*Декларация қол қойылған күнінен бастап күшіне енді
Бұдан әрі қарай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Румыния,
достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,
екі егеменді мемлекет арасындағы әріптестіктің өзара тиімді қарым-қатынастарын нығайтуға тілек білдіре отырып;
әріптестік қарым-қатынастарды дамыту саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы ынтымақтастықтың кеңеюіне мүмкіндік туғызатындығына және өз аймақтарындағы бейбітшілік және тұрақтылық мүдделері үшін екі елдің материалдық және интеллектуалдық ресурстарын толық пайдалануға мүмкіндік жасайтындығына нық сенімді бола отырып;
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының принциптері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның тиісті құжаттарына адалдықтарын растай отырып,
төмендегілер жөнінде мәлімдейді:
1. Тараптар өз қатынастарын тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық және екі мемлекеттің шекараларын бұзбаушылық принциптерін сақтауға негізделген өзара құрмет, сенім және әріптестік рухында дамытатын болады.
Тараптар демократияның жалпыға ортақ құндылықтарын, адам құқықтарын сақтауды және нарықтық экономиканы өздерінің қолдайтындықтарын тағы да растайды.
Тараптар екі мемлекеттің демократиялық құрылымдарын құру мен нарықтық экономика механизмдерін дамыту мүдделері үшін қабылданып жатқан іс-қимылдарға өзара қолдау көрсететін болады.
Тараптар екі жақты негізде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде ынтымақтасатын болады.
Қазақстан тарапы 2001 жылы ЭҚЫҰ-да Румынияның төрағалық ету кандидатурасын өзінің қуаттайтындығын білдірді.
Румын тарапы Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымының толық мүшесі болуға кандидатурасын және Қара теңіз ынтымақтастық ұйымы мен Дунай комиссиясында бақылаушы ретінде қатысу ұмтылысына өзінің қолдауын білдірді.
2. Тараптар мемлекеттер аумағының тұтастығын және адам құқықтарын құрметтеу принциптеріне адалдықтарын растай отырып, барлық дауларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның принциптеріне сәйкес тек бейбіт құралдармен шешуді жақтайды.
Тараптар сенім мен қауіпсіздікті орнату туралы жалпы еуропалық уағдаластықтарды өмірге енгізу және тиісті уағдаластықтардан туындайтын міндеттемелердің орындалуы жөніндегі өз ерік-жігерлерін білдіреді.
3. Тараптар ЭҚЫҰ-ның барлық кеңістігінде сенім және қауіпсіздік ахуалын нығайту мақсатындағы еуропалық және еуроатлантикалық саяси және экономикалық интеграция процесінде бір-біріне жәрдем көрсететін болады, сондай-ақ шиеленістерді тез арада бейбіт жолмен реттеуге әрі шиеленістердің жаңа ошақтарының пайда болуын болдырмауға ұмтылатын болады.
Екі мемлекет екі жақты және көп жақты, атап айтқанда, қауіпсіздік пен аймақтық тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқаруға қызмет ететін Еуроатлантикалық әріптестік кеңесі мен НАТО-ның "Бейбітшілік жолындағы әріптестік" бағдарламасы шеңберінде ынтымақтастыққа ерекше мән береді.
4. Тараптар әртүрлі деңгейдегі саяси диалогты, үкіметаралық және парламентаралық байланыстарды дамытуға жәрдемдесетін болады әрі екі жақты және халықаралық проблемалар жөнінде консультациялар өткізеді. Тараптар қол қойылған Хаттамаға сәйкес Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар мен ынтымақтастықты күшейтуге келісті.
Қазақстан тарапы Бухарестте тұрақты дипломатиялық миссия ашу туралы өз шешімін растады.
5. Тараптар өзара тиімді, соның ішінде, нарықтық принциптерге негізделген сауда ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесетін болады және инвестициялар мен технологияларды қорғауды қоса алғанда, осындай ынтымақтастыққа қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында іс-қимылдарға кіріседі.
Тараптар шағын және орта кәсіпорындардың ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке фирмалар арасындағы кооперацияға жәрдемдеседі, сондай-ақ кадрларды даярлау мен нарықтық экономиканы дамытуда тәжірибе алмасады және өзара көмек көрсетеді.
Олар сауда айырбасы көлемін едәуір арттыру және екі жақты экономикалық ынтымақтастық мақсатында екі елдің іскер және қаржы топтары арасындағы байланыстарды көтермелейтін болады.
Осыған орай, Тараптар қазақстан-румын үкіметаралық комиссиясы екінші сессиясының нәтижелерін (Алматы, 1998 жылғы 26-27 маусым), экономикалық миссиялармен алмасуды жүзеге асыру, бірлескен сауда-өнеркәсіптік палатасын және Қазақстан Республикасы - Румыния іскерлік клубын құру шешімін оң бағалайды.
