Көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыру, мемлекеттiк резервке дизель отынын белгiленген көлемнен тыс сатып алу тәртiбiн белгiлеу мақсатында және "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 24-бабына және "2004 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 12 желтоқсандағы N 1260 қаулысының 14-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қосымшаға сәйкес құрамда мемлекеттiк резервте дизель отынын белгiленген көлемнен тыс қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) Комиссия туралы ереже;
2) Мемлекеттiк материалдық резервке белгiленген көлемнен тыс дизель отынын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу ережесi бекiтiлсiн.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары C.M. Мыңбаевқа жүктелсiн.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 9 ақпандағы
N 156 қаулысына
қосымша
Мемлекеттiк резервте дизель отынының белгіленген
мөлшерден тыс мөлшерiн қалыптастыру мәселелері жөніндегі
ведомствоаралық комиссияның
құрамы
Школьник - Қазақстан Республикасы Энергетика
Владимир Сергеевич және минералдық ресурстар министрi,
төраға
Сарекенов - Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
Қабидолла Зұлқашұлы материалдық резервтер жөнiндегi
агенттiгінiң төрағасы, төрағаның
орынбасары
Исаев - Қазақстан Республикасының Энергетика
Мұсабек Исаұлы және минералдық ресурстар министрлiгі
Мұнай өнеркәсiбi департаментiнiң
директоры, хатшы
Қадамбаев - Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк
Тоқтарбай Қадамбайұлы сатып алу жөнiндегi агенттiгi
төрағасының орынбасары
Сағынтаев - Қазақстан Республикасының Табиғи
Бақытжан Абдiрұлы монополияларды реттеу және
бәсекелестіктi қорғау жөніндегi
агенттік төрағасының орынбасары
(келiсiм бойынша)
Базарбаева - Қазақстан Республикасының Қаржы
Әсия Бақытқызы министрлігі Салық комитеті
төрағасының орынбасары
Әбдiреев - Қазақстан Республикасының Индустрия
Батырбек Сейкенұлы және сауда министрлiгі Өнеркәсiп
салалары департаментiнiң директоры
Байшолақов - Қазақстан Республикасының Әдiлет
Алмат Мұратұлы министрлiгi Заңға тәуелдi актiлердiң
сараптамасы департаментiнiң директоры
Доскенов - Қазақстан Республикасының Ауыл
Мирас Жүсiпбекұлы шаруашылығы министрлiгi Ауыл
шаруашылығы машинасын құрастыру және
техникалық саясат департаментінің
директоры
Ермекова - Қазақстан Республикасының Экономика
Несiпбала Әбсағитқызы және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi
Салалық органдардың шығыстарын
жоспарлау департаментi директорының
мiндетiн атқарушы
Мемлекеттiк резервте дизель отынын белгiленген
көлемнен тыс қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi
ведомствоаралық комиссия туралы
ереже
1. Мемлекеттiк резервте дизель отынын белгіленген көлемнен тыс қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының
Конституциясы
мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кесiмдерiн және мемлекеттiк материалдық резервтi қалыптастыру саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
2. Комиссияның мiндеттерi, функциялары және құқықтары
3. Көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк органдардың қызметiн үйлестiру жөнiндегi ұсынымдар мен ұсыныстарды әзiрлеу комиссияның негiзгi мiндетi болып табылады.
4. Комиссияның негiзгi мiндеттерiне, функцияларына сәйкес:
1) көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде бағаны тұрақтандыру үшiн мемлекеттiк резервке салынатын дизель отынын белгiленген көлемнен тыс қалыптастыру үшiн сатып алудың ең жоғарғы бағасының мерзiмiн, көлемдерiн, деңгейiн және болжамды қажеттiлiктерге сәйкес өңiрлер бойынша оны сақтауға орналастыру тәртiбiн анықтау;
2) тиiстi жылға арналған бюджеттiк өтiнiмге енгiзу үшiн мемлекеттiк резервке белгiленген көлемнен тыс сатып алу көлемi;
3) көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыру үшiн мемлекеттiк резервте қалыптастырылған дизель отынын белгiленген көлемнен тыс тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер бойынша сату мерзiмдерi мен көлемдерiн анықтау;
4) бiр сатып алушыға сатылатын дизель отынының ең жоғарғы көлемiн, сондай-ақ көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыру үшiн қажет ең төменгi кесiмдi бағаның деңгейiн белгiлеу;
5) белгiленген көлемнен тыс дизель отынын сатып алу және (немесе) броньнан шығару тәртiбiмен шығару;
6) мемлекеттiк резервтен дизель отынын белгiленген көлемнен тыс броньнан шығару тәртiбiмен шығаруды тоқтату мәселелерiн шешу;
7) дизель отынының экспортына уақытша тыйым салуды енгiзу;
8) көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыру тетiгiн жетiлдiру бойынша ұсыныстар енгiзу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу болып табылады.
