Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007.12.25. N 10 Нормативтік қаулысымен.
Соттардың жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруды қолдану жөніндегі сот практикасын талқылай келе, Жоғарғы Соттың жалпы отырысы соттардың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің K970167_ (әрі қарай - ҚК) 70, 71, 84-баптарының талаптарын негізінен дұрыс қолданатынын атап өтеді.
Сонымен бірге, сот жұмысында елеулі кемшіліктер мен заң бұзушылықтар бар.
Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы заңдарды қолданудың дұрыс сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Жазадан мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы қылмыстық заң талаптарын дәл әрі мүлтіксіз орындау сотталушылардың түзелуі, қылмыстардың қайталануының алдын алу үшін өте маңызды екеніне соттардың назары аударылсын.
2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің Z970206_ (әрі қарай - ҚІЖК) 455-бабына сәйкес жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы мәселелер жазаны орындайтын органның ұсынуы бойынша немесе кәмелетке толмаған адамның түзелуін қамтамасыз етуші мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынысы бойынша, ал тәртіптік әскери бөлімінде жазаны өтеп жатқан әскери адамдарға қатысты - тәртіптік әскери бөлімі басшылығының ұсынысы бойынша қаралады.
3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінің Z970208_ (әрі қарай - ҚАК) 169-бабының 9-тармағына сәйкес сотталушы жазаның заңмен белгіленген мерзімінің бөлігін өтегеннен кейін, жазаны орындаушы мекеме немесе ұйымның әкімшілігі бір ай мерзімнің ішінде жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсыныс жасау немесе одан бас тарту туралы мәселені қарап, қаулы шығаруға міндетті.
Егер әкімшілік осы мәселені бір айдың ішінде шешпесе, сотталушы, оның қорғаушысы Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің K990411_ (әрі қарай - АІЖК) 278-бабына сәйкес жаза өтеліп жатқан жердегі сотқа әкімшіліктің әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы.
Соттар жазаны орындаушы мекемелер мен органдардың әкімшіліктері жол берген осындай заң бұзушылықтарға назар аударуы қажет.
Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ әркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқын белгілейтін 13-бабына және ҚАК-тің Z970208_ 18, 20-баптарына сәйкес жазаны орындаушы мекеме немесе ұйым әкімшілігінің жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруды ұсынудан бас тарту туралы қаулысына сотталушы, оның қорғаушысы жаза өтеліп жатқан жердегі сотқа немесе прокурорға шағымдана алады.
4. ҚАК-тің Z970208_ 169-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін: жаза өтелген кездегі мерзім ішінде сотталушының жеке басын, оның тәртібін, еңбек пен оқуға көзқарасын сипаттайтын және оның түзелуін дәлелдейтін мәліметтер, сондай-ақ заңмен белгіленген жаза мерзімінің бөлігін өтегені туралы мәліметтер көрсетілмесе, соттар мерзімнен бұрын шартты түрде босату туралы ұсыныстарды өз өндірісіне қабылдауға құқылы емес. Егер ұсынылған материалдардың ішінде оларды қарау үшін жеткілікті мәліметтер болмаса және сот отырысы барысында олардың орнын толтыру мүмкін болмаған жағдайда, судья материалдарды тыңдауға дайындау барысында оларды тиісінше ресімдеу үшін хат арқылы қайтарады, ал, егер мұндай жағдай сот отырысы кезінде анықталса, материалдар қайтарылып отырған негіздерді көрсете отырып, қаулы шығарады.
Заң талабына сай жаза мерзімінің бөлігін өтемеген сотталушыларды босату туралы ұсыныстар қаралмай қайтарылады.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босатуға жатпайтын сотталушылар жөніндегі ұсыныстар қанағаттандырусыз қалдырылады.
5. ҚАК-тің Z970208_ 169-бабының 11-тармағына сәйкес жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудан бас тартылған жағдайда, бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап кем дегенде алты ай өткеннен кейін, ал өмір бойы бас бостандығынан айырылған адамдарға кем дегенде үш жыл өткеннен кейін осы негіздердің кез келгені бойынша ұсынысты қайта беруге болады.
6. Мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру мәселелерін сотталушының жазаны өтеп жатқан жердегі аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы шешеді.
Ұсынысты жіберген органдар мен ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ сотталушы мен прокурордың сот отырысына қатысуы міндетті.
Сотталған адам сотқа тапсырылған материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтініш беруге және қарсылық білдіруге, түсініктемелер беруге және дәлелдемелер ұсынуға құқылы.
ҚІЖК-нің Z970206_ 455-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты, сондай-ақ өздерінің құқығын қорғауды өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айыратын дене және психикалық кемістіктерден зардап шегушілерге, сонымен бірге іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін адамдарға қатысты мәселе қаралған кезде қорғаушының сотқа қатысуы міндетті болып табылады.
7. Сот шешімі қаулы ретінде шығарылады, ол дәлелді болуы және соттың ұсынысты қарау нәтижесінде жасаған тұжырымдарының жан-жақты негіздемесін қамтуы тиіс.
Сот отырысының хаттамасында сот отырысының барысы, соттың және процеске қатысушылардың барлық әрекеттері, ұсыныс жөнінде адамдардың түсініктемелері, прокурор мен қорғаушының пікірлері көрсетілуі тиіс.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру мәселелерін қараған кезде қылмыстық процесті жеңілдетіп, үстірт қарауға, қаулы мәтіні жазылған алдын-ала дайындалған бланкілерді қолдануға, бір сот отырысында көп материал қарауға жол берілмейді.
8. Үкімнің орындалуын жүзеге асыратын немесе кәмелетке толмаған адамдардың түзелуін қамтамасыз ететін органның ұсынысын қарау нәтижелері бойынша судья ұсынысты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығара алады.
Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын босату туралы ұсынысты қараған кезде соттар бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігін шартты түрде соттауға ауыстыруға, жазаның өтелмеген мерзімін қысқартуға хақылы емес, ол ҚК-тің K970167_ 71-бабында көрсетілген шарттар болған жағдайда сотталушыны жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруға, немесе одан бас тартуға құқылы.
9. ҚК-тің 70-бабына сәйкес шартты түрде мерзімнен бұрын босату түзеу жұмыстарына, бостандығын шектеуге, әскери қызмет бойынша шектеуге, тәртіптік әскери бөлімде ұстауға және бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты қолдануға болады.
Қамау, қоғамдық жұмыстарға тарту, айыппұл, белгілі бір лауазымдарда істеуге немесе белгілі бір қызметпен айналысуға құқынан айыру ретіндегі жазаларды өтеп жатқан адамдарға қатысты мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдануға жол берілмейді.
Рақымшылық жасау ретінде өлім жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған адамдарға мерзімнен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды.
ҚАК-тің Z970208_ 170-бабына сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезінде жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдар мерзімнен бұрын шартты түрде босатылуға ұсынылмайды.
Рақымшылық жасау ретінде емес, соттың тағайындауы бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адам, егер сот оның бұл жазаны әрі қарай өтеу қажеттілігі жоқ деп таныса, жазаның кем дегенде 25 жылын нақты өтеген болса және егер соңғы үш жыл ішінде (ҚАК-тің Z970208_ 112-бабында көрсетілген) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін өрескел бұзбаса, шартты түрде мерзімнен бұрын босатылуы мүмкін.
Егер сот адамның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толық өтеудің қажеті жоқ деп таныса және ол өтеп жатқан қылмыс санатына байланысты жазаның белгілі бір мөлшерін іс жүзінде өтесе, мерзімнен бұрын шартты түрде босатыла алады.
Адамның түзелгені ең алдымен оның үлгілі тәртібімен дәлелденуі тиіс. Үлгілі тәртіп деп барлық құқық нормаларының, жатақхана ережелерінің, имандылық нормаларының орындалуын, жазаны өтеу режимінің барлық талаптарын сақтауды, тапсырылған жұмыстың сапалы орындалуын, қауіпсіздік техникасы ережелерінің сақталуын, құрал-жабдықтарға, материалдар мен құрал-саймандарға ұқыпты қарауды және т.б. түсінген жөн.
10. Соттар жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруды қолдану мүмкіндігі туралы мәселені шешкен кезде, әр сотталушыға жеке көзқараспен қараулары тиіс.
Осыған байланысты, соттар сотталушының заңмен белгіленген жаза мерзімінің бөлігін өтеген-өтемегенін анықтап, сотталушының ұсыныс қаралатын кезде ғана емес, жалпы жазаны өтеу мерзім ішіндегі тәртібін жан-жақты зерттеуі тиіс.
11. Мерзімнен бұрын шартты түрде босату кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін тағайындалған жазаның кемінде жартысы, ауыр қылмыс үшін кемінде 2/3 және аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жазаның кемінде 3/4 бөлігі өтелген жағдайда қолдануы мүмкін.
Бұл орайда ҚК-тің K970167_ 70-бабының 4-бөлігіне сәйкес сотталушының нақты өтеген бас бостандығынан айыру мерзімі алты айдан кем болмауы тиіс екеніне назар аудару қажет. Бұл шарт жазаның басқа түрлеріне тарамайды, демек бас бостандығынан айыру жазасынан басқа жазалар түрлерінен шартты түрде мерзімнен бұрын босату мәселесі алты айлық мерзім өтпесе де қойыла береді.
