Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркіменстан Үкіметі арасында Салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Келісімнің
жобасына қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат
ете отырып, көрсетілген Келісімді жасасу туралы түркімен тарапымен
келіссөздер жүргізсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркіменстан Үкіметі
арасында Салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы
ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы
Келісім
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Түркіменстан Үкiметi,
өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамалары мен халықаралық мiндеттемелерiн
басшылыққа ала отырып,
салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын
кесуге, өз мемлекеттерiнiң экономикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге
байланысты мiндеттердi тиiмдi шешудегi өзара мүдделестiкке сүйене отырып,
осы мақсатта барлық құқықтық және өзге де мүмкiндiктердi пайдалануға
зор маңыз бере отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Келiсiмнiң мәнi
Тараптар құзыреттi органдарының салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы
күрестi тиiмдi ұйымдастыру мақсатындағы ынтымақтастығы осы Келiсiмнiң мәнi
болып табылады.
Осы Келiсiм Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан мүше болып
табылатын азаматтық және қылмыстық iстер жөнiндегі құқықтық көмек көрсету
туралы халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен
мiндеттемелерiне әсерiн тигізбейдi.
2-бап
Терминдер
Осы Келiсiмнің мақсаттары үшiн келесi терминдер мыналарды бiлдiредi:
а) "құзыреттi орган":
- Қазақстан Тарабы үшiн - Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы
агенттiгі,
- Түркіменстан Тарабы үшiн - Түркіменстан мемлекеттiк Бас Салық
қызметi.
Тараптар құзыреттi органдарының ресми атауы өзгерген жағдайда, ол
туралы бiр-бiрiне дереу хабарлайды.
б) "салық заңнамасы" - салықтардың түрлерi, алымдар және өзгеде мiндеттi төлемдер мен оларды осы Тараптар мемлекеттерiнiң аумағында төлетудiң тәртiбiн белгiлейтiн және салықтық мiндеттемелердiң туындауымен, өзгеруiмен және тоқтатылуымен байланысты қатынастарды реттейтiн құқықтық нормалардың жиынтығы.
в) "салық заңнамасын бұзушылық" - салық төлеушiнiң мемлекеттiк бюджет алдындағы мiндеттемелерiн орындамау немесе тиiстi дәрежеде орындамауы түрiнде көрiнiс беретiн Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес заңдық жауапкершiлiк белгiленген құқыққа қарсы әрекет немесе әрекетсiздiк.
3-бап
Ынтымақтастық нысандары
Тараптар осы Келiсiмнiң шеңберiнде мынадай ынтымақтастық нысандарын қолданады:
- заңды және жеке тұлғалардың салық заңнамасын бұзушылықтары туралы ақпарат алмасу;
- салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған iс-шараларды жүргізу мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл;
- заңды және жеке тұлғалардың салық салуға байланысты құжаттарының тиiстi үлгiде куәландырылған көшiрмесiн ұсыну;
- ұлттық салық жүйесi туралы, салық заңнамасының өзгерiстерi мен толықтырулары туралы ақпарат, салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрестi ұйымдастыру жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдармен алмасу;
- салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрес жүргiзуде қолданылатын ақпараттық жүйелердi құру және қызмет етуiн қамтамасыз ету жөнiнде тәжiрибе алмасу;
- ынтымақтастық барысында туындайтын мәселелер жөнiнде жұмыс топтарын құруды, өкiлдер алмасуды және кадрлар оқытуды қоса алғанда, қызметті үйлестірудi жүзеге асыру;
- салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрес проблемалары жөнiнде ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзу.
Тараптардың құзыреттi органдары осы Келiсiмдi орындауға байланысты мәселелер бойынша бiр-бiрiмен тікелей өзара iс-қимыл жасайды.
4-бап
Салық заңнамасын бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу
1. Салық заңнамасын бұзушылықтар туралы ақпарат алмасу мына мәселелер бойынша жүзеге асырылады:
- салық заңнамасын бұзушылар қолданған тәсiлдердi көрсете отырып, заңды және жеке тұлғалардың салық салудан табыстарын төмендетiп көрсетуi (жасыруы);
- заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттiк және коммерциялық банкiлерде есепшот ашуы, сондай-ақ егер оларда салық салудан жасырған сомалар бар деп есептейтiн негiз бар болса осы есепшот арқылы қаражат айналымы;
- салық салу базасының мөлшерiн және салық заңнамасын бұзған заңды және жеке тұлғалардан өндiрiп алынатын салық сомасын айқындау, сондай-ақ салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге байланысты өзге де мәселелер бойынша.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ақпарат, ақпарат ұсыну сұрау салынушы Тараптың ұлттық заңнамасы мен мемлекеттiк мүддесiне қайшы келмейтiн жағдайда, бiр Тараптың құзыреттi органына екiншi Тараптың құзыретті органының сұрау салуы негізiнде берiледi.
Егер Тараптардың бiрiнiң құзыреттi органы қолында бар ақпаратты екiншi Тараптың құзыреттi органы үшiн қажеттi деп санаса, ол бұл ақпаратты жеке бастамасы бойынша беруi мүмкiн.
5-бап
Iс-шаралар өткiзу
Салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу жөнiндегі iс-шараларды өткiзу кезiнде осындай заң бұзушылықтар жасаған немесе оларды жасағанына күдiктi адамдарға қатысты Тараптардың құзыретті органдарының өзара iс-қимыл жасауы өз құзыретi шегінде бiрiгiп жоспарлауды, күш пен құралдарды пайдалануды, осы iс-шаралардың барысы және өткiзу нәтижелерi туралы ақпарат алмасуды қамтиды.
6-бап
Құжаттардың көшірмесін ұсыну
Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне сұрау салу арқылы заңды және жеке тұлғаларға салық салуға қатысты құжаттардың (есепшоттар, фактуралар, жүкқұжаттар, шарттар, келiсiм-шарттар, сертификаттар, анықтамалар және басқалары), сондай-ақ салық заңнамасының бұзылуына қатысы бар мәселелер бойынша құжаттардың көшiрмелерiн ұсынады.
Құжаттардың көшiрмелерi уәкiлеттi тұлғаның қолымен және сұрау салынған құзыреттi органның мөрімен куәландырылады.
7-бап
Құқықтық сипаттағы материалдармен алмасу
Тараптардың құзыреттi органдары ұлттық салық жүйесi, салық заңнамасы саласындағы қылмыстарды тергеудiң немесе тексеру жүргізудiң және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы істер жөнiндегі өндiрiстiң құқықтық негіздерi туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады, салық заңнамасындағы өзгерiстер туралы бiр-бiрін хабардар етедi.
8-бап
Ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерi
бойынша ынтымақтастық
Тараптардың құзыреттi органдары салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрестi ұйымдастыру кезiнде ақпараттық жүйелердi құру мен олардың жұмыс істеуiне қатысты мәселелер бойынша тәжiрибе, әдiстемелер және ғылыми материалдармен алмасуды жүзеге асырады.
9-бап
Кадрлар даярлауда тәжiрибе алмасу және көмек көрсету
Тараптардың құзыреттi органдары өздерiнiң оқу орындарының базаларында кадрларды оқыту мен қайта даярлауда, салық заңнамасын бұзушылықтарға қарсы күрестiң көкейкестi мәселелерi бойынша бiрлескен ғылыми зерттеулердi, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткiзуде ынтымақтасады, сондай-ақ сарапшылармен алмасады.
Осы баптың шеңберiнде ынтымақтастықты iске асырудың нақты нысандары, атап айтқанда, оны қаржыландыру, Тараптардың құзыреттi органдары арасында жасалатын тиістi келiсімдермен айқындалады.
10-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны
1. Ақпарат алуға сұрау салу жазбаша түрде немесе мәтiн берудiң
техникалық құралдарын пайдалану арқылы берiлуi тиiс.
Кейiнге қалдыруды көтермейтін жағдайларда телефон байланысы арқылы
ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкiн, алайда ол тез арада жазбаша нысанда
расталуы тиiс.
Мәтінді беруде техникалық құралдарды пайдаланған кезде, сондай-ақ
алынған сұрау салудың растығына немесе мазмұнына қатысты күмән туындаған
жағдайда сұрау салушы құзыретті орган жазбаша нысанда расталуын сұрай
алады.
