Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Электр энергетикасы туралы
Осы Заң электр және жылу энергиясын өндiру, беру және пайдалану саласында мемлекеттiк саясаттың құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Заңда қолданылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авариялық бронь - электрмен үздiксiз қамтамасыз ету объектiсiне берiлуi ол үшiн өмiрлiк маңызы бар құрылғылардың жұмыс iстеуiн сақтайтын және тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерi жұмысының бұзылуын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарды немесе адамдардың өлімiн болдырмайтын ең аз қажеттiлiктегi электр қуаты;
2) авариялық бұзушылық - электр қондырғылары жұмысының технологиялық параметрлерiнiң немесе олардың iстен шығуын немесе пайдалану кезiнде зақымдануын туындатқан элементтердiң жол берiлмейтiн ауытқулары;
3) теңгеруші электр энергиясы - электр энергиясын тұтынудың, өндiрудiң жүйелiк оператор бекiткен сағаттық диспетчерлiк тәулiктiк кестесiн iске асыру кезiнде туындайтын тепе-теңсiздiктердi жою үшiн пайдаланылатын электр энергиясы;
4) электр энергиясының теңгеруші рыногы - жүйелiк оператор мен электр энергиясының көтерме сауда рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, көтерме сауданы тұтынушылар, өзге де ұйымдар арасындағы ағымдағы операциялық тәулiкте Қазақстан БЭЖ-де электр энергиясын шарттық және нақты өндiру және/немесе тұтыну шамалары арасында туындайтын тепе-теңсiздiктердiң нақты уақыты режимiнде буындайтын жүйелiк оператордың табиғи және кейiнгi қаржылық реттеуi нәтижесiнде қалыптасатын өзара қатынастар жүйесi;
5) көрсетiлетiн қосалқы қызметтер - жүйелiк оператор қажеттi көлемдер мен электр қуатының жедел резервтерi құрылымдарының дайындығын қамтамасыз ету, реактивтiк қуатты реттеу, белсендi қуатты реттеу, энергия жүйесiн тоғы жоқ жағдайдан шығару жөнiндегi электр энергиясының көтерме сауда рыногы субъектiлерiнен сатып алатын көрсетiлетiн қызметтер;
6) электр энергиясымен кепiлдi жабдықтаушы - энергиямен жабдықтаушы басқа ұйымдар тұтынушыларды тұтынушының кiнәсiнсiз энергиямен жабдықтауды тоқтатқан жағдайларда тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйым;
7) электр энергиясының тепе-теңсiздiгi - осы операциялық сағатқа жүйелiк оператор бекiткен диспетчерлiк тәулiктiк кестедегi шамадан электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты шамасының ауытқуы;
8) Қазақстан Республикасының бiрыңғай электр энергетикалық жүйесi (бұдан әрi - Қазақстанның БЭЖ) - Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенiмдi және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететiн электр станцияларының, электр беру желiлерi мен шағын станцияларының жиынтығы;
9) электр энергиясы көтерме сауда рыногының аймақтары - электр энергиясы көтерме сауда рыногының жұмыс iстеуiнiң ерекше ережелерi қолданылатын Қазақстанның БЭЖ бөлiктерi;
10) электр және жылу энергиясының коммерциялық есебi - сатып алу-сату электр және жылу энергиясын беру шарттары бойынша тараптар арасында өзара есеп айырысу үшiн және электр қуаты мен қажеттi электр және жылу энергиясының есебi;
11) ұлттық электр торабы - электр энергиясының мемлекетаралық және (немесе) өңiраралық берiлуiн қамтамасыз ететiн электр беру желiлерi мен шағын станциялар жиынтығы;
12) "бір күн бұрын" режимiндегi сауда-саттықтар спотын қоса алғанда, электр энергиясының орталықтандырылған сауда рыногының операторы - электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттығын жүзеге асыратын ұйым;
13) операциялық тәулiктер - ағымдағы тәулiктер, оның барысында жүйелiк оператор рынок субъектiлерi жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының орындалуын орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқару жөнiндегi операцияларды жүзеге асырады;
14) электр энергиясының көтерме сауда рыногы - электр энергиясының көтерме сауда рыногы субъектiлерiнiң арасындағы шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн электр энергиясын сатып алу-сатуға байланысты қатынастар жүйесi;
15) жылу энергиясын беру - жасасылған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдар көрсететiн жылу жүйелерi бойынша жылу энергиясын тасымалдау жөнiндегi қызмет;
16) электр энергиясын беру - жасасылған шарттарға сәйкес энергия берушi ұйымдар көрсететiн электр энергиясын тасымалдау жөнiндегi қызмет;
17) тұтынушы - электр және (немесе) жылу энергиясын шарт негiзiнде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;
18) коммерциялық есепке алу аспабы - берiлген, таратылған және тұтынылған электр қуаты мен электр немесе жылу энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, қолдануға заңдарда белгiленген тәртiппен рұқсат етiлген техникалық құрылғы;
19) өңiрлiк электр тораптық компаниясы (бұдан әрi - ӨЭК) - бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк (облыс) шегiнде өңiрлiк деңгейде электр тораптарын пайдаланушы және электр тораптары бойынша электр энергиясын берудi жүзеге асыратын энергия берушi ұйым;
