Елдің студент жастарының оқу және шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің Арнаулы стипендиясы (бұдан әрі - Арнаулы стипендия) тағайындалсын.
2. Арнаулы стипендияны тағайындау тәртібі туралы ереже бекітілсін (қоса беріледі).
3. Қазақстан Республикасының Білім, мәдени және денсаулық сақтау министрлігі Арнаулы стипендияны беру жөніндегі Конкурстық комиссия құратын болсын.
4. Арнаулы стипендияны тағайындау 1998 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің 1998 жылғы
12 қарашадағы N 4140
өкімімен бекітілген
Қазақстан Республикасы Президентінің
Арнаулы стипендиясын тағайындау
тәртібі туралы ереже
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің Арнаулы стипендиясын (бұдан әрі Арнаулы стипендия) төлеу тәртібін айқындайды.
Арнаулы стипендия ұйымдық-құқықтық негіздері мен бағыныстылығына қарамастан, еліміздегі меншіктің барлық нысанындағы жоғары оқу орындарының студенттеріне тағайындалады.
2. Арнаулы стипендия Қазақстан Республикасы Президентінің академиялық қаламақыларынан құралады және жыл сайын әрқайсысы айына 2000 теңгеден 6 стипендия мөлшерінде белгіленеді.
3. Арнаулы стипендия оқудың барлық кезеңінде жоғары нәтижелерге жеткен, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын, оқу орнының қоғамдық өміріне белсене атсалысатын республика жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімдерінің соңғы курсында оқитын студенттерге тағайындалады.
4. Арнаулы стипендияны тағайындау үшін кандидатураларды жоғары оқу орнының Ғылыми кеңесі ұсынады. Жоғары оқу орнының ректоры қол қойған Ғылыми кеңестің шешімі жыл сайын 15 шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Конкурстық комиссиясына жолданады.
5. Конкурстық комиссияға Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі басшылық етеді. Конкурстық комиссияның құрамына министрлік комитеттерінің төрағалары, жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессорлары, Қазақстан Республикасының белгілі ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері енгізіледі.
6. Конкурстық комиссияның мәжілісі комиссия мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда өкілетті болып есептеледі.
Шешім ашық дауыс беру арқылы және мәжіліске қатысып отырған конкурстық комиссия мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады.
Конкурстық комиссияның отырыстары хаттамалармен ресімделеді.
7. Конкурстық комиссияның төрағасы - Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі жыл сайын 15 тамызға дейін Арнаулы стипендиялар тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне кандидатураларды ұсынады.
8. Арнаулы стипендиялар ай сайын төленіп тұрады. Арнаулы стипендияларды Қазақстан Республикасының Ғылым министрлігі - Ғылым академиясы стипендиаттар оқып жүрген жоғары оқу орындарының шоттарына аударып отырады.
9. Студентті Арнаулы стипендиядан айыру ол қалай тағайындалса, нақ солай тәртіппен жүзеге асырылады.
10. Арнаулы стипендияны иеленетін студенттердің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.