Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
"Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын-алу туралы
Осы Заң кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын-алу туралы мемлекеттiк органдар қызметiнiң құқықтық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қадағалаусыз қалған - ата-анасының және оларды ауыстырушы адамдардың өзге де заңды өкiлдердiң, сондай-ақ педагогтардың, тәрбиешiлердiң және кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi басқа да оқыту, тәрбиелеу немесе өзге де мекемелер қызметкерлерiнiң тарапынан оны тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан тәртiбi бақылаусыз қалған кәмелетке толмаған бала;
2) панасыз қалған - тұрғылықты жерi жоқ қадағалаусыз қалған бала;
3) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу (бұдан әрi - кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу) - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қадағалаусыз және панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алуға бағытталған құқықтық, педагогикалық, медициналық және өзге де шаралар жүйесi, әлеуметтiк қауiптi жағдайдағы кәмелетке толмағандармен және оларды тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту бойынша мiндеттерiн орындамайтын немесе олардың мiнез-құлқына терiс әсер ететiн ата-аналармен және басқа да заңды өкiлдермен жеке алдын алу жұмыстарын қоса жүзеге асыру арқылы оған ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
4) жеке алдын алу жұмысы - мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң, ұйымдардың және жекелеген азаматтардың кәмелетке толмағандар мен тұрмысы жайсыз отбасыларды дер кезiнде анықтау, оларды әлеуметтiк оңалту және (немесе) олардың құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөнiндегi қызметi;
5) тұрмысы жайсыз отбасы - кәмелетке толмағандардың ата-анасы немесе заңды өкiлдерi оларды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың тәртiбiне терiс әсер ететiн отбасы;
6) кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу - баланы қоғамда қабылданған және оның рухани, адамгершiлiк, психикалық, мәдени, интеллектуалдық дамуына және әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғауға бағытталған мiнез-құлық ережелерi мен нормаларына баулу жөнiнде ата-аналар мен өзге де заңды өкiлдердiң тарапынан балаға ықпал ететiн үздiксiз процесс;
7) кәмелетке толмағандарды бағып-күту - кәмелетке толмағандардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң өз қаржылық мүмкiндiктерi мен қабiлеттерiнiң шегiнде оның дамуы, мүлiктiк құқықтары мен әлеуметтiк cтaндapттapын қамтамасыз ету үшiн жағдай жасауы;
8) әлеуметтiк оңалту - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жүйесi органдары мен мекемелерi жүзеге асыратын қиын жағдайдағы кәмелетке толмағандарды құқықтық, әлеуметтiк, дене күтiмi, психикалық, педагогикалық, моральдық және (немесе) материалдық қалпына келтiруге бағытталған шаралар кешенi.
2-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және
панасыз қалудың алдын алу туралы заңнама
1. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңда көрсетiлгеннен өзге ережелер белгiленген болса, оның қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының Заңын қабылдауды қажет ететiн ерекше жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз
қалудың алдын алу саласындағы мемлекеттік саясат
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы мемлекеттiк саясат құқықтық саясаттың бiр бөлiгi болып табылады және ол кәмелетке толмағандар үшiн құқықтық және әлеуметтiк кепiлдiктер жасауды, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жүйесiн құрайтын органдар мен мекемелердi материалдық-техникалық, қаржылық, ғылыми-әдiстемелiк және кадрмен қамтамасыз етудi құрайды.
2. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы мемлекеттiк саясат мынадай принциптер бойынша жүзеге асырылады:
1) заңдылық;
2) кәмелетке толмағандармен iзгiлiктi қарым-қатынас;
3) отбасын қолдау;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу шараларын қолданудағы кешендiлiк;
5) әлеуметтiк қауiптi жағдайдағы әрбiр кәмелетке толмаған баламен жеке жұмыс жүргізу;
6) құпиялылық;
7) қызметi әлеуметтiк тапсырыстар беру және заң актiлерiне сәйкес өзге де шаралар арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiндегi шараларды жүзеге асырумен байланысты коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттiк қолдау;
8) кәмелетке толмаған баланың ата-анасымен, өзге де заңды өкілдерiмен өзара қарым-қатынас жасау;
9) балалардың оқу, тәрбиелеу, емдеу, спорт және өзге де мекемелерiнiң тиiстi түрде жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
10) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны үшін жауапкершілік;
11) ғылыми негiздiлiк.
4-бап. Мемлекеттік органдардың кәмелетке толмағандар
арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз
және панасыз қалудың алдын алу саласындағы
негiзгi мiндеттерi
Мемлекеттiк органдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететiн тигiзген себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
2) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету;
3) қиын өмiр кезеңiн басынан кешкен кәмелетке толмағандарды әлеуметтiк оңалту;
4) кәмелетке толмағандардың мiнез-құлқын заңға бағынушылыққа қалыптастыру;
5) кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарға немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тарту фактiлерiн анықтау және жолын кесу;
6) мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және ұйымдардың кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiндегi қызметiн үйлестiру.
5-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың қадағалаусыз және панасыз қалудың
алдын алу саласындағы мемлекеттiк реттеу
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Үкiметi, орталық атқарушы органдары, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы және өкiлеттi органдары жүзеге асырады.
6-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз
қалудың алдын алу жүйесi
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жүйесiне iшкi iстер органдары, бiлiм беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, әдiлет, жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, жергiлiктi өкiлдік және атқарушы органдар, кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар және өз құзыретінің шегiнде өзге де мемлекеттiк органдар кiредi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген органдарда заңнамада белгiленген тәртiпте кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiнде жекелеген мiндеттердi жүзеге асыратын өз құзыретi шеңберiнде мекемелер құрылуы мүмкiн.
3. Өзге ұйымдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алуға заңнамада белгiленген тәртiпте қатысады.
2-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу саласындағы мемлекеттiк органдар мен мекемелердiң мiндеттерi және өкiлеттiктepi
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасының Yкiметi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласында:
1) оны жүзеге асыру жөнiнде мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары мен шараларын әзiрлейдi;
2) кәмелетке толмағандардың әлеуметтiк қорғау жүйесiн белгiлейдi;
3) кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау және қорғау, бала құқықтарын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың желiсiн дамыту жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
4) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ведомствоаралық комиссия құрады;
5) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, оларды әлеуметтiк оңалту жөнiндегi бағдарламаларды бекiтедi.
8-бап. Жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың
құзыретi
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы жергiлiктi өкiлеттi oргандар өз құзыреті шегінде:
1) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алуда жергiлiктi бюджеттiң шығыс бөлiгiнiң орындалуын, өңiрлiк экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларды бекiтедi және олардың жүзеге асырылуын бақылайды;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамын бекiтедi;
3) кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді заң актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу саласындағы өз жұмысын жергiлiктi мемлекеттiк басқару деңгейiне сәйкес және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген құзыретi шегiнде ұйымдастырады.
3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың жеке құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
2) қиын өмiр кезеңiн басынан кешiрген кәмелетке толмағандардың және тұрмысы жайсыз отбасылардың өңiрлiк есебiн жүргiзедi;
3) қиын өмiр кезеңiн басынан кешiрген кәмелетке толмағандарды заңнамада белгiленген тәртiпте жұмысқа және тұрмыста орналастыру бойынша, өзге де көмектер көрсету жөнiндегi шараларды қабылдайды;
4) қызметтерi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу, салауатты өмiр салтын насихаттау, жасөспiрiмдердiң құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша шараларды жүзеге асырумен байланысты болатын коммерциялық емес және басқа да ұйымдарға ұйымдастырушылық-әдiстемелiк көмек көрсетедi;
5) кәмелетке толмағандар үшiн әлеуметтiк инфрақұрылымның, соның iшiнде бала құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардың қалыптасуын қамтамасыз етедi және олардың қызметтерiнiң мониторингiн жүзеге асырады.
4. Аудандардағы (облыстық маңызы бар қалалардағы) жергiлiктi атқарушы органдар:
1) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың жеке құрамын бекiту үшiн тиiстi мәслихаттарға ұсынады және олардың жұмысын ұйымдастырады;
2) қиын өмiр кезеңiн басынан кешiрген кәмелетке толмағандардың және тұрмысы жайсыз отбасылардың жеке есебiн жүргiзедi;
3) кәмелетке толмағандар үшiн әлеуметтiк инфрақұрылымның қалыптасуына ықпал етедi.
9-бап. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың
құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар
1. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия кәмелетке толмаған құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу, олардың құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау саласындағы мемлекеттiк органдар мен мекемелерiн қызметтерiн үйлестiрудi қамтамасыз ететiн, тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы орган болып табылады.
2. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасының Үкiметi жанынан, ал облыстық, қалалық, қаладағы аудандық, аудандық комиссиялар тиiстi жергiлiктi атқарушы органның (әкiмдiк) жанынан құрылады.