20) электр қуатын реттеу - тәулiктiк кестеде жобаланумен немесе жобалаусыз айырбас электр энергиясының нөлдiк сальдосы сақталған жағдайда мәлiмдемеген электр жүктемесiнен электр энергиясы көтерме сауда рыногы субъектiсiнiң нақты электр жүктемесiнiң ауытқуларын өтеу жөнiндегi көрсетiлетiн қызмет;
21) реттеушi орган - табиғи монополиялар субъектiлерiнiң қызметiн бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
22) Қазақстан БЭЖ электр қуатының резервi - электр энергиясының сенiмдiлiк пен сапа стандарттарымен белгiленген, талап етiлетiн құрылымы (бiрiншi және екiншi реттеудiң резервi, тұрақты резерв және т.б.) мен шамасы, сондай-ақ диспетчерлендiруге әзiрлiк дәрежесi бар энергия өндiрушi ұйымдар агрегаттарының электр қуаты;
23) жылу энергиясының бөлшек сауда рыногы - шарттар негiзiнде қолданылатын жылу энергиясын өндiруге, беруге және тұтынуға қатысушылар қатынастарының жүйесi;
24) электр энергиясының бөлшек сауда рыногы - көтерме сауда рыногынан тыс, электр энергиясы рыногының субъектiлерi арасындағы шарттар негiзiнде жұмыс iстейтiн, электр энергиясын сатып алу-сату беру және тұтыну, сондай-ақ осыған байланысты көрсетiлетiн қызметтер қатынастарының жүйесi;
25) жүйелiк авария - бiртұтас электр энергетикасы жүйесiнiң тұрақтылығын жоғалтуға және оны бөлiктерге бөлуге әкеп соғатын электр энергетикасы объектiлерiнiң жұмыс режимiнiң апаттық бұзылуы;
26) көрсетiлетiн жүйелiк қызметтер - электр энергиясының көтерме сауда рыногы субъектiлерiнiң жүйелiк операторларына электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, қуаттарды реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерудi ұйымдастыру жөнiнде көрсетiлетiн қызметтер;
27) жүйелiк оператор - орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатар жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдiк қолдауды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясы рынок субъектiлерiнен көрсетiлетiн қосалқы қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ ұлттық электр торабы бойынша электр энергиясын берудi, оған техникалық қызмет көрсету мен пайдалану дайындығында ұстауды жүзеге асыратын ұйым;
28) электр энергиясы сауда-саттықтарының споты - "бip күн бұрын" және "операциялық тәулiктер iшiнде" режимiндегi қысқамерзiмдiк негiздерде электр энергиясының сағаттық көлемдерiн сатуды ұйымдастыру;
29) электр энергиясы көтерме сауда рыногының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, көтерме сауда тұтынушылары, жүйелiк оператор, электр энергиясын орталықтандырылған сату операторы және көтерме сауда рыногындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
30) электр энергиясы бөлшек сауда рыногының субъектiлерi - энергия өндiрушi, энергиямен жабдықтаушы, энергия берушi ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, электр энергиясының бөлшек сауда рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын өзге де ұйымдар;
31) электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесi - электр энергиясын орталықтандырылмаған сату-сатып алу және электр энергиясын орталықтандырылған сату рыноктарындағы көтерме сауда рыногына қатысушылар жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттарына сәйкес әрбiр күнтiзбелiк тәулiкке электр энергиясын өндiру мен тұтынудың сағаттық шамасын жүйелiк оператор бекiткен реттейтiн құжат. Электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiн жасау тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi;
32) техникалық диспетчерлендiру - Қазақстан БЭЖ-де электр энергиясын өндiру мен тұтыну режимдерiн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру жөнiндегi жүйелiк оператор көрсететiн қызмет;
33) уәкiлеттi орган - электр энергетикасымен байланысты қатынастарды реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
34) электр энергиясының орталықтандырылған саудасы - осы Заңмен белгiленген жағдайларды қоспағанда, ерiктi негiзде сауданың электронды жүйесiнде электр энергиясының көтерме сауда рыногы субъектiлерi жүзеге асыратын электр энергиясын сатып алу-сату жөнiндегi мәмiлелер;
35) орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқару - жүйелiк оператор жүзеге асыратын Қазақстан БЭЖ сенiмдiлiгiнiң нормативтiк деңгейiн және электр энергиясының нормативтiк сапасының сақталуын қамтамасыз ететiн энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың және электр энергиясын тұтынушылардың техникалық келiсiлген жұмысты үздiксiз басқару процесi;
36) электр энергетикасы - электр және жылу энергиясын беру және пайдалану саласы;
37) энергетикалық сараптама - электр энергетикасы саласында қолданыстағы объектiлер, қайта құрылатын, жаңғыртылатын және жаңадан салынатын объектiлер бойынша, электр және жылу тораптарындағы энергетикалық жабдықтағы технологиялық бұзылушылықтар мен аварияларды тергеу кезiнде, сондай-ақ ондағы өндiрiстiк жарақат болған жағдайларда нормативтiк құқықтық және нормативтiк актiлерге сәйкестiгiне өткiзiлетiн сараптама;
38) энергия берушi ұйым - электр немесе жылу энергиясын берудi шарттар негiзiнде жүзеге асыратын ұйым;
39) энергия өндiрушi ұйым - электр және (немесе) жылу энергиясын өндiрудi жүзеге асыратын ұйым;
40) энергиямен жабдықтаушы ұйым - өндiрiлген және (немесе) сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым.