5. Комиссия алдына қойылған мiндеттерге сәйкес:
1) мемлекеттiк органдардан Комиссияның жұмысы үшiн қажеттi кез-келген ақпаратты сұратуға;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi агенттiгiне өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк резервтiң белгiленген көлемнен тыс дизель отынын сатып алу және сату тәртiбi туралы ұсыныстар енгiзуге;
3) Қазақстан Республикасының Үкiметiне көктемгi дала және күзгi дала жұмыстары кезеңiнде дизель отынының бағасын тұрақтандыру тетiгiн жетiлдiру бойынша ұсыныстар енгiзуге;
4) дизель отынының экспортына уақытша тыйым салуды кiргiзу туралы Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгiне ұсыныстар жiберуге;
5) Комиссияның отырыстарында мемлекеттiк органдардың жауапты өкілдерiн, өзге де адамдарды тыңдауға;
6) қажет болғанда мемлекеттiк органдардың тиiстi бөлiмшелерi немесе тиістi салалардағы мемлекеттiк мекемелер мамандарының iшiнен сарапшыларды тартуға;
7) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң мұнай өнiмдерi өндiрiсi мен айналымы деректерiнiң бiрыңғай базасын пайдалануға;
8) өз өкілеттiлiгi шегiнде өзге де iс-шараларды жүзеге асыруға құқылы.
3. Комиссияның жұмыс iстеу тәртiбi
6. Комиссияны Төраға басқарады. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары атқарады.
Комиссия Төрағасы комиссияның жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады, мәжiлiстiң күн тәртiбiн, уақытын және өткiзiлетiн орнын белгiлейдi, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
7. Комиссияның хатшысы жұмысты ұйымдастыруды, тиiстi материалдарды, Комиссияның ұсынымдарын әзiрлеудi жүзеге асырады.
8. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
9. Комиссия отырысы қажеттiлiгiне қарай, айына кемiнде бiр рет өткiзiледi және егер оларға Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кем дегенде үштен екiсi қатысса, ол заңды деп есептеледi.
10. Комиссияның шешiмi ашық түрде дауыс берумен қабылданады және егер оларға мәжiлiске қатысушы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi дауыс берген болса, қабылданды деп есептеледi. Комиссия шешiмдерiн қабылдау хаттамамен ресiмделедi және ұсынымдық сипатқа ие.
11. Комиссия мүшелерi шешiм қабылдау кезiнде тең дауысқа ие болады. Дауыстар тең болған жағдайда, Төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi.
12. Комиссия мүшелерi ерекше пiкiр бiлдiруге құқылы, білдiрiлген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға тiркелуi тиiс.
13. Комиссия отырысында Төрағаның шақыруы бойынша мүдделі мемлекеттiк органдардың басшылары және өзге де лауазымды адамдар қатыса алады.
Мемлекеттiк материалдық резервке белгiленген
көлемнен тыс дизель отынын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу
ережесi
1. Осы мемлекеттiк материалдық резервке белгiленген көлемнен тыс дизель отынын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу ережесi (бұдан әрi - Ереже) республикалық бюджет қаражаты есебiнен рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн мемлекеттiк материалдық резервке белгiленген көлемнен тыс дизель отынын мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi.
2. Рынокқа реттеушiлiк ықпал жасау үшiн мемлекеттiк резервке белгiленген көлемнен тыс дизель отынын мемлекеттiк сатып алу Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған ерекше тәртiппен теңдер өткiзу жолымен жүзеге асырылады.
3. Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) банктiк кепiлдiк - әлеуеттi жеткiзушiнiң тендерлiк өтiнiмде мәлiмдеген жалпы сомасының 3 (үш) пайызы мөлшерiндегi екiншi деңгейдегi банк кепiлдiгi;
2) сатып алудың ең жоғарғы бағасы - ведомствоаралық комиссия ұсынған және ақпараттық хабарламада жарияланған тауарды сатып алудың ең жоғарғы бағасы;
3) тендердi ұйымдастырушы - атқарушы және бақылаушы функцияларды, сондай-ақ мемлекеттiк резерв жүйесiне басшылықты iске асырушы мемлекеттiк орган;
4) жеткiзушi - мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасу үшiн тендерлiк комиссия анықтаған тендердiң жеңiмпазы;
5) әлеуеттi жеткiзушi - шарт жасасу мақсатында тауарды мемлекеттiк сатып алу процесiне қатысатын жеке немесе заңды тұлғалар;
6) тендер - тауарды жеткiзушiнi (жеткiзушiлердi) анықтауға бағытталған конкурстық сауда;
7) тендерлiк құжаттама - тендерге қатысуға арналған тендерлiк өтiнiмдердi дайындау үшiн әлеуеттi жеткiзушiлерге берiлетiн құжаттама;
8) тендерлiк өтiнiм - әлеуеттi жеткiзушiлердiң тендерлiк құжаттамаға сәйкес жазбаша нысанда жасалған тендерлiк ұсынысы;
9) тендерлiк комиссия - тендердiң жеңiмпазын анықтау үшiн құрылатын, ведомствоаралық комиссияның ұсынымы бойынша тендердi ұйымдастырушы құрамын анықтайтын комиссия;
10) тауар - осы Ережеге сәйкес мемлекеттiк материалдық резервке белгiленген көлемнен тыс мемлекеттiк сатып алуға жататын және рынокқа реттеушiлiк ықпал жасауға арналған дизель отыны;
11) өтiнiм бағасы - әлеуеттi жеткiзушiлердiң тауарға ұсынатын бағасы.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiленген көлемнен тыс қосымша тауар салу туралы шешiм қабылдайды.
5. Осы шешiмнiң негiзiнде тендердi ұйымдастырушы мемлекеттiк резервте дизель отынын белгiленген запастан тыс қалыптастыру мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрi - ведомствоаралық комиссия) ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып тендер өткiзу шараларын ұйымдастырады.
6. Ведомствоаралық комиссия тендердi ұйымдастырушыға мынадай:
1) тауарды сатып алудың ең жоғарғы бағалары, тауарды жеткiзу базистерi бойынша;
2) мұнай өңдеу зауыттарын мұнай жеткiзу және оларды жоспарлы жөндеу кестесiне байланысты тауарды сатып алу мерзiмдерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар жiбередi.
7. Тендердi ұйымдастырушы тендерлiк комиссияны құрады. Тендерлiк комиссияның құрамына төраға, төрағаның орынбасары және тендерлiк комиссияның мүшелерi кiредi. Тендердi ұйымдастырушының бiрiншi басшысы немесе оның орынбасары тендерлiк комиссияның төрағасы болып табылады. Тендерлiк комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ саннан, тендерлiк комиссияның хатшысын есептемегенде, комиссия төрағасын қосқанда кемiнде үш адамнан құралуы тиiс.
Тендерлiк комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, комиссия отырыстарында төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешiмдерiнiң iске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия жүзеге асыратын қызмет үшiн Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгiленген жауапкершілiкте болады.
Төраға болмағанда оның мiндетiн орынбасар атқарады.
8. Тендерлiк комиссияның хатшысын тендердi ұйымдастырушы тағайындайды және ол тендердi ұйымдастырушының тиiстi құрылымдық бөлiмшесiнiң қызметкерi болып табылады. Тендерлiк комиссия шешiмдер қабылдаған кезде тендерлiк комиссия хатшысының дауыс беру құқығы болмайды.