2. Ақпарат алуға арналған сұрау салуда:
- сұрау салушы құзыретті органның атауы;
- сұрау салынған құзыреттi органның атауы;
- сұрау салудың қысқаша мазмұны және оның негiздемесi;
- нақты мән жайдың қысқаша сипаттамасы;
- сұрау салудың орындалуы үшiн қажеттi басқа да мәлiметтер болуға
тиiс.
3. Ақпарат алуға арналған сұрау салу және оған жауап Тараптар мемлекеттерiнiң мемлекеттiк тiлiнде, және де орыс тiлiнде жасалады.
Сұрау салу басқа тiлде орындалған жағдайда, оған куәландырылған орыс тiлiндегi аудармасы қоса берiледi.
11-бап
Жәрдем беру туралы сұрау салуды орындаудың тәртiбi
Тараптардың құзыреттi органдары бiр-бiрiне ұлттық заңнамасына сәйкес және өз құзыретi шегінде жәрдем бередi.
Сұрау салушы Тарап өзiнiң өтiнiшi бойынша жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау үшiн жүзеге асырылатын іс-қимылдардың уақыты мен жүргiзiлетiн орны туралы хабардар етілуi мүмкiн, ал оның өкiлдерi қосымша келiсiлген жағдайда оларды жүргізуге қатыса алады.
Егер жәрдем беру туралы сұрау салу сұрау салынған Тараппен орындалуы мүмкiн болмаған жағдайда, ол сұрау салу түскеннен бастап бiр ай мерзiмi iшiнде сұрау салушы Тарапқа жәрдем беруден бас тартудың себебiн көрсете отырып жазбаша түрде хабарлайды.
Егер жәрдем беру туралы сұрау салуды орындау сұрау салынған Тараптың
ұлттық заңнамасына және әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн болса жәрдем
беру туралы сұрау салуды орындаудан бас тартылуы мүмкiн.
Сұрау салынған Тарап өзiнiң мемлекетiнің аумағында жәрдем беру туралы
сұрау салуды орындауға байланысты барлық шығыстарды көтереді.
12-бап
Ақпаратты пайдалану
Нақты салық төлеушiлерге байланысты ақпарат құпия болып есептеледi
және сұрау салынған салық қызметінiң талаптарына сәйкес қорғау режимiмен
қамтамасыз етiледi.
Алынған ақпаратты Тараптар тек қана осы Келiсiмде көзделген
мақсаттарға, оның iшiнде әкiмшiлiк және сот талқылауларында пайдалана
алады. Ақпаратты өзге мақсаттарға сұрау салынған Тараптың келiсiмiмен ғана
пайдалануға болады.
13-бап
Шығыстар
Тараптардың құзыреттi органдары өз мемлекеттерiнiң аумағында осы Келiсiмдi орындауға байланысты шығыстарды көтередi. Қосымша шығындарды талап ететiн сұрау салу алынған жағдайда оларды қаржыландыру туралы мәселенi өзара уағдаластық бойынша Тараптардың құзыреттi органдары қарайды.
Тараптардың құзыреттi органдары, егер олардың арасында өзгеше келiсiм болмаса, сұрау салуды орындау кезiнде керек болуы мүмкiн аудармашылардың қызметiне ақы төлеу жөнiндегi шығыстарды бiр-бiрiне қайтаратын болады.
14-бап
Даулар мен келiспеушiлiктер
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру немесе қолдану кезiнде даулар мен келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жүргiзу арқылы шешетiн болады.
15-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделедi.
16-бап
Келiсiмнiң күшiне енуi және қолданысын тоқтату
Осы Келiсiм толық күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң
Тараптармен орындалғандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнiнен
бастап күшiне енедi және бір Тарап екiншi Тараптың оның қолданысын тоқтату
ниетi туралы алты жазбаша хабарын алғаннан алты ай мерзiм өткенше күшiнде
қала бередi.
Астана қаласында, 200__ жылғы "___"___________, екi түпнұсқа данада,
әрқайсысы қазақ, түркімен және орыс тiлдерiнде жасалды және де барлық
мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру мақсатында Тараптар орыс
тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.
Қазақстан Республикасының Түркіменстан
Yкiметi үшiн Yкiметi үшiн
Мамандар:
Багарова Ж.А.
Қасымбеков Б.А.