2-бап. Электр энергетикасы туралы заңнама
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделген және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2-тарау. Электр энергетикасындағы мемлекеттiк
басқару және реттеу
3-бап. Электр энергетикасындағы мемлекеттiк басқарудың
және реттеудiң мақсаттары мен мiндеттерi
1. Электр энергетикасындағы мемлекеттiк басқару энергия тұтынушыларының сұранымын барынша қанағаттандыру және Қазақстан Республикасының электр энергетикалық кешенiнiң сенiмдi және тұрақты жұмысы мен оларды елдiң шаруашылық-экономикалық және әлеуметтiк кешендерiнiң тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн айрықша маңызды жүйе ретiнде басқарудың бiртұтастығын қамтамасыз ету мен тұтынушылардың электр және жылу энергиясын жеткiзушiлердi таңдап алу құқығын кепiлдендiретiн электр және жылу энергиясы рыногына қатысушылардың құқықтарын рынокта бәсекелестiк жағдай жасау жолымен қорғау мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк басқару:
1) басқарудың бiртұтастығы, бәсекенiң дамуы, тұтынушылардың электр және (немесе) жылу энергиясымен жабдықтаушыны таңдау, табиғи монополия субъектiлерi қызметiн реттеу және отандық энергияны өндiрушiлердi қорғау үшiн жағдайлар жасау құқығы негiзiнде электр энергетикасы кешенiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi мен дамуын, сондай-ақ электр беру желiлерi, электр және энергетикалық қондырғылар құрылысы мен пайдалану қауiпсiздiгiн;
2) электр және жылу энергиясының реттелетiн рыногын жасауды және жетiлдiрудi;
3) электр және жылу энергиясының ұтымды және үнемдi пайдаланылуын;
4) жаңартылатын және дәстүрлi емес энергия көздерiнiң пайдаланылуы мен дамытылуын;
5) электр энергетикасы кешенiн дамытуға жарақтандыруға инвестициялардың тартылуын;
6) қоршаған ортаны қорғау, электр және энергетикалық қондырғыларының пайдаланылуының сенiмдiлiгi мен қауiпсiздiгi жөнiндегi iс-шаралар кешенiнiң орындалуы үшiн жағдайлардың жасалуын;
7) елдiң шалғай аудандарында энергиямен жабдықтаудың ұйымдастырылуы үшiн жағдайлардың жасалуын;
8) Қазақстан БЭЖ жұмысының мемлекеттiк сенiмдiлiк стандарттарының белгiленуiн қамтамасыз етедi.
3. Электр энергетикасы саласындағы мемлекеттiк басқару:
1) лицензиялаудан;
2) бағаларды (тарифтердi) мемлекеттiк тiркеуден;
3) электр энергетикасы объектiлерiн монополиясыздандыру мен жекешелендiруден;
4) электр энергиясын өндiрудiң, берудiң, техникалық диспетчерлендiру мен тұтынудың сенiмдiлiгіне, қауiпсiздiгi мен үнемшiлдiгiн мемлекеттiк қадағалаудан;
5) электр және жылу энергиясын өндiру, беру, техникалық диспетчерлендiру мен тұтыну саласындағы қызметтер мен қатынастарды реттейтiн, сондай-ақ электp және энергетикалық қондырғылары құрылысының және олардың пайдалану сенiмдiлiгiн, үнемдiлiгi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн техникалық және технологиялық нормалар бар нормативтiк актiлерден тұрады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң электр
энергетикасы саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкiметi электр энергетикасы саласында:
1) мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi, орталық және жергілікті атқарушы органдардың оны iске асыру жөнiндегі қызметiн үйлестiрудi жүзеге асырады;
2) мемлекеттiк даму бағдарламаларын әзiрлейдi және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынады;
3) мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаға сәйкес сауда-саттықтарда (аукциондарда) сатып алынатын мүлiктердiң (активтердiң) тiзбесiне электр энергиясын енгiзу туралы шешiм қабылдайды.
5-бап. Уәкiлеттi органның функциялары
1. Уәкiлеттi органның негiзгi функциялары:
1) электр энергетикасы саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеудi және iске асыруды ұйымдастыру;
2) электр энергетикасының стратегиялық және мақсатты бағдарламаларын әзiрлеу және олардың орындалуын бақылау;
3) өз құзыретi шегiнде стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзуге қатысу;
4) басқа мемлекеттердiң электр энергетикасы саласы ұйымдарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты орнатуға жәрдемдесу;
5) электр энергетикасы саласында басқа мемлекеттермен Қазақстан Республикасының ынтымақтастығын ұйымдастыру және халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiру;
6) электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну саласында және электр энергетикасындағы қатынастарды реттейтiн өзге де салаларда нормативтiк және нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту;
7) техникалық пайдалану және техника қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк-техникалық құжаттарды, жабдықтардың пайдалану сипаттамаларын, энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың технологиялық мұқтаждықтарына электр және жылу энергиясының шығыс нормаларын әзiрлеу және бекiту;
8) электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда рыноктарының, электр энергиясының орталықтандырылған сауда рыногының, электр энергиясының теңгерушi рыногының, жүйелiк және қосалқы қызметтер рыногының ұйымдастырылуы мен жұмыс iстеу ережелерiн, жүйелiк оператордың қызмет көрсетуiнiң, электр энергиясына қол жеткiзудiң, электр және жылу энергиясын пайдаланудың, электр тораптық ережелерiн, электр станцияларын және электр тораптарын жобалау, құру және пайдалану, авариялық бұзылушылықтарды болдырмау мен жоюға арналған шараларды жүзеге асыру тәртiбiн әзiрлеу және бекiту;
9) Ұлттық электр торабына енетiн электр тораптық объектiлердiң тiзбесiне қосылатын электр беру желiлерi мен шағын станцияларды жатқызу өлшемдерiн әзiрлеу және бекiту;
10) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау;
11) кепiлдi жеткiзушiнi және олардың жауапкершiлiк аймақтарын белгiлеу тәртiбiн бекiту;
12) энергетикалық сараптаманы өткiзуге рұқсат бepу, энергетикалық сараптама өткiзу тәртiбiн және рұқсат беру шарттарын бекiту;
13) реттеушi органмен бiрлесе отырып электр энергиясы көтерме сауда рыногының аймақтарын анықтау болып табылады.
