Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі мен Словак Республикасының Техникалық стандарттау, метрология және мемлекеттік сынақтар жөніндегі басқармасы арасындағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі
мен Словак Республикасының Техникалық стандарттау, метрология
және мемлекеттік сынақтар жөніндегі басқармасы арасындағы
Стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы
ынтымақтастық туралы
Келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлігі мен Словак Республикасының Техникалық стандарттау, метрология және мемлекеттік сынақтар жөніндегі басқармасы,
Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасы арасындағы экономикалық байланыстардың нығаюына және саудадағы техникалық кедергілерді жоюға ұмтыла отырып,
халықаралық стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі ұйымдарының қабылдаған қағидаттар мен нормаларына сүйене отырып, стандарттау, метрология, сертификаттау және сынақтар саласында ынтымақтастықты дамыту ұмтылысын білдіріп,
Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасының экономикалық мүдделерін басшылық етіп,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде екі мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтірместен Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасының қолданыстағы заңнамаларын басшылық етеді.
2-бап
Тараптар:
ұлттық стандарттарды халықаралық стандарттармен және талаптармен үйлестіру, сауда-саттықта кездесетін техникалық тосқауылдарды жою және ғылыми-техникалық ынтымақтастық дамыту;
екі Тараптың стандарттау, сынақ, сертификаттау және метрология жөніндегі органдары арасында тікелей байланыстарды орнату жолымен стандарттау, метрология және сертификаттау саласында ынтымақтастықты дамытуға келісті.
3-бап
Тараптар:
стандарттау жөніндегі ұлттық органдар жариялаған ақпарат пен мерзімдік басылымдарымен, нормативтік құжаттарымен;
ұлттық стандарттар тізбесі, жеке ұлттық стандарттар, нормалар мен ережелерімен;
сертификаттау органдарын, сынақ зертханаларын тіркеу, сертификаттау туралы негізгі ақпараттар мен жарияланымдары, міндетті түрде сертификатталуға тиіс өнімдердің тізімімен;
стандарттау, метрология, сертификаттау және сынақ саласында мамандардың біліктілігін арттыру жөніндегі бағдарламалары мен оқубағдарламаларына қатысты ақпараттары мен мәліметтерімен алмасуға келісті.
4-бап
Тараптар стандарттау, метрология, сертификаттау және сынақ саласында кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруда, мамандармен алмасуда және кеңес беруде өзара әрекеттеседі.
5-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде жүргізілетін жұмыс жөніндегі құжаттамалар мен ақпараттың құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді. Ұсынушы Тараптың келісімімен ғана бұл ақпарат үшінші мемлекетке берілуі мүмкін.
6-бап
Осы Келісімді талқылау мен орындау барысында пайда болған пікір алшақтықтар Тараптардың өзара келіссөздері мен кеңестері арқылы реттелетін болады.
7-бап
Осы Келісім тараптардың басқа халықаралық келісімдеріне қатысуы нәтижесінде қабылдаған құқықтары мен міндеттемелеріне ықпал етпейді.
8-бап
Осы Келісім күшіне енуі үшін қажетті мемлекет ішілік рәсімдерді Тараптардың орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тарапқа Келісім қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарлаған күннен бастап 6 ай мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
Осы Келісімнің тоқтатылуы Келісім шеңберінде қабылданған бағдарламалар мен жобаларға ықпал етпейді.
_________ қаласында _______ жылғы "__"_________, әрқайсысы екі түпнұсқа данада қазақ, словак, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, барлық тілдегі мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісім ережелерін түсіндіруге қатысты келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді ұстанатын болады.
Қазақстан Республикасының Словак Республикасының
Экономика және сауда Техникалық стандарттау,
министрлігі үшін метрология және мемлекеттік
сынақтар жөніндегі
басқармасы үшін