Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Чех Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2012 жылғы 23 қазанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2013 ж., N 1, 5-құжат, СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Чех Республикасының Қорғаныс министрлігі,
бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу қажеттілігін ескере отырып,
өзара құрмет пен сенімділік негізінде ынтымақтастыққа ұмтылысты білдіре отырып,
Тараптар мемлекеттері арасындағы әскери ынтымақтастық салаларын ұзақ мерзімді жоспарлау және айқындау мақсатында, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар әскери саладағы ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және Тараптар мемлекеттерінің халықаралық міндеттемелері шеңберінде дамытады.
2-бап
1. Тараптар ынтымақтастықты әскери қызметтің мынадай салаларында жүзеге асырады:
1) қорғаныстық жоспарлау;
2) қорғаныс саясаты және қарулы күштерді дамыту;
3) бейбітшілікті қолдау және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі операцияларды жүргізу мәселелері бойынша консультациялар;
4) әскери білім беру;
5) әскери ғылым және зерттеу;
6) әскери медицина;
7) өзара келісу бойынша басқа да салалар.
2. Нақты салалардағы ынтымақтастықты жүзеге асыру мақсатында Тараптар жекелеген келісімдер жасасады.
3-бап
Тараптар арасындағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) Тараптар делегацияларының сапарлары;
2) консультациялар мен жұмыс кездесулері шеңберінде тәжірибе алмасу;
3) конференциялар мен семинарларға қатысу;
4) әскери оқу-жаттығуларға қатысу;
5) оқу жобаларына, тағылымдамалар мен курстарға қатысу;
6) өзара келісу бойынша басқа да нысандар.
4-бап
Егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді орындауға байланысты барлық шығыстарды дербес көтереді.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісімді іске асыру шеңберінде алынған ақпаратты қорғауды қамтамасыз етеді. Осы ақпаратты ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз бірде бір Тарап басқа Тараптан алған ақпаратты үшінші Тарапқа бермейді.
6-бап
Осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және/немесе консультациялар жолымен шешеді.
7-бап
1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оған қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы Тараптың бірі басқа Тараптан осы Келісімнің қолданылу мерзімін тоқтатуға оның ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты (6) ай өткеннен кейін қолданылу мерзімін тоқтатады.
3. Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 1998 жылғы 26 мамырдағы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Чех Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери саладағы қарым-қатынастар туралы меморандумның күші жойылды деп саналсын.
2012 жылғы 23 қазанда Прага қаласында әрқайсысы қазақ, чех және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер түпнұсқаға сәйкестігі тұрғысынан бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін шешуші болады.
Қазақстан Республикасының Чех Республикасының
Қорғаныс министрлігі Қорғаныс министрлігі
үшін үшін