Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Ертіс өзенінің бассейнінде қазақстандық және ресейлік кемелермен жүктер мен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және оның шарттары туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, көрсетілген Келісімді жасасу туралы ресейлік тараппен келіссөздер жүргізсін.
3. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Ертіс өзенінің бассейнінде қазақстандық және ресейлік
кемелермен жүктер мен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру және оның шарттары
туралы келісімді, оған қағидатты сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар
енгізуге рұқсат бере отырып, жасасуға уәкілеттік берілсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы
Үкіметінің арасындағы Ертіс өзенінің бассейнінде қазақстандық
және ресейлік кемелермен жүктер мен жолаушылар тасымалын
ұйымдастыру және оның шарттары туралы
Келісім
Бұдан былай Тараптар деп аталатын Ресей Федерациясының Үкіметі мен
Қазақстан Республикасының Үкіметі,
су көлігі саласындағы қарым-қатынастарды нығайтуды және дамытуды
қалай отырып,
Тараптар мемлекеттері арасында су көлігі арқылы жолаушы мен жүк
тасымалдарын қамтамасыз ету, сондай-ақ Ертіс өзені алабының ішкі су
жолдары арқылы кеме қатынасы саласындағы ынтымақтастықты тереңдету
мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) "құзыретті органдар":
Ресей Федерациясында - Ресей Федерациясының Көлік министрлігі;
Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасының Көлік және
коммуникациялар министрлігі;
2) "Тарап мемлекетінің кемесі" - ішкі су жолдары арқылы кеме қатынасы мақсатында пайдалануға арналған, Тарап мемлекетінің кеме тізіліміне немесе басқа да тиісті ресми тізбесіне енгізілген және Тарап мемлекетінің жалауын оның құқықтық нормаларына сәйкес алып жүретін өздігінен жүретін немесе өздігінен жүрмейтін жүзбе құрылғы. Бұл ұғым әскери корабльдерді, балық аулайтын, гидрографиялық, спорт және серуен кемелерін қамтымайды;
3) "ішкі су жолдары" - жүк пен жолаушы тасымалдау кезінде кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын Ертіс өзені алабының өзендері, көлдері, су қоймалары және су арналары;
4) "өзен алабы" - өзен мен оның салаларының жиынтығы;
5) "порт" - кемелердің тұрғаны және оларға қызмет көрсету, жүк және кеден операцияларын орындау үшін, сондай-ақ жолаушыларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын аумақ (құрлық мен айдын).
2-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің заңды тұлғаларының жұмыс істеу шарттары мен принциптерін, жүк пен жолаушы тасымалдарын, объектілерді жетекке алуды жүзеге асыру және Ертіс өзені алабының ішкі су жолдарын пайдалану кезіндегі іс-әрекетін үйлестірудің тәртібін айқындайды.
3-бап
Тараптар, Ертіс өзенінің алабында кеме қатынасының қауіпсіздігін және тасымалдау процесін ұйымдастыруды реттейтін ережелерді, нұсқаулықтар мен талаптарды қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Бір Тарап мемлекеті кемелерінің экипаждары екінші Тарап мемлекетінің ішкі су жолдарында болған кезінде осы мемлекеттің заңнамасын сақтайды.
4-бап
Бір Тарап мемлекеті кемелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан Ертіс өзені алабының бөлігінде жүзуі кеме тіркелген мемлекеттің жалауы астында жүзеге асырылады. Бір Тарап мемлекеті кемелерінің екінші Тарап мемлекетінің ішкі су жолдарына кіруіне рұқсатты екінші Тарап мемлекетінің кеме қатынасын қадағалау органдары береді.
5-бап
Бір Тарап мемлекеті екінші Тарап мемлекетінің кемелері мен экипаждарына көлік процесінің барлық кезеңдерінде, соның ішінде Ертіс өзені алабының ішкі су жолдарын жүк пен жолаушы тасымалы үшін пайдалануда, каботаждық тасымалдарды қоспағанда, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.
6-бап
Порттарда кемелерге көрсетілетін қызметтерге төлем жасау Тараптар мемлекеттерінің қолданылып жүрген ставкалары бойынша жүргізіледі.
Ақылы байланыс қызметтерінің барлық түрлерімен, жол және гидрометеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ кемедегі радио- және электронавигациялық құрал-жабдықты жөндеу Тараптар мемлекеттерінің тиісті көлік және өзге де мамандандырылған ұйымдары арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары кемелердің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, апаттар мен апатты оқиғалардың зардаптарын жедел жою жөнінде барлық қажетті шараларды қолданады.