Кәмелетке толмаған адамдар жасаған қылмыс үшін жазаның екі түрін өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде: кішігірім және орта ауырлықтағы қылмыс үшін жаза мерзімінің кемінде 1/3 бөлігі, ауыр қылмыс үшін жаза мерзімінің кемінде жартысы және аса ауыр қылмыс үшін жазаның кемінде 2/3 нақты өтелгеннен кейін бас бостандығынан айырудан және түзеу жұмыстарынан босатылады.
12. ҚК-тің 71-бабына сәйкес кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігі, сотталушының тәртібі ескеріле отырып, ҚК-тің 39-бабында көрсетілген жазаның неғұрлым жеңіл түрі: қамау, бас бостандығын шектеу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, ал әскери адамдарға қатысты - тәртіптік әскери бөлімінде ұстау немесе әскери қызметі бойынша шектеу түрлеріне ауыстырылуы мүмкін. Бұл орайда, тұлға жазаның қосымша түрін өтеуден де толық не ішінара босатылуы мүмкін.
Сотталушы жаза мерзімінің 1/3 бөлігін нақты өтегеннен кейін бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылуы мүмкін.
Жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеу соттың үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмей қалған бөлігіне тепе-тең мерзімге тағайындалады. Алайда, бұл мерзім неғұрлым жеңіл жазаның тиісті түріне заңмен бекітілген жоғарғы шеңберінен аспауы тиіс.
Сот үкімімен тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы неғұрлым жеңіл жазаға ауыстырылған адамдар ҚК-тің K970167_ 70-бабында белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жаңа, жазаның неғұрлым жеңіл түрінен шартты түрде мерзімнен бұрын босатылуы мүмкін.
Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстырудың мерзімнен бұрын шартты түрде босатудан айырмашылығы - оны сотталушының жағымсыз тәртібі салдарынан бұзуға жол берілмейді.
Неғұрлым жеңіл жазаның түрін өтеген кезде жаңа қылмыс жасалған жағдайда оған тағайындалған жазаға бас бостандығынан айырудың өтелмей қалған бөлігі емес, жаңа жазаның тек өтелмеген бөлігі толық не ішінара қосылады.
13. Егер сотталушы қылмыстарының бірін 18 жасқа дейін, басқаларын кәмелетке толғаннан кейін жасап, тағайындалған жазаны үкімдердің жиынтығы бойынша өтеп жатса, онда мерзімнен бұрын шартты түрде босату үшін негіз беретін мерзімнің өтелуін ҚК-тің K970167_ 70-бабына сәйкес есептеген жөн.
14. Сотталушының жазасы рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен немесе сот қаулысымен жеңілдетілген жағдайларда, сот мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдана отырып, рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен немесе сот қаулысымен белгіленген жазаны ескере отырып, жазаның нақты өтелген бөлігін есептеуі тиіс.
15. Мерзімнен бұрын шартты түрде босату кезінде соттардың қандай болмасын сынақ мерзімін белгілеуіне жол берілмейді, себебі ҚК-тің 70-бабының мәнісі бойынша жазаның өтелмеген бөлігі сондай мерзім болып табылады. Осыған байланысты мерзімнен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының қарар бөлігінде сотталушының мерзімнен бұрын шартты түрде өтеуден босатылатын жазаның нақты күнтізбелік мерзімін және міндетті түрде сотталушының мерзімнен бұрын шартты түрде босатылғаны туралы көрсету қажет.
16. Жазаны өтеуден босатудың осы түрінің шартты сипаты мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамның тәртібі және оған жүктелген міндеттердің орындалуы бақылауға алынатынын, сондай-ақ мерзімнен бұрын шартты түрде босатылғандарға қойылған талаптар бұзылған жағдайда мерзімнен бұрын шартты түрде босатудың бұзылуы мүмкін екенін білдіреді. Мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамдардың тәртібін бақылауды сотталушының тұратын жері бойынша сондай уәкілеттіктері бар мемлекеттік мамандандырылған орган, ал әскери қызметшілерге қатысты әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылығы жүзеге асырады.
17. Қосымша жаза қолданылған сотталушыларға негізгі жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде, соттар барлық жағдайда жазаның орындалуын жүзеге асыратын органның ұсынысы немесе өз бастамашылығы бойынша сотталушыны қосымша жазадан да (толық не ішінара) босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға міндетті. Соттың бұл мәселе жөніндегі шешімі қаулының қорытынды бөлігінде көрсетілуі тиіс.