Тендерлiк комиссияның хатшысы әлеуеттi жеткiзушiлерге тендерлiк құжаттаманы ұсынады, әлеуеттi жеткiзушiлерден құжаттар пакетiн қабылдайды, келiп түскен тендерлiк өтiнiмдердi тiркеудi жүргiзедi, тендерлiк комиссияның отырысы өткеннен кейiн оның хаттамалық шешiмiн ресiмдейдi, тендердiң қорытындысы бойынша барлық әлеуеттi жеткiзушiлердiң мекен-жайына хабарламаларды әзiрлейдi және жiбередi, олардың көшiрмелерiне бұл хабарламаны кiмге және қашан тапсырғанын немесе жiбергендiгiн белгiлейдi.
9. Тендерлiк комиссия:
1) өз жұмысының регламентiн дербес әзiрлейдi және бекiтедi;
2) тендер өткiзедi;
3) тендерлiк өтiнiмдердi қарайды және тендердiң жеңiмпазын анықтау жөнiнде шешiм қабылдайды.
10. Тендердi ұйымдастырушы тендерлiк комиссия бекiткен ақпараттық хабарлама әзiрлейдi және мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаға сәйкес белгiленген республикалық баспасөз басылымдарында жариялайды. Хабарлама тендердiң басталуына дейiн кемінде 10 (он) күнтiзбелiк күн бұрын жарияланады. Тендердi өткiзу туралы хабарламада:
1) тендердi ұйымдастырушының атауы мен орналасқан жерi;
2) тендердiң өткiзiлетiн орны, күнi мен уақыты, сондай-ақ тендерге қатысуға тендерлiк өтiнiмдi беру орны мен мерзiмi;
3) ведомствоаралық комиссияның ұсынымы ескерiле отырып қажеттi көлемдi, сатып алудың ең жоғарғы бағасы, жеткiзу шарттары, мерзiмi мен жеткiзу базисi қамтылатын тауар туралы мәлiмет;
4) тендерлiк құжаттаманы алу орны;
5) банк кепiлдiгiнiң мөлшерi;
6) нәтижелердi жариялаудың тәртiбi мен мерзiмдерi қамтылуы тиiс.
11. Хабарлама тiлдер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде жарияланады.
12. Тендердi ұйымдастырушы әлеуеттi жеткiзушiлерге ұсынатын тендерлiк құжаттама осы Ережеде белгiленген барлық талаптарға жауап беруi және тендерге қатысуға өтiнiм нысанынан тұруы қажет.
13. Тендерлiк құжаттама тiлдер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тiлде және/немесе орыс тiлiнде берiледi.
14. Тендердi ұйымдастырушы тендерге қатысқысы келген әлеуеттi жеткiзушiлерге тендерлiк құжаттаманы бергенi үшiн тендерлiк құжаттаманың көшiрмесiн жасаудың нақты шығынынан аспайтын ақы алады.
15. Тендерге қатысу үшiн әлеуеттi жеткiзушi мынадай бiлiктiлiк талаптарына сәйкес болуы керек:
1) ұқсас тауарлар рыногында кемiнде бiр жыл жұмыс тәжiрибесiнiң, тауарды жеткiзу туралы шартқа сәйкес мiндеттемелерiн орындау үшiн қажеттi қаржылық, материалдық және еңбек ресурстарының болуы;
2) тауарды жеткiзу туралы шарт жасасу үшiн азаматтық құқық қабiлетiнiң болуы;
3) төлем қабiлетiнiң болуы, таратуға жатпауы тиiс, оның мүлкiне тыйым салынбауы тиіс, оның қаржы-шаруашылық қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тоқтатылмауы тиiс;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзiмi кейiнге қалдырылған жағдайларды қоспағанда, тендердi өткiзу күнiнен бұрынғы кем дегенде үш ай iшiнде салық борышының және жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақылық жарналары бойынша борышының болмауы тиiс.
16. Тендерге қатысу үшін әлеуеттi жеткiзушiнiң мынадай құжаттарды беруi мiндеттi шарт болып табылады:
1) белгiленген нысан бойынша тендерге қатысуға арналған өтiнiм;
2) әлеуеттi жеткiзушiге қойылатын бiлiктілік талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттар тiзбесi;
сертификаттардың, әлеуеттi жеткiзушiнiң сатып алынатын тауарды жеткiзу және сату құқығын растайтын басқа да құжаттардың нотариалды расталған көшiрмелерi;
бухгалтерлiк баланс; тендерлiк өтiнiмдерi бар конверттердi ашатын күннен алдыңғы үш ай бұрын банк (банктер) алдындағы әлеуетті жеткiзушiнiң мерзімі өткен борышының жоқтығы туралы бiрiншi басшының немесе оны ауыстыратын адам қол қойған банктiң (банктердiң) анықтамасы (егер әлеуеттi жеткiзушi екiншi деңгейдегі бiрнеше банктердiң немесе филиалдардың, сондай-ақ шетел банкiнiң клиентi болып табылса, осындай анықтама осы банктердiң әрқайсысынан берiледi);
қызметкерлердiң бiлiктiлiгi, мамандығы бойынша тауар өндiруге арналған жұмыс өтілi көрсетіле отырып олардың болуы мен саны туралы құжат;
заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы куәліктің немесе тиiстi мемлекеттiк орган берген заңды тұлғаның білiмiнсiз кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруына құқық беретiн құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi;
статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
нотариалды куәландырылған құрылтайшылардың құрамы туралы құрылтай шарттан үзiндi, егер әлеуеттi жеткiзушi акционерлiк қоғам болған жағдайда - акция ұстаушылар тiзiлiмiнен үзiндi;
тиiстi салық органының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзiмi ұзартылған жағдайларды қоспағанда, тендер өткiзілетiн күннен бұрынғы кем дегенде үш ай iшiнде салық борышының және жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша борышының жоқ екендiгi туралы бiрiншi басшының немесе осы салық органының мөр басып, қол қоюға құқығы бар адамының қолы қойылған белгiленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасы;
3) әлеуеттi жеткiзушiнiң барлық нақты шығындарын қамтитын, әлеует жеткiзушiнiң ұсынған бағасы;
4) техникалық ерекшелiгi (халықаралық немесе қазақстандық стандарттарға, бiрыңғай нормалар мен ережелерге ерекшелiктер мен сiлтемелердi қоса алғанда ұсынылатын тауардың техникалық сипаттамасы);
5) ұсынылатын қосалқы қызмет көрсетулер;
6) Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда тендерлiк өтiнiмдi қамтамасыз етудiң енгiзiлуiн (банк кепiлдiгiн) растайтын құжаттың түпнұсқасы.
Күнтiзбелiк жыл iшiндегi келесi тендерлерге тiркеу кезiнде әлеуеттi жеткiзушi:
тиiстi салық органының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзiмi ұзартылған жағдайларды қоспағанда, тендер өткiзiлетiн күннен бұрынғы кем дегенде үш ай iшiнде әлеуеттi жеткiзушiнiң салық борышының және жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша борышының жоқ екендiгi туралы бiрiншi басшының немесе мөр басып қол қоюға құқығы бap адамның қолы қойылған анықтамасының түпнұсқасын;
тендерлiк өтiнiмдерi бар конверттердi ашатын күннен үш ай бұрын банк (банкiлер) алдында әлеуеттi жеткiзушiнiң мерзiмi өткен борышкерлiгi жоқтығы туралы бiрiншi басшы немесе оны ауыстыратын адам қол қойған анықтаманы (егер әлеуеттi жеткiзушi екiншi деңгейдегi бiрнеше банктердiң немесе филиалдардың, сондай-ақ шетел банкiнiң клиентi болса, осындай анықтама осы банктердiң әрқайсысынан берiледi) қоспағанда осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген құжаттарды бермейдi.
Егер күнтiзбелiк жыл iшiнде әлеуеттi жеткiзушiнiң осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетiлген құжаттарда өзгерiстер болған жағдайда, онда ол тендердi ұйымдастырушыға өзiн одан әрi қатысушы ретiнде тiркеуi үшiн сол өзгерiстердi ұсынады (заңды тұлғаның мемлекеттiк тiзiлiмiнен көшiрме).
Көрсетілген құжаттар ұсынылмаған жағдайда әлеуеттi жеткiзушiнiң тендерлiк өтiнiмi қабылданбайды.
17. Әлеуеттi жеткiзушi басылатын, қол қойылатын және жекелеген конвертке салынатын тендерлiк өтiнiмнiң түпнұсқасын әзiрлейдi және бередi.
Тендерлiк өтiнiмде жол арасында енгiзулерге, өшiрулер немесе қоса жазуларға жол берiлмейдi.
Тендерлiк өтiнiмде әлеуеттi жеткiзушi шарт жасасқан кезде қажеттi негiзгi шарттарды: тауардың атауын, сапалық, техникалық сипаттамаларын, бағасын, мөлшерiн, жеткiзу мерзiмiн, жеткiзу және төлем шарттарын көрсетедi.
18. Тендерлiк өтiнiмдер тiлдер туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк не орыс тiлдерiнде жасалып, табыс етiлуi мүмкiн.
19. Әлеуеттi жеткiзушi тендерге қатысу үшiн талап етiлетiн құжаттар пакетiн тендердi ұйымдастырушыға қолма-қол, поштамен не өзге де қолайлы тәсiлмен тапсыруы керек.
20. Тендерлiк комиссияның хатшысы әлеуеттi жеткiзушiлердi тiркеу журналын жүргiзедi, онда әлеуетті жеткiзушілердiң атауы, мекен-жайы, телефоны мен факсының нөмiрi, өтiнiмдi ұсынған адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, өтiнiмнiң келiп түскен күнi, уақыты, өтiнiмнiң қысқаша мазмұны көрсетiледi.
21. Әлеуеттi жеткiзушiлердi тiркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен басталады және тендер өтiнiмдерi бар конверттi ашу уақытына дейiн бiр сағат қалғанда аяқталады.
22. Өтiнiмдердi қабылдау және әлеуеттi жеткiзушiлердi тiркеу талап етiлетiн құжаттардың толық пакеті бар болған кезде жүргiзіледi. Ұсынылған ақпараттардың толықтығы тендердi ұйымдастырушы әлеуеттi жеткiзушi ұсынған құжаттарды қараған сәтте анықталады.
23. Тендерге қатысу үшiн қажеттi құжаттар пакетi, осы Ереженiң 20-тармағында көзделген журналда тiркелгеннен кейiн, тендер өткiзiлетiн күнге дейiн тендерлiк комиссия хатшысының арнайы сейфiнде сақталады.
24. Әлеуетті жеткiзушi тендерлiк өтiнiмдерi бар конверттi ашуға дейiн бiр сағаттан кешiктiрмей тендерге қатысудан бас тарта алады. Бұл жағдайда оның енгiзген банк кепілдiгi тендерге қатысудан бас тартқан сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнi iшiнде қайтарылады.
25. Тендер өткiзудiң кезеңдiлiгiн ведомствоаралық комиссияның ұсынымын ескере отырып, тендерлiк комиссия анықтайды және ол тендерлiк комиссия отырысының хаттамасында белгiленедi.
26. Конверттердi ашу және әлеуеттi жеткiзушілердiң ұсыныстарын жария ету әлеуеттi жеткiзушiлердiң уәкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.
Тендерлiк комиссияның одан кейiнгi отырыстары осы Ереженiң 28-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда әлеуеттi жеткiзушiлердiң уәкiлеттi өкiлдерiнсiз өтедi.
27. Тендерде әлеуеттi жеткiзушiлердiң өтiнiмдерiмен танысу және тендерлiк ұсыныстарын жариялау жүргiзiледi. Тендерлiк комиссия қатысушылардың ұсыныстарын талдағаннан және бағалағаннан кейiн тендердiң жеңiмпазын анықтайды.
28. Комиссия тендерлiк өтiнiмдердi қарау, бағалау және салыстыру кезiнде, өтiнiмнiң мазмұнына түсiнiк беру үшiн әлеуеттi жеткiзушiнi өзiнiң отырысына шақыруы мүмкiн.
29. Ең жоғарғы сатып алу бағасынан жоғары емес әлеуеттi жеткiзушiнiң өтiнiмiндегi баға жеңiмпазды анықтаудың негiзгi өлшемi болып табылады.
Отандық тауар өндiрушiлер басқа қатысушылар алдында өздерi жеткiзетiн тауарды жеткiзу, бағасы мен төлем шарттары тең болған кезде басымдыққа ие болады.
