Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы шартты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы
шартты бекiту туралы
2002 жылғы 28 ақпанда Алматы қаласында жасалған Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы шарт бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының арасындағы "Орталық Азия ынтымақтастығы" ұйымын құру туралы шарт
Бұдан әрi Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы,
Орталық Азия бауырлас халықтарының терең тамырлы достығы мен тату көршiлестігі, тарихи және мәдени қауымдастық дәстүрлерiне сүйене отырып,
өңiрлiк қауiпсiздiк пен тұрлаулылықты қамтамасыз ету, терроризмге және экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа, есiрткi бизнесiне бiрлесiп қарсы тұру мәселелерiнде өзара iс-қимыл жасаудың маңыздылығын негiзге ала отырып,
өңірдегі халықтардың өмiр сүру деңгейiн көтеруге бағытталған, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастар саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрi тереңдетудi қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қозғаушы болып,
халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған қағидаттары мен нормаларына өздерiнің адалдығын қуаттай отырып,
Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығының Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық өрлеу iсiнде және өңірдiң тұрлаулылығы мен қауіпсiздiгiн нығайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өте отырып,
2001 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы Мемлекеттерi Басшыларының Ташкент мәлiмдемесiне сәйкес,
төмендегiлер туралы уағдаласты:
1-бап
Ұйымды құру
Саяси диалогты алға жылжыту және оны диверсификациялау, өңiрлiк экономикалық интеграцияның нысандары мен тетiктерiн жетiлдiру, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар саласындағы көпқырлы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Уағдаласушы Тараптар Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығын "Орталық Азия Ынтымақтастығы" ұйымы етіп қайта құрады (бұдан әрi - ОАЫ).
Уағдаласушы Тараптардың бұрынырақ Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығы шеңберiнде жасасқан шарттары мен келiсiмдерi, сондай-ақ Мемлекеттер Басшыларының осы Шартқа қайшы келмейтiн шешiмдерi өз күшiн жоғалтпайды.
ОАЫ игi ниеттiлік, егемендікті, аумақтық тұтастықты, тең құқықтылықты құрметтеу, сондай-ақ осы Шарттың ережелерiн iске асыру жолындағы мүше-мемлекеттердiң жауапкершiлігі негiзiнде құрылады.
2-бап
Мақсаттары мен мiндеттерi
ОАЫ-ның негізгі мақсаттары мен мiндеттерi мыналар болып табылады:
- саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, табиғатты қорғау, мәдени-гуманитарлық салаларда, сондай-ақ өңiрлік қауiпсiздiк пен тұрлаулылықты қамтамасыз ету iсiнде тиiмдi ынтымақтастықты жүзеге асыру;
- мүше-мемлекеттердiң тәуелсiздiгi мен егемендiгіне, аумақтық тұтастығына төнетін қауіп-қатердің алдын алу мәселелерiнде өзара қолдау көрсету;
- өңiрлік және трансұлттық қылмысқа, әcipece заңсыз есiрткi айналымына, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон және терроризмге қарсы күрес;
- бiртұтас экономикалық кеңістікті кезең-кезеңімен қалыптастыруда келiсiлген күш-жiгер жұмсауды жүзеге асыру;
- бiрлескен көліктік-коммуникациялық және энергетикалық жүйелердiң ортақ инфрақұрылымын құру жөнiнде өзара ic-қимыл жасау;
- шекара және кедендік бақылау саласында келiсiлген саясат жүргiзу;
- тариф саясаты саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру;
- су объектілерiн, су-энергетика ресурстарын және су шаруашылығы қондырғыларын ұтымды және өзара тиiмдi пайдалану саласында үйлестiрiлген және келiсiлген iс-қимылдар жүргiзу;
- мәдениет, ғылым мен техника, білім беру, спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы ОАЫ-ға мүше мемлекеттер халықтарының рухани әлеуетінің өсуiне жәрдемдесу;
- өзара мүдделiлiк бiлдiрілетін басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту.
3-бап
Мүшелік
ОАЫ-ның құрылтайшы мемлекеттерi - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы болып табылады;
ОАЫ-ның құрылтайшы мемлекеттерi, сондай-ақ ОАЫ-ның мақсаттарын, қағидаттарын бөлiсетiн және барлық мүше мемлекеттердің келiсiмi бойынша қосылу арқылы осы Шарт бойынша өзiне мiндеттемелер қабылдайтын басқа да мемлекеттер ұйымға мүше мемлекеттер болып табылады. Ондай мемлекет үшін осы Шарт ОАЫ-ға мүше мемлекеттен жазбаша хабарлау алынған күннен бастап күшiне енедi.
ОАЫ-ға мүше мемлекет OAЫ-ғa мүше басқа мемлекеттерге мүшелiктi тоқтату күнiне дейiн 12 айдан кешіктiрмей жазбаша хабарлау арқылы ОАЫ-дағы өзiнiң мүшелiгiн тоқтатуға құқылы. Осы Шартқа қатысуы кезеңiнде пайда болған мiндеттемелер, тиiстi мемлекетті олар толық орындалғанша байланыстырады.
4-бап
Органдар
ОАЫ-ның шеңберiндегi осы Шарттың мақсаттары мен мiндеттерi орындау үшiн:
- Мемлекеттер басшылары мен Премьер-министрлердiң Кеңесi;
- Сыртқы iстер министрлерінің, салалық министрлiктер мен
ведомстволар басшыларының кеңестерi;
- Ұлттық үйлестірушілердiң Комитетi қызмет етедi.
5-бап
Мемлекеттер Басшыларының және
Премьер-министрлердiң кеңесi
Мемлекеттер Басшыларының және Премьер-министрлердiң кеңесi (бұдан әрі - Кеңес) мүше мемлекеттердiң ортақ мүдделерiне байланысты неғұрлым маңызды мәселелердi қарастырады, стратегиясын, интеграцияның бағыттары мен даму келешегiн анық және осы Шартты iске асыруға бағытталған шешiмдер қабылдайды.
Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес отырыстарға жылына бiр реттен кем жиналмайды.
Премьер-Министрлер деңгейiндегi Кеңес қажет болғанына қарай және ОАЫ-ға мүше Мемлекеттер Басшыларының тапсыруымен жиналады.
Кеңесте төрағалық ету ОАЫ-ға мүше мемлекеттер атауларының орыс алфавиті тәртiбiндегi кезекпен бiр жыл бойында жүзеге асырылады.
Қажет болған жағдайда ОАЫ-ға мүше бiр мемлекеттiң ұсынысы және ОАЫ-ға мүше барлық мемлекеттердің келiсiмi бойынша Кеңестiң кезектен тыс отырыстарын шақыруға болады.
Кеңес жұмысының тәртiбiн ОАЫ-ға мүше мемлекеттердің Басшылары анықтайды.
Кеңес өз шешiмiмен Салалық министрлiктер мен ведомстволар басшыларының кеңесiн құрып және олардың ережелерiн бекiте алады.
6-бап
Сыртқы iстер министрлерінің кеңесi
Сыртқы iстер министрлерiнің кеңесi OAЫ-ның жұмыс органы болып табылады.
Сыртқы iстер министрлерiнің кеңесi ОАЫ-ның ағымдағы қызметiне жататын мәселелердi қарайды және OAЫ шеңберiнде халықаралық проблемалар туралы консультациялар өткiзедi.
Сыртқы iстер министрлерінің кеңесi мүше Мемлекеттер Басшылары Кеңесінің отырысы өткiзiлуiне дейiн бiр айдан кешiктірмей алады.
Сыртқы iстер министрлерi кеңесінің кезектен тыс отырыстары кемiнде екi мүше мемлекеттің ұсынысы бойынша және барлық басқа мүше мемлекеттердiң келiсiмiмен шақырылады.
Сыртқы iстер министрлерінің кеңесiнде төрағалық ету жыл бойына ОАЫ-ға мүше мемлекеттер атауларының орыс алфавитiндегі тәртiбi бойынша кезекпен жүзеге асырылады.
Сыртқы iстер министрлері кеңесінің функциялары мен жұмыс тәртiбi Мемлекеттер Басшылары деңгейіндегi Кеңес шешiмiмен бекiтілетін Ережемен анықталады.
7-бап
Ұлттық үйлестiрушiлер комитетi
Ұлттық үйлестірушілер комитеті (бұдан әрi - Комитет) OAЫ-ның үйлестіру мен ағымдағы қызметiн басқаруды жүзеге асыратын орган болып табылады.
