(2017 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2017 ж., № 5, 72-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Ресей Федерациясының Есеп палатасы
өзара құрмет, сенім, тең құқылық, әріптестік және ынтымақтастық қағидаттарын негізге ала отырып,
Халықаралық жоғары аудит органдары ұйымының (ИНТОСАИ), Еуропа жоғары аудит органдары ұйымының (ЕВРОСАИ), Азия жоғары аудит органдары ұйымының (АЗОСАИ), ТМД-ға, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесі қызметінің және Тараптар мүше болып табылатын басқа да ынтымақтастық форматтарының ережелерін және негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі шарттың оған мүше мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдарының өзара іс-қимылына қатысты бөлігінде іске асырудың мүдделері үшін ынтымақтастықты дамыту және нығайту қажеттілігін атап өтіп,
сыртқы мемлекеттік аудиттің (бақылау) тиімділігін арттыруға екі жақтың ұмтылысына сүйене отырып,
төмендегілер туралы осы Келісімді жасасты:
1-бап
Тараптар өз құзыреттерінің шегінде әрекет етіп және өз мемлекеттерінің заңнамасы мен халықаралық міндеттемелерін сақтай отырып, осы Келісімге сәйкес ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Тараптар ынтымақтастықты екі жақты негізде де, ИНТОСАИ, ЕВРОСАИ, АЗОСАИ, ТМД-ға, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшыларының кеңесі және ынтымақтастықтың басқа да форматтары шеңберінде де дамытуға ниет білдіреді.
3-бап
Тараптар ынтымақтастығының негізгі бағыттары мен нысандары:
1) тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеу жобалары мен өзара қызығушылық тудыратын, соның ішінде сыртқы мемлекеттік аудиттің (бақылау) негізгі проблемалары бойынша консультациялар, семинарлар, “дөңгелек үстелдер”, конференциялар өткізу мәселелері жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру;
2) кәсіби білім беру және кадрлардың біліктілігін арттыру саласында өзара іс-қимыл, оның шеңберінде Тараптардың әрқайсысы өз қызметкерлерінің кәсіби білімдері мен дағдыларын жетілдіру мақсатында өзара келісу бойынша екінші Тараптың делегацияларын немесе жекелеген өкілдерін, олар тиісінше Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында ұйымдастыратын конференцияларға, семинарларға, тағылымдамаларға және халықаралық сипаттағы басқа да іс-шараларға қатысу үшін шақырады;
3) Тараптардың қызмет саласына жататын ақпараттық-анықтамалық материалдармен, оның ішінде сыртқы мемлекеттік аудит (бақылау) саласындағы стандарттар мен әдіснамалық әзірлемелерімен алмасу;
4) бірлескен немесе қатар бақылау және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар өткізу;
5) бір Тараптың қызметін екінші Тараптың сыртқы бағалауы бойынша іс-шаралар өткізу;
6) көпжақты бірлескен бақылау іс-шараларының шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимыл;
7) осы Келісімнің 1-бабында айқындалған жағдайларды ескере отырып, ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді бағыттары мен нысандары.
4-бап
Осы Келісімнің 3-бабы 4 - 6 тармақтарында көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің 2015 жылғы 7 қазандағы шешімімен бекітілген “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдарымен бірлескен және қатар бақылау және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды (аудит) ұйымдастыру мен жүргізу” стандартын, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің 2015 жылғы 7 қазандағы шешімімен бекітілген “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік қаржылық бақылау (аудит) органдарының қызметін сыртқы бағалау” стандартын және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген басқа да стандарттарды, 2015 жылғы 16 қазандағы Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) туралы ережені, Еуразиялық экономикалық одақ органдарындағы сыртқы аудит (бақылау) стандарттарын, Тараптар ынтымақтастығы шеңберіндегі басқа да халықаралық құжаттарды басшылыққа алады.
5-бап
Тараптар өзара келісу бойынша бір-біріне бірлескен немесе қатар бақылау және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар, қызметті сыртқы бағалау бойынша іс-шаралардың материалдарын, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру шеңберінде өзге де ақпаратты береді.
Ақпаратпен алмасу кезінде ақпаратты жіберіп отырған және мұндай ақпарат келіп түскен Тарап, мемлекеттік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны қорғау туралы өз мемлекетінің заңнамасын басшылыққа алады.
Ақпарат алу кезінде, оған ақпарат келіп түскен Тарап өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес бұл ақпарат ашық болып табылатын жағдайларды қоспағанда, оның құпиялылығына кепілдік береді.
Егер Тараптардың біреуінің пікірінше, ақпарат беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өз мемлекетінің өзге де елеулі мүдделеріне нұқсан келтіретін болса немесе мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны бұзуға әкеп соғатын болса, онда ол мұндай ақпарат беруден толық немесе ішінара бас тарта алады.
Ақпарат беруден бас тартқан жағдайда, басқа Тарапқа ол туралы шешім бас тартудың себебін көрсете отырып жіберіледі.
6-бап
Осы Келісімнің шеңберінде іс-шараларды өткізу барысында, егер Тараптардың алдын ала келісімімен басқаша көзделмесе, Тараптардың әрқайсысы өз делегациясының немесе жеке қызметкерлердің іссапар шығындарын жүзеге асырады.
7-бап
Осы Келісім шеңберінде Тараптар ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жазбаша немесе ауызша қарым-қатынас үшін орыс тілін пайдаланады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолданылумен байланысты туындайтын келіспеушіліктер консультациялар және келіссөздер арқылы шешіледі.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
10-бап
1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа тиісті жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Бұл жағдайда Келісім өз қолданысын осындай хабарламаны алған күннен бастап бір ай өткен соң тоқтатады.
2. Осы Келісімнің қолданысы бірлескен немесе қатар бақылау және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды, сыртқы қызметті бағалау бойынша іс-шараларды өткізу кезінде тоқтатылуы мүмкін емес.
3. Келісім күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мен Ресей Федерациясының Есеп палатасы арасындағы 2004 жылғы 2 желтоқсандағы Ынтымақтастық туралы келісімнің күші жойылды деп танылады.
Әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада 2017 жылы 5 қыркүйекте Баку қаласында қол қойылды, бұл ретте барлық мәтіннің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының | Ресей Федерациясының |
Республикалық бюджеттің | Есеп палатасының Төрағасы |
атқарылуын бақылау жөніндегі | Т.А. Голикова |
есеп комитетінің Төрағасы | |
Н.Қ. Әбдібеков |