Тараптар контрактілер мен екі жақты уағдаластықтарды келісу және жүзеге асыру жолымен екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды мынадай салаларда тереңдетуге жәрдемдесетін болады, атап айтқанда:
- бірлескен кәсіпорындар құру және қазақстандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын жетілдіруге әрі қайта жаңартуға қатысу;
- мұнай құрал-жабдықтары мен мұнай химиясы құрал-жабдықтарын, сондай-ақ металлургия өнеркәсібі құралдары мен қосалқы бөлшектерін жеткізу;
- мұнай мен газ экспортының баламалы маршруттарын зерделеу;
- өндіріс, сауда және қызмет көрсетулер салаларында бірлескен кәсіпорындар құру;
- энергетикалық объектілерді бірлесіп салу;
- инвестицияларды, технологиялар мен патенттерді, сондай-ақ интеллектуалдық меншік құқығын қорғау жөніндегі жаңа заң құжаттарын жасасу;
- шағын және орта бизнеске қолдау көрсету қажеттігін ескере отырып, қаржы-банк мекемелері арасындағы ынтымақтастық.
6. Тараптар көлік қатынастары және оларға байланысты инфрақұрылым саласында ынтымақтасатын болады. Тараптар мультимодальдық көлік жөніндегі келісімді әзірлеуге және қол қоюға келісті. Тараптар телекоммуникациялық байланысты жетілдіру және дамыту жөнінде қадамдар жасайтын болады.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды құралы болып табылатын еуроазиялық көлік дәлізін құруға және оның қызмет етуіне ерекше маңыз береді және осы дәліздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді қолдайды.
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Румынияның қауіпсіз жағдайларда тауарлар мен қызмет көрсетулердің қалыпты транзиті үшін екі бағыттағы трансконтиненталдық маршрутты дамыту ісіндегі маңызды рөлін атап көрсетті.
Тараптар Еуроодақ тарапынан көмек бағдарламаларын барынша пайдалану арқылы Еуропалық Одақтың қолдауымен ТРАСЕКА және ИНОГЕЙТ жобаларын табысты аяқтау мақсатында тығыз ынтымақтасуды ұйғарды.
Қазақстан тарапы көліктің оңтүстік-шығыс еуропалық желісінің жобасын нақтылау және Каспий мұнайын өңдеу ісінде Констанца порты мен румын мұнай өнеркәсібінің мүмкіндіктеріне қызығушылықпен қарайды. Констанца-Триест магистралды құбыр жүргізу жобасының артықшылығын зерттеу жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құру ұйғарылды.
Румын тарапы қазақстандық тарапты Қазақстан мұнайын Румыния мұнай өңдеу заводтарында өңдеу мүмкіндіктері туралы хабардар етті.
7. Екі мемлекет қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың аймақтық және халықаралық бағдарламаларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
8. Тараптар мәдениет, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету, хабарнама мемлекеттік ұйымдары мен институттары арасындағы және мемлекеттік емес ұйымдардың тікелей байланыстарын орнатуға жәрдемдесетін болады.
Тараптар менеджерлер мен ғылыми-техникалық қызметкерлерді даярлау саласында тәжірибе алмасады және өзара қолдау көрсетеді.
Тараптар екі мемлекеттің мәдениеті мен тілдерін өзара үйрену, екінші елдің әдебиетін тарату саласындағы ынтымақтастыққа, зерттеушілер, шығармашылық интеллигенциясы арасындағы, баспасөз, телерадиохабар және кинематография өкілдері арасындағы байланыстар мен қатынастарды күшейтуге жәрдемдесетін болады.
Тараптар сондай-ақ жастар және спорт саласы бойынша ақпарат алмасуға, екі елдің азаматтары, кәсіби қоғамдар мен басқа да үкіметтік емес ұйымдары арасындағы байланыстарға жәрдемдеседі.
Тараптар азаматтардың іскерлік және кәсіби мақсаттардағы байланыстарын және туристік бағыт бойынша, топ болып немесе жеке өзара сапарларын дамытуға қолдау көрсетеді.
9. Тараптар тегі румын Қазақстан азаматтары және тегі қазақ Румын азаматтарының этникалық, мәдени, тіл және діні жағынан ерекшелігін сақтау үшін теңдік негізінде және кемсітушіліксіз, жалпыға ортақ халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтарын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасайтын болады.
10. Тараптар екі жақты деңгейде, сондай-ақ аймақтық және басқа халықаралық ұйымдар шеңберінде бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылыққа қауіп төндіруге, ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияға, халықаралық терроризмге, есірткілердің, өнер шығармаларының, қару-жарақтың, басқа да тыйым салынған заттардың, жалған құжаттардың айналымына, сондай-ақ заңсыз көшіп-қонуға қарсы күресте тығыз ынтымақтасатын болады.
11. Мемлекеттердің әрқайсысының үшінші тараппен жеке өзі жасаған екі жақты және көп жақты халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтары мен міндеттемелеріне осы Декларацияның қатысы жоқ.
1998 жылғы 21 қыркүйекте Бухарест қаласында, екі данада, әрқайсысы қазақ, румын және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Декларация ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
(Қолдары)