30. Тендерлiк өтiнiмдердi қарау кезiнде өтiнiмнiң неғұрлым төмен бағаны ұсынған әлеуеттi жеткiзушілер жеңiмпаз болып табылады.
31. Тендерлiк Комиссия тендердiң жеңiмпазы деп танылған әлеуеттi жеткiзушiлерге жазбаша нысанда шарттар жасасудың талаптарын: тауар бағасын төмендету, жеткiзу мен төлеу шарттарын өзгерту туралы ұсыныстар жасауы мүмкін.
Мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына немесе қол қойылған мемлекеттiк сатып алу туралы шартқа жеткiзушiнi таңдау үшiн негiз болған, сапасы, мөлшерi және басқа да жағдайларды өзгертусiз, қалған жағдайда бағаны арзандату бөлiгiнде өзгерiстер енгiзуге рұқсат етiледi.
32. Тендерлiк комиссияның шешiмi тендерлiк комиссия мүшелерi жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыс беру тәсiлiн (ашық, жабық) тендерлiк комиссия анықтайды.
Тендерлiк комиссия мүшелерi ерекше пiкiр бiлдiруге құқылы, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалады және комиссия отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
33. Тендерлiк комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
34. Теңдер қорытындысы қорытынды туралы хаттама түрiнде ресiмделедi. Теңдер қорытындысы туралы хаттама тендер өткiзiлген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде жасалады және онда:
1) тендердiң жеңiмпазының атауы мен орналасқан жерi және ол бойынша жеңiмпаз анықталған шарттар көрсетiле отырып сатып алынатын тауардың атауы мен қысқаша сипаттамасы;
2) тендерлiк өтiнiмдер берген әлеуеттi жеткiзушiлердiң атауы мен орналасқан жерi;
3) тендерлiк өтiнiмдер берген әлеуеттi жеткiзушiлердiң біліктiлiк деректерi немесе ондай деректердiң болмауы;
4) баға және әрбiр тендерлiк өтiнiмнiң басқа да негiзгi шарттарын қысқаша баяндау;
5) бағалауды баяндау және тендерлiк өтiнiмдердi салыстыру;
6) тендерлiк өтiнiмдердi қайтарудың себептерiн көрсету;
7) егер тендердiң нәтижесiнде жеңiмпаз анықталмаса себебiн көрсету;
8) тендер қорытындысы шығарылған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен аспайтын шартқа қол қою мерзiмi көрсетiледi.
Тендерлiк өтiнiм, тендерлiк құжаттамаға сәйкес онда көрсетiлген мерзiм iшiнде күшiнде болады.
35. Тендердi ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың жобасына қол қояды және хабарламамен бiрге оны тендердiң жеңiмпазы - әлеуеттi жеткiзушiге жiбередi.
Тендердiң жеңiмпазы оның тендерлiк өтінiмi жеңдi деп танылғаны туралы хабарламаны және мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасын алған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде осы шартқа қол қояды немесе тендердi ұйымдастырушыны келiспеушiлiктердiң бар екендiгi, қол қоюдан бас тартатындығы туралы жазбаша түрде хабардар етедi.
Тендерлiк комиссия жеңiмпаз деп белгiленген әлеуеттi жеткiзушi шартқа қол қоюдан бас тартқан кезде, осы Ереженiң 31-тармағында көзделген жағдайларды заңнамада белгiленген тәртiппен банк кепiлдiгiнiң сомасы өндiрiп алынады.
36. Өтiнiмi қайтарылған әлеуеттi жеткiзушiге банк кепілдiгi тендер өткiзілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнi iшiнде қайтарылады.
37. Әлеуеттi жеткiзушiнiң тендерде қайтарылған өтiнiмi оның жазбаша өтiнiшi бойынша, осы Ереженiң 15-тармағында көрсетiлген талаптар орындалған жағдайда, келесi тендерде қаралуы мүмкiн.
38. Мемлекеттiк материалдық резервке тауар жеткiзу мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жағдайларына сәйкес жүргізіледi.
Шарт бойынша төлем төлеу жеткізу фактiсi бойынша жүргiзіледi.