3. Қажет болған жағдайда кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия аудандық орталықтан айтарлықтай қашықтықта орналасқан кенттiк әкiмнiң жанында құрылуы мүмкiн. Кент әкiмi жанындағы кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссия аудандық комиссия құқықтары мен мiндеттерiне ие болады. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк комиссияны құру туралы шешiмдi облыстық әкiмдiк қабылдайды, ал оның және құрамын тиiстi ауданның мәслихаты бекiтедi.
4. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелерi және жауапты хатшы кiредi. Төраға мен жауапты хатшы тиiстi мемлекеттiк органдардың аппараттарындағы штаттық лауазымда болады. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi кенттiк комиссия төрағасының мiндеттерiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң әкiмi атқарады.
5. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның құрамына тиiстi деңгейдегi мәслихаттардың депутаттары, iшкi iстер органдарының, бiлiм беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әдiлет органдарының, жұмыспен қамту, қамқорлық пен қорғаншылық мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға мүдделi қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкiлдерi кiредi.
6. Кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар алдына қойылған мiндеттерге сәйкес және өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау және қалпына келтiру, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтар мен қоғамға жат iс-әрекеттер жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау және жою бойынша шараларды жүзеге асырады;
2) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың және қоғамға жат iс-әрекеттердiң алдын алу, оларды әлеуметтік оңалту жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметтерiн жетілдіруге бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзiрлеу;
3) бала құқығын қорғау жөнiндегі мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдардағы кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту жағдайларын бақылауды қамтамасыз етуге қатысады;
4) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың жай-күйiн байқайды және осы салада әлеуметтiк зерттеулердiң жүргiзiлуiн ұйымдастырады;
5) бала құқығын қорғау жөнiнде мiндеттердi жүзеге асыратын ұйымдар желiсiнiң дамуына септiгiн тигiзедi және олардың қызметтерiнiң мониторингiн қамтамасыз етедi;
6) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алумен айналысатын органдар мен ұйымдардың iс тәжiрибесiн жинақтап, таратады және оларға ұйымдастырушылық-практикалық көмек көрсетедi;
7) мүдделi мемлекеттiк органдар жетекшiлерiнiң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу бойынша жүргiзген жұмыстары жөнiнде есеп берулерiн тыңдайды және олардың арасында осы мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасуды ұйымдастырады;
8) кәмелетке толмағандарды арнайы бiлiм беру ұйымдарына және бағып-күтудiң ерекше тәртiбi қолданылатын бiлiм беру ұйымдарына жiберу мәселелерi бойынша сотқа материалдарды даярлауға қатысады;
9) қылмыстық-атқарушы жүйе мекемелерiнен босатылған немесе арнайы бiлiм беру ұйымдары мен бағып-күтудiң ерекше тәртiбi қолданылатын бiлiм беру ұйымдарынан қайтып оралған кәмелетке толмағандарды жұмысқа және тұрмыста орналастыруға, сондай-ақ қиын өмiрлiк кезеңдi бастан кешiрiп отырған кәмелетке толмағандарды әлеуметтiк оңалту бойынша басқа да мiндеттердi жүзеге асыруға мүдделi органдар қызметiн үйлестiредi;
10) құқық бұзушы кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ тәрбиелеу, оқыту және бағып-күту бойынша өз мiндеттерiн орындамайтын немесе олардың мiнез-құлықтарына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен кәмелетке толмағандардың заңды өкiлдерiне қатысты материалдарды заңмен белгiленген тәртiпте қарастырады.
7. Кәмелетке толмағандар iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялардың құрылу тәртiбi және олардың қызметiнiң ұйымдастырылуы заңмен белгiленедi.
10-бап. Iшкi iстер органдарының құзыретi
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу саласында iшкi iстер органдары өз құзыреттерiнiң шегiнде:
1) осы Заңның 18-бабының 1-12-тармақтарында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ оларды тәрбиелеу, оқыту, бағып-күту бойынша өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлықтарына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне қатысты жеке алдын алу жұмыстарын жүргiзедi, анықтайды, есебiн жүргiзедi;
2) кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар, қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартатын немесе балаларға қатысты басқа да құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасайтын адамдарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту бойынша өз мiндеттерiн орындамайтын немесе тиiсiнше орындамайтын, не болмаса олардың мiнез-құлықтарына терiс әсер ететiн кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiн, педагогтарды, тәрбиешiлердi, оқу, тәрбие және кәмелетке толмағандарды қадағалауды жүзеге асыруға мiндеттi басқа да мекеменiң өзге қызметкерлерiн анықтайды және белгiленген тәртiпте оларға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қарастырылған жауапкершiлiкке тарту жөнiндегi шаралар қолданады;
3) кәмелетке толмағандар жасаған немесе олардың қатысуымен жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жайлы өтiнiштер мен хабарламаларды белгiленген тәртiпте қарастырады және белгiленген тәртiпте оларға себепшi болған себептер мен жағдайларды жоқ жөнiнде ұсыныс енгiзедi, олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етедi;
4) арнайы бiлiм беру ұйымдарына және бағып-күтудiң ерекше тәртiбi қолданылатын бiлiм беру ұйымдарына жiберiлген кәмелетке толмағандарға қатысты материалдарды дайындауға қатысады;
5) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандардың өмiр салтын және мiнез-құлқын бақылауды қамтамасыз етуде әдiлет органдарының қылмыстық-атқару инспекцияларына көмек көрсетедi;
6) Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекцияларымен бiрге балаларын тәрбиелеу, оқыту және күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамайтын және (немесе) олардың мiнез-құлқына керi әсер ететiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабы бойынша жазасын өтеу кейiнге қалдырылған сотталған әйелдерге қатысты материалдар дайындайды;
7) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, құқық бұзушылықтары мен қоғамға жат iс-әрекеттерi, оған себепшi болған себептер мен жағдайлар жөнiнде мүдделi органдар мен мекемелердi хабардар етедi;
8) кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының және басқа да заңды өкiлдерiнiң құқықтық тәрбиесiнде бiлiм беру органдарына көмек көрсетедi;
11-бап. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау,
бейiмдеу және оңалту орталықтары
1. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтары (бұдан әрi - КУОБОО) кәмелетке толмағандарды қабылдауды және уақытша ұстауды қамтамасыз ететiн уәкiлеттi органдардың арнайы балалар мекемесi болып табылады. Мұнда:
1) қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатын жасқа жеткенге дейiн қылмыстық белгiлерi бар қоғамға қауiптi әрекет жасаған;
2) өмiр сүру және тәрбиелену жағдайларына байланысты олардың бұрынғы тұрғылықты жерiнде бұдан әрi тұру мүмкiндiгi болмаған жағдайларда қылмыстың жасалуына айыпталушы;
3) арнайы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына жiберiлген;
4) ата-аналарын немесе өзге де заңды өкiлдерiн анықтау үшiн үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi қадағалаусыз және панасыз қалған;
5) қамқоршылық және қорғаншылық органдарына уақтылы орналастыру мүмкiндiгi болмаған жағдайда ата-анасының немесе оларды ауыстыратын адамдардың қамқорынсыз қалған, сондай-ақ олардың өмiрiне немесе денсаулығына тiкелей қауiп төнген кезде қамқоршылық және қорғаншылық органдары ата-анасынан (олардың бiреуiнен) немесе оларды қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан алып қойған кәмелетке толмағандар орналастырылады.
Осы тармақтың 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандар КУОБОО-да өзге де негiздер бойынша ұсталатын кәмелетке толмағандардан бөлек ұсталады.
2. Кәмелетке толмағандарды КУОБОО-ға орналастыру үшiн:
1) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - прокурор рұқсат берген қылмыстық қудалау органының немесе соттың қаулысы;
2) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - қамқорлық және қорғаншылық органының қаулысы негiз болып табылады.
3. Түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерiнде, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайларда осы баптың 1-тармағының 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандар КУОБОО-ға қалалық, аудандық, желiлiк iшкi iстер органы бастығының (орынбасарының) қаулысы негiзiнде орналастырылуы мүмкiн, бұл туралы жиырма сағат iшiнде КУОБОО әкiмшiлiгi прокурорды жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi. Осы бапта көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты материалдар оларды одан әрi ұстау не болмаса орналастыру туралы мәселенi шешу үшiн КУОБОО-ға орналастырылған сәттен бастап үш тәулiк iшiнде сотқа, прокурорға немесе қамқорлық және қорғаншылық органдарына ұсынылады.
4. Кәмелетке толмағандарды КУОБОО-ға орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинақтауды iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген кәмелетке толмағандардың КУОБОО-да болу мерзiмi 30 тәулiктен аспауы тиiс. Осы баптың 1-тармағының 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандардың КУОБОО-да болу мерзiмi оларды орналастыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету, ата-аналарын немесе өзге де заңды өкiлдерiн анықтау не болмаса қылмыстық iстi жан-жақты тергеу үшiн тек алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн. Осы санаттағы кәмелетке толмағандардың КУОБОО-да болу мерзiмiн ұзартуға:
1) осы баптың 1-тармағының 2) және 4) тармақшаларында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - прокурор рұқсат берген қылмыстық қудалау органының немесе соттың қаулысы;
2) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген кәмелетке толмағандарға қатысты - қамқорлық және қорғаншылық органының қаулысы негiз болып табылады.
6. Кәмелетке толмағандардың КУОБОО-да болу мерзiмiне өкiлеттi денсаулық сақтау органы жариялаған карантин кезеңi, сондай-ақ кәмелетке толмағанның ауруына байланысты стационарлық медициналық мекемеде болу уақыты енбейдi.
7. КУОБОО-ға алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ айқын көрiнетiн психикалық аурудың белгiлерi бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды.
8. Кәмелетке толмағандарды КУОБОО-да ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережеде белгiленедi.
12-бап. Бiлiм беру органдарының құзыретi
1. Бiлiм беру органдары өз құзыретi шегiнде:
1) девиантты мiнез-құлқы бар кәмелетке толмағандарға арналған арнайы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарының, сондай-ақ баланың құқығын қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың жүйесiн дамыту жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
2) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
3) белгiсiз себептер бойынша жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтайды және есепке алады, олармен және олардың ата-аналарымен немесе заңды өкiлдермен жеке алдын алу жұмыстарын жүргiзедi;
4) кәмелетке толмағандардың заңға бағынушылық мiнез-құлықтарын қалыптастыруға, олардың бойына адамгершiлiк пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдiстемелердi әзiрлейдi және бiлiм беру ұйымдарының жұмыс тәжiрибесiне енгiзедi;
5) дамуында немесе мiнез-құлқында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияларды құрады, олардың кешендi тексерiлуiн жүргiзедi және олардың одан әрi оқытылуы мен тәрбиеленуiнiң нысандарын анықтау жөнiндегi нұсқауларды дайындайды;
6) девиантты мiнез-құлқы бар кәмелетке толмағандарды, тұрмысы жайсыз отбасыларын анықтауға, оларды iшкi iстер органдарында есепке алуға және олармен жеке алдын алу жұмыстарын жүргiзуге қатысады;
7) жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында тиiстi спорт секцияларын, техникалық және өзге де үйiрмелердi, клубтарды ұйымдастыруды және оларға кәмелетке толмағандарды тартуды қамтамасыз етедi.
13-бап. Арнайы бiлiм беру ұйымдары және ерекше ұстау
режимiндегi бiлiм беру ұйымдары
1. Арнайы бiлiм беру ұйымдары және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдары оқу-тәрбие немесе емдеу-тәрбиелеу мекемелерi болып табылады және он бiр жастан он сегiз жасқа дейiнгi девиантты мiнез-құлқы бар кәмелетке толмағандар үшiн олардың тәрбиесiн, оқуын және әлеуметтiк оңалуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
2. Әкiмшiлiк жазалау шараларына әкелiп соғатын құқық бұзушылықтарды ұдайы жасайтын, оқудан, жұмыстан қаскөй жалтарушы, отбасынан және балалардың оқу-тәрбие ұйымдарынан ұдайы кетiп қалатын кәмелетке толмағандар, кәмелетке толмағандар iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның ұсынысы бойынша шығарылған сот шешiмiнiң негiзiнде арнайы бiлiм беру ұйымдарына бiр айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге жiберiлуi мүмкiн.
3. Қылмыстық белгiлерi бар қоғамға қауiптi әрекеттер жасаған, қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған кәмелетке толмағандар сот шешiмiнiң негiзiнде алты айдан екi жылға дейінгі мерзiмге ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына жiберiлуi мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағандардың арнайы бiлiм беру ұйымдарында және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарында болуы оның кәмелеттiк жасқа жетуiне байланысты, сондай-ақ осы мекемелер әкiмшiлiктерiнiң ұсыныстары негiзiнде сот кәмелетке толмағандар өздерiнiң түзелуi үшiн бұл шараны қолдануды бұдан әрi қажет етпейдi деген қорытындыға келген жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
5. Кәмелетке толмағандардың арнайы бiлiм беру ұйымдарында және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарында болуының сотпен белгiленген мерзiмi осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртіпте, тек қана мынадай жағдайларда ұзартылуы мүмкiн:
1) кәмелетке толмағандардың жалпы бiлiмiн немесе кәсiби дайындығын аяқтау қажеттiлігi болған, бiрақ олар кәмелеттiк жастан аспаған жағдайда;
2) қылмыстық жауапкершілiк басталатын жасқа жеткенге дейiн қылмыстық белгiлерi бар қоғамға қауiптi әрекеттер жасалғанда.
6. Кәмелетке толмағандарды арнайы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына жiберу туралы мәселенi қарастыру кезiнде прокурор мiндетті түрде қатысуы тиiс.
7. Осы баптың 2, 3-тармақтарында көрсетiлген, кәмелетке толмағандарды анықтауды және есепке алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар кәмелетке толмағандарды арнайы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына орналастыру үшiн қажеттi құжаттарды жинауды қамтамасыз етеді.
8. Арнайы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарының әкiмшiлiгi:
1) құрамына көрсетiлген мекеменiң аумағын күзету; тәрбиеленушілердiң жеке бастарының қауiпсiздiгiн және олардың жағымсыз әсерден қорғалу; көрсетiлген мекеменiң аумағына бөгде адамдардың еркiн кiрiп-шығуын және одан тәрбиеленушiлердiң өз еркiмен кетуiн шектеу; кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы, оның iшiнде ұйқыға берiлген уақытта қадағалау және бақылау; кәмелетке толмағандардың өздерiн, олардың заттары мен ұйықтайтын бөлмелерiн тексеру енетiн кәмелетке толмағандарды ұстаудың арнайы жағдайларын қамтамасыз етедi;
2) көрсетiлген мекеменiң орналасқан жерi бойынша және кәмелетке толмағандардың тұрғылықты жерi бойынша iшкi iстер органдарына олардың өз еркiмен кетiп қалу фактiлерi туралы хабарлайды және оларды iздестiруге және қайтаруға тiкелей қатысады;
3) кәмелетке толмағанды көрсетiлген мекемеден шығару туралы хабарламаны, сондай-ақ кәмелетке толмағанға мiнездемесiн және олармен алдағы уақытта жеке алдын алу жұмыстарын жүргiзудiң, жұмысқа және тұрмыста орналасуына көмек көрсетудiң қажеттiлiгi туралы нұсқауларды кәмелетке толмағанның тұрғылықты жерi бойынша кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға олардың ұсталу мерзiмiнiң аяқталуына дейiн бiр ай қалғанда жiбередi.
9. Арнайы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына осы мекемелерде тұруына және оқуына кедергi болатын аурулары бар кәмелетке толмағандар орналастырылмайды. Мұндай аурулардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
10. Арнайы бiлiм беру ұйымдарының және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарының қызметiн құру және ұйымдастыру тәртiбi және оларда кәмелетке толмағандарды бағып-күтудiң шарттары бiлiм беру саласында Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен анықталады.
14-бап. Денсаулық сақтау органдары
1. Денсаулық сақтау органдары өз құзыретi шегiнде мыналарды:
1) кәмелетке толмағандар, олардың ата-аналары немесе заңды өкiлдерi арасында санитарлық-гигиеналық бiлiмдердi таратуды, сондай-ақ салауатты өмiр салтын насихаттауды;
2) кәмелетке толмағандардың маскүнемдiгiн, нашақорлығы мен уытқұмарлығын және осыған байланысты олардың мiнез-құлықтарындағы ауытқушылықтарын алдын алу жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеудi және жүзеге асыруды;
3) ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған үш жасқа дейiнгi адасқан, тастанды және басқа да балалардың тәулiк бойы қабылдануын және бағып күтiлуiн;
4) кәмелетке толмағандар құқық бұзушылықтарының, қадағалаусыз, панасыз қалуының алдын алу жүйесiнiң мемлекеттiк органдары мен мекемелерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне кеңестiк көмек көрсетудi;
5) алкогольдiк, есiрткiлiк және уытқұмарлық мас болу күйiндегi кәмелетке толмағандарды тәулiк бойы қабылдауды және оларға медициналық көмек көрсетудi;
6) мiнез-құлықтарында ауытқушылықтары бар кәмелетке толмағандарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған диагностикалық және емдiк-қалпына келтiру көмегiн көрсетудi;
7) арнайы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарына жiберiлетiн кәмелетке толмағандардың денсаулық жағдайы туралы қорытындыны белгiленген тәртiппен дайындауды;
8) спирттiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның мiнез-құлқы мен психикалық және дене функцияларына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де қатты әсер ететiн заттарды терiс пайдаланатын кәмелетке толмағандарды анықтауды, есепке алуды, тексеруден өткiзудi және медициналық әлеуметтiк оңалтуды, сондай-ақ олардың құзыретiне жататын кәмелетке толмағандар маскүнемдiгiн, нашақорлығы мен уытқұмарлығын және осыған байланысты олардың мiнез-құлықтарындағы ауытқушылықтарын алдын алу жөнiндегi басқа да шараларды жүзеге асыруды;
9) жыныстық жолмен берiлетiн аурулардың көздерiн анықтауды, осы аурулармен ауыратын кәмелетке толмағандарды тексеруден өткiзудi және емдеудi;
10) кәмелетке толмағандар iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларды кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың, уытқұмарлықтың және маскүнемдiктiң жағдайын, сондай-ақ осы бапта көрсетiлген функцияларды жүзеге асыратын денсаулық сақтау мекемелерiнiң орналасқан орнын, олардың қызметтерiнiң мүмкiндiктерi мен нәтижелерi туралы хабарландырылуын ұйымдастырады.
