Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлсiн.
Қазақстан Pecпубликасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне
толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., N 5-6, 24-құжат; N 17-18, 241-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 33-құжат; N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 1-2, 3-құжат; N 4, 25-құжат; N 5, 30-құжат; N 11, 56, 64, 68-құжаттар; N 14, 109-құжат; N 15, 122, 139-құжаттар; N 18, 142-құжат; N 21-22, 160-құжат; N 23, 171-құжат; 2004 ж., N 6, 42-құжат; N 10, 55-құжат; N 15, 86-құжат; N 17, 97-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлсiн:
1) мынадай мазмұндағы 161-1-баппен толықтырылсын:
"161-1-бап. Төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдердi қабылдаудан бас тарту
Сауда операцияларын (қызметтер көрсетудi) жүзеге асыру кезiнде төлем карточкаларын пайдалана отырып, оларды қабылдауға мiндеттi сауда (қызмет көрсетушi) ұйымдарының төлемдердi қабылдаудан бас тартуы, -
жеке кәсiпкерлер мен заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң бiр жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
2) 170-1-баптың екiншi бөлiгiнiң бiрiншi абзацында "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң" деген сөздер "уәкiлеттi мемлекеттiк органның" деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 174-баптың екiншi бөлiгiнiң бiрiншi абзацында "дер кезiнде" деген сөздер "жүзеге асырмау, сол сияқты дер кезiнде" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 193-баптың бiрiншi бөлiгiнiң бiрiншi абзацы "орналастыру" деген сөзден кейiн "және (немесе) өтеу" деген сөздермен толықтырылсын;
5) 196-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"196-бап. Бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу, олар бойынша құқықтарды есепке алу және растау тәртiбiн бұзу
Бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушының бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiн немесе номиналды ұстаушыларды есепке алу жүйесiн жүргiзу тәртiбiн бұзуы, сол сияқты бағалы қағаздар бойынша қылмыстық жаза қолданатын әрекет белгiлерi жоқ құқықтарды растау тәртiбiн бұзуы, -
заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
6) 197-баптың тақырыбында және бiрiншi абзацында "орналастыру және өтеу" деген сөздер "орналастыру және (немесе) өтеу" деген сөздермен ауыстырылсын;
7) мынадай мазмұндағы 354-2-баппен толықтырылсын:
"354-2-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялау тәртiбiн бұзу
Нормативтiк құқықтық актiлердiң ресми мәтiндерiн кейiннен жариялаудың заңнамада белгiленген тәртiбiн бұзу -
өнiмдердiң таралымы тәркiлене отырып, не онсыз заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.";
8) мынадай мазмұндағы 522-1-баппен толықтырылсын:
"522-1-бап. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiне кедергi жасау
1. Мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының азаматтардың өтiнiштерiн қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi ұсынбауы не ұсынудан бас тартуы, кiдiрiссiз қабылдауда болу құқығын бұзу, қызметтік куәлiгiн көрсетіп, мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, соның iшiнде әскери бөлiмдер мен құрамалардың аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруiнен, бас бостандығынан айыру орындарына жiберуден бас тартуы, сол сияқты Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдiң заңды қызметiне кедергi болатын өзге де әрекеттер жасауы арқылы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiне кедергі жасауы, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiне оның шешiмiне ықпал ету мақсатында араласу -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң жүзге дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға екi жүзге дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiн әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.";
9) 551-баптың екiншi бөлiгiнде "әдiлет басқармаларының" деген сөздер "аумақтық әдiлет органдарының" деген сөздермен ауыстырылсын;
10) мынадай мазмұндағы 566-1-баппен толықтырылсын:
"566-1-бап. Лицензиарлар болып табылатын органдар
1. Лицензиарлар болып табылатын органдар заңнамаға сәйкес осы Кодекстiң 139-бабында (бiрiншi бөлiгiнде) көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстi қарауға және әкiмшiлiк жаза қолдануға лицензиар болып табылатын органның басшысы және оның орынбасарлары құқылы.";
11) 570-1-баптың бiрiншi бөлiгiнде:
"161 (бiрiншi бөлiгiнде)" деген сөздерден кейiн ", 161-1" деген сандармен толықтырылсын;
"166" деген сандардан кейiн ", 169-1" деген сандармен толықтырылсын;
12) 573-баптың бiрiншi бөлiгi:
"88 (бiрiншi бөлiк)" деген сөздерден кейiн ", 139 (бiрiншi бөлiк)" деген сөздермен толықтырылсын;
"170" деген сандардан кейiн ", 170-1" деген сандармен толықтырылсын;
13) 630-баптың бiрiншi бөлiгiнде "467-471, 470 (үшiншi бөлiгi)" деген сөздер "467-469, 470 (бiрiншi және екiншi бөлiктерi), 471" деген сөздермен ауыстырылсын;
14) 636-баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында:
екiншi абзац "521" деген сандардан кейiн ", 522-1" деген сандармен толықтырылсын;
жиырма төртiншi абзац:
"138" деген сандардан кейiн ", 139 (екiншi бөлiгi)" деген сөздермен толықтырылсын;
"167-1 (екiншi және үшiншi бөлiмдерi)" деген сөздерден кейiн ", 184" деген сандармен толықтырылсын;
жиырма жетiншi абзац "154-157" деген сандардан кейiн ", 168-1" деген сандармен толықтырылсын;
жиырма тоғызыншы абзац "354" деген сандардан кейiн ", 354-2" деген сандармен толықтырылсын;
қырық бірінші абзац алынып тасталсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті