1994 жылғы 2 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрі Жақтар деп аталатын Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Болгария Республикасы Үкіметі:
екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың зор маңызын түсіне отырып,
екі мемлекеттің қоғамдық-экономикалық өмірінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерді ескеріп,
егемен теңдік, өзара тиімділік принциптерін және халықаралық құқықтың жалпы танылған басқа да принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
1. Екі Жақ мына төмендегілерге қатысты барлық мәселелер де бір-біріне мейлінше қолайлылық режимін жасайды:
импорт пен экспортқа немесе соларға байланысты салынатын кедендік баж салығы мен кез келген алым түрлері, оның ішінде осындай баж салықтары мен алымдарды өндіріп алудың әдісі;
импорт пен экспорттың ақысын төлеу және мұндай төлемдерді халықаралық аудару әдістері;
импорт пен экспортқа қатысты ережелер мен ресми істер, бұларға кедендік тазартуға, транзитке, қоймаларға салуға және қайта тиеуге қатыстылары да жатады;
импортталатын тауарларға тікелей немесе жанамалап қолданылатын салықтар мен басқа да кез келген ішкі алымдар;
ішкі рынокта сатуға, сатып алуға, тасымалдауға, бөлуге, сақтауға және пайдалануға қатысты ережелер.
2. 1-пункттің ережелері мына төмендегілерге қолданылмайды:
шекара бойында сауданы жеңілдету үшін әр Жақтың көрші елдердің пайдалануына арнап жасалған немесе жасауы мүмкін артықшылықтары;
екі Жақтың әрқайсысының қазіргі бар немесе келешекте құрылуы мүмкін кедендік одақтарға немесе еркін сауда аймақтарына мүшелігінен туындайтын артықшылықтар;
тарифтер және сауда туралы Бас Келісімге (ГАТТ) сәйкес үшінші бір елдерге жасалатын артықшылықтар және ГАТТ-пен басқа да халықаралық келісімдерге сәйкес дамушы елдерге жасалатын артықшылықтар.
2-бап
Тауарлар беру мен қызметтер көрсету бұдан әрі "субъектілер" деп аталатын, сыртқы экономикалық қызмет атқаруға құқысы бар заңды мекемелер мен адамдар арасында осы Келісімнің ережелеріне және әр елдің заңдарына сәйкес жасалған келісім-шарттар негізінде жүзеге асырылатын болады.
3-бап
Тауарлар беру және қызметтер көрсету үшін барлық есеп айырысу және төлемдер халықаралық рыноктардағы бағалар және халықаралық сауда, қаржы және банкі практикасында қабылданған шарттар бойынша еркін конвертирленетін валюта арқылы жүзеге асырылатын болады.
4-бап
Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасының өкілетті білікті органдары, егер қажетті болса, субъектілерге өздерінің арасында жасалған келісім-шарттар бойынша тауарлар беруі және қызметтер көрсетуі үшін өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес дер кезінде лицензиялар беріп отыратын болады.
5-бап
Екі Жақ ақпараттар, атап айтқанда сауда-экономикалық және валюта-қаржы қатынастарына қатысты заңдар мен басқа да нормативтік актілер саласында ақпараттар алмасуды жүзеге асыру кезінде, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесетін жәрмеңкелер, көрмелер және басқа да шараларды ұйымдастыруда бір-біріне көмек көрсетіп отыратын болады.
6-бап
Әр Жақ өзінің заңдарына сәйкес өз территориясында екінші Жақтың сыртқы экономикалық ұйымдарының өкілеттері ашылуына және қызмет істеуіне, сондай-ақ екі елдің сауда делегацияларын алмасып отыруына жәрдемдесетін болады.
7-бап
Екі Жақ әрқайсысының өз заңдарына сәйкес өндірістің кооперациялауын ұлғайтуға, бірлескен кәсіпорындар құрылуына, ынтымақтастықтың басқа да түрлерін дамытуға және енгізуге жәрдемдесетін болады.
8-бап
Екі Жақ ғылым мен техника, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, ғылыми және техникалық құжаттамалар алмасу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көмек көрсетіп отыратын болады.
Екі Жақ алдымен төмендегі бағыттарға ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері бар екеніне келісті:
- қайта өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі;
- фармацевтика өнеркәсібі;
- көлік, байланыс және телекоммуникациялық жүйелер;
- ауыл шаруашылығы;
- туризм.
9-бап
Екі Жақтың елдері арқылы жүктер мен жолаушыларды тасымалдау және транзит өз алдына бөлек келісім бойынша айқындалатын болады.
10-бап
Осы Келісімнің орындалу барысын қарастыру үшін екі Жақтың өкілетті өкілдері алма-кезек Алматы мен Софияда кездесулер өткізіп тұратын болады, ал қажетті болған жағдайда тиісті шаралар қолданады.
11-бап
Екі Жақ осы Келісімнің орындалу барысын қарастыру және сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту жөнінде нақты шаралар қолданып отыру үшін сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Комиссия құруға келісті.
12-бап
Екі Жақ Субъектілері арасындағы даулар келісім-шарт жасасқан Жақтар арасындағы келісім-шарттарға немесе жекелеген жазбаша келісімдерде айтылған уағдаластықтарға сәйкес шешіліп отыратын болады.
Туындаған дау жөніндегі төрелік соттың шешімдерін екі Жақтың Субъектілері міндетті түрде орындаулары тиіс.
Әр Жақтың өз елінің территориясында төрелік соттың шешімдерін қолданатын және орындататын пәрменді құралдар болуын қамтамасыз етеді.
13-бап
Бұл Келісімге екі Жақтың келісуімен өзгертулер немесе толықтырулар енгізіле алады.
14-бап
Бұл Келісім екі Жақ ноталар алмасып, келісімнің күшіне енуі үшін қажетті ресми заңды істердің орындалғаны туралы бір-бірін хабардар еткеннен кейін күшіне енеді және бес жыл мерзім бойына қолданылатын болады.
Бұдан кейін, егер екі Жақтың бір де бірі Келісімнің қолданылу мерзімі аяқталардан алты ай бұрын оның күшін тоқтатпақшы екенін жазбаша түрде хабарламаса, бұл Келісім күшінде қалып, оның қолданылу мерзімі әрбір келесі бес жылға өз-өзінен-ақ жалғаса береді.
Бұл Келісім екі Жақтың қайсысының болса да мәлімдемесі бойынша бұзылуы мүмкін және оның бұзылатынын хабардар еткен нота алынған күннен кейін алты ай өткен соң күшінен айырылады.
Осы Келісімнің қолданылу күші жойылған жағдайда, оның ережелері осы Келісімге сәйкес жасалған барлық келісім-шарттарға, олардың осы Келісім қалдырылған кезде туындап, Келісімнің күші жойылғанға дейін орындалмай қалған міндеттемелеріне қолданыла береді.
1993 жылғы 30 шілдеде Алматы қаласында, әрқайсысы қазақ, болгар және орыс тілінде түпнұсқа екі дана етіп жасалды және текстердің бәрінің де күші бірдей.
(Қолдары)