Ұлттық үйлестірушіні ОАЫ-ға мүше Мемлекеттің Басшысы тағайындайды және босатады.
Комитеттiң қызметi Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегi Кеңес бекiтетiн Ережеге сәйкес атқарылады.
8-бап
Қаржыландыру
Мүше мемлекеттеp өз өкiлдерi мен сарапшыларының ОАЫ органдарының жұмысына, сондай-ақ ұйымның iс-шараларына қатысуларына байланысты шыққан шығыстарды өздерi көтереді.
9-бап
Байқаушылар
Мемлекеттер Басшылары деңгейiндегі Кеңестiң шешiмi бойынша кез келген мемлекет немесе халықаралық ұйымға, тиiстi өтiнiш бiлдiрген жағдайда, ОАЫ жанындағы байқаушы мәртебесi берiлуi мүмкiн.
Байқаушы мәртебесiн бepу, тоқтату және күшiн жою Мемлекеттеp Басшылары деңгейiндегi Кеңес шешiмiмен бекiтiлетiн Ережемен анықталады.
10-бап
Құқық қабiлеттiгi
ОАЫ әрбiр мүше мемлекет аумағында өз мақсаттары мен мiндеттерiн iске асыру үшiн қажет құқықтық қабiлеттігін пайдаланады.
ОАЫ мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастар орната алады және олармен шарттар жасасады.
ОАЫ заңды тұлғаның құқықтарын пайдаланады, өз қызметiн осы Шартқа сәйкес жүзеге асырады.
11-бап
Шешімдерді қабылдау және орындау тәртiбi
ОАЫ-ның органдарындағы шешімдер ортақ келiсiмге келу арқылы қабылданады және мүше мемлекеттер оны өздерiнiң ұлттық заңдарына сәйкес орындайды.
ОАЫ шеңберiнде қабылданған мүшe мемлекеттердiң мiндеттемелерiн орындауды бақылау Ұлттық үйлестірушілердің құзыреттерi шегiнде жүзеге асырылады.
12-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер
ОАЫ және оның лауазымды иелерi барлық мүше мемлекеттердiң аумақтарында өз мiндеттерiн орындауға, сондай-ақ осы Шартпен және ОАЫ шеңберiнде қолданылатын келiсiмдермен көзделген мақсаттарға жету үшiн қажеттi артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.
Артықшылықтар мен иммунитеттер көлемi және лауазым иелерінің тiзбесi жеке құжаттармен белгiленедi.
13-бап
Өзгерiстер мен толықтырулар
Осы Шартқа ОАЫ-ға мүше мемлекеттердiң өзара келiсiмi бойынша осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерiстер мен толықтырулар енгізілуi мүмкiн.
14-бап
Тіл
ОАЫ-ның жұмыс тiлi орыс тiлi болып табылады.
15-бап
Тіркеу
Осы Шарт БҰҰ Жарғысының 102-шi бабына сәйкес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тiркелуi қажет.
16-бап
Басқа шарттарға қатынасы
Осы Шарт мүше мемлекеттердiң олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардағы құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
17-бап
Депозитарий
Осы Шарттың депозитарий міндетін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.
18-бап
Қолданыс мерзімі және күшіне енуі
Осы Шарт белгіленбеген мерзiмге жасалады және мүше мемлекеттер оның қолданысын тоқтату туралы тиiстi шешiм қабылдағанша өз күшiнде болады.
Осы Шарт Уағдаласушы Тараптардың бекiтуiне жатады, қол қойылған сәттен бастап уақытша қолданылады және депозитарийге соңғы бекiту грамотасын тапсырған күннен баcтап күшіне енедi.
Алматы қаласында 2002 жылы 28 ақпанда бiр дана түпнұсқада орыс тілiнде жасалды.
Шарттың қазақ, қырғыз, тәжiк және өзбек тiлдерiндегi мәтінi дайындалады және орыс тіліндегі мәтінмен сәйкестігін анықтайтын дипломатиялық ноталармен алмасқан соң мәнi жағынан тең мәтін ретінде қабылданады.
Депозитарий әрбiр Уағдаласушы Тарапқа оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.
Қазақстан Қырғыз Тәжiкстан Өзбекстан
Республикасы Республикасы Республикасы Республикасы
үшін үшін үшін үшін