Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
"2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы ереженi бекiту жөнiндегi хаттаманы бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртібi туралы ережені бекiту жөнiндегi хаттаманы бекiту туралы
2002 жылғы 7 қазанда Кишинев қаласында жасалған Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы ереженi бекiту жөнiндегi хаттама бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен ic-шараларды ұйымдастыру және өткізу тәртібi туралы ереженi бекiту жөнiндегi
Хаттама
Бұдан былай Тараптар деп аталатын, осы Хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
терроризмнiң адам өмiрiне төндіретiн қауiптiлiгiн сезiне отырып,
терроризмге қарсы күреске қатысты халықаралық құжаттарды назарға ала отырып,
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге үлкен мән бере отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1. Осы Хаттаманың ажырамас бөлiгі болып табылатын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы ереже, бұдан әрi Ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
2. Осы Хаттама Тараптардың қажеттi iшкi мемлекеттiк рәсiмдерiн орындағаны туралы депозитарий үшiншi хабарлама алған күнi күшiне енедi. Ол осындай рәсiмдерді кешiрек орындаған мемлекеттер үшiн депозитариймен тиiстi хабарламаларды алған күнi күшiне енедi.
3. Ережеге жеке хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн, ол осы Хаттаманың 2-тармағында көзделген тәртiпте күшiне енедi.
4. Осы Хаттама күшiне енгеннен кейiн басқа мемлекеттердiң қосылуы үшiн ашық. Қосылушы мемлекет үшiн ол депозитариймен тиiстi хабарлама алған күннен бастап 30 күн өткеннен кейiн күшiне енедi.
5. Осы Хаттама күшiне енген күнiнен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Осы мерзiм өткен соң, егер Тараптар өзге шешiм қабылдамаса, осы Хаттаманың қолданысы әр кезде бес жылдық кезеңге өздігінен ұзартылып отырады.
6. Тараптардың әрқайсысы шығуынан кемiнде алты ай бұрын депозитарийге бұл туралы жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Хаттамадан шыға алады. Осы Хаттамадан шығу мемлекеттi осы Хаттаманың Тарабы болған кезде алған қаржы мiндеттерiнен босатпайды.
Кишинев қаласында 2002 жылғы 7 қазанда орыс тiлiндегі жалғыз түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару комитетiнде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбiр мемлекетке оның куәландырылған көшiрмесiн жiберетiн болады.
Әзербайжан Республикасы үшін Молдова Республикасы үшiн
Армения Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
Беларусь Республикасы үшiн Түрiкменстан үшiн
Грузия Республикасы үшiн Тәжiкстан Республикасы үшiн
Қазақстан Республикасы үшiн Өзбекстан Республикасы үшiн
Қырғыз Республикасы үшін Украина үшін
Ескертпе: Ресей Федерациясының Ескертпесiн қараңыз
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында
терроризмге қарсы бiрлескен
iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу
тәртібi туралы ереженi бекiту туралы
2002 жылғы 7 қазандағы Хаттамаға
Қосымша
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң
аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды
ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы
Ереже
Осы Ереже Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң (бұдан әрi - Тараптар) аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру негiздерiн және өткiзу тәртiбiн айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ережеде қолданылатын түсiнiктердiң мынадай мағыналары бар:
терроризмге қарсы бiрлескен ic-шаралар - Тараптардың құзыреттi органдарының сұрау салатын Тараптардың аумақтарында терроризмге қарсы арнайы құрылымдары арқылы келiсiлген бiртұтас түпкi ой мен жоспар бойынша өткiзетiн iс-шаралары;
терроризмге қарсы арнайы құрылымдар - Тараптардың терроризмге қарсы күрес үшiн өздерiнiң ұлттық заңнамасына сәйкес жасақтаған мамандар тобы;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараға қатысушылар - терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың жеке құрамы, терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу кезiндегi басқару органдарының қызметкерлерi және осы iс-шараларға қатысушы басқа да адамдар;
сұрау салатын Тарап - өз аумағында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу үшiн терроризмге қарсы арнайы құрылымдарды жiберу туралы сұрау салатын Тарап (бұдан әрi - көмек көрсету туралы сұрау салу);
сұрау салынатын Тарап - сұрау салатын Тараптың терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу үшiн терроризмге қарсы арнайы құрылымдарды жiберу туралы сұрау салуымен өтiнiш жасайтын Тарабы;
құзыретті орган - Тараптың терроризмге қарсы күрестi ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асыратын және терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге жауапты органы;
арнайы құралдар және қамтамасыз ету материалдары - Teppopизмгe қарсы арнайы құрылымдардың материалдары, техникалық және көлiк құралдары, қару-жарағы мен оқ-дәрiсiн, арнайы құралдары мен құрал-саймандарын қоса алғандағы жабдығы;
Орталық - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы.
1.2. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шаралардың құқықтық негiзiн халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттары мен нормалары, Тараптардың халықаралық мiндеттемелерi мен ұлттық заңнамасы, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
1.3. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шаралар террористiк iс-әрекеттiң жолын кесу, соның iшiнде:
террористер басып алған аманаттағы адамдарды босату;
қуаттылығы үлкен жарылғыш құрылғыларды немесе құрылысы күрделi өзге де жойғыш құрылғыларды залалсыздандыру;
террористер басып алған жоғары технологиялық және экологиялық қауiптi объектiлерді, атом өнеркәсiбi, көлiк, энергетика, химия өндірiсi объектiлерiн және өзге де объектілердi (дипломатиялық өкiлдiктердiң ғимараттары мен тұрғын-жайлары және т.б.) босату;
террористерді тұтқындау, террористiк топтар мен құрылымдарды жою мақсатында өткiзiледі.
1.4. Сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымына қатысушылар терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды дайындау және өткiзу кезеңiнде халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидаттары мен нормаларын және сұрау салушы Tapaптың ұлттық заңнамасын сақтауы тиiс.
1.5. Осы Ереженi түсiндiру және қолдану кезiнде туындайтын даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультация мен келiссөздер арқылы шешiледі.
2. Tерроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі
2.1. Тараптар өздерiнiң заңнамасына сәйкес терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге жауапты құзыретті органдарды анықтайды, бұл жөнiнде осы Ереженi бекiткен Хаттаманың күшiне енуi үшiн қажеттi iшкi мемлекеттiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы хабарламамен бiр мезгiлде, сондай-ақ құзыреттi органның атауының өзгергенi туралы да депозитарийге хабарлайды.
Тараптардың құзыретті органдары терроризмге қарсы бiрлескен iс-шapaлapды өткізуге арналған терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың құрамы туралы Орталыққа хабарлайды.
2.2. Терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың жеке құрамы өздерiнiң ұлттық оқу базасындағы және басқа да Тараптардың оқу орталықтарындағыдай келiсiм-шарт негiзiнде Тараптардың құзыреттi органдары Орталықтың қатысуымен әзiрлеген бағдарламалар бойынша қосымша дайындықтан өтеді.
Тараптардың терроризмге қарсы арнайы құрылымдарының бiрлескен дайындығы Орталық ұйымдастыратын командалық-штаб және жедел тактикалық жаттығуларды өткiзу барысында жүзеге асырылады. Тараптар өзара уағдаластық негiзiнде терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың бiрлескен оқу-жаттығуларын және өз құзыреттi органдарының бөлiмшелерiнде басқа Тарап өкiлдерiн тәжiрибеден өткізе алады.
2.3. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзу туралы шешiмдi сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тараптың келiсуi бойынша қабылдайды.
Егер терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды дайындау немесе өткiзу кезiнде бұған қатыспайтын Тараптың мүдделерi қозғалатын болса, онда оның өтiнiшi бойынша Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерi басшыларының кеңесi осы iс-шаралар бойынша шешiм қабылдайды.
2.4. 2.3.-тармақта көрсетiлген шешiмнiң негiзiнде сұрау салатын Тараптың құзыреттi органы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органына көмектесу туралы сұрау салады және бұл жөнiнде Орталыққа хабарлайды.
Сұрау салу жазбаша нысанда, соның iшiнде мәтiндi берудiң техникалық құралдарын пайдалана отырып, жiберiледі.
Сұрау салатын Тараптың құзыреттi органының басшысы немесе оны орнындағы адам сұрау салуға қол қояды және ол осы органның елтаңбалы мөрiмен куәландырылады.
Сұрау салудың түпнұсқа екендігіне немесе мазмұнына күдiк туған кезде сұрау салынатын Тарап қосымша растау сұрай алады.
2.5. Жiберiлетiн сұрау салуда мыналар болуы тиiс:
сұрау салатын Тараптың құзыретті органы мен сұрау салынатын Тараптың құзыреттi органының атаулары;
iстiң, мақсат мәнiнiң баяндалуы және сұрау салудың негiздемесi;
сұралатын көмектiң сипатталуы;
сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымын терроризмге қарсы бiрлескен iс-шара өткiзілетiн жерге жеткiзудiң және оны келген елiне керi қайтарудың тәсiлдерi мен шарттары туралы ақпарат, соның iшiнде сұрау салатын Тараптың мемлекеттiк шекарасынан өтудің орны, уақыты және тәртібi туралы мәлiметтер;
сұрау салуды тиiстi орындау үшiн пайдалы болуы мүмкiн өзге де ақпарат.
2.6. Сұрау салатын Тарап терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың жеке құрамын, арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын терроризмге қарсы бiрлескен iс-шара өткiзiлетiн жерге жеткiзу үшiн қажеттi жағдайлар жасайды.
Орналастыру, тамақпен, көлiкпен, медициналық қызметпен қамтамасыз ету, байланысты, соның iшiнде арнайы байланысты да пайдалану сұрау салатын Тараптың есебiнен жүзеге асырылады.
2.7. Терроризмге қарсы арнайы құрылымның немесе оның жекелеген қатысушыларының сұрау салатын Тараптың аумағында орын ауыстыруы арнайы рұқсат негiзiнде және сұрау салатын Тараптың құзыретті органы басшысының бақылауымен жүзеге асырылады.
Терроризмге қарсы арнайы құрылымның немесе оның жекелеген қатысушыларының сұрау салатын Тараптың аумағында орын ауыстыруы сұрау салатын Тараптың құзыретті органының ресми өкiлiнiң бақылауымен жүзеге асырылады.
2.8. Тараптар терроризмге қарсы бiрлескен iс-шара өткiзудің тиiмділігi мен жеделдігiн арттыру мақсатында терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың мемлекеттiк шекарадан өтуi кезiнде ұлттық заңнамамен белгіленген рәсiмдердің жедел орындалуын қамтамасыз етеді.
2.9. Терроризмге қарсы арнайы құрылымның басшысы мемлекеттiк шекарадағы рұқсатнама бекетiнде сұрау салынатын Тараптың құзыреттi органдары куәландырған жеке құрамның атаулы тiзiмiн және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тiзбесiн, ал құрылымның барлық қатысушылары жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетеді.
2.10. Тараптар сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымының терроризмге қарсы бiрлескен iс-шара өткiзiлетiн жерге жеткiзiлетiн және керi қайтарылатын арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын кедендік және өзге де алымдар мен төлемдерден босатады.
3. Терроризмге қарсы бірлескен іс-шаралар
өткізудің тәртібі
3.1. Сұрау салатын Тарап терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу кезiнде терроризмге қарсы арнайы құрылымдарды тікелей басқару үшін басқару органын құрады.
Басқару органының басшысын сұрау салатын Тарап тағайындайды.
Басқару органының құрылымын, оның бөлiмшелерiнiң мiндеттерi мен функцияларын басқару органының басшысы терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткізудің мақсатына қарай анықтайды. Басқару органында iс орыс тiлiнде жүргізiледі.
Басқару органы басшылығының құрамына терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысатын терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың басшылары, Тараптар мен Орталықтың құзыреттi органдарының өкiлдерi енеді.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының мемлекет басшылары кеңесiнiң шешiмi бойынша, ал қажет жағдайда ТМД мүдделi қатысушы мемлекеттер басшыларының шешiмi бойынша терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге басшылық жасау Орталыққа тапсырылуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда басқару органын Орталықтың Басшысы құрады.
3.2. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзуге тартылатын адамдар басқару органының басшысына бағынады.
3.3. Басқару органының басшысы:
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны дайындауға және өткiзуге басшылық жасайды;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзу үшiн тартылатын күш пен құралдарды пайдалану, олардың арнайы құралдарды және қамтамасыз ету материалдарын қолдануы туралы шешiмдер қабылдайды;
басқару органының лауазымды адамдарын тағайындайды;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзудiң жоспарын бекiтедi;
aдaмдардың террористермен келіссөздер жүргізуіне рұқсат беруді жүзеге асырады;
сұрау салатын Тараптың мемлекеттiк билiк органдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзудiң барысы мен нәтижелерi туралы және террористiк әрекет зардаптарының ауқымы туралы хабарлайды;
сұрау салатын Тарапқа терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны аяқтау туралы ұсыныс енгiзедi және оны өткiзудiң нәтижелерi туралы Тараптардың құзыреттi органдарына есеп беруді ұсынады.
3.4. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткізуге басшылық жасауға араласуға тек қана сұрау салатын мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жол берiледi.
3.5. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу барысында басқару органының негiзгi мiндеттерi:
жағдай туралы мәлiметтер жинау, ақпаратты бағалау, қорыту және талдау, оны терроризмге қарсы арнайы құрылымдарға және терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараға тартылатын басқа бөлiмшелерге жеткiзу, басқару органы басшысының шешiм қабылдауы үшiн ұсыныстар дайындау;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзудiң жоспарын әзiрлеу;
тартылатын күштерi, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын дайындау және қолдануды ұйымдастыру, болуы ықтимал келеңсiз зардаптардың алдын алу шараларын қабылдау;
келiссөздер жүргiзу және терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзудiң объектiсi болып табылатын адамдармен келiссөздер жүргiзудi ұйымдастыру тактикасын тұжырымдау (қажет кезде);
мемлекеттік билiк және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асыру;
жедел iздестiру iс-шараларын және тергеу iс-қимылдарын өткiзудi қамтамасыз ету;
өткiзiлген iс-шаралардың нәтижелерiн қорытындылау болып табылады.
3.6. Басқару органының басшысы терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзу, соның iшiнде күштердi, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қолдану тәртiбi туралы шешiмдi сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымы басшысының келiсуi бойынша қабылдайды. Шешiм басқару органы басшысының жазбаша бұйрығымен ресiмделеді.
Егер сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымы басшысының пiкiрi назарға алынбайтын болса, онда ол сұрау салынатын Тараптың құзыреттi органының келiсуi бойынша өзi басқаратын бөлiмшенiң iс-шарасына қатысудан бас тартуға құқықты.
Сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымының терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараға қатысудан бас тартуы туралы шешiмi құрылым басшысы басқару органының басшысына жазбаша ұсынады.
3.7. Достастықтың сұрау салатын Тараппен шекараласатын мемлекетiнiң қауiпсiздігіне қатер туған жағдайда басқару органы осы мемлекеттің құзыреттi органдарына қатердiң сипаты мен ауқымы туралы хабарлайды, сондай-ақ оны оқшаулау жөнiнде ұсыныстар тұжырымдайды.
3.8. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу кезiнде террористiк әрекеттер туралы жұртшылыққа хабарлау басқару органының басшысы немесе оның жұртшылықпен байланыс ұстауға жауапты өкiлi сұрау салатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес анықтайтын нысандар мен көлемде жүзеге асырылады.
3.9. Терроризм мен экстремизмді насихаттауға және ақтауға бағытталған, сондай-ақ:
терроризмге қарсы арнайы құрылымға қатысушылар, басқару органының лауазымды адамдары және терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткізуге көмек беретiн адамдар туралы;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзудің арнайы техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзу кезiнде пайдаланылатын күштердің, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының сипаты туралы;
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараны өткiзудi қиындатуға және адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге бейiм ақпаратты таратуға жол берiлмейдi.
4. Терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларды аяқтаудың және даулы мәселелерді реттеудің тәртібі
4.1. Сұрау салатын Тарап терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды аяқтау және басқару органын тарату туралы шешiмдi сұрау салынатын Тараптың, сондай-ақ терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге басшылық жасау Орталыққа тапсырылған жағдайларда Орталықтың келiсуi бойынша қабылдайды.
Сұрау салатын Тарап ТМД мемлекеттерi басшыларының кеңесiне терроризмге қарсы бiрлескен iс-шаралардың аяқталғаны туралы хабарлайды.
Басқару органының басшысы терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараның аяқталғаны және басқару органының таратылғаны туралы бұйрық шығарады.
Терроризмге қарсы арнайы құрылымдарды сұрау салатын Тараптың аумағынан шығарудың жоспары мен мерзiмiн сұрау салатын Тараптың құзыреттi органы сұрау салынатын Тараптың құзыреттi органының келiсуi бойынша анықтап, бекiтеді.
4.2. Сұрау салатын Тарап сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымдарының жеке құрамын, арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын жөнелтудi қамтамасыз етедi.
Cұpaу салынатын Тараптың терроризмге қарсы арнайы құрылымы пайдаланылмаған арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын терроризмге қарсы бiрлескен iс-шара аяқталған бойда сұрау салатын Тараптың аумағынан алып кетуi тиiс.
Егер айрықша мән-жайларға байланысты арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын алып кету мүмкiн болмаса, онда оны сұрау салынатын Тарап сұрау салатын Тарапқа өзара уағдаластық негiзiнде бере алады.
4.3. Сұрау салатын Тарап терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткізуге қатысатын сұрау салынатын Тарапқа, соның iшiнде сұрау салатын Тараптың аумағында болған жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды (бұдан әрi - зиян), егер ол басқару органы қойған мiндеттердi орындау кезiнде келтiрiлсе, өтеуге қатысты қандай да болсын талап қоюдан бас тартады.
Егер сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараға қатысушылары басқару органы қойған мiндеттердi сұрау салатын Тараптың аумағында орындау кезiнде зиян келтiрсе, онда оны сұрау салатын Тарап өзiнiң терроризмге қарсы арнайы құрылымдарына қатысушылары осыған ұқсас мән-жайлар кезiнде зиян келтiргенде қолданылуға тиiс ұлттық заңнамасына сәйкес өтейдi.
4.4. Сұрау салатын Тарап жасаған шығыстарды, әкелiнген арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының жоғалуына, толықтай немесе жартылай жойылуына байланысты шығыстарды қоса алғанда, өтеу тәртібi мүдделi Тараптар арасындағы келiсу бойынша белгiленедi.
4.5. Егер Тараптардың бiрi терроризмге қарсы арнайы құрылымдардың iс-қимылдары арқылы келтiрiлген зиянды басқару органы қойған мiндеттерге барабар емес деп санаған жағдайда, онда туындаған пiкiр алшақтықтарын мүдделi Тараптар консультация және келiссөз жолымен шешедi.
4.6. Сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы құрылымдарына қатысушылардың сұрау салатын Тараптың аумағында осы Ереженiң 4.3-тармағында көзделмеген жағдайларда келтiрген зияны мүдделi Тараптардың арасындағы уағдаластық бойынша өтеледі.
5. Терроризмге қарсы бірлескен іс-шараларға қатысушылардың құқықтық мәртебесі
5.1. Терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзу кезiнде сұрау салатын Тарап терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерiне жаралануға, мертiгуге немесе қаза табуға байланысты шығыстарды сұрау салатын Тараптың заңнамасында көзделген тәртіп пен көлемде өтейді. Бұл peттe сұрау салынатын Тараптың терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысушылары мен олардың отбасы мүшелерi үшiн оның заңнамасында белгiленген жеңiлдіктер, кепiлдіктер және өтемақылар толық көлемде сақталады.
Осы тәртiп осындай зиян терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысушылар сұрау салатын Тараптың аумағында болған кезеңде келтiрiлген жағдайда қолданылады.
5.2. Тараптардың әрқайсысы терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысушылардың құқықтық жағдайын құрметтейді және халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына сәйкес олардың азаматтық құқықтары мен еркiндіктерiн толықтай қамтамасыз етеді.
5.3. Сұрау салатын Тараптың аумағында терроризмге қарсы құрылымдардың уақытша болуына байланысты юрисдикция мәселелерiнде Тараптар мына қағидаттарды басшылыққа алады:
терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараға қатысушы құқық бұзған кезде оған сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес жауапкершiлiк жүктеледі;
Тараптардың әрқайсысы өздерiнiң терроризмге қарсы арнайы құрылымдарының құрамына кiретiн және басқа Тараптарға немесе Тарапқа қарсы қылмыстар жасады деп күдiк тудыратын (айыпталатын) терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларға қатысушылардың iзiне түсудi ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттенеді;
iсті жүргiзу iс-қимылдар жұмысы кезiнде, сондай-ақ құқықтық көмек бepу кезiнде Тараптар ұлттық заңнамасын және өздерiне алған халықаралық мiндеттемелерді басшылыққа алады.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi жөнiндегi ереженi бекiту туралы Хаттамаға
Әзербайжан Республикасының
айрықша пікірі
Әзербайжан Республикасы "Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртібi туралы" Ереженi iске асыруға аумағында осы iс-шаралар өткiзiлетiн мемлекеттердiң құзыреттi органдарының сұрау салуларын ақпараттық талдау және консультативтiк қамтамасыз ету шеңберiнде және Әзербайжан Республикасының ұлттық заңнамасына қатаң сәйкестiкпен ғана қатыса алады.
Әзербайжан Республикасының
Президентi
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi жөнiндегi ереженi бекiту туралы Хаттаманың жобасына
Грузия ескертпесi
Грузия мына ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны тұтастай қолдайды:
- 4.1-тармақтың бiрiншi абзацындағы "...келiсiм бойынша..." сөзi "...жазбаша хабарландыру..." сөздерiмен алмастырылсын және абзац осымен аяқталсын;
- 5.3-тармақтың екiншi абзацындағы "...сұрау салынатын..." сөздерiнiң орнына "...сұрау салатын..." сөздерi қойылсын.
Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi жөнiндегi ереженi бекiту туралы Хаттамаға Ресей Федерациясының
Ескертпелері
Осы Хаттамамен бекiтiлген Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарында терроризмге қарсы iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi жөнiндегi ереженi қолданған кезде Ресей Федерациясы мыналарды негiзге алады:
1. Ресей Тарабы арнайы терроризмге қарсы құрылымдарының құрамына кiретiн әскери қызметшiлерге және өзге де тұлғаларға қатысты және Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер аумақтарында терроризмге қарсы бiрлескен iс-шараларды өткiзуге қатысушыларға аталған iс-шаралар аумақтарында өткен Тараптардың заңнамасы қолданылмайды. Қандай жағдайда да олар Ресей Республикасының юрисдикциясында болады.
2. Ресей Тарабының арнайы терроризмге қарсы құрылымдарының арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдары Peceй Федерациясының меншiгi болып табылады және ұсталуға жатпайды және (немесе) қандай түрде де сұрау салатын Тарап иелiгiне шығарылмайды.
3. Сұрау салатын Тарап Ресей Тарабына терроризмге қарсы бiрлескен iс-шаралар өткiзудi сұрай отырып, Хаттаманың құрамдас бөлiгi, өзi үшiн мiндеттi болып табылатын осы ескертпе қабыл алады.
Ресей Федерациясының
Президентi