6-бап. Электр энергетикасы саласындағы қызметтi
лицензиялау
Электр энергетикасы саласындағы лицензиялау қызметi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7-бап. Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң техникалық талаптары мен электр энергетикасы саласындағы лицензияланатын қызмет түрлерiне қойылатын талаптардың орындалуын қадағалауды, сондай-ақ электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауды Мемлекеттiк энергетикалық қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - Мемэнергетикақадағалау) жүзеге асырады.
2. Мемэнергетикақадағалаудың заңнамада белгiленген тәртiппен:
1) электр энергетикасындағы қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары бұзылған жағдайда электр энергетикасы объектiлерiне қатысты мiндеттi болып табылатын нұсқамаларды беруге;
2) Қазақстан БЭЖ жұмысының сенiмдiлiгiн және электр энергиясының сапасын, пайдалану қауiпсiздiгiн, энергия үнемдеу жөнiндегi және энергетикалық жабдықтарды сақтау жөнiндегi мiндеттемелердi реттейтiн Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерi талаптарының бұзылуына жол берген жеке және заңды тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту жөнiнде мәселе қоюға;
3) электр және энергетикалық қондырғыларға, техникалық және коммерциялық есепке алу аспаптарына қол жеткiзуге;
4) электр және энергетикалық қондырғылардың техникалық жағдайын және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн тексерiс жүргiзуге құқығы бар.
3. Мемэнергетикақадағалау туралы Ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
8-бап. Электр энергетикасындағы тарифтердi (бағаларды,
алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеу
1. Табиғи монополия субъектiлерiнiң өнiмдерi мен көрсетiлетiн қызметтерiне тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) мемлекеттiк реттеудi реттеушi орган заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Энергияны берушi ұйымдарда электр энергиясын беру жөнiндегi шығындар есебi реттеушi орган белгiлеген тәртiппен қызметтiң басқа да түрлерi бойынша шығындардан бөлек жүргiзiлуге тиiс.
9-бап. Өндiрiстiк-технологиялық қызметке араласуға
жол бермеушiлiк
Орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдардың энергия өндiруге және беруге немесе осы процестердi технологиялық басқаруға байланысты технологиялық қызметiне араласуға құқығы жоқ.
10-бап. Электр станциялары мен электр тораптарын
жобалау, салу және пайдалану кезiнде мемлекеттiк
реттеу мен бақылаудың жекелеген шаралары
1. Электр станциялары мен электр тораптарын жобалау, салу және пайдалану уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қосарланған (шунтталған) электр беру желiлерi мен шағын станцияларды жобалау және салу мiндеттi түрде реттеушi органға алдын ала хабарлаумен және оның келiсуiмен жүзеге асырылуға тиiс.
3-тарау. Электр энергиясы рыногындағы жүйелiк оператор және энергияны өндiру, беру, сату және тұтыну қатынастарына қатысушылар
11-бап. Жүйелiк оператор
1. Жүйелiк оператор мынадай функцияларды орындайды:
1) қолданыстағы сенiмдiлiк пен сапа стандарттарына сәйкес ұлттық электр тораптары бойынша электр энергиясын беру жөнiнде қызметтер көрсетедi, оның техникалық қызмет көрсетуi мен пайдалану дайындығында ұсталуын қамтамасыз етедi;
2) электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасау мен тәулiктiк диспетчерлiк кестесiн қалыптастыруды қоса алғанда, белгiленген сенiмдiлiк пен сапа стандарттарына сәйкес Қазақстанның БЭЖ-iң жұмыс режимдерiн орталықтандырылған жедел диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыра отырып, техникалық диспетчерлендiру бойынша жүйелiк қызметтер көрсетедi;
3) электр қуатын реттеу жөнiнде жүйелiк қызметтер көрсетедi;
4) электр энергиясы тепе-теңсiздiктерiн табиғи реттеуден тұратын электр энергиясын теңгеру бойынша жүйелiк қызметтер көрсетедi;
5) электр энергиясы тепе-теңсiздiктерiн одан әрi қаржылық реттеудi жүзеге асыратын жеке ұйым құрады;
6) Қазақстанның БЭЖ-гi энергия өндiрушi ұйымдар арасындағы және қуаттардың резервтерiнiң iске қосылу көлемiн, құрылымын бөлiнуiн айқындайды;
7) электр энергиясы теңгерушi рыногы мен жүйелiк және қосалқы қызметтер көрсету рыногының нақты уақыт режимiнде жұмыс iстеуiн ұйымдастыруды жүзеге асырады;
8) ipгeлec мемлекеттердiң қатар жұмыс режимдерiн басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету жөнiндегi энергия жүйелерiмен өзара iс-қимыл жасайды;
9) электр энергиясы көтерме сауда рыногының барлық субъектiлерiнiң релелiк қорғау мен аварияға қарсы автоматиканың iлеспе құрылғыларын, электр энергиясын коммерциялық есептеудiң автоматтық жүйесiн, бiрыңғай ақпараттық жүйесiн құру жөнiндегi техникалық және әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
10) электр энергиясы көтерме сауда субъектiлерiнiң ұлттық электр торабына қол жеткiзу үшiн тең жағдайларды қамтамасыз етедi;
11) Қазақстанның электр энергиясының бәсекелiк көтерме сауда рыногына қатысушыларды рынок субъектiлерiнiң коммерциялық құпиясын құрайтын мәндердi қозғамайтын ақпаратпен қамтамасыз етедi;
12) электр станцияларының негiзгi жабдықтарын, электр беру желiлерiн, релелiк қорғаныш пен аварияға қарсы автоматика қондырғыларының, технологиялық басқару жүйелерiн жөндеуге шығарылуын және олардың жұмысқа әзiрлiгiнiң бақылануын келiседi;
13) олардың су-шаруашылық теңгерiмдерi мен Қазақстан БЭЖ жұмыс режимдерiн есепке алумен, гидроэлектр станцияларының жұмыс режимдерiн әзiрлеуге қатысады;
14) электр энергиясының теңгерiмдерiн ұзақ мерзiмдi болжауды әзiрлеудi жүзеге асырады.
