар
4. Өнеркәсіптік үлгілер
5. Патенттер
6. Интегралдық микросхемалар топологиялары (топографиялары)
7. Жабық ақпаратты қорғау
8. Бәсекеге қарсы практиканы келісімдік лицензиялар арқылы бақылауды жүзеге асыру
III БӨЛІМ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
1. Жалпы міндеттемелер
2. Азаматтық-құқықтық және әкімшілік рәсімдер мен сот қорғауының құралдары
3. Уақытша шаралар
4. Шекаралық шараларға қатысты ерекше талаптар
5. Қылмыстық рәсімдер
IV БӨЛІМ ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫН ИЕМДЕНУ МЕН КҮШІНДЕ ҰСТАУ ЖӘНЕ СОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ INTER PARTES РӘСІМДЕРІ
V БӨЛІМ ДАУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ РЕТТЕУ
VI БӨЛІМ ӨТПЕЛІ УАҒДАЛАСТЫҚТАР
VII БӨЛІМ ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ІС-ШАРАЛАР; ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1С-ҚОСЫМША
ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ
САУДА АСПЕКТІЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕЛІСІМ
Мүшелер,
Халықаралық сауданы дамыту жолындағы бұрмалаулар мен кедергілерді азайтуға ниет білдіре отырып және зияткерлік меншік құқықтарын тиімді әрі барабар қорғауға жәрдемдесудің, және зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету шаралары мен рәсімдерінің өздері заңды түрде сауда жасау үшін тосқауылдарға айналмайтындай етіп қамтамасыз етудің қажеттілігін назарға ала отырып;
Осы мақсатпен келесіге қатысты жаңа қағидалар мен тәртіпке деген қажеттілікті мойындай отырып:
(а) 1994 ж. ГАТТ-тың негізгі қағидаттары мен зияткерлік меншік саласындағы тиісті келісімдер немесе конвенциялардың қолданымына;
(b) саудамен байланысты зияткерлік меншік құқықтарының бар болуы, көлемі мен оларды пайдалануға қатысты барабар нормалар мен қағидаттарды әзірлеуге;
(с) ұлттық құқықтық жүйелердегі айырмашылықтарды назарға ала отырып, саудамен байланысты зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын қамтамасыз етудің тиімді әрі тиісті құралдарын әзірлеуге;
(d) көпжақты негізде үкіметтер арасындағы даулардың алдын-алу және реттеу үшін тиімді әрі кезек күттірмейтін рәсімдер әзірлеуге;
(е) келіссөздер нәтижелеріне неғұрлым толық қатысуға бағытталған уақытша уағдаластықтарға қатысты;
Контрафактілік тауарлардың халықаралық саудасына қатысты қағидаттардың, қағидалар мен тәртіптің көпжақты жүйесіне қажеттілікті мойындай отырып;
Зияткерлік меншік құқықтары жеке тұлғалардың құқықтары болып табылатынын мойындай отырып;
Даму және техникалық прогресс мақсаттарын қоса алғанда, зияткерлік меншікті қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты шарттайтын ұлттық жүйелердің негіз қалаушы мақсаттарын мойындай отырып;
Сонымен қатар ел ішінде заңдар мен қағидаларды қолданудың барынша икемділігіне қатысты, берік әрі қабілетті технологиялық база құруға мүмкіндік беру үшін неғұрлым аз дамыған мүше-елдердің ерекше қажеттіліктерін мойындай отырып;
Саудамен байланысты зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі дауларды көпжақты рәсімдер арқылы шешу бойынша неғұрлым қатаң міндеттемелерге қол жеткізу жолымен шиеленісті азайтудың маңыздылығын атап өте отырып;
ДСҰ мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (бұдан әрі осы Келісімде "ДЗМҰ"), сондай-ақ басқа да тиісті халықаралық ұйымдар арасында өзара қолдау қатынастарын орнатуды қалай отырып;
Мыналар туралы уағдаласады:
І БӨЛІМ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР ЖӘНЕ НЕГІЗ ҚАЛАУШЫ ҚАҒИДАТТАР
I-БАП
Міндеттемелердің мәні және қолдану аясы
1. Мүшелер осы Келісімнің ережелерін қолданысқа енгізеді. Мүшелер өздерінің ұлттық заңдарында, осы Келісім бойынша талап етілетін қорғауға қарағанда кеңірек қорғауды осы Келісім қағидаларына қарсы келмейтін жағдайда, бере алады, бірақ міндетті емес. Мүшелер өздерінің құқықтық жүйелері мен практикасы шеңберінде осы Келісімнің ережелерін тиісінше орындау әдісін айқындауда ерікті.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін "зияткерлік меншік" термині ІІ бөлімнің 1-7-тараулардың мәні болып табылатын зияткерлік меншіктің барлық санаттарына қатысты болады.
3. Мүшелер осы Келісімде көзделген режимді басқа мүшелердің азаматтарына ұсынады1. Зияткерлік меншіктің тиісті құқығына қатысты, басқа мүшелердің азаматтары ретінде егер қатысушылары барлық ДСҰ мүшелері болатын болса, Париж конвенциясында (1967 ж.), Берн конвенциясында (1971 ж.), Рим конвенциясында және Интегралдық микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шартта көзделген қорғауды ұсыну өлшемдеріне жауап бере алатындай жеке және заңды тұлғалар түсініледі2.
Осы Келісімдегі "азаматтарға" сілтеме ДСҰ-ға мүше жеке кеден аумағы жағдайында аталған кеден аумағында тұрақты тұрғылықты жері немесе шын мәнінде және жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар жеке немесе заңды тұлғаларды білдіреді.
Осы Келісімде "Париж конвенциясы" Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясын білдіреді; "Париж конвенциясы (1967 ж.)" осы конвенцияның 1967 жылғы 14 шілдедегі Стокгольм актісін білдіреді. "Берн конвенциясы" Әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы Берн конвенциясын білдіреді; "Берн конвенциясы (1971 ж.)" осы конвенцияның 1971 жылғы 24 шілдедегі Париж актісін білдіреді. "Рим конвенциясы" 1961 жылғы 26 қазанда Римде қабылданған Орындаушы әртістердің, фонограмма шығарушылардың және хабар тарату ұйымдарының мүдделерін қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияны білдіреді. "Интегралды микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шарт" (ИМЗМ шарты) 1989 жылғы 26 мамырда Вашингтонда қабылданған Интегралды микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шартты білдіреді. "ДСҰ Келісімі" ДСҰ-ны құру туралы келісімді білдіреді.
Рим конвенциясының 5-бабының 3-тармағында немесе 6-бабының 2-тармағында көзделген мүмкіндіктерді пайдаланатын кез келген мүше, жоғарыда аталған ережелерде көзделгендей, Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі Кеңеске ("ТРИПС жөніндегі Кеңес") хабарлама жібереді.
1Осы Келісімдегі "азаматтарға" сілтеме ДСҰ-ға мүше жеке кеден аумағы жағдайында аталған кеден аумағында тұрақты тұрғылықты жері немесе шын мәнінде және жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік немесе сауда кәсіпорны бар жеке немесе заңды тұлғаларды білдіреді.
2Осы Келісімде "Париж конвенциясы" Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясын білдіреді; "Париж конвенциясы (1967 ж.)" осы конвенцияның 1967 жылғы 14 шілдедегі Стокгольм актісін білдіреді. "Берн конвенциясы" Әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы Берн конвенциясын білдіреді; "Берн конвенциясы (1971 ж.)" осы конвенцияның 1971 жылғы 24 шілдедегі Париж актісін білдіреді. "Рим конвенциясы" 1961 жылғы 26 қазанда Римде қабылданған Орындаушы әртістердің, фонограмма шығарушылардың және хабар тарату ұйымдарының мүдделерін қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияны білдіреді. "Интегралды микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шарт" (ИМЗМ шарты) 1989 жылғы 26 мамырда Вашингтонда қабылданған Интегралды микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шартты білдіреді. "ДСҰ Келісімі" ДСҰ-ны құру туралы келісімді білдіреді.
2-БАП
Зияткерлік меншік саласындағы конвенциялар
1. Осы Келісімнің II, III және IV бөлімдеріне қатысты мүшелер Париж конвенциясының (1967 ж.) 1- 12-баптарын және 19 бабын сақтайды.
2. Осы Келісімнің I - IV бөлімдерінде еш нәрсе мүшелер бір-біріне қатысты Париж конвенциясы, Берн конвенциясы, Рим конвенциясы мен Интегралдық микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шартқа сәйкес қазір қолданып жүрген міндеттемелерін кемітпейді.
3-БАП
Ұлттық режим
1. Әрбір мүше басқа мүшелердің азаматтарына, тиісінше Париж конвенциясында (1967 ж.), Берн конвенциясында (1971 ж.), Рим конвенциясы мен Интегралдық микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шартта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, өзі зияткерлік меншікті қорғауға қатысты өз азаматтарына ұсынатын режимнен қолайлылығы кем емес режимді3 ұсынады. Орындаушыларға, фонограмма шығарушылар мен хабар тарату ұйымдарына қатысты, аталған міндеттеме осы Келісімде көзделген құқықтарға ғана қатысты қолданылады. Берн конвенциясының (1971 ж.) 6-бабында немесе Рим конвенциясының 16-бабының 1(b) тармағында көзделген мүмкіндіктерді пайдаланатын кез келген мүше атап көрсетілген ережелерде көзделгендей, ТРИПС жөніндегі Кеңеске хабарлама жібереді.
2. Мүшелер хат-хабарлар үшін мекенжай таңдауды немесе мүшенің юрисдикциясы шеңберінде агент тағайындауды қоса алғанда, сот және әкімшілік рәсімдерге қатысты 1-тармаққа сәйкес рұқсат етілетін ережеге бағынбайтын ерекшеліктерді, мұндай ерекшеліктер осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмейтін заңдар мен қағидаларды сақтау үшін қажет болған жағдайларда ғана, және осыған ұқсас рәсімдер саудадағы жасырын шектеу ретінде қолданылмайтын кезде ғана пайдалана алады.
33 және 4-баптардың мақсаттары үшін “қорғау” зияткерлік меншік құқықтарының бар болуын, оларды иемденуді, көлемін және оларды күшінде ұстау мен қорғалуын қамтамасыз етуді қозғайтын мәселелерді, сондай-ақ осы Келісімде ерекше көңіл бөлінген зияткерлік меншік құқықтарын пайдалануды қозғайтын мәселелерді қамтиды.
4-БАП
Барынша жоғары қолайлылық режимі
Кез келген басқа елдің азаматтарына ұсынылған зияткерлік меншікті қорғауға қатысты кез келген артықшылық, жеңілдік, басымдық немесе иммунитет дереу және сөзсіз, барлық басқа мүшелердің азаматтарына ұсынылады. Бұл міндеттеме мүше ұсынған келесідей кез келген артықшылыққа, жеңілдікке, басымдыққа немесе иммунитетке таралмайды:
(а) сот көмегі немесе жалпы сипаттағы заңның орындалуын қамтамасыз ету туралы халықаралық келісімдерден туындайтын және тек қана зияткерлік меншікті қорғаумен ғана байланысты емес;
(b) ұсынылатын режим ұлттық режимнен емес, басқа елде ұсынылған режимнен туындауына рұқсат ететін Берн конвенциясының (1971 ж.) немесе Рим конвенциясының ережелеріне сәйкес ұсынылған;
(с) осы Келісімде көзделмеген орындаушылардың, фонограмма шығарушылар мен хабар тарату ұйымдарының құқықтарына жататын;
(d) ТРИПС жөніндегі Кеңеске хабарлама жіберілетін, олар басқа мүшелердің азаматтарына қарсы ерікті немесе негізсіз кемсітушілік болып табылмайтын ДСҰ Келісімі күшіне енгенге дейін күшіне енген зияткерлік меншікті қорғаумен байланысты халықаралық келісімдерден туындайтын.
5-БАП
Қорғауды иелену немесе оны күшінде ұстау туралы көпжақты келісімдер
3 және 4-баптарға сәйкес міндеттемелер зияткерлік меншік құқықтарын иеленумен немесе оларды күшінде ұстаумен байланысты ДЗМҰ эгидасымен жасалған көпжақты келісімдерде көзделген рәсімдерге қатысты қолданылмайды.
6-БАП
Құқықтардың аяқталуы
3 және 4-баптардың ережелерін сақтай отырып, осы Келісім бойынша дауларды реттеу мақсаттары үшін осы Келісімдегі еш нәрсе зияткерлік меншік құқықтарының аяқталуы туралы мәселені шешу үшін пайдаланылмауы тиіс.
7-БАП
Мақсаттар
Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету әлеуметтік-экономикалық әл-ауқат пен құқықтар мен міндеттемелердің теңгеріміне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза отырып, техникалық білімді ойлап шығарушылар мен пайдаланушылардың өзара пайдасына техникалық прогреске, және технологияны табыс ету мен таратуға жәрдемдесуге тиіс.
8-БАП
Қағидаттар
1. Өз заңдары мен қағидаларын әзірлеген немесе өзгерткен кезде, мүшелер, мұндай шаралар осы Келісім ережелеріне сәйкес келген жағдайда, халық денсаулығы мен тамақтануын қорғау үшін және халықтың әлеуметтік-экономикалық және техникалық дамуы үшін өмірлік маңызы бар секторлардағы қоғамдық мүдделерге жәрдемдесу үшін қажетті шараларды қабылдай алады.
2. Тиісті шаралар, осы Келісім ережелеріне сәйкес келген жағдайда, құқық иеленушілер тарапынан зияткерлік меншік құқықтарын теріс пайдалануларды болдырмау немесе сауданы негізсіз шектейтін, немесе технологиялардың халықаралық табыс етілуіне қолайсыз әсер ететін практикаға жүгіну үшін қажет болуы мүмкін.
II БӨЛІМ
ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ БАР БОЛУЫНА, КӨЛЕМІ МЕН ОЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУҒА ҚАТЫСТЫ НОРМАЛАР
1-тарау: Авторлық құқық және сыбайлас құқықтар
9-БАП
Берн конвенциясымен байланыс
1. Мүшелер Берн конвенциясының (1971 ж.) 1-21-баптары мен оған Қосымшаның сақталуын қамтамасыз етеді. Алайда мүшелердің атап көрсетілген Конвенцияның 6-бис бабына сәйкес берілетін құқықтарға немесе одан туындайтын құқықтарға қатысты осы Келісім бойынша құқықтары мен міндеттемелері болмайды.
2. Авторлық құқықтарды қорғау жұмыстың идеяларына, үрдістеріне, әдістеріне немесе қандай да бір математикалық тұжырымдамаларға емес, объективті нысандағы шығармашылық нәтижелеріне таралады.
10-БАП
Электронды-есептегіш машиналары мен деректердің компиляциясына арналған бағдарламалар
1. Берн конвенциясына сәйкес (1971 ж.) электронды-есептегіш машиналарына арналған бағдарламалар, бастапқы мәтінді және объектілі кодты қоса алғанда, әдеби туынды ретінде қорғалады.
2. Мазмұнының іріктелу немесе орналасу себебіне қарай шығармашылық нәтижені білдіретін деректердің немесе өзге де материалдардың машинада оқылатын, сол сияқты басқа да нысандағы компиляциясы шығармашылық нәтижелер ретінде қорғалуға тиіс. Деректердің немесе ақпараттың өзіне таратылмайтын мұндай қорғау деректердің немесе материалдардың өздеріне қатысты біреудің авторлық құқығын қозғамайды.
11-БАП
Прокат құқығы
Мүше, ең болмағанда, электронды-есептегіш машиналарына арналған бағдарламалар мен кинематографиялық шығармаларға қатысты, авторлар мен олардың құқықтық мирасқорларына авторлық құқықпен қорғалатын шығармалардың түпнұсқаларына немесе олардың көшірмелеріне көпшілік коммерциялық прокатқа рұқсат беру немесе тыйым салу құқығын беруге тиіс. Егер коммерциялық прокат мүшенің авторларға және олардың құқықтық мирасқорларына берген қайта шығаруға қатысты айрықша құқығына айтарлықтай залал келтіретін осындай шығармалардың кең масштабты көшірілуіне әкеп соқтырмаса ғана, мүше кинематографиялық шығармаларға қатысты бұл міндеттемеден босатылады. Электронды-есептегіш машиналарына арналған бағдарламаларға қатысты бұл міндеттеме бағдарламаның өзі прокаттың негізгі объектісі болып табылмайтын жағдайда коммерциялық прокатқа таратылмайды.
12-БАП
Қорғау мерзімі
Фотографиялық шығармалар немесе қолданбалы өнер шығармаларын қоспағанда, шығарманы қорғау мерзімі жеке тұлғаның өмірімен емес, өзге негізбен есептелетін жағдайларда, мұндай мерзім автордың келісімімен шығарма заңды түрде жарияланған күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін кемінде 50 жылды, немесе мұндай заңды түрде жариялау болмаған жағдайда, шығарма шыққаннан кейін 50 жылдың ішінде, - шығарма шыққан күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін 50 жылды құрайды.
13-БАП
Шектеулер мен алып қоюлар
Мүшелер айрықша құқықтарға қатысты шектеулерді немесе алып қоюларды шығарманы әдеттегідей пайдалануға қайшы келмейтін және құқық иеленушінің заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмейтін жекелеген жағдайларда жол береді.
14-БАП
Орындаушылардың, фонограмма (дыбыстық жазбаларды) шығарушылар мен хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау
1. Орындаушылардың өздері орындайтын жазбаларды фонограммаға жазуларына қатысты өздерінің рұқсатынсыз қабылданатын мынадай әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндіктері бар: өздері жазып алмаған орындауын жазуға және мұндай жазбаны орындауға. Орындаушылардың өздерінің рұқсатынсыз қабылданатын мынадай әрекеттерге жол бермеуге мүмкіндіктері бар: олардың жанды дауыспен орындауын эфир арқылы таратуға және жалпыға тарату үшін жариялауға.
2. Фонограмма шығарушылар өз фонограммаларының тікелей немесе жанама орындалуына рұқсат беруге немесе тыйым салуға құқылы.
3. Эфир арқылы тарату ұйымдары, олардың келісімінсіз қабылданған мынадай әрекеттерге тыйым салуға құқылы: жазу, жазбаларды орындау, эфир арқылы тарату арналарынан трансляциялау, сондай-ақ мұндай жазбаларды көпшілік телевизиялық арнамен тарату. Егер мүшелер эфир арқылы тарату ұйымдарына мұндай құқықтар бермесе, олар хабарлар объектілерінің авторлық құқық иелеріне Берн конвенциясының (1971 ж.) ережелерін ескере отырып, жоғарыда атап көрсетілген іс-қимылдарға жол бермеу мүмкіндігін ұсынады.
4. Мүшенің заңнамасында белгіленгендей, 11-баптың электронды-есептегіш машиналарына арналған бағдарламаларға қатысты ережелері фонограмма шығарушылар мен фонограмманың кез келген басқа да құқық иеленушілеріне қатысты mutatis mutandis қолданылады. Егер 1994 жылғы 15 сәуірге мүше фонограммалардың коммерциялық прокатымен байланысты құқық иеленушілерге әділ түрде сыйақы төлеудің қолданыстағы жүйесіне ие болған болса, ол фонограммалардың коммерциялық прокаты құқық иеленушілердің жазбаның орындалуына қатысты айрықша құқықтарына материалдық залал келтірмеген жағдайда, осындай жүйені сақтай алады.
5. Осы Келісім бойынша орындаушыларға, фонограмма шығарушыларға ұсынылатын қорғау мерзімі жазба жасалған немесе орындалған күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін, ең аз дегенде, 50 жылды құрайды. 3-тармаққа сәйкес ұсынылатын қорғау мерзімі хабар болған күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін, ең аз дегенде, 20 жылды құрайды.
6. 1, 2 және 3-тармақтарға сәйкес ұсынылатын құқықтарға қатысты кез келген мүше Рим конвенциясы рұқсат ететін көлемде шарттарды, шектеулерді, ерекшеліктер мен ескертпелерді көздей алады. Бірақ Берн конвенциясының (1971 ж.) 18-бабының ережелері сонымен қатар орындаушылар мен фонограмма шығарушылардың фонограммаларға деген құқықтарына mutatis mutandis қолданылады.
2-тарау: Тауар таңбалары
15-БАП
Қорғалатын объектілер
1. Бір кәсіпорынның тауарларын немесе көрсететін қызметтерін басқа кәсіпорындардың тауарларынан немесе көрсететін қызметтерінен айыра алатын кез келген белгі немесе белгілердің кез келген қосындысы тауарлық таңба болуы мүмкін. Мұндай белгілер, атап айтқанда сөздер, оның ішінде адамдардың аттары, әріптер, цифрлар, бейнелеу элементтері мен түстердің қосындысы, сондай-ақ осындай белгілердің кез келген қосындысы тауарлық таңбалар ретінде тіркелуі мүмкін. Егер таңбалар тиісті тауарлардың немесе көрсетілетін қызметтердің айырмашылықтарын білдірмейтін болса, мүшелер таңбаны тіркеу мүмкіндігін пайдалану процесінде иеленген айыра білу қабілетіне тәуелді етіп қоюы мүмкін. Тіркеу шарттары ретінде мүшелер таңбалардың визуалды қабылдану талабын қоя алады.
2. 1-тармақ Париж конвенциясының (1967 ж.) ережелерінен алшақтамайтын жағдайда, басқа негіздер бойынша мүше тауарлық таңбаны тіркеуден бас тарта алмайтынын білдірмейді.
3. Мүшелер тіркеу мүмкіндігін пайдалануға тәуелді етіп қоюы мүмкін. Бірақ тауарлық таңбаны іс жүзінде пайдалану тіркеуге өтінім беру үшін қойылатын шарт болып табылмайды. Болжанып отырған пайдалану өтініш берілген күннен бастап үш жылдық кезең ішінде орын алмады деген негізде ғана өтініш кері қайтарыла алмайды.
4. Тауарлық таңба пайдаланылуы тиіс тауарлар немесе көрсетілетін қызметтердің сипаты ешбір жағдайда тауарлық таңбаны тіркеу үшін кедергі болып табылмайды.
5. Мүшелер әрбір тауарлық таңба туралы мәліметтерді ол тіркелгенге дейін немесе тікелей тіркелгеннен кейін жариялайды және тіркеуді жою туралы өтініштер беру үшін қисынды мүмкіндік береді. Бұдан басқа, мүшелер тауарлық таңбаны тіркеуге қарсы наразылық білдіруге мүмкіндік бере алады.
16-БАП
Берілетін құқықтар
1. Тіркелген тауарлық таңба иесінің сауда жасау барысында үшінші тұлғаларға өзінің рұқсатынсыз тауарлық таңба тіркелген тауарлармен немесе көрсетілетін қызметтермен бірдей немесе оларға ұқсас тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін бірдей немесе оларға ұқсас белгілерді пайдалануға, мұндай пайдалану араласып кету ықтималдығының туындауына әкеп соқтыруы мүмкін жағдайда, рұқсат бермеуге айрықша құқығы бар. Бірдей тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін бірдей белгілер пайдаланылған жағдайда, араласып кету ықтималдығы бар деп есептеледі. Жоғарыда сипатталған құқықтар бұрын пайда болған, қазір қолданылып жүрген қандай да бір құқықтарға залал келтірмейді және құқықтардың бар болуын олардың пайдаланылуына тәуелді етіп қоюға қатысты мүшелердің мүмкіндігіне әсерін тигізбейді.
2. Париж конвенциясының (1967 ж.) 6-бис бабы көрсетілетін қызметтерге mutatis mutandis қолданылады. Тауарлық таңба жалпыға мәлім болып табылатыны айқындалған жағдайда, мүше елде тауарлық таңбаның жарнамалануы нәтижесінде қол жеткізілген танымалдықты қоса алғанда, тиісті қоғамдық орталарда тауарлық таңбаның танымалдығын мүшелер назарға алады.
3. Париж конвенциясының (1967 ж.) 6-бис бабы mutatis mutandis тауарлық таңба тіркелген тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерден өзге тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерге аталған тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерге осы тауарлық таңбаны қолдану атап көрсетілген тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер мен тіркелген тауарлық таңбаның иесі арасындағы өзара байланысты көрсеткен жағдайда, және мұндай пайдалану кезінде тіркелген тауарлық таңба иесінің мүдделеріне қысым жасауы мүмкін жағдайда қолданылады.
17-БАП
Ерекшеліктер
Мүшелер тауарлық таңбамен берілетін құқықтардан туындайтын шектелген ерекшеліктерді, мысалы, мұндай ерекшеліктер тауарлық таңбаның иесі мен үшінші тұлғалардың заңды мүдделерін ескеріп отыр деген шартпен, сипаттау сөз тіркестерін адал пайдалануды көздей алады.
18-БАП
Қорғау мерзімі
Бастапқы тіркеудің және тауарлық таңбаның әрбір жаңартылған тіркеуінің қолданылу мерзімі кемінде жеті жылды құрайды. Тауарлық таңбаны тіркеудің жаңартылу саны шектелмейді.
19-БАП
Пайдалану талабы
1. Егер пайдалану тіркеуді күшінде ұстау талабы болып табылса, онда тіркеу тауарлық таңбаның иесі мұндай пайдалануға кедергілердің бар екенін негіздейтін дәлелді себептерді көрсетпеген жағдайда ғана, таңбаны пайдаланбаудың үздіксіз мерзімі кемінде үш жылды құраса ғана жойылуы мүмкін. Тауарлық таңба иесінің еркінен тыс туындайтын, тауарлық белгіні пайдалануға кедергі жасайтын жағдайлар, мысалы, импортты шектеу немесе мемлекеттің тауарлық таңбамен қорғалатын тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты басқа да талаптары таңбаны пайдаланбау үшін дәлелді себептер ретінде танылулары тиіс.
2. Тауарлық таңбаны пайдалану ретінде тіркеуді өз күшінде ұстау мақсаттары үшін таңба иесінің бақылауымен тауарлық таңбаны басқа адамның пайдалануы мойындалады.
20-БАП
Өзге талаптар
Саудада тауарлық таңбаны пайдалану басқа тауарлық таңбамен бірге пайдалану, ерекше нысанда пайдалану немесе бір кәсіпорынның тауарлары немесе көрсететін қызметтерін басқа кәсіпорындардың тауарлары немесе көрсететін қызметтерінен айыра алатын қабілетіне залал келтіруі мүмкін тәсілмен пайдалану сияқты арнайы талаптармен негізсіз шектелмеуі тиіс. Бұл тауарлар шығаратын немесе қызметтерді көрсететін кәсіпорынмен сәйкес келетін тауарлық таңбаны аталған кәсіпорынның белгілі бір тауарларын немесе көрсететін қызметтерін айыратын тауарлық таңбамен бірге, бірақ байланыспаған түрде пайдалануды бұйыратын талаптардың күшін жоймайды.
21-БАП
Лицензиялар беру және құқықтарды табыстау
Мүшелер тауарлық таңбаларды пайдалануға лицензиялар берудің және тауарлық таңбаларға берілетін құқықтарды табыстаудың шарттарын айқындай алады; бұл ретте тауарлық таңбаларды пайдалануға лицензияларды мәжбүрлеп беруге рұқсат етілмейтіні және тіркелген тауарлық таңба иесінің тауарлық таңба тиесілі кәсіпорынды берумен бірге, немесе мұндай берусіз тауарлық таңбаға берілетін құқықтарды табыстауға құқығы бар деп түсініледі.
3-тарау: Географиялық нұсқаулар
22-БАП
Географиялық нұсқауларды қорғау
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін географиялық нұсқаулар тауардың белгіленген сапасы, беделі немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде географиялық орналасу жерімен байланысты тауарды мүшенің аумағынан немесе осы аумақтың өңірінен немесе жергілікті орнынан шыққан тауар ретінде сәйкестендіретін белгілеулер болып табылады.
2. Мүшелер географиялық нұсқауларға қатысты мүдделі тараптарға келесіні болдырмауға мүмкіндік беретін құқықтық шараларды көздейді:
(а) тауарды белгілеу немесе ұсыну кезінде осы тауардың географиялық шыққан жеріне қатысты жұртшылықты жаңылдыратындай нағыз шыққан жерінен ерекшеленетін географиялық ауданнан шығатынын көрсететін немесе сондай ой тудыратын кез келген құралдарды пайдалануды;
(b) Париж конвенциясының (1967 ж.) 10-бис бабының мағынасы бойынша жосықсыз бәсекелестік актісін білдіретін кез келген пайдалануды.
3. Еx officio мүшесі, бұл оның заңнамасымен рұқсат етілген болса, немесе мүдделі тараптың сұрауы бойынша егер осындай тауарлар үшін тауарлық таңбада географиялық нұсқауды пайдалану осы мүшеде шынайы шыққан жеріне қатысты жұртшылықты жаңылдыратындай сипатқа ие болса, көрсетілген аумақтан шықпаған тауарларға қатысты географиялық нұсқауды қамтитын немесе географиялық нұсқаудан тұратын тауарлық таңбаны тіркеуден бас тартады немесе тіркелуін жарамсыз деп таниды.
4. 1, 2 және 3-тармақтарға сәйкес қорғау тауарлар шығатын аумаққа, өңірге немесе жергілікті орынға қатысты шын деп танылатын, бірақ жұртшылыққа тауарлардың шығу орны басқа аумақ болып табылады деген жалған түсінік беретін географиялық нұсқауға қарсы қолданылады.
23-БАП
Шараптар мен күшті спирт ішімдіктері үшін географиялық нұсқауларды қосымша қорғау
1. Әрбір мүше географиялық нұсқауда атап көрсетілген жерінен шықпаған шараптар үшін шарапты сәйкестендіретін географиялық нұсқауды немесе осы географиялық нұсқауда көрсетілген жерінен шықпаған күшті спирт ішімдіктері үшін күшті спирт ішімдіктерін сәйкестендіретін географиялық нұсқауды, осы тауарлардың шынайы шыққан жері көрсетілсе де, немесе географиялық нұсқау аудармасымен бірге қолданылса, немесе "түрінде", "типінде", "стилінде", "имитация" немесе “осындайларға ұқсас” сөздермен сүйемелденсе де, географиялық нұсқаудың пайдаланылуын тоқтату үшін мүдделі тараптарға үшін құқықтық шараларды көздейді4.
2. Егер бұл мүшенің заңнамасымен рұқсат етілген болса, не ex officio, не осындай географиялық нұсқауы жоқ шараптарға немесе күшті спирт ішімдіктеріне қатысты мүдделі тараптың сұрауы бойынша шарапты сәйкестендіретін географиялық нұсқауды қамтитын, немесе одан тұратын шараптарға арналған тауарлық таңбаны, немесе күшті спирт ішімдіктерін сәйкестендіретін географиялық нұсқауды қамтитын, немесе одан тұратын күшті спирт ішімдіктеріне арналған тауарлық таңбаны тіркеуден бас тартылады, немесе тіркеу жарамсыз деп танылады.
3. Шараптар үшін бірдей географиялық нұсқаулар болған жағдайда, 22-баптың 4-тармағының ережелері сақтала отырып, әрбір нұсқауға қорғау ұсынылады. Әрбір мүше практикалық шарттарды айқындайды, осы шарттарға сәйкес мүдделі өндірушілер үшін әділ режимді қамтамасыз ету және тұтынушыларды жаңылыстыруды тоқтату қажеттілігін назарға ала отырып, бірдей нұсқаулар бір-бірінен ерекшеленетін болады.
4. Шараптарға арналған географиялық нұсқауларды қорғауды жеңілдету мақсатында ТРИПС жөніндегі Кеңесте осы жүйеге қатысатын мүшелердегі қорғауды қажет ететін шараптарға арналған географиялық нұсқаулардың хабарламалары мен оларды тіркеудің көпжақты жүйесін құруға қатысты келіссөздер жүргізілетін болады.
442-баптың бірінші сөйлеміне қарамастан, бұл міндеттемелерге қатысты мүшелер олардың орындалуын қамтамасыз ету үшін міндеттемелердің орнына әкімшілік шаралар көздей алады.
24-БАП
Халықаралық келіссөздер; ерекшеліктер
1. Мүшелер 23-бапқа сәйкес жекелеген географиялық нұсқауларды қорғауды күшейту мақсатында келіссөздер жүргізу жөнінде уағдаласады. 4-8-тармақтардың төменде атап көрсетілген ережелерін мүше келіссөздер жүргізуден немесе екіжақты немесе көпжақты келісімдер жасасудан бас тарту үшін пайдаланбауы тиіс. Мұндай келіссөздер шеңберінде пайдаланылуы осындай келіссөздердің мәні болатын жекелеген географиялық нұсқауларға қатысты осы ережелерді тұрақты түрде қолдану мәселесін мүшелер қарастыруға дайын болулары тиіс.
2. ТРИПС жөніндегі Кеңес осы бөлім ережелерінің қолданылуын тұрақты қарастыратын болады; мұндай бірінші қарастыру ДСҰ Келісімі күшіне енгеннен кейін екі жыл ішінде болуға тиіс. Осы ережелерден туындайтын міндеттемелердің сақталуын қозғайтын кез келген мәселе, мүшенің сұрауы бойынша мүдделі тараптар арасындағы екіжақты немесе көпжақты консультациялар арқылы қанағаттанарлық шешімге келу мүмкін емес мәселеге қатысты кез келген мүшемен немесе мүшелермен консультация жүргізетін Кеңеске шығарылуы мүмкін. Кеңес осы бөлімнің қолданылуына және оның мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ету үшін келісілетін іс-қимылдарды қабылдайды.
3. Осы бөлімді қолдана отырып, ДСҰ Келісімі күшіне енетін күннің алдында мүше өзінде болған географиялық нұсқаулардың қорғалуын бәсеңдетпейді.
4. Осы бөлімде еш нәрсе мүшеден осы мүшенің аумағында осындай географиялық нұсқауды осындай тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты, немесе олармен байланысты тұрақты түрде не (а) 1994 жылғы 15 сәуірдің алдындағы ең аз дегенде, 10 жыл ішінде, не (b) атап көрсетілген күнге дейін адал пайдаланған, оның аумағында тұратын өз азаматтарының немесе адамдарының біреуінің тауарлар немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты басқа мүшенің шарапты немесе күшті спирт ішімдіктерін сәйкестендіретін басқа мүшенің географиялық нұсқауын жалғаспалы және ұқсас пайдалануына кедергі жасауын талап етпейді.
5. Егер тауарлық белгіні тіркеу өтініші немесе оны тіркеу адал жүзеге асырылған болса, немесе егер тауарлық таңбаға берілетін құқықтарды тауарлық таңбаны адал пайдалану жолымен иеленген болған болса, не:
(а) VI бөлімде айқындалғандай, мұндай ережелер осы мүшеде қолданылған күнге дейін, не
(b) географиялық нұсқау шыққан елде қорғалғанға дейін болған болса,
осы тарауды орындау үшін қабылданатын шаралар, мұндай тауарлық таңба шыққан елдің географиялық нұсқауымен бірдей немесе оған ұқсас екендігін негізге ала отырып, тауарлық белгіні тіркеу үшін оның қолайлылығына немесе жарамдылығына, немесе тауарлық белгіні пайдалану құқығына шек қоймайды.
6. Осы бөлімде еш нәрсе мүшеден аталған мүшенің аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы қабылданған атаулары ретінде ауызекі тілдегі үйреншікті бірыңғай терминге тиісті сілтемесі сәйкес келетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін кез келген басқа мүшенің географиялық сілтемесіне қатысты ережені қолдануын талап етпейді. Осы бөлімде еш нәрсе мүшеден тиісті географиялық сілтемесі аталған мүшенің аумағында бар жүзім сұрпының үйреншікті атауына сәйкес келетін ДСҰ Келісімнің күшіне ену күніне жүзімнен жасалған өнім үшін кез келген басқа мүшенің географиялық сілтемесіне қатысты ережені қолдануын талап етпейді.
7. Мүше тауар таңбасын пайдалану немесе тіркеумен байланысты осы бөлімнің негізінде жасалған кез келген сұрау қорғалатын географиялық нұсқау тіркелмеді немесе адал тіркелмеді деп аталған мүшеге оны заңсыз пайдалану туралы кеңінен белгілі болған күннен ерте болған күні тауар таңбасы жарияланған деген шартпен, географиялық нұсқау заңсыз пайдаланғаны туралы кеңінен белгілі болған, немесе аталған мүшеде тауар таңбасын тіркеген күннен бастап бес жыл ішінде берілуі тиіс екендігін көздеуі мүмкін.
8. Осы бөлімнің ережелері атауы қоғамды жаңылыстыратын жағдайларды қоспағанда, кез келген тұлғаның сауда барысында өз атын немесе өзінің іскер бастамашысы атын пайдалану құқығына ешқандай нұқсан келтірмейді.
9. Осы Келісім қорғалмайтын немесе шыққан елінде қорғалуы тоқтатылған, не осы елде қолданыстан шыққан географиялық нұсқауларды қорғау бойынша міндеттеме тудырмайды.
4-тарау: Өнеркәсіптік үлгілер
25-БАП
Қорғауды ұсыну шарттары
1. Мүшелер тәуелсіз жаңадан жасалған немесе түпнұсқалы өнеркәсіптік үлгілерге қорғауды ұсынады. Егер үлгілер белгілі үлгілерден, немесе олардың өздеріне тән белгілі комбинацияларынан едәуір түрде ерекшеленбейтін болса, мүшелер үлгілердің жаңа немесе түпнұсқалы болып табылмайтынын көздей алады. Мүшелер жасалуы ең алдымен техникалық немесе функционалдық пайымдауларға негізделген үлгілерге қорғаудың қолданылмайтынын көздей алады.
2. Әрбір мүше, атап айтқанда, кез келген шығындарға, сараптамаға немесе жарияланымға қатысты, текстильді үлгілерді қорғауды қамтамасыз ету шарттары мұндай қорғауды ұсынуға және оны алуға қол жеткізу мүмкіндігіне негізсіз кедергі келтірмеуіне кепілдік береді. Мүшелер өнеркәсіптік үлгілер туралы заңнама мен авторлық құқық туралы заңнама арқылы бұл міндеттемені сақтауға еркін.
26-БАП
Қорғау
1. Қорғалатын өнеркәсіптік үлгінің иесі үшінші тұлғаға егер мұндай әрекеттер коммерциялық мақсатта қолданылатын болса, оның келісімінсіз қорғалатын үлгіден толықтай немесе белгілі бір дәрежеде көшіріп алынған үлгіні білдіретін немесе қамтитын бұйымды өндіруге, сатуға немесе әкелуге кедергі қоюға құқылы.
2. Мүшелер үшінші тұлғалардың заңды мүдделерін есепке ала отырып, егер мұндай ерекшеліктер қорғалатын өнеркәсіптік үлгілерді әдеттегідей қолданумен негізсіз қарама-қайшылыққа түспеген, және қорғалатын үлгі иесінің заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмеген жағдайда, өнеркәсіптік үлгілерді қорғаудан шектеулі ерекшеліктерді көздей алады.
3. Ұсынылатын қорғаудың қолданылу мерзімі кемінде 10 жылды құрайды.
5-тарау: Патенттер
27-БАП
Патенттелетін объектілер
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелерін сақтай отырып, патенттер жаңалыққа ие болатын, өнертабыс деңгейін қамтитын және өнеркәсіпте қолданыла алатын, техниканың барлық саласында өнім немесе тәсіл болып табылатынына қарамастан, кез келген өнертабысқа беріледі5. 65-баптың 4-тармағының, 70-баптың 8-тармағының және осы баптың 3-тармағының ережелері сақталған жағдайда патенттер беріледі, және патентке негізделген құқықтар өнертабыстың жасалу орнына, техника саласына, сондай-ақ өнімдердің әкелінетініне немесе сол жерде шығарылатынына қарамастан, іске асырылуы мүмкін.
2. Мүшелер адамдардың өмірін немесе денсаулығын, жануарлар немесе өсімдіктерді қорғауды қоса алғанда, патенттелетін саладан өз аумағы шегінде қоғамдық тәртіп пен моральді қорғау үшін немесе қоршаған ортаға қатерлі зиян келтірмес үшін,алып тастау тек өз заңнамаларында қолдануға тыйым салынғандығы себебінен болмаған жағдайда, коммерциялық пайдалануы болдырмауды қажет ететін өнертабыстарды алып тастай алады.
3. Мүшелер сондай-ақ патенттелетін саладан мыналарды алып тастай алады:
(а) адамдарды немесе жануарларды диагностикалық, терапиялық немесе хирургиялық емдеу әдістері,
(b) микроорганизмдерден басқа, өсімдіктер мен жануарлар, сондай-ақ биологиялық емес және микробиологиялық әдістерден басқа, негізінде өсімдіктерді немесе жануарларды биологиялық өсіру әдістері. Бірақ мүшелер өсімдіктер сұрпын қорғауды патентпен немесе sui generis тиімді жүйесін қолдану арқылы, немесе кез келген олардың үйлесімін қолдана отырып көздейді. Осы тармақтың ережелері ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен кейін төрт жыл өткен соң қайта қарастырылуы тиіс.
5 Осы баптың мақсаттары үшін “өнертабыс деңгейі” мен “өнеркәсіпте қолданылатын” деген сөздерді мүшелер “айқын емес” және “пайдалы” деген сөздерге сәйкес келетін синонимдер деп санай алады.
28-БАП
Берілетін құқықтар
1. Патент өз иесіне мынадай айрықша құқықтар береді:
(а) егер патенттің объектісі өнім болып табылса, - иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға мынадай әрекеттерді жасауға кедергі келтіру: жасау, пайдалану, сату үшін ұсыну, сату немесе осы мақсаттар үшін аталған өнімді әкелу6;
(b) егер патенттің объектісі тәсіл болып табылса, - иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға тәсілді пайдалану бойынша әрекет етуге, сондай-ақ мынадай әрекеттерді жасауға кедергі келтіру: пайдалану, сату үшін ұсыну, сату немесе, кем дегенде, тікелей аталған тәсілмен алынған өнімді осы мақсаттар үшін әкелу.
2. Патент иелері сондай-ақ патентті беруге, оны мұрагерлік бойынша беруге және лицензиялық шарттар жасауға құқылы.
29-БАП
Патентті беру үшін өтініш берушіге қойылатын талаптар
1. Мүшелер патентті беру үшін өтініш берушіге өнертабысты осы саладағы маманның іске асыра алуы үшін жеткілікті анық және толық ашуын талап етеді, және өтініш беруші өтініш берген күнге белгілі немесе егер артықшылық сұралса, өтініштің артықшылық күніне белгілі өнертабысты жүзеге асырудың үздік тәсілін ашуды талап етулері мүмкін.
2. Мүшелер патент беруге өтініш берушіден шетелде берілген өтініштері туралы және басқа елдерде алған патенттері туралы мәлімет беруді талап ете алады.
30-БАП
Ұсынылатын құқықтардың ерекшеліктері
Егер мұндай ерекшеліктер патентті қалыпты қолданумен негізсіз қарама-қайшылыққа түспесе, және үшінші тұлғалардың заңды мүдделерін есепке ала отырып, патент иесінің заңды мүдделеріне негізсіз шек қоймаса, мүшелер патент арқылы ұсынылатын артықшылық құқықтарынан шектеулі ерекшеліктерді қарастырулары мүмкін.
31-БАП
Патент иесінің рұқсатынсыз пайдаланудың басқа түрлері
Егер мүшенің заңнамасы мемлекеттің немесе мемлекет өкілеттілік берген үшінші тұлғалардың пайдалануын қоса алғанда, құқық иесінің рұқсатынсыз патент объектісін басқаша пайдалануына рұқсат берсе7 мынадай ережелер сақталуы тиіс:
(а) мұндай пайдалануға арналған рұқсат заттың ерекше сипаттамаларына негізделуі тиіс;
(b) мұндай пайдалану тек осындай қолдануға дейін болжамды қолданушы құқық иеленушіден орынды коммерциялық шарттармен рұқсат алуға талпыныс жасап, орынды уақыт аралығында бұл талпыныстар сәтсіз болса, рұқсат етілуі мүмкін. Бұл талапты мүше елдегі төтенше жағдайда немесе өзге де аса қажеттілік жағдайларында, немесе мемлекеттің коммерциялық емес пайдалануы жағдайында алып тастауы мүмкін. Елдегі төтенше жағдайда немесе өзге де аса қажеттілік жағдайларында құқық иесіне, дегенмен, бұл туралы неғұрлым тез арада хабарлама жіберілу қажет. Мемлекеттің коммерциялық емес пайдалануы жағдайында, егер үкімет немесе мердігер, патентті іздеуді жүргізбестен, қолданыстағы патентті мемлекетпен немесе оның мүддесінде пайдаланатынын білсе немесе білуге дәлелденген негізі болса, құқық иесіне осы туралы тез арада хабарлама жіберілуі тиіс;
(с) мұндай пайдаланудың көлемі мен ұзақтығы рұқсат етілген мақсаттармен шектеледі және жартылай өткізгіш технологиясы жағдайында ол мемлекеттің коммерциялық емес қолдануында болуы керек, немесе соттық немесе әкімшілік рәсімдер нәтижесінде бәсекеге қарсы деп танылған практиканы түзетуге арналған болуы керек;
(d) мұндай пайдалану айрықша болып табылмайды;
(e) мұндай пайдалану цессиялануға жатпайды, тек осындай қолданысты пайдаланатын кәсіпорын бөлігі немесе оның материалдық емес активтерімен бірге болмаса;
(f) кез келген мұндай пайдалануға бірінші кезекте мұндай пайдалануға рұқсат беретін мүшенің ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жол беріледі;
(g) мұндай пайдалануға рұқсат осындай рұқсат алған тұлғалардың заңды мүдделерін тиісінше қорғай отырып, егер және қашан осыған әкелген жағдайлар өмір сүруін тоқтатса және олардың қалпына келуінің ықтималдығы аз болса, күшін жояды;
(h) құқық иеленушіге әрбір жағдайды, және рұқсаттың экономикалық бағасын ескере отырып, лайықты сыйақы төленеді;
(i) мұндай пайдалануға рұқсат беруге қатысты кез келген шешімнің заңдық күші соттың қайта қарауының, немесе аталған мүшенің өзге жекелеген жоғарғы билік органының тәуелсіз қайта қарауының тақырыбы болуы мүмкін;
(j) осындай пайдалануға қатысты көзделген сыйақыға байланысты кез келген шешім соттың қайта қарауының, немесе аталған мүшенің басқа да жекелеген тәуелсіз жоғарғы билік органның тәуелсіз қайта қарауының тақырыбы болуы мүмкін;
(k) мүшелер (b) және (f) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды, егер мұндай пайдалану соттық немесе әкімшілік рәсімдер нәтижесінде бәсекеге қарсы деп танылған практиканы түзету үшін рұқсат етілген жағдайларда, қолдануға міндетті емес. Бәсекеге қарсы практиканы түзету қажеттілігі осындай жағдайларда сыйақы мөлшерін анықтаған кезде назарға алынуы мүмкін. Өкілетті органдар осындай рұқсат беруге алып келген жағдайлардың қайталану мүмкіндігі болса рұқсат беруді жоюдан бас тарту құқығына ие болуы керек;
(l) егер осындай пайдалану басқа патентті ("бірінші патент") бұзбай пайдалануы мүмкін емес патентті ("екінші патент") пайдалануға рұқсат етсе, келесі қосымша шарттар қолданылады:
(i) екінші патентте мәлімделген өнертабыс бірінші патентте мәлімделген өнертабыспен салыстырғанда зор экономикалық маңызы бар айтарлықтай техникалық жетістікке ие болуы керек;
(ii) бірінші патенттің иеленушісі екінші патентте мәлімделген өнертабысты пайдалану үшін орынды шарттармен тоғыспалы лицензияға құқығы болуы керек; және
(iii) бірінші патентке қатысты рұқсат етілген пайдалану екінші патентке құқық беруді қоспағанда, цессиялануға жатпайды.
6Тауарларды пайдалану, сату, кіргізу және басқадай үйлестіруге қатысты осы Келісімге сәйкес берілетін құқықтар сйяқты осы құқық та 6 баптың ережелерімен реттеледі.
7"Басқаша пайдалану" 30-баптың негізінде рұқсат етілген пайдаланудан өзгеше кез келген пайдалануға қатысты.
32-БАП
Патентті жою/патент құқығынан айыру
Патентті жою немесе патент құқығынан айыру туралы кез келген шешім сот тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
33-БАП
Қорғау мерзімі
Берілетін қорғау мерзімі өтінім берілген күннен бастап санағанда 20 жыл мерзім өтпегенше аяқталмайды.
34-БАП
Тәсілдерге арналған патент: дәлелдеу ауыртпалығы
1. 28 баптың 1(b) тармағында көрсетілген иеленуші құқығының бұзылуы жөнінде азаматтық сот өндірісі үшін, егер патент объектісі болып өнімді алу тәсілі болса, сот органдары жауапкерден ұқсас өнімді өндіру тәсілінің патенттелген тәсілден өзгешелігін дәлелдеуді талап етуге құқылы. Осының салдарынан мүшелер кем дегенде келесі жағдайлардың бірінде патент иесінің келісімінсіз өндірілген кез келген ұқсас тауарлар, оған қарсы жақтан дәлелдеме жоқ болса, патенттелген тәсілмен алынған деп есептеледі8:
а. Егер патенттелген тәсілмен алынған өнім жаңа болса;
б. Егер ұқсас өнім тап осы тәсілді қолдану арқылы дайындалғандығының айтарлықтай ықтималдығы болса, патент иесі, қисынды күш сала отырып қандай үрдіс қолданылғанын анықтай алмаса.
2. Кез келген мүше өзінің таңдауы бойынша жорамалданған бұзушыға дәлелдеу ауыртпалығы тек 1-тармақта аталған (а) тармағында көрсетілген шарт орындалса немесе (b) тармағында көрсетілген шарт орындалған жағдайда ғана артылуы керектігін көздеуі мүмкін.
3. Қарсы жақтан дәлелдемелерді ұсынған кезде жауапкерлердің өз өндірістік және коммерциялық құпияларын қорғау бойынша заңды мүдделері ескеріледі.
8Бастапқы патентті беру жүйесі жоқ мүшелер қорғау мерзімі бастапқы патент беру жүйесіне өтінім берілген күннен бастап есептелетінін көздей алатыны түсініледі.
6-тарау: Интегралды микросхемалар топологиясы (топографиясы)
35-БАП
ИСИМ Шартымен байланыс
Мүшелер интегралды микросхемалар топологиясын (топографиясын) (осы Келісімде бұдан әрі - “топология”) интегралдық микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы Келісімнің 2-7 баптары (6-баптың 3-тармағынан басқа), 12-бабы және 16-баптың 3-тармағына сәйкес қорғауды қамтамасыз етуге, бұдан басқа, келесі жағдайларды орындауға келіседі.
36-БАП
Қорғау көлемі
Мүшелер 37-баптың 1-тармағын орындай отырып, құқық иеленушінің9 рұқсатынсыз орындалса, келесі әрекеттерді заңсыз деп тануы қажет: қорғалатын топологияны, қорғалатын топологиясы бар интегралдық микросхемаларды, немесе тек оларда заңсыз қалпына келтірілген топологиясы қалғандықтан, құрамында осындай микросхемасы бар өнімдерді енгізу, сату немесе коммерциялық мақсаттарда өзге де тарату.
9“Құқық иеленуші” сөзі осы бөлімде ИСИМ шартындағы “өкілетті тұлға” мағынасында түсініледі.
37-БАП
Құқық иеленушінің рұқсатын талап етпейтін әрекеттер
1. 36–бапқа қарамастан, бірде бір мүше аталған бапта көрсетілген заңсыз қалпына келтірілген топологиялы интегралды микросхемаға, сондай ақ құрамында осындай интегралды микросхемасы бар кез келген өнімге қатысты, егер осындай әрекеттер жасайтын немесе ол туралы бұйрық беретін тұлға интегралды микросхеманы немесе құрамында осындай интегралды микросхемасы бар өнімді сатып алғанда мұнда заңсыз қалпына келтірілген топология қосылғанын білмесе, және білуге орынды негіз болмаса, аталған бапта көрсетілген кез келген әрекеттері заңсыз деп танымауы керек. Мүшелер тұлға заңсыз қалпына келтірілген топология туралы жеткілікті мәліметі бар хабарлама алған соң, осы тұлға қолда бар қорға немесе осы уақытқа дейін тапсырылыс берілген өнімдерге қатысты кез келген әрекеттерді орындай алады, алайда құқық иеленушіге осындай топологияға келісімдік лицензия бойынша төленуі мүмкін орынды аударымдарға баламалы бағаны төлеуге міндетті екенін қарастырады.
2. 31-баптың (а)-(к) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар mutatis mutandis топологияны кез келген еріксіз лицензиялау, немесе оны мемлекеттің пайдалануы, немесе құқық иеленушінің рұқсатынсыз мемлекеттің мүддесінде пайдалану жағдайында қолданылады.
38-БАП
Қорғау мерзімі
1. Қорғауды ұсынудың шарты ретінде тіркеуді талап ететін мүшелер, топологияны қорғау мерзімі тіркеуге өтінім берген күннен бастап немесе әлемде іске асқан алғашқы коммерциялық пайдалану күнінен бастап санағанда 10 жыл мерзімі ішінде аяқталмауы тиіс екенін көздейді.
2. Қорғауды ұсынудың шарты ретінде тіркеуді талап етпейтін мүшелер, топологияны қорғаудың мерзімі әлемде іске асқан алғашқы коммерциялық пайдалану күнінен бастап кем дегенде 10 жылды құрайтынын көздейді.
3. 1 және 2-тармақтарға қарамастан, мүше топологияны жасағаннан кейін 15 жылдан кейін қорғау тоқтатылатынын көздеуі мүмкін.
7-тарау: Жабық ақпаратты қорғау
39-БАП
1. Париж конвенциясының (1967 ж.) 10-бис бабында көзделгендей, адал емес бәсекелестіктен тиімді қорғауды қамтамасыз ету процесінде мүшелер 3-тармаққа сәйкес үкіметке немесе мемлекеттік органдарға тапсырылған жабық ақпаратты қорғайды.
2. Жеке және заңды тұлғаларға заңды түрдегі олардың қарамағындағы ақпараттың олардың келісімінсіз жария болуына, адал коммерциялық тәжірибеге қайшы келетін тәсілмен10 басқа тұлғалардың алуына немесе пайдалануына бөгет жасау мүмкіндігі беріледі, егер мұндай ақпарат:
(а) құпиялы мағынада тұтастай немесе белгілі бір конфигурацияда және оның құрамдауыштарын іріктеген кезде әдетте осындай ақпаратпен жұмыс істейтін ортадағы адамдарға жалпы таныс және жеңіл қол жетімді емес болып табылса;
(b) өзінің құпиялылығы себебінен коммерциялық құндылыққа ие болса; және
(с) осы ақпаратты заңды түрде бақылайтын тұлға тарапынан оның құпиялылығын сақтауға бағытталған осы жағдайлардағы тиісті шаралардың тақырыбы болып табылса.
3. Мүшелер құрамында жаңа химиялық заттар қолданатын фармацевтикалық немесе агрохимиялық өнімдерді сатуға рұқсат берудің талабы ретінде алынуы елеулі күш-жігер жұмсауды қажет ететін, сынақтар және өзге де деректер туралы жабық мәліметті ұсынуды талап ете отырып, осындай мәліметті адал емес коммерциялық пайдаланудан қорғайды. Бұдан басқа, мүшелер осындай деректерді қоғамды қорғау мүддесі үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда жария болудан қорғайды, немесе шаралар қолданылмаса, осы деректердің адал емес коммерциялық пайдаланудан қорғалатынына кепілдік береді.
10Осы қағиданың мақсаттары үшін "адал коммерциялық тәжірибеге қайшы келетін тәсіл" түсінігі кем дегенде шартты бұзу, сенімді ақтамау немесе сенімнің бұзылуына ықпал ету тәжірибесін білдіреді және осындай ақпаратты сатып алу осындай тәжірибені білдіретіні белгілі болған, немесе өрескел ұқыпсыздықтың салдарынан белгілі болмаған үшінші тұлғалармен жабық ақпаратты сатып алуды қамтиды.
8-тарау: Келісімдік лицензиялар арқылы бәсекелестікке қарсы практикаға бақылауды жүзеге асыру
40-БАП
1. Мүшелер лицензиялық практиканың немесе бәсекелестікті шектейтін зияткерлік меншік құқықтарына жататын шарттардың кейбір түрлері саудаға кері әсер етуі және технологияларды беру мен таратуға кедергі жасауы мүмкін екендігіне келіседі.
2. Осы Келісімдегі еш нәрсе мүшелердің өз заңнамасында тиісті нарықтағы бәсекелестікке қолайсыз әсер ете отырып жекелеген жағдайларда зияткерлік меншік құқықтарын теріс пайдалануы мүмкін лицензиялық практика немесе шарттар түрлерін көрсетулеріне кедергі жасамайды. Жоғарыда көзделгендей, мүше осы Келісімнің басқа ережелеріне сәйкес аталған мүшенің, тиісті заңдары мен қағидалары аясында, мысалы, лицензияны сатып алушының техникалық ақпаратты лицензияны сатушыға қайтадан беруінің ерекше шарттарын, заңды күшін дәлелдеуінің алдын алатын шарттарды және мәжбүрлі лицензиялық шарттардың пакетін қамтуы мүмкін практиканың алдын алудың немесе бақылаудың тиісті шараларын қабылдай алады.
3. Әрбір мүше сұрау бойынша консультация туралы сұрау жасалған елдің азаматы болып табылатын, немесе оның аумағында тұратын зияткерлік меншік құқықтарының иесі олардың әр қайсысы заңға сәйкес бастай алатын кез келген әрекеттерге, және олар еркін түрде түпкілікті шешім қабылдауына зардабын тигізбей, осындай заңнаманың сақталуын қамтамасыз еткісі келетін, аталған тарауда қарастырылатын мәселелер бойынша консультацияларға сұрау салғысы келетін мүшенің заңдары мен ережелерін бұза отырып қызмет жасайды деген негіздері бар кез келген басқа мүшемен консультацияға түседі. Сұрау жасалған мүше сұрауды жіберген мүшемен консультацияларға лайықты және оң ниетпен қарайды және сұрау беруші мүшемен осындай консультациялар үшін жеткілікті мүмкіндіктер береді, сондай-ақ ұлттық заңнаманы сақтаған және сұрау салушы мүшенің осы ақпараттың құпиялылығына қатысты өзара қолайлы келісімдерді жасасу жағдайында, талқыланатын мәселе бойынша қолжетімді құпия емес ақпараттар және қолында бар басқа да ақпаратты ұсыну жолымен ынтымақтастық жасайды.
4. Егер бір мүшенің азаматтары немесе немесе аумағында тұратын тұлғалар осы бөлімнің мәні бойынша басқа мүшенің территориясында заңдары мен ережелерін болжамды бұзуына байланысты сот рәсімдеріне тартылса, онда бірінші мүшеге сұрау бойынша басқа осындай мүшемен 3-тармақта көзделген шарттарға сәйкес консультациялар өткізу мүмкіндігін береді.
III-БӨЛІМ
1-тарау: Жалпы міндеттемелер
41-БАП
1. Мүшелер өз заңнамаларының одан арғы бұзушылықтарды болдырмауға арналған құқықтық санкциялар болып табылатын құқықтық қорғау құралдары мен бұзушылықтарды болдырмау үшін құқықтық қорғаудың жедел құралдарын қоса алғанда, осы Келісім таралатын зияткерлік меншік құқығының кез келген бұзылуына қарсы бағытталған тиімді әрекеттерді қолдануға мүмкіндік беретін, осы бөлімде айтылғандай, зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша рәсімдерді көздеуін қамтамасыз етеді. Бұл рәсімдер заңды саудада кедергілерді жасамайтындай және оларды асыра пайдалануға қарсы қорғауды қамтамасыз ететіндей қолданылады.
2. Зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ететін рәсімдер барлығына тең және әділетті болуы тиіс. Олар шамадан тыс күрделі немесе өте қымбат болмауы тиіс және мерзімді негізсіз ұлғайтуға немесе заңсыз кідірістерге әкеп соқпауы тиіс.
3. Істің мәні бойынша шешімдер жазбаша нысанда және дәлелді болғаны дұрыс. Олар ең болмаса дәлелсіз кідіріссіз сотта іс қарауға қатысатын тараптарға ұсынылады. Істің мәні бойынша шешімдер тек тараптарға өз ойларын айтуға мүмкіндік берілген дәлелдемелерге ғана негізделуі тиіс.
4. Сот талқылауының тараптарында сот органдарының түпкілікті әкімшілік шешімдерін және істің маңыздылығына қатысты мүше заңнамасының юрисдикциялық ережелерін сақтай отырып, кем дегенде істің мәні бойынша бастапқы сот шешімдерінің құқықтық аспектілерін қайта қарауды талап ету мүмкіндігі болуы тиіс. Бірақ қылмыстық істердегі ақтау шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну міндеттемелері болмауы тиіс.
5. Осы бөлім жалпы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ететін сот жүйесінен ерекше зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге арналған сот жүйесін жасау бойынша қандай да болмасын міндеттемелерді көздемейтінін, сондай ақ мүшелердің жалпы заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі құзыретін қозғамайтынын білдіреді. Осы бөлімде ештеңе зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету мен жалпы заңнаманы сақтауды қамтамасыз ету арасында құралдарын бөлуге қатысты қандай да болмасын міндеттемелерді туғызбайды.
2-тарау: Азаматтық-құқықтық және әкімшілік рәсімдер мен сот қорғауының құралдары
42-БАП
Тең және әділетті рәсімдер
Мүшелер құқық11 иелеріне осы Келісімде көзделген кез келген зияткерлік меншік құқығын сақтауды қамтамасыз ету үшін азаматтық сот рәсімдеріне жүгіну мүмкіндігін ұсынады. Жауапкерлер талап етудің негіздерін қоса алғанда жеткілікті егжей-тегжейді қамтитын уақтылы жазбаша хабарлама алуға құқылы. Тәуелсіз заңды кеңесшілер тараптардың өкілі болуға құқылы және рәсімдер міндетті жеке қатысуға қатысты шамадан тыс ауыртпалық тудыратын талаптарды енгізбеуі тиіс. Осындай рәсімдердің барлық тараптарына өз талаптарын негіздеу және осыған қатысты барлық дәлелдемелерді ұсыну құқығы тиісті түрде берілуі тиіс. Рәсім қолданыстағы конституциялық талаптарға қайшы келмейтін жағдайда ғана, құпия ақпаратты сәйкестендіру және қорғау құралдарын көздейді.
43-БАП
Дәлелдемелер
1. Егер тарап өз талаптарын нығайтуға жетерліктей барынша қолжетімді дәлелдемелер ұсынса және қарсы тараптың бақылауындағы өз талаптарын негіздеуге қатысты дәлелдемелерді көрсетсе, онда сот органы тиісінше жағдайларда құпия ақпаратты қорғауды қамтамасыз ететін шарттарды сақтай отырып, қарсы тараптың осы дәлелдемелерді ұсынуына ұйғарым жасайтын сот бұйрығын шығаруға құқылы.
2. Сот талқылауына қатысатын тарап қасақана және дәлелсіз себептермен қажетті ақпаратқа рұқсат бермеген жағдайда немесе орынды мерзім ішінде оны ұсынбаса, не құқықты сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларға жататын рәсімдерді өткізуді біршама қиындатса, мүше сот органдарына тараптарға өтініштер немесе дәлелдемер жөнінде тыңдалу мүмкіндігі берілген жағдайда, ақпаратқа рұқсат бермеу жағымсыз ықпал еткен тараптың шағымын немесе өтінішін қоса алғанда, ұсынылған ақпарат негізінде жағымды немесе теріс, алдын ала және түпкілікті шешім қабылдауға құқық бере алады.
44-БАП
Соттың тыйым салулары
1. Сот органы кез келген тарапқа құқық бұзушылық жасамауға, соның ішінде тауарларды тікелей кедендік тазалаудан кейін зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына алып келетін импортталған тауарлардың өз құзыретіндегі тауарлар қозғалысының арнасына түсуін болдырмау үшін ұйғарым жасайтын сот бұйрығын шығаруға құқылы. Мүшелер мұндай объектілермен сауда жасау зияткерлік меншік құқығының бұзылуына әкеп соғатынын білер алдында немесе білуге маңызды негіздері болған жағдайда, қандай да бір тұлға сатып алған немесе тапсырыс берген, қорғалатын объектілерге қатысты осындай өкілеттіктерді ұсынуға міндетті емес.
2. Осы бөлімнің өзге ережелеріне қарамастан және құқық иесінің рұқсатынсыз мемлекеттік органның, немесе мемлекет өкілеттілік берген үшінші тұлғаның пайдалануына қатысты II бөлімнің ережелері сақталған жағдайда, мүшелер мұндай пайдалануға қарсы қолданылуы мүмкін сот қорғауының құралдарын 31-баптың (һ) тармақшасына сәйкес сыйақы төлеумен шектеуге құқылы. Басқа жағдайларда сот қорғауының құралдары осы бөлімге сәйкес қолданылады, немесе бұл құралдар мүшелердің заңнамасына қайшы келсе, декларацияланған шешімдерге және тиісті сыйақыларға жүгіну мүмкіндігі беріледі.
11Осы бөлім мақсатында "құқық иесі" термині осындай құқықтарды иеленуге рұқсат беретін ұүұыұтыұ мәртебесі бар федерациялар мен ассоциацияларды қамтиды.
45-БАП
Шығындарды өтеу
1. Сот органы бұзушыға өзінің құқыққа қарсы іс қимылды жүзеге асыратынын білген немесе білуге дәлелді негізі болған бұзушының зияткерлік меншік құқығын бұзуына байланысты құқық иесіне келтірілген шығынды өтеу үшін жеткілікті сомада құқық иесіне шығынды өтеу туралы ұйғарым жасайтын сот бұйрығын шығаруға құқылы.
2. Сот органы сондай-ақ бұзушыға адвокаттың тиісті қаламақысын қамтуы мүмкін құқық иесінің шығындарын өтеуді ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы. Мүшелер тиісті жағдайларда сот органдарына бұзушы өзінің құқыққа қарсы іс қимылды жүзеге асыратынын білмесе немесе білуге дәлелді негізі болмаса да, пайданы және/немесе алдын ала анықталған шығындарды төлеуді өндіріп алуға ұйғарым жасайтын сот бұйрығын шығаруға құқық бере алады.
46-БАП
Сот қорғауының өзге де шаралары
Құқықтардың бұзылуын болдырмайтын тиімді құралды жасау үшін сот органы контрафакт ретінде белгіленген тауарлар қандай да болмасын өтемақысыз тауарлар қозғалысының арналарынан құқық иесіне қандай да болмасын зиян келтірместен алып қойылатындай, немесе қолданыстағы конституциялық талаптарға қайшы келмеген жағдайда, жойылатындай етіп ұйғарылған сот бұйрығын шығаруға құқылы. Сот органы сондай-ақ контрафакт тауарларын жасаған кезде пайдаланылған материалдар мен өндіріс құралдары қандай да болмасын өтемақысыз жаңа бұзушылықтар тәуекелдерін азайту үшін тауарлар қозғалысының арнасынан алып қойылуын ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы. Осындай сұрауларды қарастыру кезінде құқық бұзушылықтың күрделілігі мен сот қорғауының құралдары, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүдделері арасындағы ара-қатынастың өлшемі назарға алынады. Тауар таңбаларын заңсыз қолданатын тауарларға қатысты заңсыз қойылған тауар таңбасын қарапайым жою мұндай тауарларды, ерекше жағдайларды қоспағанда, тауарлар қозғалысының арнасына шығаруға рұқсат беру үшін жеткілікті болып табылмайды.
47-БАП
Ақпаратқа құқық
Мүшелер тек ол құқықтарды бұзудың күрделілігіне сәйкес болмаса, бұзушыға контрафакт тауарларын немесе көрсетілетін қызметтерді өндіруге және таратуға қатысқан үшінші тұлғалардың жеке басы және оларды тарату арналары туралы құқық иесіне хабарлауын ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы.
48-БАП
Жауапкерге залалды өтеу
1. Сот органы зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету бойынша рәсімдерді асыра пайдаланған және оның сұрауы бойынша шаралар қабылданған тарапқа қатысты міндеттемелер немесе шектеулер заңсыз салынған тарапқа мұндай асыра пайдаланушылық нәтижесінде келтірілген залал үшін жеткілікті өтемақы ұсынуды ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы. Сот органы сонымен қатар өтініш берушіге адвокаттың тиісті қаламақысын қамтуы мүмкін жауапкердің шығындарын өтеуді ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы.
2. Зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қорғауға немесе қамтамасыз етуге қатысты кез келген заңнамалық актіні қолдануға қатысты мүшелер мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметкерлерін сот қорғауының тиісті шараларына қатысты жауапкершіліктен тек аталған заңнамалық актіні қолдану процесінде адал әрекет еткен немесе адал әрекет етуге ниеттенген жағдайда ғана босатады.
49-БАП
Әкімшілік рәсімдер
Істің мәні бойынша әкімшілік рәсімдер нәтижесінде ұйғарым жасалуы мүмкін сот қорғауының кез келген азаматтық-құқықтық құралына қатысты мұндай рәсімдер негізінен осы бөлімде баяндалған қағидаттарға сәйкес болуы тиіс.
12Егер мүше кеден одағын бірге құрайтын басқа мүшенің шекарасы арқылы тауарлардың өтуін бақылайтын шараларының бәрін едәуір деңгейде алып тастаса, онда аталған шекарада осы бөлімнің ережелерін қолдануды талап етудің қажеті жоқ.
3-тарау: Уақытша шаралар
50-БАП
1. Сот органы мынаған бағытталған кідіріссіз және тиімді шаралар қабылдауды ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы:
(а) зияткерлік меншіктің кез-келген құқығының бұзылуы туындауының алдын алу және, атап айтқанда, тауарлардың, тікелей кедендік тазалаудан кейін импортталатын тауарларды қоса алғанда, олардың юрисдикциясындағы тауарлар қозғалысы арнасына түсуінің алдын алу;
(b) болжамды бұзушылықтарға жататын тиісті дәлелдемелерді сақтау.
2. Сот органы бұл орынды болса, атап айтқанда әрбір кешіктіру құқық иесіне орны толмас зиян келтiрудің немесе айғақтың жойылып кетуінің дәлелдi қауiпі бар болса inaudita altera parte уақытша шараларын қабылдауға құқығы бар.
3. Сот органы өтініш берушіден өтініш берушінің құқық иесі болып табылатынына, оның құқығы бұзылғанына немесе осындай бұзылудың сөзсіз болатынына, өтініш берушінің жауапкерді қорғау және теріс пайдаланудың алдын алу үшін жеткілікті кепіл немесе оған теңгерімді кепілдік беруге негіз болатын сот бұйрығын шығаруға жеткілікті деңгейде сенімді болуы үшін барлық оңтайлы қолжетімді дәлелдемелер талап етуге құқылы.
4. Егер уақытша шаралар inaudita altera parte қабылданса, мүдделері қозғалған тараптар бұл туралы дереу, ең кеш дегенде осы шаралар жүзеге асырылғаннан соң хабардар етіледі. Жауапкердің сұрауы бойынша хабарламаны алғаннан кейін осы шаралардың бар болуы, өзгеруі, алынып тасталуы немесе расталуы тиіс екендігі туралы мәселе бойынша шешім қабылдау мақсатында, тыңдалу құқығын қоса алғанда, қайта қарау жүзеге асырылады.
5. Өтініш берушіден уақытша шараларды қолданатын органдарға тиісті тауарларды сәйкестендіру үшін қажет басқа ақпаратты беру талап етілуі мүмкін.
6. 4-тармақтың ережелеріне залалын тигізбей, істі мәні бойынша шешуге алып келетін сот талқылауы, мүшенің заңнамасында рұқсат берілген жағдайда, осындай шараларды қабылдау туралы сот бұйрығын шығарған сот органы белгілеген қисынды уақыт мерзімі ішінде, немесе мұндай белгілеу жоқ болған кезде, ұзақтығына байланысты 20 жұмыс күннен немесе 31 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде басталмаса, 1 және 2-тармақтардың негізінде жауапкердің сұрауы бойынша қабылданған уақытша шаралар жойылады, немесе олардың күші басқаша тоқтатылады.
7. Өтініш берушінің кез келген әрекетінің немесе әрекетсіздігінің себебінен, немесе кейіннен зияткерлік меншік құқығының бұзылуы немесе бұзылу қатері жоқ болғаны белгілі болса, сот органдары жауапкердің сұрауы бойынша осы шаралардың себебінен болған қандай да болсын зардап үшін өтініш берушінің жауапкерге тиісінше өтемақы төлеуді ұйғаратын сот бұйрығын шығаруға құқылы.
8. Әрбір уақытша шара әкімшілік рәсімдер нәтижесінде ұйғарылуы мүмкін болатын дәрежеде, олар осы бөлімде баяндалғандарға тең келетін қағидаларға сәйкес болуы тиіс.
4-тарау: Шекаралық шараларға қатысты ерекше талаптар
51-БАП
Кеден органдарының тауарларды айналымға жіберуін тоқтату
Төменде баяндалған қағидаларға сәйкес мүшелер заңсыз пайдаланылатын тауар таңбасы бар тауарларды, немесе авторлық құқықтары13 бұзылып шығарылған тауарларды әкелуі мүмкін деп күмәндануға нақты негіздемесі бар құқық иесіне құзыретті әкімшілік немесе сот органына кеден органдарының осындай тауарларды еркін айналымға шығаруын тоқтату туралы жазбаша өтініш беруге мүмкіндік беретін рәсімдерді14 белгілейді. Мүшелер осы бөлімнің талаптары сақталған жағдайда зияткерлік меншік құқықтарының өзге де бұзылушылықтары қамтылған тауарларға қатысты осындай өтініш білдіру мүмкіндігін бере алады. Мүшелер, сондай-ақ кеден органдарының олардың аумақтарынан экспортқа бағытталған контрафактілік тауарларды шығаруды тоқтатуға қатысты тиісті шараларды да қарастыра алады.
13Осы Келісімнің мақсаты үшін:
а) " заңсыз қолданылатын тауар таңбасы бар тауарлар" түсінігі осындай тауарлар үшін заңды тіркелген немесе маңызды белгілері бойынша ұқсас тауар таңбасынан ажырату қиын болатын және осының салдарынан импорттаушы елдің заңнамасына сәйкес осы тауар таңбасы иесінің құқығын бұзатын, олардың орамаларын қоса алғанда, рұқсатсыз тауар таңбасымен таңбаланған барлық тауарларды білдіреді.
б) "авторлық құқықты бұзып шығарылған тауарлар" түсінігі егер көшірмені жасау импорттаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес авторлық немесе сабақтас құқықты бүзу болып танылса, құқық иесі немесе тиісті түрде ол уәкілеттік берген тұлғаның келісімінсіз тауарлар шығарылатын елде жасалған, және тікелей немесе жанама түрде қандай да бір бұйымнан жасалған көшірмелер болып табылатын тауарларды білдіреді.
14Құқық иесімен немесе оның келісімі бойынша басқа елдің нарығына жеткізілген тауарлар импортына, не болмаса транзиттік тауарларға осындай рәсімдерді қолдану міндетті болып табылмайтыны түсініледі.
52-БАП
Өтініш
51-бапқа сәйкес рәсімдерге бастама жасайтын кез-келген құқық иелесі құзыретті органдарды импорттаушы елдің заңнамасына сәйкес құқық иесінің зияткерлік меншігін бұзатын prima facie бар екеніне сендіретін тиісті дәлелді ұсынуы, сондай-ақ кеден органдары жеңіл танитын жеткілікті түрде жазылған тауар сипаттамаларын беруі тиіс. Құзыретті орган қисынды уақыт кезеңінде өтініш берушіге өтінішті қабылдағанын, және өкілетті органдар осыны айқындаған болса кеден органдары шара қабылдайтын уақыт кезеңі туралы хабарлайды.
53-БАП
Кепіл және соған тең кепілдік
1. Құзыретті орган өтініш берушіден кепіл немесе жауапкер мен құзыретті органды қорғау және құқықтарды теріс пайдаланудың алдын алу үшін жеткілікті оған тең кепілдікті талап етуге құқылы.
2. Егер осы бөлімге сәйкес берілген өтінішке сәйкес өнеркәсіптік үлгілерді, патенттерді, интеграциялық микросхемалар технологияларын немесе жабық ақпаратты қамтитын тауарларды еркін айналымға шығаруды сот немесе басқа да тәуелсіз органнан басқа өзге орган қабылдаған шешімнің негізінде кеден органдары тоқтатқан болса, және 55-бапта көзделген кезең осыған уәкілеттік берілген органның тиісті түрде шартты бостандықты ұсынбай өткен кезде, және импорт үшін басқа да барлық талаптар орындалған жағдайда осындай тауарлардың меншік иесі, импорттаушысы немесе осындай тауарды алушы, сомасы құқық иесін барлық бұзушылықтардан қорғауға жеткілікті болып табылатын кепіл берген жағдайда, оларды шығару құқығына ие болуы тиіс. Осындай кепілді төлеу құқық иесі қолдануы мүмкін қандай да болмасын сотпен қорғау құралдарына залал келтірмеуі тиіс; бұл ретте, егер құқық иесі тиісті уақыт кезеңі ішінде сотта талап ету құқығын іске асыра алмаса, кепілдің қайтарылатындығын білдіреді.
54-БАП
Тоқтату туралы хабарлама
51-бапқа сәйкес импорттаушы мен өтініш беруші тауарларды айналымға шығаруды тоқтату туралы дереу хабардар етіледі.
55-БАП
Тоқтатудың ұзақтығы
Өтініш берушіге тауарды еркін айналымға шығаруды тоқтату туралы хабарлама берілгеннен кейін 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кеден органдары жауапкерден басқа қандай да бір тараптың бастамасымен істің мәні бойынша шешім қабылдауға әкелетін сот талқылаулары туралы хабардар етілмесе, немесе тиісті түрде өкілеттілік берілген орган тауарлар шығаруды тоқтатуды жалғастырудың уақытша шараларын қабылдаса, тауарлар шығарылуы тиіс, егер бұл ретте импорт немесе экспорт үшін барлық басқа жағдайлар орындалса; тиісті жағдайларда осы шекті мерзім тағы да 10 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін. Егер істің мәнін шешуге алып келетін сот талқылауы басталса, онда жауапкердің сұрауы бойынша осы шаралар өзгертілуі, алынып тасталуы немесе расталуы туралы мәселе бойынша қисынды уақыт мерзімі ішінде шешім қабылдау мақсатында, тыңдалу құқығын қоса алғанда, қайта қарау жүзеге асырылады. Жоғарыда баяндалғанға қарамастан, тауарларды шығару уақытша сот шарасына сәйкес жүзеге асырылса немесе жалғастырылса, онда 50-баптың 6-тармағының ережелері қолданылады.
56-БАП
Тауарларды импорттаушы мен иесіне залалды өтеу
Тиісті орган өтініш берушіге тауарды импорттаушыға, жүкті алушыға және иесіне тауарларды заңсыз ұстап тұрудан немесе 55-бапқа сәйкес еркін айналымға шығарылған тауарларды ұстап қалудан келтірілген барлық залал үшін өтемақы төлеуді ұйғаратын шешім қабылдауға құқылы.
57-БАП
Инспекциялауға және ақпаратқа құқығы
Құпия ақпаратты қорғауға залалын тигізбей, мүшелер өкілетті органдардға құқық иесіне өз талаптарын негіздеу мақсатында кеден органдары ұстап қалған кез-келген тауарларды инспекциялау үшін жеткілікті мүмкіндіктер ұсыну өкілеттіктерін береді. Өкілетті органдар да импорттаушыға барлық осындай тауарларды инспекциялау үшін тең мүмкіндікітер ұсынуға өкілетті. Егер істің мәні бойынша оң шешім қабылданса мүшелер өкілетті органдарға құқық иесін жүкті жіберушінің, импорттаушының және жүкті алушының атауы мен мекен-жайы және осы тауарлардың саны туралы хабардар ету өкілеттігін бере алады.
58-БАП
Ex officio іс-әрекеттері
Егер мүшелер құзыретті органдардан өз бастамасы бойынша іс-әрекет жасауды және зияткерлік меншік құқығының бұзылатыны туралы оларға қатысты prima facie дәлелдемелері бар тауарларды еркін айналымға шығаруды тоқтатуды талап етсе:
(а) құзыретті органдар осы өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін оларға көмек көрсететін қандай да бір ақпарат үшін қай уақытта болмасын құқық иесіне жүгіне алады;
(b) импорттаушы және құқық иесі тауарларды еркін айналымға шығаруды тоқтату туралы дереу хабардар етіледі. Егер импорттаушы құзыретті органдарға тауарларды еркін айналымға шығаруды тоқтатуға қарсылық білдірген жағдайда мұндай тоқтатуды 55-бапта баяндалған жағдайларда mutatis mutandis жүзеге асырады;
(с) мүшелер мемлекеттік билік органдары мен олардың қызметшілерін олар адал әрекет жасаған кезде, немесе адал әрекет жасауға ниеттенсе, сот қорғауының тиісті шараларының жауапкершілігінен босатады.
59-БАП
Сотта қорғау құралдары
Құқық иесіне қол жетімді талап-арызға қатысты басқа құқықтар үшін залал келтірмей, жауапкердің сот органында қайта қарау талабының құқықтары сақталған кезде, құзыретті орган 46-бапта баяндалған қағидаттарға сәйкес контрафактілік тауарларды жоюды немесе айналымнан шығаруды білдіретін шешім шығаруға құқығы бар. Тауар таңбаларын заңсыз пайдаланатын тауарларға қатысты органдар контрафактілік тауарларды өзгеріссіз түрде кері экспорттауға немесе ерекше жағдайларда болмаса оларға қатысты өзге кедендік режимді қолдануға рұқсат бермейді.
60-БАП
Тауарлардың аз санын әкелу
Мүшелер жолаушылардың жеке жүгіндегі немесе шағын партиялармен жіберілетін, коммерциялық емес сипаттағы тауарлардың аз санына жоғарыдағы ережені қолданбауы мүмкін.
5-тарау: Қылмыстық рәсімдер
61-БАП
Мүшелер кем дегенде тауар таңбалары қасақана заңсыз пайдаланылған немесе коммерциялық ауқымда жасалған авторлық құқық бұзылған жағдайларда қолданылатын қылмыстық рәсімдер мен айыппұлдарды көздейді. Бұлтартпау шаралары тиісінше деңгейдегі басқа қылмыстармен байланысты қолданылатын жазалау деңгейіне сәйкес келетін ұстап тұру құралы болуы үшін жеткілікті болып табылатын түрмеге отырғызу және/немесе ақшадай айыппұлды қамтиды. Сәйкес жағдайларда бұлтартпау шаралары қамауға алу, мүлікті тәркілеу және контрафактілі тауарларды, қылмысты жасау кезінде қолданған кез келген материалдар мен өндіріс құралдарын жоюды қамтиды. Мүшелер зияткерлік меншік құқықтарын басқадай бұзу жағдайларында қолдану мақсатында, атап айтқанда олар қасақана және коммерциялық ауқымда жасалған кезде қылмыстық рәсімдер мен жазалауларды қарастырулары мүмкін.
IV БӨЛІМ
ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН СОҒАН БАЙЛАНЫСТЫ INTER PARTES РӘСІМДЕРДІ ИЕЛЕНУ ЖӘНЕ КҮШІНДЕ ҰСТАУ
62-БАП
1. ІІ бөлімнің 2-ден 6-ға дейінгі тарауларына сәйкес көзделген зияткерлік меншік құқықтарын иелену және күшінде ұстау шарттары ретінде мүшелер қисынды рәсімдер мен шарттылықтың сақталуын талап ете алады. Осындай рәсімдер мен шарттылықтар осы Келісімнің ережелеріне қайшы келмеуі тиіс.
2. Егер зияткерлік меншік құқығы беру немесе тіркеу арқылы алынса, мүшелер беру немесе тіркеу рәсімдерінің осындай құқықты иеленудің негізгі талаптарының сақталуын, қорғау мерзімінің негізсіз қысқаруын болдырмау үшін құқықты тиісті мерзім ішінде беруге немесе тіркеуге мүмкіндік беруді ескере отырып қамтамасыз етеді.
3. Париж конвенциясының (1967 ж.) 4-бабы қызмет көрсетудің таңбаларына mutatis mutandis қолданылады.
4. Зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе күшінде ұстаға қатысты рәсімдер, мүшенің заңнамасында осылайша қарастырылған болса, онда құқықтарды әкімшілік айыру және қарсылық білдіру, құқықтан айыру және жою сияқты inter partes рәсімдері, 41-баптың 2 және 3-тармақтарында белгіленген жалпы қағидаттармен реттеледі.
5. 4-тармақта аталған кез келген рәсімдердің барысындағы түпкілікті әкімшілік шешімдер сот және квазисот органдарының қайта қарауына жатады. Алайда, бұл ретте осындай рәсімдердің негіздемелері шешімдерді жарамсыз деп танудың тақырыбы болуы мүмкін жағдайларда шешімдерді осылайша қайта қарау мүмкіндігін ұсыну міндеттемелері көзделмейді.
V БӨЛІМ
ДАУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ РЕТТЕУ
63-БАП
Транспаренттілік
1. Мүше қолданысқа енгізген және осы Келісімнің мәніне қатысы бар заңдар және өзге де құқықтық актілер, түпкілікті сот және жалпы пайдаланудағы әкімшілік шешімдер (зияткерлің меншік құқықтарының бар болуы, көлемі, оларды иелену, теріс пайдаланудың алдын алу) жариялануы тиіс немесе егер практикалық тұрғыдан осындай жариялау орынсыз болса, ол ұлттық тілде, үкіметтік органдар мен құқық иелері қолдана алатындай жалпы қол жетімді болуы тиіс. Осы Келісімнің тақырыбына қатысы бар, бір мүшенің үкіметі немесе үкіметтік органдары мен екінші мүшенің үкіметі мен үкіметтік органдары арасында қолданылатын келісімдер де жариялануы қажет.
2. Мүшелер 1-тармақта аталған заңдар, өзге де құқықтық актілер туралы, ТРИПС жөніндегі Кеңесті аталған Кеңеске осы Келісімді іске асыру барысын қарастыруда жәрдемдесу мақсатында хабардар етеді. Кеңес осы міндеттемені орындауды мүшеге жүктейтін ауыртпалықты барынша азайту үшін күш-жігерін жұмсайды, және егер ВОИС-пен осындай заңдар мен өзге де құқықтық актілерді қамтитын ортақ тізілімді бекіту мәселесі бойынша консультациялар сәтті өтетін болса осындай заңдар мен өзге де құқықтық актілер туралы Кеңесті тікелей хабардар ету міндеттемеден босату туралы шешім қабылдай алады. Кеңес, сондай-ақ Париж конвенциясының (1967 г.) 6-тер бабының қағидаларынан туындайтын осы Келісім бойынша міндеттемелерге сәйкес хабарламаларға қатысты талап етілуі мүмкін осыған байланысты әрбір әрекетті қарастырады.
3. Әрбір мүше басқа мүшенің жазбаша сұрауына жауап ретінде 1-тармақта айтылған ақпарат беруге дайын болуы қажет. Зияткерлік меншік құқығы саласындағы белгілі бір сот немесе әкімшілік шешім, не болмаса екі жақты келісім осы Келісім бойынша оның құқықтарын қозғайды деп санайтын мүше оған осындай сот немесе әкімшілік шешімдеріне не болмаса екі жақты келісімдерге қол жеткізуі немесе оны олар туралы егжей-тегжейлі хабардар етуі үшін жазбаша сұрау жасай алады.
4. 1, 2 және 3-тармақтардағы еш нәрсе мүшеден заңның сақталуын қамтамасыз етуге кедергі жасайтын, өзгеше түрде қоғамдық мүдделерге қайшы келетін немесе жекелеген мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорындардың коммерциялық мүдделеріне залалын тигізетін құпия ақпаратты ашуды талап етпейді.
64-БАП
Дауларды реттеу
1. 1994 ж. ГАТТ-тың XXII және XXIII баптарының ережелері, Дауларды шешу туралы уағадаластыққа сәйкес нақтылаулар мен қолдануды ескере отырып, егер онда арнайы өзгеше ештеңе айтылмаса, осы Келісім бойынша консультациялар мен дауларды шешуге қолданылады,.
2. 1994 ж. ГАТТ-тың ХХIII бабының 1(b) және 1(с) тармақшалары ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен бастап бес жыл бойы осы Келісім бойынша дауларды реттеуге қолданылмайды.
3. 2-тармақта аталған мерзім ішінде ТРИПС жөніндегі Кеңес 1994 ж. ГАТТ-тың XXIII бабының 1(b) және 1(с) тармақшаларында көзделгендей осы Келісімге сәйкес ұсынылатын қарсылықтардың мазмұны мен ерекшелігін зерделейді, және өз ұсынымдарын мақұлдау үшін Министрлер Конференциясына ұсынады. Министрлер Конференциясының осындай ұсынымдарды мақұлдау немесе 2-тармақта аталған мерзімдерді ұзарту туралы кез келген шешімі консенсус болса ғана қабылданады және мақұлданған ұсынымдар оларды қабылдаудың одан әрі формальды рәсімдерінсіз барлық мүшелер үшін күшіне енеді.
VI БӨЛІМ
ӨТПЕЛІ УАҒДАЛАСТЫҚТАР
65-БАП
Өтпелі уағдаластықтар
1. 2, 3 және 4-тармақтар сақталған жағдайда бір де бір мүше ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен бастап жалпы мерзімі бір жыл өткенше осы Келісімнің ережелерін қолданбауға міндетті емес.
2. Дамушы мүше ел 1-тармақта айқындалғандай 3, 4 және 5-баптарды қоспағанда осы Келісімнің ережелерін қолдануды қосымша төрт жыл мерзімге кейінге қалдыруға құқылы.
3. Орталықтандырылған жоспарлы экономикадан еркін кәсіпкерліктің нарықтық экономикасына өту үрдісінде тұрған, өзінің зияткерлік меншік жүйесінің құрылымдық реформасын жүзеге асыратын және зияткерлік меншік саласындағы заңдар мен өзге де құқықтық актілерді дайындау мен қолдануда ерекше қиындықтарға кез болған ДСҰ-ның басқа кез келген мүшесі де 2-тармақта қарастырылғандай кейінге қалдыру кезеңін пайдалана алады.
4. Осы Келісім дамушы мүше-елді осы мүше үшін осы Келісімнің жалпы қолданылу мерзіміне өзінің аумағында жеткілікті түрде сақтауға қабілетті болып табылмайтын техника салаларындағы өнімдерді патенттік қорғауды таратуға міндеттейтін деңгейде, 2-тармақта айтылғанындай ол техниканың осындай салаларына қатысты өнімдерге ІІ бөлімнің 5-бөлігіндегі патенттер туралы ережелерді қолдануды қосымша бес жылдық кезеңге кейінге қалтыра алады.
5. 1, 2, 3 немесе 4-тармақтарға сәйкес өтпелі кезеңді пайдаланатын мүше оның заңдарына, өзге де құқықтық актілер мен практикаға енгізілетін барлық өзгерістер осы Келісімнің ережелеріне сәйкестік деңгейін төмендетуге әкелмеуін қамтамасыз етеді.
66-БАП
Неғұрлым аз дамыған мүше елдер
1. Неғұрлым аз дамыған мүше елдердің ерекше қажеттіліктері мен талаптарын, олардың экономикалық, қаржылық және әкімшілік шектеулері мен өміршең техникалық базаны құру үшін икемділік қажеттіліктерін ескере отырып осындай мүшелерге 3, 4 және 5-баптарды қоспағанда осы Келісімнің ережелерін қолдану талаптары 65-баптың 1-тармағына сәйкес айқындалғандай оны қолдану күнінен бастап 10 жылдық мерзім бойы қойылмайды. Тиісініше түрде дәлелденген сауал бойынша барынша аз дамыған мүше елдге ТРИПС жөніндегі кеңес осы кезеңді ұзартуды ұсынады.
2. Дамыған мүше-елдер мықты және өміршең техникалық база құру үшін жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында неғұрлым аз дамыған мүше-елдерге технология ұсынуда көтермелеу және көмектесу үшін олардың территориясында орналасқан кәсіпорындар мен мекемелерді ынталандырады.
67-БАП
Техникалық ынтымақтастық
Осы Келісімді орындауға жәрдемдесу мақсатында дамыған мүше-елдер сұрау бойынша және өзара келісілген шарттармен дамушы және неғұрлым аз дамыған мүше елдердің мүддесіне қарай техникалық және қаржылық ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Мұндай ынтымақтастық зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтауды қамтамасыз етуге және осындай құқықтарды асыра пайдаланудың алдын алуға қатысты заңдар мен өзге де құқықтық актілерді әзірлеуге жәрдемдесуді қамтиды және осы мәселелерге, оның ішінде персоналды оқытуға, қатысы бар ұлттық ведомстволар мен мекемелерді құру және нығайтуды қолдауды қамтиды.
VII БӨЛІМ
ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ ІС-ШАРАЛАР;
ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
68-БАП
Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі кеңес
ТРИПС жөніндегі Кеңес осы Келісімнің әрекетін, атап айтқанда мүшелердің одан туындайтын өз міндеттемелерін орындағандарын қадағалайды, және мүшелерге зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілеріне байланысты мәселелер бойынша консультация алу мүмкіндігін ұсынады. Ол басқа да мүшелер оған жүктеген функцияларды орындайды, атап айтқанда олардың дауларды шешу рәсімдерімен байланысты сұраған кез-келген жәрдемдесуді орындайды. Өз функцияларын орындау кезінде ТРИПС жөніндегі Кеңес өзі лайықты деп таныған барлық дереккөздерден консультация ала алады, және одан ақпарат алу үшін жүгіне алады. ВОИС-тың консультативті қатысуымен Кеңес өзінің алғашқы отырысын өткізген күннен бастап бір жыл ішінде аталған Ұйымның органдарымен ынтымақтастық туралы тиісті уағадаластықтарға қол жеткізу шараларын қабылдайды.
69-БАП
Халықаралық ынтымақтастық
Мүшелер зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын тауарлармен халықаралық сауданы жою үшін өзара ынтымақтастық туралы келіседі. Осы мақсатта олар өздерінің әкімшілік органдарында байланыс жасау пункттерін құрады, бұл туралы хабардар етеді және көрсетілген құқықтарды бұзатын тауарлармен сауда туралы ақпарат алмасуға дайын болулары тиіс. Атап айтқанда, тауар таңбаларын заңсыз пайдаланатын тауарлармен, және авторлық құқықтар бұзылып жасалған тауарлармен саудаға қатысты кеден органдары арасындағы өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасуға жәрдемдеседі.
70-БАП
Қазіргі бар объектілерді қорғау
1. Осы Келісім оны қолдануды бастаған күнге дейін сол мүше жасаған әрекеттерге қатысты міндеттемелердің туындауы үшін негіздемелер бермейді.
2. Егер осы Келісімде басқаша қарастырылмаса, ол осы мүшеде көрсетілген күнге күзетілетін немесе осы Келісімнің шарттарына сәйкес қорғау өлшемдерін қанағаттандыратын немесе кейіннен қанағаттандыратын болады деп күтілетін жекелеген мүшеге қатысты осы Келісімді қолдануды бастаған күні қолданыста болған зияткерлік меншіктің барлық объектілеріне қатысты міндеттемелер тудырады. Осы тармақ пен 3 және 4-тармақтардың шарттарына қатысты болса, ол қазіргі бар туындыларға қатысты авторлық құқықпен байланысты міндеттемелер тек қана оның осы Келісімнің 14-бабының 6-тармағына сәйкестілігіне қаншалықты қатысты болуы деңгейіне байланысты Берн конвенциясының (1971ж.) 18-бабының негізінде, ал фонограммалар шығарушылар мен қолданыстағы фонограммалардағы орындаушылардың құқықтарына қатысты міндеттемелер Берн конвенциясының (1971 ж.) 18-бабының негізінде айқындалады.
3. Осы Келісімді қолдануды бастаған күнге сол мүшеде қоғамдық құндылыққа өткен зияткерлік меншік объектілеріне құқықты қорғауды қалпына келтіру міндеттемелері туындамайды.
4. ДСҰ Келісімін осы мүше қабылдаған күнге дейін басталған және оларға қатысты маңызды инвестициялар жасалған, осы Келісімге сәйкес келетін заңнамалардың аясында құқықтар бұзыла бастаған қорғалатын объектілерді қамтитын нақты бұйымдарға байланысты қандай да болмасын әрекетке қатысты кез келген мүше сол мүшеге қатысты осы Келісімді қолдану басталған күннен кейін осындай әрекетті жалғастыру туралы құқық иесі ниет білдіруі мүмкін соттық қорғау құралдарын шектеуді қарастыра алады. Алайда, бұл жағдайларда сол мүше кемінде әділ сыйақы төлеуді қарастырады.
5. Мүше сол мүшеге қатысты осы Келісімді қолдану басталған күнге дейін сатып алынған түпнұсқалар немесе көшірмелерге қатысты 11-баптың және 14-баптың 4-тармағының ережелерін қолдануға міндетті емес.
6. Мүшелер патенттік құқықтарды техника салаларына тәуелсіз пайдалануға рұқсат беретін 31-бапты немесе 27-баптың 1-тармағында жазылған талапты осындай пайдалануды үкімет осы Келісім белгілі болған күнге дейін рұқсат еткен жағдайдарда, құқық иесінің рұқсатынсыз пайдалану үшін қолдануға міндетті емес.
7. Егер зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тіркеумен негізіделсе, осы мүшеге қатысты осы Келісімді қолдануды бастаған күнге қарастырылуда жатқан қорғау беру жөніндегі өтініштерге осы Келісімнің ережелерінде қарастырылған барынша ауқымды қорғауды сұрауға бағытталған өзгерістер енгізуге рұқсат етіледі. Мұндай өзгерістерге жаңа объектілер кірмеуі тиіс.
8. Егер ДСҰ Келісімі күшіне енген күнге мүше 27-бап бойынша оның міндеттемелеріне тең келетін фармацевтикалық және агрохимиялық өнімдерге қатысты патенттік қорғауды ұсынбаса, бұл мүше:
(а) VI бөлімінің ережелеріне байланыссыз ДСҰ Келісімі күшіне енген күннен бастап осындай өнертабыстарға патенттер беру туралы өтініштер қалай берілетіндігін қарастырады.
(b) осы Келісімді қолдану басталған күннен бастап сол өтініштерге осы өлшемдер осы мүшеде өтініш берген күнге немесе басымдықтың бар болуы не болмаса оны сұрату күніне - өтініштің басымдығы күніне қолданылса, осы Келісімде жазылған патент қабілеттілігі өлшемдерін қолданылады; және
(с) (b)-тармақшасында көрсетілген қорғау өлшемдерін қанағаттандыратын өтініштер үшін осы Келісімнің 33-бабына сәйкес өтініш берілген күннен бастап патент берілген немесе патентті қолдану мерзімінің қалған күніне осы Келісімге сәйкес патенттік қорғауды қамтамасыз етеді.
9. Егер өнім 8(а)-тармағына сәйкес мүшедегі патент өтінішінің объектісі болып табылса, VI бөлімнің ережелеріне қарамастан, ДСҰ Келісімі күшіне енгеннен кейін патентке өтініш берілсе, және патент басқа мүшедегі аталған өнімге берілсе, және сатуға рұқсат осындай басқа мүшеден алынған болса, қандай мерзімінің қысқалығына байланысты осы мүшеде сатуға рұқсат алған күннен кейін, немесе өнімге патент берілгенге дейін сатуға айрықша құқықтар бес жылдық кезеңге беріледі.
71-БАП
Келісімнің іске асырылу барысын бақылау және түзетулер енгізу
1. ТРИПС жөніндегі Кеңес осы Келісімді іске асырудың барысын 65-баптың 2-тармағында аталған өтпелі кезең өткеннен кейін қарастырады. Кеңес Келісімді орындау нәтижесінде алынған тәжірибені назарға ала отырып осы күннен кейін екі жылдан соң іске асыру барысын қарастырады және одан кейін әрбір екі жылдан соң осылайша қарастырып отырады. Кеңес, сондай-ақ осы Келісімге өзгерістер немесе түзетулер енгізу үшін негіз болатын соған қатысы бар кез келген жаңа оқиғалардың аясында қарастыруларды жүргізе алады.
2. Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың барынша жоғары деңгейіне байланыстырылатын мақсаттарға қызмет ететін, басқа көп жақты келісімге сәйкес қол жеткізілген және қолданылатын және ДСҰ-ның барлық мүшелерімен аталған келісімдерге сәйкес қабылданған түзетулер ТРИПС жөніндегі Кеңестің консенсусы арқылы қол жеткізілген ұсыныстардың негізінде ДСҰ Келісімнің Х бабының 6-тармағына сәйкес әрекеттерді жүзеге асыру үшін Министрлер Конференциясына берілуі мүмкін.
72-БАП
Ескертпелер
Басқа мүшелердің келісімінсіз осы Келісімнің қандай да болмасын ережесіне қатысты ешқандай да ескертпелер жасалуы мүмкін емес.
73-БАП
Қауіпсіздік тұрғысынан ерекшеліктер
Осы Келісімдегі ешнәрсе де төмендегідей талқыланбауы тиіс:
(а) қандай да бір мүшеге ашылуы оның қауіпсіздігінің елеулі мүдделеріне қайшы келеді деп есептелетін қандай да ақпаратты беру талабы ретінде; немесе
(b) кез келген мүшеге өзінің қауіпсіздігінің елеулі мүдделерін қорғау үшін қажетті деп есептейтін кез-келген әрекеттерді жасауға кедергі келтіру ретінде:
(i) ыдыратылатын материалдарға немесе олар өндірілетін материалдарға қатысты;
(ii) қарумен, оқ-дәрімен және әскери техникамен саудаға қатысты, сондай-ақ қарулы күштерді жабдықтау мақсаттары үшін тікелей немесе жанама жүзеге асырылатын басқа да тауарлар мен материалдармен жасалатын саудаға қатысты;
(iii) егер олар соғыс кезінде немесе халықаралық қатынастардағы басқа да төтенше жағдайларда қабылданса, немесе
(с) кез келген Тарапқа бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтау үшін оның Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша міндеттемелерін орындау үшін кез келген іс-қимылды қабылдауға кедергі ретінде.