Егер негізгі жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату барысында сотталушыны қосымша жазадан босату мәселесі қанағаттандырылмаса, онда бұл мәселені қайта қарау ҚАК-тің Z970208_ 169-бабының 11-тармағында белгіленген мерзім өткен соң, яғни сот бас тарту туралы қаулыны шығарған кезден бастап 6 айдан кейін қаралуы мүмкін.
Сотталушы негізгі жазаны толық өтеп, қосымша жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату туралы мәселе туындаған жағдайда, қосымша жазаның белгіленген бөлігі өтелген және заңда көрсетілген өзге де шарттар орындалған жағдайда сот оны бұл жазадан босата алады.
18. Мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдана отырып, жазаның өтелмеген бөлігі кезінде орындалуға тиіс, ҚК-тің 63-бабының 5-бөлігінде көрсетілген міндеттерді, яғни: шартты түрде сотталушының тәртібін бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік мамандандырылған органды хабардар етпей, тұратын, жұмыс істейтін, оқитын жерін ауыстырмау, тиіс емес жерлерге бармау, отбасына материалдық жәрдем көрсету және өзге де оның түзелуіне ықпал ететін міндеттерді сотталушыға жүктеуге соттың құқы бар. Бұл туралы қаулының қорытынды бөлігінде көрсетілу қажет.
19. Бұрын мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамға қатысты жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдану мүмкіндігі туралы мәселені шешкен кезде және егер мерзімнен бұрын шартты түрде босату ҚК-тің K970167_ 70-бабының 7-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша бұзылса, мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды заң бойынша бұзу фактісі өздігінен сотталушыға мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолданудан бас тарту үшін негіз бола алмайтынын соттың ескергені жөн.
Бұндай адамдарға мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолдану - тағайындалған жазаның 3/4 бөлігі нақты өтелгеннен кейін қолданыла алады.
20. ҚАК-тің 169-бабының 12-тармағы мерзімнен бұрын шартты түрде босатылғандар, сондай-ақ бас бостандығын шектеу жазасы бойынша сотталғандар, егер олар түзеу мекемелеріне жіберілген болса, заңда көзделген жағдайда оларға жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы ұсыныстар, соттардың мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзу туралы шешімі шығарылған күннен бастап кемінде бір жыл өткеннен кейін қайта қолданылатынын көздейді.
21. Сот практикасында мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды дұрыс қолданбау, сондай-ақ түзелгендері анық сотталушыларды мерзімнен бұрын шартты түрде босатудан негізсіз бас тарту жағдайларына жол берілмеуі тиіс.
Атап айтқанда, соттардың заңда көрсетілмеген, мысалы, тағайындалған жазаның жеңілдігіне, сотталушының сол түзеу мекемесінде аз уақыт болуына, сотталушының өз кінәсін мойындамауына, бұрын бірнеше рет сотталуына, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауына байланысты мерзімнен бұрын шартты түрде босатудан бас тартуға құқы жоқ.
Қолданудағы ҚК-те жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатуға шектеу қойылмаған. Ол жасалған қылмыстардың ауырлығы мен сипатына қарамастан, барлық тұлғаларға, оның ішінде қылмыстардың аса қауіпті қайталануы кезінде жасағандарға да қолданыла алынады.
22. ҚК-тің 5-бабына сәйкес жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруды қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі туралы мәселе сол кезде, яғни сотталған кезде күшінде болған заңға емес, мерзімнен бұрын шартты түрде босату қолданылған кезде күшінде болған заңға сәйкес шешілуі тиіс.
23. Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысты қараудың нәтижелері бойынша шығарылған судьяның қаулысы іске қоса тіркелуі үшін үкім шығарған сотқа, ал кәмелетке толмағандарға қатысты оның тұрақты тұратын жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілуі тиіс.
24. Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған сотталушыларға ҚК-тің 70-бабының 7-бөлігінде көрсетілген яғни, егер ол өтелмеген мерзім ішінде жаңа қылмыс жасаған, әкімшілік шара қолданылуы мүмкін қоғамдық тәртіпті бұзған, соттың мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде өзіне жүктелген міндеттерін орындаудан жалтарған жағдайда туындайтын салдарды, сонымен бірге сотталушыларға сот қаулысына апелляциялық тәртіпте шағымдану құқықтарын түсіндіреді, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетілуі тиіс.
25. Егер босатылған адам жазаның өтелмеген бөлігі ішінде қоғамдық тәртіпті бұзып, ол үшін оған әкімшілік шара қолданылса, мерзімнен бұрын шартты түрде босату қолданылған кезде сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтарған жағдайда, ҚК-тің K970167_ 70-бабы 7-бөлігінің а) тармағы бойынша мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзу мүмкіндігі көзделген. Аталған баптың осы тармағында көрсетілген мән-жайлар болған жағдайда да мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға міндеттемейді, соттарға тек сондай құқықтар береді.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босату бұзылған жағдайда сотталушы мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған жазаның тек өтелмей қалған бөлігін одан әрі өтеу үшін жіберіледі.
Әкімшілік жаза беруге әкеп соққан қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты немесе сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтаруға байланысты мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды сот жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босаған адамның тәртібіне бақылауды жүзеге асыратын және соған уәкілетті мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынысы бойынша ғана бұза алады.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзу үшін кез-келген әкімшілік құқық бұзушылықтар ғана емес, кінәлі адамға әкімшілік жаза беру шараларын негізді түрде қолдану көзделген, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің K010155_ (әрі қарай - ӘҚК) 22-тарауымен көзделген қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты әкімшілік жаза қолданған жағдайлар негіз бола алады.
Сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтару деп мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамның тәртібіне, оның тәртібін бақылауды жүзеге асыратын органның оған жасаған ескертуінен кейінгі бір жылдың ішіндегі екі реттен артық оған сот жүктеген міндеттерді бұзушылықты не оларды ұзақ уақыт бойы (30 тәуліктен астам) орындамағанын есептеген жөн.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босатудың осы негіздерін сот сотталушының жеке басын және жазаның өтелмеген бөлігі ішіндегі тәртібін, міндеттерді орындаудан жалтарудың ұзақтығын және олардың орындалмауы себептерін ескере отырып қолданады.
Мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамның соттың оған жүктеген міндеттерін, олардың орындалуына кедергі болатын дәлелді себептер бойынша, мысалы, ауруы салдарынан орындай алмаса, бұл мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға әкеп соғуға тиіс емес.
Осы негіз бойынша мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзу кезінде, тек негізгі жазаның ғана емес, сонымен бірге қосымша жазаның өтелмеген бөлігі, егер адам оны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған болса, орындалуға жатады.
26. ҚК-нің 70-бабы, сондай-ақ егер жазаның қалған өтелмеген бөлігі кезінде абайсызда жаңа қылмыс жасаған адамдарға қатысты да мерзімнен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға мүмкіндік береді. Ол бұзылған жағдайда жаңа қылмыс үшін сот ҚК-нің K970167_ 60-бабымен белгіленген қағида бойынша жаза тағайындайды.
Егер сот мерзімнен бұрын шартты түрде босатудың күшін жоймаса, онда мерзімнен бұрын шартты түрде босатылған адамға жаза жаңа қылмыс жасағаны үшін тағайындалады. Бұл жазаны ол бірінші қылмысы үшін жазадан мерзімнен бұрын шартты түрде босатыла жүріп өтейді.
Сот тағайындаған жазаны өтеудің қалған бөлігі кезінде жаңа қасақана қылмыс жасалса, онда ол ҚК-нің 60-бабымен көзделген қағида бойынша жаза тағайындауға әкеп соғады.
27. Мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы судьяның қаулысына сотталушы, оның қорғаушысы ҚІЖК-нің 403-бабына сәйкес жоғары тұрған сотқа шағымдануы және прокурордың наразылық келтіруі мүмкін.
Сот қаулысына келтірілген шағым, наразылық ҚІЖК-нің Z970206_ 405-409-баптарымен көзделген апелляциялық тәртіппен қарауға жатады.
Сотталушының өз өтініші бойынша апелляциялық сатының отырысына қатысуы прокурордың наразылығында сотталушының жағдайын ауырлату туралы мәселе қойылған кезде ғана міндетті болып табылады.
28. Мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы мәселе бойынша шығарылған, заңды күшіне енген қаулы, ҚІЖК-нің 458, 459-баптарының мәні негізінде түпкілікті болып табылады және оған қадағалау тәртібімен шағымдануға не болмаса наразылық келтіруге болмайды.
29. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Сот
Пленумының 1968 жылғы 12 наурыздағы N 2 P68002s_ қаулысының Пленумның 1971
жылғы 28 желтоқсандағы N 11 және 1984 жылғы 29 маусымдағы N 4 қаулыларымен
енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бірге "Республика
соттарының жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның
өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы заңдарын
қолдануы практикасы туралы" қаулысының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Жалпы отырыстың хатшысы,
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы
Мамандар:
Қасымбеков Б.А.
Икебаева Ә.Ж.