2. Жүйелiк оператордың мынадай жағдайларда электр энергиясын caтып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар:
1) электр тораптарындағы электр энергиясы шығынын орнына келтiру мақсатындағы технологиялық қажеттiлiктерге және өндiрiстiк қажеттiлiктерге электр энергиясын сатып алуға;
2) іргелес мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен электр энергиясы ток ағымдарының шарттық шамаларын қамтамасыз етуге.
3. Қазақстанның БЭЖ-iн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүйелiк оператор жүзеге асырады.
4. Қазақстанның БЭЖ-iн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқару:
1) Жедел-диспетчерлiк басқару аймақтары мен деңгейлерiн бөлуге Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi негiзiнде сәйкес электр энергиясын сатып алу-сату, беру, электр қуатын реттеу және электр энергиясын өндiру-тұтынуын теңгеру шарттарының ережелерiн iске асыратын Қазақстан БЭЖ-де электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн басқарудан;
2) электр энергиясының мемлекетаралық ағындары режимдерiн басқарудан;
3) Қазақстан БЭЖ-де технологиялық бұзушылықтарды болдырмаудан, оқшауландыруды және жоюды қамтамасыз етуден;
4) Қазақстан БЭЖ-дегi қуат резервтерiн жедел басқарудан;
5) Қазақстан БЭЖ-нiң сенiмдi және орнықты жұмысын қамтамасыз ететiн релелiк қорғаныш, аварияға қарсы және режимдiк автоматика жүйелерiнiң құрылымын, принциптерiн, орналасу орындарын, көлемдерi мен тағайыншамаларын белгiлеуден;
6) Қазақстан БЭЖ-де электр энергиясын өндiрудiң, берудiң және тұтынудың тәулiктiк кестелерiн қалыптастыру мен бекiтуден;
7) көтерме сауда рыногындағы электр энергиясын жеткiзу-тұтынудың нақты теңгерiмдерiн жасаудан тұрады.
5. Қазақстан БЭЖ-гi электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерiн жедел-диспетчерлiк басқару және тиiстi өкiмдер беру электр энергиясының сапалық сипаттамасының ағымдағы мәндерi - қуат негiзiнде жүзеге асырылады.
12-бап. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк
басқаруды жүзеге асыру кезiнде электр энергиясын
өндiру, беру және тұтыну режимi жөнiндегi
өкiмдер
1. Орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқару кезiнде электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимдерi бойынша жүйелiк оператордың өкiмдерi электр энергиясы көтерме рыногының барлық субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi.
2. Қазақстанның БЭЖ-iн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру кезiнде жүйелiк оператордың жедел өкiмдерiн орындамау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілiкке әкеп соғады.
3. Жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну режимi жөнiндегi жедел өкiмдердi орындамайтын ұйымды орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқарудағы электр жүйелерiнен ажыратуға құқылы.
13-бап. Электр және жылу энергиясын өндiру, беру және
тұтыну қатынастарына қатысушыларға қойылатын
талаптар
1. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар:
1) Қазақстанның БЭЖ-iн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты және электр станцияларындағы жұмыстардың техникалық көрсеткiштерi жөнiнде нақты ақпаратты беруге;
2) жүйелiк операторды, энергия өндiрушi, энергия берушi, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды және Мемэнергияқадағалауды коммерциялық есеп аспаптарына жiберуге;
3) электр және жылу энергиясының сапасын мемлекеттiк стандарттарда және стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге;
4) жасасқан шарттардың негiзiнде, Қазақстанның БЭЖ-гi стандартты жиiлiктi реттеу мен ұстап тұруды жүйелiк оператормен бiрлесе отырып жүзеге асыруға;
5) нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес өзiнiң негiзгi және қосалқы жабдықтарын, аварияға қарсы және режимдiк автоматика, релелiк қорғаныш, диспетчерлiк технологиялық бacқapу құралдарын жұмыс жағдайында ұстауға;
6) уәкiлеттi орган белгiлеген көлемде өз объектiлерiнде пайдаланылатын релелiк қорғаныш және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын жаңадан орнату мен жетiлдiрудi жүргiзуге мiндеттi.
2. Өңiрлiк электр тораптық ұйымдар олардың торабына қосылған электр энергиясы бөлшек сауда рыногы субъектiлерiнiң тәулiктiк өндiру-тұтыну кестелерiн сақтауын және тұтастай ӨЭК тораптары мен ұлттық электр торабы арасындағы жүйелiк оператормен келiсiлген электр энергиясы сальдо-ток ағыстарының сақталуын қамтамасыз етедi.
