Ескерту. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009.05.12 N 691 Қаулысымен .
"Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 490-І Z990490_ Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары салалық және аймақтық әлеуметтiк-экономикалық бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2001 жылғы 31 қаңтардағы
N 160 қаулысымен мақұлданған
Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты
дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған
тұжырымдамасы
Кiрiспе
Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрi - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасының "Дене шынықтыру және спорт туралы" 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 490-І Z990490_ Заңына сәйкес әзiрлендi және ол Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың негiзгi бағыттарын айқындайды.
"Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамытудың 1996-2000 жылдарға арналған мемлекеттік U963276_ бағдарламасын" iске асыру нәтижесiнде елiмiзде дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың саны 24,1 пайызға өсiп, 1035868 адамды құрады.
Павлодарда, Шымкентте, Өскеменде, Петропавлда, Степногорда, Қызылордада спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттар ашылып, қазiргi уақытта оларда 2385 болашағы бар жас спортшы спортпен шұғылдануда. Балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектептерiнiң саны арта түскенi байқалды. Қазiргi уақытта республикада 116687 оқушысы бар 271 спорт мектебi жұмыс істейдi.
Жалпы бiлiм беретiн мектептердiң оқу күнiнiң режимiне денсаулық сағаттары, қозғалыс үзiлiстерi, "дене шынықтыру үзiлiстерi", "дене шынықтыру минуттары" енгізiлген. Жалпы бiлiм беретiн мектептерде дене шынықтыру бойынша аптасына үшiншi сабақ енгізiлуде. Республикада ведомстволық жарыстар мен спартакиадалар өткiзу iсi басталды. Энергетиктердiң, металлургтардың, темiр жол көлiгi қызметкерлерiнiң республикалық спартакиадалары кеңiнен тарай бастады, оқушылар спартакиадаларын, студенттiк универсиадалар, мемлекеттiк қызметшiлердiң спартакиадаларын өткiзу қайта жанданды. Халықтың дене дайындығына президенттiк сынамалар енгiзу жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде, Президенттiк көпсайыстың қысқы және жазғы түрлерi бойынша тұрақты түрде республикалық жарыстар өткiзiледi.
Халықтың әртүрлі жіктерін дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту, спорт ғимараттарына халықтың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiстi қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк құқықтық базасын жасау арқылы салауатты өмiр салтын қалыптастыру принциптерi Тұжырымдаманың негізiне алынды.
1. Проблеманың қазiргi жай-күйiне қысқаша сипаттама
Белгiлi бiр оң нәтижелерiне қарамастан, дене шынықтыру мен спортты дамытуда елеулi проблемалар орын алып отыр.
Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарының, дене шынықтыру және спорт мамандарының, спорттық-туристiк мақсаттағы тауарлардың жетiспеушiлiгi өткiр сипатта.
Ұйымдар мен мекемелерде, сондай-ақ халықтың тұрғылықты және демалыс орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және профилактикалық жұмыстар тиiстi деңгейде жолға қойылмаған.
Жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-спорт базалары мен спорт ғимараттары барынша толық және үздiксiз жұмыс істегенде халықтың тек 20 пайызының шұғылдануын қамтамасыз ете алады, ал дене шынықтыру мамандарының жетекшiлiгімен шұғылдану мүмкiндiгі халықтың тек 12-15 пайызында бар. Халықаралық деңгейдегi спортшыларды даярлау үшiн қажеттi жағдай жасалмаған. Ғылыми-зерттеу және ғылыми спорт базасы, қазiргi заманғы спорттық медициналық орталық, сапалы допингке қарсы қызмет, олимпиадаға даярлаудың кешендi орталықтары жоқ.
Жалпы, орта бiлiм беретiн ұйымдардың оқушыларына арналған дене шынықтыру жөнiндегi оқу сабақтарының көлемi ғылыми негізделген нормативтерден 3-4 есе төмен.
Балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi мен балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру даярлығы клубтарының қолда бар желiсi балалар мен жасөспiрiмдердiң дене шынықтыру және спорт жаттығуларына деген мұқтажын қанағаттандырмайды, мектеп жасындағы балалардың тек 7%-нiң ғана балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiндегi сабақтарға қатысу мүмкiндiгi бар.
Осыған байланысты, халық арасында бұқаралық спортты дамыту мен дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жандандыру жөнiнде нақты шаралар қабылдау талап етiлiп отыр.
2. Тұжырымдаманың негiзгi мақсаттары мен мiндеттерi
Тұжырымдаманың негізгi мақсаты - "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Z990490_ Заңын iске асыру, дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы қоғамда салауатты өмiр салты қағидаттарын енгiзу, халықаралық спорт алаңында Қазақстан Республикасының жоғары спорттық беделiн орнықтыра алатын тиiмдi, пәрмендi шаралар кешенін әзiрлеу.
Осы мақсатқа жету үшiн мынадай мiндеттердi шешу қажет:
1) дене шынықтырудың және спорттың материалдық-техникалық базасын нығайту мен дамыту, спорт ғимараттарына халықтың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету;
2) денсаулық жағдайын жақсарту және спорттық резервтi даярлау мақсатында балалар-жасөспiрiмдер спортын дамыту, балалар мен жасөспiрiмдердi спорт секцияларындағы және балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiндегi сабақтарға тарту;
3) оқушылар мен студенттердi оқыту процесiнiң мiндеттi үлгiсi ретiнде дене тәрбиесiн қамтамасыз етудiң әдiстемелiк бағдарламасын әзiрлеу, дене шынықтырудың кәсiптiк-қолданбалы кешенiн, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызметтiң жаңа түрiн енгiзу;
4) халықпен жұмыс істеуге бағытталған дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерi және спорт клубтарының жұмысын жандандыру;
5) кәсiптiк, қолданбалы, халық және ұлттық спорт түрлерiн дамыту;
6) спорттық резервтi және халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлау.
3. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру және спортты
дамытудың негiзгi бағыттары
Дене тәрбиесi және халыққа бiлiм берудiң мiндеттерiн шешу барысында мемлекеттiң қазiргi әлеуметтiк-экономикалық жағдайы, республика аймақтарының климаттық және жағрапиялық ерекшелiктерi, жеке адамның дене ерекшелiктерi мен еңбек қызметiнiң сипаты, сондай-ақ адамның денесiнiң жетiлуi мен жоғары жетiстiктер спортын дамытудың келешегi ескерiлуi тиiс.
Халықтың дене тәрбиесiн қайта құру және оңтайландыру процесi мынадай бағыттарда жүзеге асырылуы тиiс:
денсаулықты нығайтуды, қажеттi ширақ қимыл-қозғалысты қалыптастыруды қамтамасыз ететiн мектепке дейiнгi және мектептегi орта және жоғары кәсiптiк бiлiм беруде дене шынықтыру сабақтарын жетiлдiру;
еңбек және демалысты ұйымдастыру жүйесiне жұмыс берушiлер мен еңбек ұжымдарының арасындағы ұжымдық шарттар арқылы дене шынықтыру мен спортты енгiзу; кәсiптiк қызметтi, жас ерекшелiктерiн ескере отырып, кәсiптiк-қолданбалы спорт түрлерiн енгiзу;
белсендi өмiр сүру жасын ұзарту, еңбекке жарамсыз азаматтарды дене шынықтыру жаттығуларына тарту мақсатында егде жастағы адамдардың қимыл-қозғалысының ширақтығының режимiн оңтайландыру үшiн дене шынықтыру және спорт құралдарын тиiмдi пайдалану жөнiнде шаралар әзiрлеу;
халықтың мүдделерiн кеңiнен ескеретiн халқы аз елдi мекендердегi дене шынықтыру-сауықтыру жұмысы орталықтарында, диспансерлiк және қонсультативтiк қызметтерде дене шынықтыру-сауықтыру топтарын, секцияларын, спорт клубтарын, денсаулық орталықтарының желiсiн ұйымдастыру;
жастарды кәсiптiк бағдарлап даярлау және жасөспiрiмдердi Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiндегi қызметке дайындау мақсатында техникалық және қолданбалы спорт түрлерiн дамыту;
мүгедектер арасында оларды оңалту және қимыл-қозғалысының ширақтығын арттырудың бiрден бiр құралы ретiнде дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын ұйымдастыру;
ұлттық спорт түрлерi және халық ойындарын дамыту, оларды қазiргi заманғы дене тәрбиесi жүйесiне енгiзу;
халықаралық дәрежедегi спортшыларды даярлаудың негiзгi буыны ретiнде облыс орталықтарында спорт түрлерi бойынша спорт клубтарын ұйымдастыру;
республика ұлттық құрама командаларын әлем, Азия чемпионаттары, Олимпиада және Азия ойындарын қоса алғанда халықаралық жарыстарға, басқа да халықаралық кешендi спорт жарыстарына даярлау және қатыстыру;
дене шынықтыру және спорт кадрларын даярлау және қайта даярлау;
балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар желiсiн дамыту;
спорттық резерв пен халықаралық дәрежедегi спортшыларды даярлау;
дене шынықтыру және спорттың материалдық-техникалық базасын дамыту;
халықты ақпараттық қамтамасыз ету;
саланың нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру.
Таяудағы бес жыл iшiнде мектеп жасына дейiнгi балаларға отбасында, жалпы, орта бастауыш орта кәсiптiк бiлiм ұйымдарының оқушыларына, жоғары кәсiптiк оқу орындарының студенттерiне арналған дене тәрбиесi жөнiндегi әдiстемелiк оқу құралдары мен оқулықтарды әзiрлеу және көпшiлiк таралыммен шығару жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу қажет. Қазақстан спортшыларының кәсiптiк шеберлiгiн арттыру мақсатында 2002 жылдан бастап жоғары жетiстiктер спорты саласында әртүрлi жастағы және спорт түрлерiндегi спортшылармен оқу-жаттықтыру процесiн теориялық және әдiстемелiк қамтамасыз етудi қамтитын ғылыми зерттеулердi жүзеге асыру көзделiп отыр.
Салауатты өмір салтының маңызды элементi ретiнде соңғы уақытта халықтың спортқа қызығушылығының артуына байланысты, халық арасында дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы сауықтыру және бастапқы оңалту жұмыстарын қамтамасыз ететiн сауықтыру және оңалту орталықтарын, пункттерін, диагностика-консультациялық пункттер мен кабинеттерді ұйымдастыру қажет.
Мүмкiндiгiнше мүгедектердiң спорт объектiлерiнде спортпен шұғылдануы үшiн барынша қолайлы жағдай жасау қажет, атап айтқанда, мүгедектер арбалары үшiн ыңғайлы кiреберiстер жасау, арнайы жабдықтар мен тренажерлар сатып алу, мүгедектермен жұмыс жүргiзуге ерiктi көмекшiлердi тарту.
Республикадағы дене шынықтыру-спорт қозғалысын дамыту барысында олимпиада резервiн даярлаудың аймақтық орталықтарын, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды, республикалық олимпиадалық спорт базаны құруға, жұмыс iстеп тұрған спорт ғимараттары мен спорт алаңдарын жаңартуға және қайта қалпына келтiрумен жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерiнде ойын және серуен алаңдарын, жүгiруге арналған жолдарды, велосипед және шаңғы трассаларын жоспарлау мен салуға айрықша назар аудару қажет, өйткенi олар әрбiр адамның спорт әлемiн танып-бiлуi, тұратын жерiнде өз бетiнше дене шынықтыру жаттығуларымен айналысуға дағдылануы жолындағы алғашқы спорт объектiлерi болып табылады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-насихат жұмысын жүргiзбей халықты спортпен шұғылдануға тарту мүмкiн емес. Осы мақсатта 2001 жылдан бастап, дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы салауатты өмiр салтын насихаттауға бағытталған арнаулы басылымдар, көркем бейнероликтер, плакаттар, бүктемелер, күнтiзбелер, белгiшелер шығару жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру қажет, ал 2002 жылы республикалық теледидардың орталық арналарының бiрiнен "Қазақстан спорты" хабарын эфирге шығару көзделуге тиiс.
4. Осы тұжырымдаманы iске асырудың кезеңдерi
Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың Тұжырымдамасы 2 кезеңде жүзеге асырылады.
Бiрiншi кезеңде негiзгi күш-жiгер мыналарға:
1) "Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2001-2005 жылдардағы кезеңге арналған мемлекеттiк бағдарламасын" әзiрлеуге және iске асыруға;
2) жергiлiктi бюджеттiк қаражат және бюджеттен тыс көздер қаражаты есебiнен балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiнiң, олимпиадалық дайындық орталықтарының қосымша желiсiн ұйымдастыруға;
3) дене тәрбиесi процестерiн бағдарламалық-әдiстемелiк қамтамасыз етудi әзiрлеуге;
4) дене тәрбиесi құралдары арқылы салауатты өмiр салты қағидаттарын енгiзу бағдарламасын әзiрлеуге;
5) жалпы бiлiм беретiн мектептерде дене тәрбиесi бойынша аптасына үшiншi сағаттық, орта кәсiптiк және жоғары кәсiптiк оқу орындарының 3-4 курстарында аптасына екi сағаттық сабақ енгiзуге;
6) республиканың облыстарында, қалаларында, аудандарында жергiлiктi бюджет есебiнен дене шынықтыру және спорт жөнiндегi басқару органдары құрылымдарын жетiлдiруге;
7) ұлттық спорт түрлерi мен халық ойындарын дамытудың аймақтық бағдарламаларын жасауға;
8) дене шынықтыруды және жоғары жетiстiктер спортын ғылыми зерттеумен қамтамасыз етуге;
9) халықтың көп тұратын және демалатын орындарында ең қарапайым спорт ғимараттарын салуға бағытталады.
Екiншi кезеңде негiзгi күш-жiгер мыналарға:
1) халыққа қызмет көрсету үшiн денсаулық орталықтары, дене шынықтыру-сауықтыру топтары, секциялары, диспансерлiк және консультативтiк қызметтер көрсетуге арналған желiнi ұйымдастыруға;
2) өндiрiсте дене шынықтыру мен спортты енгiзуге;
3) дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерi мен спорт клубтарының жұмысын жетiлдiруге бағытталады. Осы Тұжырымдаманы iске асыру қоғамда салауатты өмiр салтын орнықтыруға, балалар мен жасөспiрiмдердiң спортпен қамтылуының артуына жәрдемдесуге, жастардың бос уақытының ұйымдастырылуын бақылауға, жеткiншек ұрпақ арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, халық арасында науқастану деңгейiнiң төмендеуiне, сондай-ақ халықаралық сахнада Қазақстан спортының беделiн қолдауға қабiлеттi халықаралық деңгейдегi спортшыларды даярлауға жағдай жасауға жәрдемдесетiн болады.