Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы Дәулет Болатұлы Тұрлыхановқа Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi арасында Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Украинаның Министрлер Кабинетi,
Тараптар мемлекеттерiнiң арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара тiлек бiлдiрудi басшылыққа ала отырып,
туризм саласындағы екіжақты байланыстардың маңыздылығын сезiне отырып және оларды әлеуметтiк-экономикалық дамудың, достық қатынастарды нығайтудың және Тараптар мемлекеттерiнiң халықтары арасындағы өзара түсiнiстiктi тереңдетудiң мәндi және қажеттi факторы ретінде қарастыра отырып,
1994 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа сәйкес,
1997 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы Ынтымақтастықты одан әрi дамыту туралы декларацияның ережелерiн растай отырып,
теңқұқықтық және өзара тиiмдiлiк негiзiнде туристiк алмасуларды одан әрi дамыту үшiн құқықтық негiз құруға тiлек білдiре отырып,
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына, соның iшiнде осы Келiсiмге, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерi қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және ынталандырады.
2-бап
Тараптар қазақстандық және украиндық туристiк қауымдастықтар, әртүрлi меншiк нысандарындағы халықаралық туризмдi дамытуға қатысатын, туризм саласына күрделi жұмсалымды, сондай-ақ, туристерге қызмет көрсету жөнiндегi бiрлескен қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсiпорындар арасында iскерлiк байланыстарды орнатуға және кеңейтуге жәрдемдесетiн болады.
Тараптар, оның әртүрлi нысандарына, өзара негiзде көрмелерге, жәрмеңкелерге, конференцияларға, конгрестерге және семинарларға, басқа да халықаралық туристiк iс-шараларға қатысу сияқты ұйымдық та, жеке туризмдi де көтермелейтiн болады.
Тараптар мемлекеттерiнiң көрсетiлген субъектiлерi арасындағы шарттардан туындайтын мiндеттемелер бойынша Тараптар жауапкершiлiк жүктемейдi.
3-бап
Тараптар, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес бiр Тарап мемлекетi азаматтарының басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына баратын туристiк сапарына байланысты шекаралық, кезеңдiк және өзге де рәсiмдердi оңайлатуға ұмтылатын болады.
4-бап
Тараптар халықаралық стандарттарға сәйкес, бiр Тарап мемлекетiнен екiншi Тарап мемлекетiне саяхат жасайтын туристердiң қауiпсiздiгiн өзара қамтамасыз ету жөнiндегi қажеттi iс-шараларды жүзеге асырады. Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдары туроператорларды, турагенттердi және туристердi уақытша болатын елiнде туристер үшiн ықтимал қауiптер туралы хабардар етедi.
5-бап
Тараптар, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес туризм саласындағы статистикалық мәлiметтер, заңнамалық дерекқор туралы ақпарат, ғылыми зерттеулер, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң туристiк ресурстары, туристiк рыноктың жай-күйi, туризм жөнiндегi анықтамалықтар және жарнамалық материалдар алмасатын болады.
6-бап
Тараптар, басқа Тарап мемлекетiнiң аумағына туристiк сапармен барушы өз мемлекетiнiң азаматын екiншi Тарап мемлекетiнiң шет ел азаматтарының келу, болу, шығу тәртiбiн реттейтiн ұлттық заңнама туралы хабардар етуге ықпал ететiн болады.
7-бап
Тараптар туризм саласы үшiн кәсiби кадрлар даярлауда бiр-бiрiне көмек көрсететiн болады, сондай-ақ туризм саласындағы ғылыми қызметкерлермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерiмен және сарапшылармен алмасатын болады, туризм саласындағы зерттеулердi жүзеге асыратын жан-жақты қатынастарға және Тараптар мемлекеттерi ұйымдарының бiрлескен қызметiне ықпал ететiн болады.
8-бап
Тараптар Дүниежүзiлiк туристiк ұйымның (ДТҰ), сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдардың шеңберiнде Тараптар мемлекеттерi қатысушы болып табылатын туризм саласындағы ынтымақтастықты үйлестiретiн болады.
9-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында Тараптар мынадай құзыреттi органдарды айқындайды:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi,
Украина Тарапынан - Украинаның Мемлекеттiк туристiк әкімшілiгi.
Тараптар мемлекеттерiнiң туризм саласындағы атқарушы билiк органдарының ресми атауы өзгерген жағдайда, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бұл жөнiнде бiр-бiрiн дереу хабардар етедi.
10-бап
Тараптар, экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi мемлекетаралық қазақстан-украин бiрлескен комиссиясының шеңберiнде осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты мәселелер бойынша қажет болған жағдайда консультациялар жүргізедi.
Тараптар осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты барлық шығыстарды дербес шешедi.
11-бап
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.
12-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Келiсiм белгiсiз кезеңге жасалады және бiр Тарап екiншi Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның осы Келiсiмнiң қолданылуын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарлама жiберген күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
Осы Келiсiмнiң қолданылуымен немесе түсiндiрiлуiмен байланысты туындаған даулы мәселелер консультациялар мен келiссөздер арқылы шешіледi.
Осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаған жағдайда, осы Келiсiм ережелерiнiң қолданылуы кезеңiнде басталған туризм саласындағы бағдарламалар мен басқа жобалардың орындалуына әсер етпейдi.
200__жылғы "___" ________ _________ қаласында екi түпнұсқа данада, әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерiнде жасалды, сонымен бiрге барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерін түсіндіруде қайшылық туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Украина Министрлер
Үкіметі үшін Кабинеті үшін