3. Энергиямен жабдықтаудың тоқтатылуы тұтынушының кiнәсiнен болмаған жағдайда, электр энергиясының кепiлдi жеткiзушiсi - энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды шарттық негiзде қамтамасыз етедi.
4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өзiнiң тұтынушыларын энергиямен жабдықтау мақсатында энергия өндiрушi ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
5. Энергия өндiрушi ұйымдар жүйелiк және қосалқы қызметтер көрсету рыногын ұйымдастыру және жұмыс iстеу ережелерiмен белгiлеген тәртiппен жүйелiк оператор айқындайтын қуат резервтерiн ұстауды, көлемдi, құрылымды және орналасуды қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Жүйелiк оператор Қазақстанның БЭЖ жұмысының сенiмдiлiгiн қамтамасыз етедi.
7. Электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар электр энергиясын өндiру - тұтынудың келiсiмшарттық және нақты шамалары арасындағы электр энергиясының тепе-теңсiздiгiн электр энергиясының теңгеру рыногында қаржылық реттелуi үшiн өзара мiндеттемелердi көтередi.
8. Электр энергиясы көтерме сауда рыногының субъектiлерi меншiк түрiне қарамастан нақты уақыт режимiнде теңгерушi (рынок) тетiгiне қатысуға мiндеттi.
9. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар өз мiндеттерiн орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершiлiк көтередi.
4-тарау. Электр энергиясы рыногының жұмыс iстеуi негiзiнде энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру
14-бап. Электр және жылу энергиясының рыногы
1. Қазақстан Республикасында энергиямен жабдықтау электр және жылу энергиясы рыноктарының жұмыс iстеу жағдайларында жүзеге асырылады.
2. Электр және жылу энергиясы рыноктағы тауар болып табылады.
3. Электр энергиясының рыногы екi деңгейден: электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда рыноктарынан, ал жылу энергиясының рыногы бiр деңгейден - бөлшек сауда рыногынан тұрады.
4. Энергия өндiрушi ұйымдар мен энергиямен қамтамасыз етушi ұйымдар - электр энергиясын кепiлдi берушiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға тиiс.
5. Жүйелiк оператор, өңiрлiк электр тораптық компаниялар және электр тораптарын иемденушi өзге де ұйымдар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен рыноктың барлық қатысушыларының электр энергиясы рыногына еркiн кiруiн қамтамасыз етедi.
6. Энергия берушi ұйымның энергия өндiрушi ұйымдар мен тұтынушыларды электр және жылу жүйелерiне қосудан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген талаптарын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар оларды орындаған жағдайда электр немесе жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.
7. Электр немесе жылу энергиясы рыногында электр энергиясын өндiру, беру, сату және тұтыну кезiнде туындайтын қатынастар электр энергетикасында тиiстi шарттармен реттеледi.
15-бап. Электр энергиясының көтерме сауда рыногы
1. Электр энергиясы көтерме сауда рыногы:
1) тараптардың келiсiмдерiмен белгiленетiн бағалар мен жеткiзу шарттары бойынша рынокқа қатысушылар (сатып алушылар мен сатушылар) дербес жасасатын электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының негiзiнде жұмыс iстейтiн электр энергиясының орталықтандырылмаған сатып алу-сату рыногынан;
2) электр энергиясының қысқа (сауда-саттықтар споты), орта (апта, ай) және ұзақ (тоқсан, жыл) мерзiмдiк негiздегi ерiктi саудасы үшiн ұйымдастырылған сауда алаңынан тұратын электр энергиясының орталықтандырылған сауда рыногынан;
3) диспетчерлiк тәулiктiк кестенiң жүйелiк операторы бекiткен Қазақстан БЭЖ-гi электр энергиясын өндiру және тұтынудың нақты және келiсiм-шарттық шамалары арасында операциялық тәулiктерде туындайтын сағаттық тепе-теңсiздiктердi табиғи және кейiннен қаржылық реттеу мақсатында жұмыс iстейтiн "нақты уақыт" режимiндегi теңгеру рыногы;
4) стандарттармен белгiленген Қазақстан БЭЖ жұмысының сенiмдiлiгiн және электр энергиясының сапасын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясының көтерме сауда рыногы субъектiлерiнен сатып алуы сияқты жүйелiк оператордың көтерме сауда рыногы субъектiлерiне тиiсiнше қызмет көрсету негiзiнде жұмыс iстейтiн жүйелiк және қосалқы қызметтер көрсету рыногынан тұрады.
2. Электр энергиясының көтерме сауда рыногы аймақтарының ұйымдастырылуы мен жұмыс iстеу шарттары әртүрлi болуы мүмкiн және уәкiлеттi органмен белгiленедi.
3. Орталықтандырылған сауда рыногының операторы:
1) "бip күн бұрын" және "операциялық тәулiктер iшiнде" режимiнде орталықтандырылған сауда-саттықтары спотын ұйымдастыру мен басқаруды жүзеге асырады;
2) электр энергиясының орта мерзiмдiк (апта, ай) және ұзақ мерзiмдiк (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру мен өткiзудi жүзеге асырады;
3) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарындағы электр энергиясы көтерме сауда рыногы субъектiлерiнiң қатысуы үшiн мөлшерлемелер мен талаптарды белгiлейдi;
4) электр энергиясының көтерме орталықтандырылған сауда-саттықтары ережелерiмен белгiленген талаптарға электр энергиясы көтерме сауда рыногы субъектiлерiнiң сәйкес келуiн белгiлейдi және олардың орындалуын бақылайды;
5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарында электр энергиясын сатып алу-сату жөнiнде жасасылған мәмiлелердi тiркеу мен есепке алуды жүзеге асырады.
6) электр энергиясы көтерме сауда рыногының субъектiлерiн орталықтандырылған сауда-саттықтарда қалыптасқан электр энергиясына индикативтiк бағалар жөнiндегi ақпаратпен және өз құзыретi шегiндегi басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етедi.
16-бап. Электр энергиясының бөлшек сауда рыногы
1. Электр энергиясы бөлшек сауда рыногына кiру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Өңiрлiк электр тораптық компаниялар электр тораптары бойынша электр энергиясын беру функцияларын оның теңгерiмдiк тиесiлiк шекараларында жүзеге асырады.
3. Қазақстанның БЭЖ-iн орталықтандырылған жедел диспетчерлiк сенiмдi басқаруын қамтамасыз ету мақсатында бiр әкімшiлiк-аумақтық бiрлiктiң (облыстың) шегiнде бiр өңiрлiк энергия берушi компания жұмыс iстеуi тиiс.
4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясы мен кепiлдi жабдықтаушылар және өңiрлiк электр тораптық компаниялар өздерiнiң жауапкершiлiк салалары шегiнде электр энергиясы мен сенiмдi қамтамасыз ету және оның сапасы үшiн электр энергиясын тұтынушылар алдында жауапкершiлiк көтередi.
5. Тұтынушының заңдармен және электр энергиясын сатып алу-сату шарттарымен көзделген мiндеттемелердi бұзған жағдайларын қоспағанда, электр энергиясын тұтыну шектелуге тиiс емес.
6. Кепiлдi жабдықтаушылар шаруашылық қызметiн жүзеге асыру кезiнде өзге де энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға қатысты артықшылықтардың берiлуi мүмкiн емес.
7. Кепiлдi жабдықтаушылар мен электр энергиясын тұтынушылар арасындағы энергиямен жабдықтау шарты жариялы болып табылады.
17-бап. Электр энергиясының көтерме сауда рыногы
шарттары
1. Электр энергиясы көтерме сауда рыногында электр энергиясын сатып алу-сату, электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгеру жөнiндегi көрсетiлетiн қызметтер Азаматтық кодекске , осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жасалатын шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттары:
1) электр тұтынудың тәулiктiк кестесiн;
2) энергия өндiрушi ұйымдардың электр қуатын резервтеу тәртiбiн қамтуға тиiс.
3. Электр энергиясының көтерме сауда рыногындағы электр энергиясын сатып алу-сату шарттары, электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгеру жөнiндегi қызмет көрсету шарттары энергиямен жабдықтауды тоқтатудың немесе шарт бойынша уақтылы төленбеген жағдайда тиiстi қызметтер көрсетудiң шарттары мен тәртiбiн қамтуға тиiс.
18-бап. Электр және жылу энергиясының бөлшек сауда
рыногындағы шарттар
1. Энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдар электр және жылу энергиясының бөлшек сауда рыногының барлық қатысушылары үшiн тең жағдайлар жасауға мiндеттi.
2. Бөлшек сауда рыногында электр және жылу энергиясын сатып алу-сату тұтынушылардың энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен өз бетiмен жасасатын сатып алу-сату шарттары негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткiзетiн электр энергиясы жеткізілiмдерiнiң бағалары мен ережелерi тараптардың келiсiмi бойынша сатып алу-сату шарттарына сәйкес энергия берушi ұйымның тарифiн ескерумен белгiленедi.
4. Өңiрлiк электр тораптары бойынша электр энергиясын беру энергиямен жабдықтаушы ұйымның немесе бөлшек сауда тұтынушының өңiрлiк энергия берушi ұйыммен жасасатын электр энергиясын беру туралы шарты негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Энергия берушi ұйымдар:
1) шарт ережелерi бұзылған жағдайда уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен электр немесе жылу энергиясын берудi тоқтатуға құқығы бар;
2) шартта белгiленбеген электр және (немесе) жылу энергиясын берудегi үзiлiстерге, тоқтатуға немесе шектеуге жол бермейдi.
19-бап. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың
құқықтары
1. Электр және жылу энергиясын тұтынушылар:
1) жасалған шарттарға сәйкес электр қуатын, электр және жылу энергиясын алуға;
2) жасалған шарттардың ережелерiне сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiлiксiз берумен немесе сапасыз жеткiзiлумен туындаған шығындардың орнын толтыруды талап етуге;
3) шарттарды жасасу мен орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу үшiн сот органдарына шағынуға құқылы.
20-бап. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың
мiндеттерi
1. Электр және жылу энергиясын тұтынушылар:
1) тоқ қабылдағыштар мен коммерциялық есеп аспаптарының тиiстi техникалық жағдайын ұстауға, электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерiне сәйкес техникалық жағдай талаптарын орындауға;
2) электр және жылу энергиясын сатып алу-сату шартымен айқындалатын электр тұтынудың режимдерiн сақтауға;
3) Қазақстанның БЭЖ-де электр энергиясының стандарттық жиiлiгiн ұстауға бағытталған нормативтiк талаптарды орындауға;
4) жасалған шарттарға сәйкес босатылған, берiлген және тұтынылған электр және (немесе) жылу энергиясына уақтылы төлеуге;
5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн, сондай-ақ Мемэнергияқадағалау қызметкерлерiн электр- және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн бақылауды және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн коммерциялық есеп аспаптарына жiберуге мiндеттi.
5-тарау. Қазақстанның БЭЖ-гi авариялық бұзушылықтар кезiнде электр энергетикасы объектiлерiн басқару
21-бап. Авариялық бұзушылықтардың алдын алу және
жою үшiн қабылданатын шаралар
1. Қазақстанның БЭЖ-гi авариялық бұзушылықтардың жiктелуiн, олардың алдын алу және жою үшiн қабылданатын шаралардың жүзеге асырылу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
2. Жүйелiк аварияларды жою үшiн жүйелiк оператор меншiк нысанына қарамастан кез келген энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың резервтiк қуаттарын және тұтынушылардың автономиялық қоректену көздерiн тартады.
3. Авариялық бұзушылықтарды жою үшiн қуаттар жетіспеген кезде жүйелiк оператор белгiленген нормалар шегiнде гидроэлектр станцияларының авариялық резервiн пайдалану үшiн гидротораптар арқылы суды шығындаудың бекiтiлген кестесiне жедел өзгерiстер енгiзуге құқылы.
4. Электр энергиясының теңгерушi рыногындағы өтелмейтiн тепе-теңсiздiк туындаған кезде Қазақстанның БЭЖ-гi электр тогының нормативтiк жиiлiгiн ұстап тұру мақсатында жүйелi оператордың электр энергиясын сату-сатып алуды жүзеге асыруға құқығы бар.
22-бап. Авариялық бронь бойынша энергиямен жабдықтау
1. Жүйелiк авария туындаған кезде тұтынушыларды энергиямен жабдықтау үздiксiз электрмен жабдықтауды қажет ететiн, технологиялық себептермен әрекетiнiң тоқтатылуы адамдар өмiрiне қауiп тудыратын, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарға әкеп соқтыратын шаруашылық инфрақұрылым ұйымдары үшiн электр қуатын авариялық бронь мөлшерiнде берiп отыруды қамтамасыз ететiн энергия берушi ұйымдар әзiрлеген схемалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Авариялық брондары бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Авариялық бронь мемлекеттiк мекемелердiң электр энергиясын тұтыну бойынша шығындарына арналған сомалар шегiнде оны мемлекеттiк бюджет қамтамасыз еткен жағдайда, сондай-ақ банктiң мемлекеттiк кәсiпорындар мен өз кiрiстерi есебiнен ұсталатын өзге де ұйымдар үшiн Үкiмет белгiлеген тәртiппен ресiмделген тиiстi қаржылық кепiлдiгi болған кезде берiледi.
23-бап. Электр энергетикасы объектiлерiнiң сақталуын
және тұтастығын қамтамасыз ету
1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектiлерiн қорғауды әскерилендiрiлген күзеттiң арнаулы қызметтерi немесе Iшкi iстер министрлiгiнiң бөлiмшелерi жүзеге асырады. Мұндай объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Электр және жылу жүйелерiнiң ерекше қауiптiлiгi мен осалдығын ескере отырып, уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi заңды және жеке тұлғалар үшiн мiндеттi электр және жылу жүйелерiн күзету ережесiн бекiтедi.
3. Электр энергетикасының құрал-жабдықтары мен құрылғыларының зақымданғанына немесе ұрланғанына, электр мен жылу жүйелерiне өз бетiмен қосылғанына және электр энергетикасы өнiмiнiң ұрланғанына, сондай-ақ электр энергетикасында шығынға, электр энергетикасы объектiлерi қауiпсiздiгiнiң және тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкеп соғуы мүмкiн басқа да iс-әрекеттерге кiнәлi заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық, әкiмшiлiк және қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады.
4. Электр және (немесе) жылу энергиясын өндiрудiң және берудiң бiрыңғай технологиялық процесiне қатысушы энергия өндірушi, энергия берушi ұйымдардың мүлкi бөлiнбейтiн болып табылады.
5. Электр энергетикасының объектiлерiн және (немесе) оның жекелеген бөлiктерiн сатып алу-сату, жалға немесе сенiмдi басқаруға беру меншiк нысанына қарамастан, мiндеттi тәртiппен уәкiлеттi және реттеушi органдарға алдын ала хабарлаумен және келiсумен жүзеге асырылады.
24-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Осы Заң:
1) 2004 жылғы 1 шiлдеден бастап енгiзiлетiн 13-баптың 3-тармағын;
2) 2005 жылғы 1 қазаннан бастап енгiзiлетiн 13-баптың 8-тармағын;
3) 2004 жылғы 1 шiлдеден бастап енгiзiлетiн 14-баптың 4-тармағын;
4) 2004 жылғы 1 қазаннан бастап енгiзiлетiн 16-баптың 3-тармағын;
қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. 11-баптың 1-тармағының 3) тармақшасында және 2-тармағының 2) тармақшасында белгiленген нормалар 2005 жылдың 1 қазанына дейiн күшiнде болады.
3. Энергия берушi ұйымдар электр және (немесе) жылу энергиясын беру жөнiндегi қызметтi энергиямен жабдықтау жөнiндегi қызметтен бөлудi 2004 жылғы 1 шiлдеге дейiн жүзеге асырсын.
4. Өңiрлiк электр тораптық компаниялар электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтi энергиямен қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтен бөлудi энергиямен жабдықтаушы ұйымдар құру жолымен 2004 жылғы 1 шiлдеге дейiн жүзеге асырсын.
5. "Электр энергетикасы туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының ("Казахстанская правда" 24.08.99 ж. N 206-207) күшi жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi