Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
"Қазақстанның инвестициялық қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстанның Инвестициялық қоры туралы
Осы Заң Қазақстан Инвестициялық қорының (бұдан әрi - Қор) қызмет мәселелерiн реттейдi, оның мақсаттарын, мiндеттерiн, инвестициялық саясаттың бағыттарын, қызметiн шектеудi, оның мемлекеттiк органдарын және өзге ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау ерекшелiктерiн анықтайды.
1-бап. Осы Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
1) Қордың инвестициялары - Қордың мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес бағалы қағаздар рыногында Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғаларының акцияларын, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалардың акцияларын сатып алу жөнiндегi қызметi;
2) инвестициялық жоба - Қордың инвестицияларын көздейтiн iс-шаралар кешенi;
3) ұйым - акцияларға инвестициялар жүзеге асырылатын акционерлiк қоғам;
4) электрондық мониторинг - электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған электрондық құжат нысанында бере отырып ұйымды басқару мониторингiнiң нысаны.
2-бап. Қазақстан Республикасының Қор туралы заңдары
1. Қор туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалар нысанында құрылған инвестициялық қорлардың қызметiн реттейтiн заңдары Қорға қолданылмайды.
3. Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар, инвестициялар туралы және бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарының ережелерi осы Заңда реттелмеген бөлiгiнде Қорға қолданылады.
4. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартпен осы Заңда қамтылғанға қарағанда өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережесi қолданылады.
3-бап. Қордың құқықтық жағдайы
Қор Қазақстан Республикасының Үкiметi құрған акционерлiк қоғам болып табылады.
4-бап. Қордың мақсаты мен мiндеттерi
1. Қор қызметiнiң мақсаты инвестицияларды жүзеге асыру, перспективалы ұйымдардың жобаларына инвестицияларды жүзеге асыру және тарту, экономиканың шикiзат емес секторында жеке сектордың бастамаларына қаржылық қолдау көрсету арқылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатын iске асыруға жәрдемдесу болып табылады.
2. Қордың мiндеттерi:
1) шикiзат пен материалдарды тереңдетiп өңдеудi жүргiзетiн, қазiргі заманғы және озық технологияларды пайдаланып бәсекелес қабiлеттi және табысты өнiм шығаратын, сондай-ақ өнеркәсiптiң перспективалық ұйымдарына өндiрiстiк қызметтер көрсететiн қайта құрылатын, сондай-ақ жұмыс iстейтiн ұйымдардың акцияларына инвестицияларды жүзеге асыру;
2) Қордың инвестициялық жобаларды бiрлесiп қаржыландыруы (ұйымдардың акцияларына инвестицияларды жүзеге асыру) және осы жобаларды басқаруға қатысу жолымен экономиканың шикiзат емес секторына жеке инвестицияларды ынталандыру;
3) республиканың аумағында орналасқан ұйымдармен технологиялық байланыстағы Қазақстан Республикасынан тыс жерде инвестициялық жобаларды бiрлесiп қаржыландыру (ұйымдардың акцияларына инвестицияларды жүзеге асыру) жолымен қазақстандық ұйымдардың шет елде инвестициялық белсендiлiгінiң артуына жәрдемдесу.
