Бас Ассамблея,
мүше мемлекеттердің Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес өмір сүру деңгейін көтеруге, толықтай жұмыспен қамтуға және экономикалық, әлеуметтік салалардың ілгерілеуі мен дамуы үшін жағдай жасауға көмек көрсету мақсатында Ұйыммен ынтымақтастық орнатуда бірігіп, сонымен қатар жекеше түрде әрекет ету міндеттемелерін ұғына отырып,
Жарғыда жарияланған адам құқықтары мен негізгі бостандықтарына, сондай-ақ әлемдік қағидаларға, адамның жеке басы мен әлеуметтік әділдіктің артықшылықтары мен құндылықтарына сенімін қайта растай отырып,
адам құқықтарының Жалпыға ортақ декларациясының, адам құқықтары туралы Халықаралық пактілердің, бала құқықтары туралы Декларацияның қағидалары туралы, сонымен қатар Халықаралық еңбек ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі мәселелер бойынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорының және тағы басқа да мүдделі ұйымдардың конституциялық актілерінде, конвенцияларында, ұсыныстары мен қарарларында жарияланған әлеуметтік ілгерілеу нормаларына жүгіне отырып,
Әлеуметтік ілгерілеу мен даму Декларациясында физикалық және ақыл-ес кемтарлығына душар болған адамдардың құқықтарын қорғау, әл-ауқатын қамтамасыз ету және еңбекке жарамдылық қабілетін қалпына келтіру қажеттіліктері жарияланатынына ерекше назар аудара отырып,
ақыл-есі кем тұлғаларға түрлі қызмет салаларында өз қабілеттерін дамытуда жәрдем көрсету қажеттіліктерін, сонымен қатар мүмкіндігінше оларды күнделікті өмірге араластыруға қолғабыс ету қажеттілігін ескере отырып,
кейбір елдердің дамудың бұл кезеңінде мұндай аталмыш мақсаттарға тек шектеулі ғана күш жұмсайтынын мойындай отырып,
осы ақыл-есі кем тұлғалардың құқықтары туралы Декларацияны жариялай отырып, Декларацияны келесідей құқықтарды қорғауда ұстанатын нұсқаулық негізінде және сол құқықтардың жалпы негізі қызметін атқаратын деңгейге жеткізу мақсатында ұлттық және халықаралық жоспар негізінде шаралар қолдануды сұрайды:
1. Ақыл-есі кем тұлғалар максималды деңгейде басқа да адамдар секілді сондай құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;
2. Ақыл-есі кем тұлға тиісті түрде медициналық қызметке және ем алуға құқылы, сондай-ақ өз қабілеттері мен бар мүмкіндіктерін дамытуға мүмкіндік беретіндей білім алуға, оқуға, еңбекке жарамдылығын қалпына келтіруге және қамқорлыққа құқылы.
3. Ақыл-есі кем тұлға материалдық қамтамасыздандырылуға және қанағаттанарлықтай өмір сүру деңгейіне құқылы. Мүмкіндігі толықтай жеткенше өнімді еңбек етуге немесе қандай да бір басқа да пайдалы іспен шұғылдануға құқылы.
4. Мүмкін болған жағдайларда, ақыл-есі кем тұлға өз отбасының ортасында немесе асыраушы отбасыен бірге тұрып, қоғам өмірінің түрлі нысандарына қатысуы тиіс. Мұндай тұлғалардың отбасыларына көмек көрсетілуі тиіс. Қажет болған жағдайда мұндай адамдар арнайы мекемелерге орналастырылатын болса жаңа ортасының және өмір сүру жағдайлары әдеттегі қалыпты өмір сүру жағдайларынан ерекшелігі кем де кем болуы тиіс.
5. Ақыл-есі кем тұлғаның оның жеке басының әл-ауқатын және мүдделерін қорғау үшін қажет болған жағдайларда білікті қамқоршының қызметтерін пайдалануға құқығы бар.
6. Ақыл-есі кем тұлға эксплуатациядан, асыра пайдаланудан және ар-намысына тиетін іс-әрекеттен қорғануға құқылы. Қандай да бір белгілі теріс іс-әрекет ету салдарынан соттық қудалауға ұшыраған жағдайда ақыл-есінің даму деңгейін толықтай ескерілуімен заңдылықты тиісті түрде жүзеге асыруға құқығы бар.
7. Мүгедектілік сипаты ауыр болу салдарынан ақыл-есі кем тұлға өзінің барлық құқықтарын тиісті түрде жүзеге асыра алмаса немесе осындай құқықтардың кейбірін немесе барлығын шектеу немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда, онда мұндай шектеулер немесе жоққа шығару рәсімдері мақсатында қолданылатын іс-шаралар кез-келген асыра пайдаланулардан қорғау үшін тиісті түрдегі құқықтық кепілдіктерді де қарастыруы қажет. Мұндай іс-шаралар білікті мамандардың ақыл-есі кем тұлғаның қоғамға пайдалы барлық мүмкіндіктерін бағалауына негізделіп, жоғарғы инстанцияларға белгілі бір мерзім аралығында қайта қарауға өтініш беру және апелляция беру құқығы да қарастырылуы тиіс.