Апаттар мен апатты оқиғалардың зардаптарын жою жөніндегі орындалған жұмыстар үшін есеп айырысу кеме капитандарының тиісті түрде ресімделген өтінімдері негізінде Тараптар мемлекеттерінің қолданылып жүрген бағалары бойынша жүргізіледі.
Апаттар мен апатты оқиғаларды тексеруді Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары тиісті актілерді жасай отырып жүргізеді.
8-бап
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары экологиялық қауіпсіздік талаптарына, сондай-ақ техникалық қадағалау, кемелерді сыныптау органдарының талаптарына, басқа Тарап мемлекетінің кемесі жүрген бір Тарап мемлекетінің ішкі су жолдарымен жүзу ережелеріне жауап беретін кеме пайдалануды қамтамасыз етеді.
9-бап
Бір Тарап мемлекетінің кемелерін екінші Тарап мемлекетінің ішкі су жолдарымен лоцмандық өткізу міндетті болып табылады және мұны кеме өзінің мемлекеттік суларында жүрген Тарап мемлекетінің лоцмандары жүзеге асырады.
Тараптар мемлекеттерінің әрбірінің кемелеріне, егер капитан мен капитанның аға көмекшісінің екінші Тарап мемлекетінің уәкілетті органы берген, осы ауданда жүзу құқығын растайтын құжаттары бар болса, лоцмансыз жүзуге рұқсат етіледі.
10-бап
Тараптар әрбір Тарап белгілеген тәртіппен ішкі су көлігінде тасымалдау қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияларды өзара таниды.
11-бап
Бір Тарап мемлекеті екінші Тарап мемлекетінің тиісті ведомстволары немесе өкімет орындары берген кеме экипажы мүшелерінің жеке басының куәліктерін (суреттері бар) таниды.
Бір Тараптың мемлекеті екінші Тарап мемлекетінің техникалық, кеме қатынасы, санитарлық және өрт бақылау мемлекеттік органдары берген қолданыстағы кеме құжаттарын таниды.
Ертіс өзенін бойлай жүк пен жолаушы тасымалдау және объектілерді жетекке алу кезінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы мемлекеттік шекараны кесіп өту Черлак (Ресей Федерациясы) - Өрлітөбе (Қазақстан Республикасы) өзен өткізу бекетінде жүзеге асырылады.
12-бап
Кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық режимді сақтау мақсатында екінші Тарап мемлекетінің ішкі су жолдарына кірген бір Тарап мемлекетінің кемелері екінші Тарап мемлекетінің техникалық, кеме қатынасы, санитариялық, фитосанитариялық, ветеринариялық және өрт бақылау
мемлекеттік органдарының қолданылып жүрген ставкалары бойынша ақы төлене
отырып, тексерілуге жатады.
13-бап
Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын (1 сәуірге
дейін) Ертіс өзенінің алабында жүк тасымалдаудың алдын ала белгіленген
көлемі мен жұмыс істеу үшін жоспарланған кемелердің тізімдерін өзара
келіседі.
14-бап
Тараптар орыс тілін Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында Ертіс өзені
алабының ішкі су жолдарында жүзу кезінде экипаждар арасында қарым-қатынас
жасау үшін жұмыс тілі ретінде қабылдайды. Тасымалдау процесімен байланысты
көлік, тауарға ілеспе және басқа да құжаттарды ресімдеу орыс тілінде
жүзеге асырылады.
15-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің
ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер
мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Келісімнің қағидаларын түсіндіру немесе қолдану жөнінде таластар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер мен консультациялар арқылы шешетін болады.
17-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама берілген күннен бастап күшіне енеді.
Әрбір Тарап осы Келісімнің күшін екінші Тарапты бұл туралы жазбаша
хабардар ету жолымен тоқтата алады. Осы Келісім тиісті Тараптың аталған
хабарламаны алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз күшін тоқтатады.
________ қаласында 2001 жылғы ________ әрқайсысы орыс және қазақ
тілдерінде екі дана етіп жасалды және де екі мәтіннің бірдей күші бар.
Келіспеушіліктер туындаған жағдайда осы Келісімді түсіндіру үшін орыс
тіліндегі мәтін қолданылады.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Жұманазарова А.Б.