5-бап. Қордың өкiлеттiктерi
Өз мiндеттерiн орындау үшiн Қор Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:
1) Қордың инвестициялық декларациясына сәйкес өзiнiң инвестициялық саясатын жүзеге асыруға;
2) оларды инвестициялауды жүзеге асыру немесе осы ұйымдар үшiн үшiншi жақтың инвестицияларын тарту үшiн шикiзат пен материалдарды тереңдетiп өңдеудi жүргiзетiн, қазiргі заманғы және озық технологияларды пайдаланып бәсекелес қабiлеттi және табысты өнiм шығаратын жұмыс iстейтiн перспективалық ұйымдарды iрiктеудi жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының тиiстi басымдықтарына сәйкес келетiн отандық және шетелдiк инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобаларды iске асыруды ұйымдастырушы және олардың қатысушысы болуға;
4) филиалдар мен өкiлдiктер құруға;
5) шарт негiзiнде инвестициялық жобалар жөнiндегi құжаттамалар дайындауға қатысуға;
6) Қордың дивидендтiк саясатын анықтауға;
7) Қордың инвестицияларынан алынған таза табысты қайта инвестициялау туралы шешiмдер қабылдауға;
8) уақытша бос ақша қаражатын орналастыруға;
9) басқа отандық инвесторлармен бiрлесiп Қор шет елде жүзеге асыратын инвестициялық жобалардың орындалуын бақылаудың бiрлескен нысандарының қатысушысы болуға;
10) өз мiндеттерiн iске асыру үшiн шарт негiзiнде сарапшылар мен консультанттарды тартуға;
11) өз инвестициялық портфелiн дербес басқаруға;
12) бағалы қағаздар рыногының кәсiби ұстаушысы ретiнде тиiстi лицензияның негiзiнде тiкелей дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқықты.
6-бап. Қордың инвестициялық саясатының бағыты
1. Қор қызметiнiң негiзгi бағыттары өтемдi және тиiмдi инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын перспективалық ұйымдарды инвестициялау және оларға инвестициялар тарту болып табылады.
Қорды инвестициялау Қордың инвестициялық декларациясына сәйкес жүргiзiледi.
2. Қор мынадай шарттар сақталған кезде ұйымдардың акцияларына инвестицияларды жүзеге асырады:
1) инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес келедi;
2) инвестициялық жоба экономикалық және қаржылық өлшемдер бойынша тартымды болып табылады;
3) инвестициялық жоба ұйымдардың технологиялық әлеуетiн өсiруге, өнiмдер өндiрiсiнiң және қызметтердiң сапасын және көлемiн арттыруға, шикiзат пен материалдарды өңдеудi тереңдетуге, жоғары технологиялық өнiмдер шығаруға бағытталған.
3. Қор ұйымдардың акцияларын сатудан алынатын капиталды басқа ұйымдарға кейiннен қайта инвестициялай отырып олардың акцияларын сатып алу жолымен көрсетiлген ұйымдарды инвестициялауды жүзеге асырады.
4. Қордың инвестициялары Қазақстан Республикасының резидент ұйымдарының және шетелдiк заңды тұлғалардың акцияларына жүзеге асырылады. Қор акцияларға айырбасталған немесе акцияларды сатып алуға құқық беретiн бағалы қағаздарды сатып алуға құқықты.
5. Қордың уақытша бос ақша қаражатын орналастыру iшкi және сыртқы рыноктарындағы мемлекеттiк және мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды қоса алғанда Қордың инвестициялық декларациясында анықталатын шекте және тәртiппен өтiмдi активтерге жүзеге асырылады.
7-бап. Қордың инвестициялық қызметiн шектеу
1. Қордың инвестициялары ұйымдардың шаруашылық дербестен шектемейдi. Инвестициялық қызметтiң қажеттi шарттарын қамтамасыз ететiн ұйымдар мен ұйымдардың жарғылық капиталына Қордың қатысуының шектi мөлшерi Қордың инвестициялық декларациясында анықталады.
2. Қор:
1) ұйымдарға кредит берудi жүзеге асыруға;
2) кепiлгер және/немесе кепiлдiк берушi ретiнде әрекет етуге;
3) оларды қабылдау шарты мен тәртiбi Қордың жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетiн мiндеттемелердi өзiне алуға;
4) бағалы қағаздар мен қаржы құралдарынан басқа өзге мүлiктi материалдық өндiру және сауда-саттық саласында қызметiн жүзеге асыруға құқықсыз.
3. Қордың инвестициялық декларациясында Қордың қызметiн өзге де шектеулер көзделуi мүмкiн.