15-бап. Еңбек жөнiндегi мемлекеттiк уәкiлетті органдар
Еңбек жөнiндегi мемлекеттiк өкiлеттi органдар кәмелетке толмағандардың еңбегiн пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттарының сақталуын және жеке еңбек шарттарын жасасудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асырады.
16-бап. Әдiлет органдары
1. Әдiлет министрлiгiнiң қылмыстық-атқару инспекциялары кәмелетке толмағандардың өмiр салттары мен мiнез-құлықтарын қадағалауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталған кәмелетке толмағандармен жеке алдын алу жұмыстарын жүзеге асырады.
2. Әдiлет министрлiгi қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiндегi кәмелетке толмағандармен жеке алдын алу жұмысын өз құзыретi шегiнде көрсетiлген мекемелердiң әкiмшiлiгi жүргiзедi.
17-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың
алдын алуға қатысушы өзге де мемлекеттiк
органдар
1. Мәдениет органдары өз құзыретi шегiнде:
1) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуының және құқық бұзушылықтарының алдын алу жөнiндегi мақсатты бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
2) қызметтерi кәмелетке толмағандар қадағалаусыз қалуының және құқық бұзушылықтарының алдын алу шараларын жүзеге асырумен байланысты балалар мен жастардың қоғамдық бiрлестiктерiне, әлеуметтiк мекемелерге, қорлар мен өзге де мекемелерге және ұйымдарға жәрдемдеседi;
3) кәмелетке толмағандардың демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға қатысады;
4) кәмелетке толмағандардың заңды сыйлауын және салауатты өмiр салтын насихаттау жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
2. Қамқорлық және қорғаншылық органдары өз құзыретi шегiнде 18-баптың 1-тармағында көрсетiлген кәмелетке толмағандармен, егер олар жетiм болса немесе ата-аналарының және өзге де заңды өкілдерiнiң қамқорлығынсыз қалса жеке алдын алу жұмыстарын жүргiзуге қатысады.
3-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру
18-бап. Жеке алдын алу жұмысы
1. Жеке алдын алу жұмысы:
1) қадағалаусыз және панасыз қалған;
2) арнайы білім беру ұйымдарында, ерекше ұстау режимiндегi білім беру ұйымдарында және кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарында ұсталатын;
3) спирттiк ішімдіктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның мiнез-құлқымен психикалық және дене функцияларына керi әсерiн тигiзетiн өзге де қатты әсер ететiн заттарды терiс пайдаланатын;
4) белгiсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына қатыспайтын;
5) әкiмшілiк құқық бұзушылық жасаған;
6) қылмыстық жауапкершiлiктен немесе ақталмайтын негіздер, оның iшiнде рақымшылық немесе кешірім жасау актілерi бойынша жазадан босатылған;
7) қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатын жасқа жетпеуiне байланысты қылмыстық жауапкершілiкке жатпайтын немесе психикасының бұзылуымен байланысты емес психикалық дамуының кешеуiлдеуi салдарынан қылмыстық белгілерi бар әрекет жасаған;
8) қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шаралары таңдап алынған қылмыстар жасауға айыпталушы немесе күдікті;
9) жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған;
10) жазасын өтеу кейiнге қалдырылған немесе үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырылған;
11) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнен босатылған;
12) ауыр емес немесе орташа ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталған және сот тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы жазадан босатқан;
13) бас бостандығынан айырумен байланысты емес шартты түрде, қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына, өзге де жазалау шараларына сотталған кәмелетке толмағандарға қатысты жүргізiледі.
2. Егер кәмелетке толмағандардың ата-аналары және өзге де заңды өкiлдерi оларды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту бойынша өз міндеттерiн орындамаса олардың мiнез-құлықтарына терiс әсер етсе, жеке алдын алу жұмысы оларға қатысты жүргізiледі.
19-бап. Жеке алдын алу жұмыстарын өткiзудiң негiздерi
Егер осы Заңның 18-бабында көзделген жағдайлар мынадай құжаттарда:
1) сот үкiмiнде, анықтауында немесе қаулысында;
2) кәмелетке толмағандар iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның, прокурордың, анықтау органының қаулысында;
3) арыздарды, өтiнiштердi немесе басқа хабарларды тексерудiң нәтижелерi бойынша кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуының және құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйесi органының немесе мекемесiнiң басшысы бекiткен қорытындыда ресми көрсетiлген болса, олар кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне қатысты жеке алдын алу жұмыстарын өткiзудiң негiздерi болып табылады.
20-бап. Жеке алдын алу жұмыстарын өткiзу мерзiмдерi
Кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдерiне қатысты жеке алдын алу жұмысы кәмелетке толмағандарға әлеуметтік және өзге де көмек көрсету үшін қажеттi мерзімде немесе кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтарына немесе қоғамға жат iс-әрекет жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жойғанға дейiн, немесе олар он сегіз жасқа толғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайлардың басталуына дейiн жүргізiледi.
21-бап. Жеке алдын алу жұмыстары жүргізiлетін
тұлғалардың құқықтары
1. Жеке алдын алу жұмысы жүргiзiлетiн кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң Қазақстан Республикасының Конституциясы, Бала құқығы туралы БҰҰ-ның Конвенциясы, Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiм-шарттары, "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы", "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңдары, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерi кепілдiк берген құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етіледі.
2. Арнайы бiлiм беру ұйымдарында ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарында және кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарында ұсталатын кәмелетке толмағандар осы баптың 1-тармағында көрсетілген құқықтармен қатар, белгiленген тәртіпте:
1) осы мекемелерге орналастырылулары туралы ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне хабарлауға;
2) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу жүйесiнiң органдары мен мекемелерiнің қызметкерлерi қабылдаған шешiмдер бойынша көрсетiлген жүйенiң жоғарғы тұрған органдарына, сондай-ақ прокуратура органдары мен сотқа шағым беруге;
3) iзгiлiктi, адамның намысына тимейтiн қарым-қатынас жасауға;
4) телефонмен сөйлесу және саны шектелмеген кездесулер арқылы отбасымен байланыс жасауға; сәлемдеме; бандероль алу; саны шектелмеген хаттар мен жеделхаттар алуға және жiберуге;
5) тегiн тамақпен, киiммен, аяқ киiммен және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен заттай үлестiң нормалары бойынша басқа да заттармен қамтамасыз етуге құқылы.
22-бап. Осы заңның орындалу кепiлдiктерi
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың алдын алу жүйесiнiң органдары мен мекемелерi өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды құқық шектеудiң барлық нысандарынан, дене немесе психикалық зорлықтан, қорлаудан, дөрекi қарым-қатынастан, сексуалдық және өзге де пайдаланудан қорғауды жүзеге асыруға, ауыр өмiр жағдайындағы кәмелетке толмағандарды және тұрмысы жайсыз отбасыларды анықтауға, сондай-ақ мыналарға:
1) прокуратура органына - кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтары бұзылуы туралы;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияға - кәмелетке толмағандар бiлiм алуға, еңбекке, демалысқа, тұрғын үйге құқықтарының және басқа да құқықтарының бұзылу жағдайлары туралы, сондай-ақ органдар мен мекемелердiң қызметтерiнде кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығының, қадағалаусыз, панасыз қалуының ескертуге кедергi жасайтын кемшiлiктер туралы;
3) қамқорлық және қорғаншылық органына - ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған не болмаса олардың өмiрiне, денсаулығына қауiп төндiретiн немесе тәрбиесiне кедергi келтiретiн жағдайда қалған кәмелетке толмағандар туралы;
4) iшкi iстер органына - қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар, тұрмысы жайсыз отбасылар, құқық бұзушылық немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасаған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмысты немесе қоғамға жат iс-әрекеттердi жасауға тартып жүрген немесе оларға қатысты басқа да құқыққа қарсы әрекеттердi жасап жүрген ата-аналар және өзге де ересек адамдар туралы;
5) денсаулық сақтау органына - спирт ішiмдiктерiн, есiрткi құралдарын, психотроптық немесе адамның мiнез-құлқы мен психикалық және дене функцияларына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де қатты әсер ететiн заттарды терiс пайдалануына байланысты тексерiлудi, қаралуды немесе емделудi қажет ететiн кәмелетке толмағандар туралы;
6) білім беру органына - балалар үйiнен, мектеп-интернаттардан және басқа да балалар мекемелерiнен өз ерiктерiмен кетулерiне байланысты немесе белгiсiз себептер бойынша жалпы бiлiм беретiн орындардан оқуларының тоқтатылуына байланысты мемлекет көмегiне мұқтаж кәмелетке толмағандар туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
Қазақстан Республикасының
Президентi