8-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Қормен өзара қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қордың акционерi болып табылады, Қорды басқаруға қатысады және Қор акцияларының мемлекеттiк пакетiне иелiк етудi және оларды пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк органды (бұдан әрi - уәкiлеттi мемлекеттiк орган) анықтайды.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
1) Қор акцияларының мемлекеттiк пакетiн басқару функциясын жүзеге асырады;
2) Қордың инвестициялық қызмет жөнiндегi есептiлiгiнiң құрамын, нысандары мен беру мерзiмдiлiгiн бекiтедi;
3) Қордың қаржылық құжаттары мен бухгалтерлiк есептiлiгiнiң дұрыс жүргiзiлуiн және мазмұнын, сондай-ақ Қор қызметiнiң Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына, Қордың жарғысы мен инвестициялық декларациясына сәйкестiгiн қадағалауды жүзеге асырады.
3. Қорға бағалы қағаздар рыногында брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын ұйымдар үшін белгiленген пруденциалдық нормативтердi және қаржылық тұрақтылықтың өзге көрсеткiштерiн (өлшемдерiн) сақтау бөлігінде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының талаптары қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының Қордың қызметiне араласуына тыйым салынады.
9-бап. Қордың Инвестициялық декларациясы
1. Инвестициялық декларация Қордың инвестициялық қызметiнiң негiзiнде жатқан негізгi құжат болып табылады.
Инвестициялық декларация инвестициялау мақсаттарын, стратегиясын, бағыттарын, тәуекелдердi басқару саясатын, бағалы қағаздардың әр түрлерi бойынша бағалы қағаздар портфелiн әртараптандыру нормаларын, Қордың қызметiн шектеудi және Қордың инвестициялық жобаларда қатысуын қысқарту шарттарын анықтайды.
2. Қордың Инвестициялық декларациясын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
10-бап. Қордың жарғылық капиталы
1. Құрылтайшы төлеген Қордың жарғылық капиталын республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен акциялардың олардың атаулы құны бойынша төлеу арқылы Қазақстан Республикасының Үкiметi қалыптастырады.
2. Қордың жарғылық капиталын арттыруға Қор акционерлерi (бiрден-бiр акционер) жалпы жиналысының шешiмi бойынша жол берiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акцияларды шығару және орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
3. Қордың орналастырылған акцияларын төлеуге тек ақша салынуы мүмкiн.
11-бап. Қордың қызметiн ұйымдастыру, қайта ұйымдастыру
және тарату
1. Қорды құру және оның қызметi осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып, Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қорды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы заңдарының негiздерi бойынша және белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
12-бап. Ұйымдарды басқару мониторингi
1. Қор жарғылық капиталына Қор қатысатын ұйымдарды (бұдан әрi - мониторинг объектiлерi) басқару мониторингiн жүзеге асырады. Ұйымдарды басқару мониторингi электрондық мониторинг әдiстерiн дамыту және қолдану негiзiнде жүргiзiледi және мыналарды:
1) мониторинг объектiлерiн басқарудың ахуалын және тиiмдiлiгiн қадағалауды;
2) инвестициялық жобаны iске асыру туралы ақпаратты мерзiмдi жинауды;
3) мониторинг объектiсiн басқаруды тiкелей зерттеудi және оның тиiмдiлігін бағалауды;
4) мониторинг объектiлерiнiң әлеуметтiк-экономикалық, қаржылық, құқықтық, технологиялық, өндiрiстiк-техникалық ахуалын талдауды;
5) мониторинг объектiлерi қызметiнiң экономиканы дамытуға әсерiн бағалау және болжауды көздейдi.
13-бап. Қордың жауапкершiлiгі
Қор өз мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша және тәртiппен жауап бередi.
14-бап. Дауларды шешу тәртiбi
Осы Заңды орындау бойынша Қор, мемлекеттiк органдар, заңды тұлғалар арасында туындайтын барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi