Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
"Қазақстан Республикасының Бактериологиялық (биологиялық) және токсиндi қарулар жасауға, өндiруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгізiлсiн.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының Бактериологиялық
(биологиялық) және токсиндi қарулар жасауға,
өндiруге және оның қорларын шоғырландыруға
тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияға
қосылуы туралы
Қазақстан Республикасы 1972 жылғы 10 сәуiрде Мәскеуде, Лондонда және Вашингтонда жасалған Бактериологиялық (биологиялық) және токсиндi қарулар жасауға, өндiруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияға қосылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Бактериологиялық (биологиялық) және токсинді қарулар
жасауға, өндіруге және оның қорларын шоғырландыруға
тыйым салу және оларды жою туралы конвенция (Москва -
Лондон - Вашингтон, 1972 жылғы 10 сәуір)
Осы конвенцияға қатысушы мемлекеттер,
жаппай қырып-жоятын қарудың барлық түрлерiне тыйым салумен және жоюмен бiрге, жалпыға бiрдей және толық қарусыздану жолындағы тиiмдi прогреске жету мақсатында бел шеше кiрiскен, химиялық және бактериологиялық (биологиялық) қарулар жасауға, өндiруге және оның қорларын шоғырландыруға тыйым салудың және оларды тиiмдi шаралар жолымен жоюдың қатаң да тиiмдi халықаралық бақылау арқылы жалпыға бiрдей және толық қарусыздануға жетуге ықпал ететiнiне сене отырып,
1925 жылғы 17 маусымда Женевада қол қойылған Тұншықтыратын, улы немесе басқа да осы сияқты газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманың маңызды мәнiн, сондай-ақ көрсетiлген хаттаманың соғыс қасiретiн азайту iсiне қосқан және қосып келе жатқан үлесiн мойындай отырып,
аталған хаттаманың принциптерi мен мақсаттарына деген өзiнiң адалдығын білдіре және барлық мемлекеттердi оларды қатаң сақтауға шақыра отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1925 жылғы 17 маусымда Женева хаттамасының принциптері мен мақсаттарына қайшы келетiн барлық iс-әрекеттердi бiрнеше мәрте айыптағанын ескерте отырып,
халықтар арасындағы сенімді тереңдете түсуге және халықаралық ахуалды тұтастай сауықтыруға ықпал етудi қалап,
сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерін жүзеге асыруға ықпал етуге ұмтыла отырып,
тиiмдi шаралар жолымен мемлекеттердiң арсеналынан химиялық және бактериологиялық (биологиялық) агенттердi пайдаланатын қарулар сияқты жаппай қырып-жоятын қауiптi қаруды алып тастаудың маңыздылығы мен кезек күттiрмейтiндiгiне сенiмдi бола отырып, бактериологиялық (биологиялық) және токсиндi қаруларға тыйым салу туралы келiсiмнiң сонымен бiрге химиялық қаруды жасауға, өндіруге және оның шоғырландырылуына тыйым салу жөнiндегi тиiмдi шаралар туралы келiсiмге келу бағытындағы алғашқы мүмкін қадам болып табылатынын мойындай отырып, осы мақсатпен келіссөздер жүргізудi жалғастыруға бел шеше кiрiсiп,
барлық адамзат үшiн бактериологиялық (биологиялық) агенттердi немесе қару түрiндегі токсиндерді пайдалану мүмкiндiктерiн толығымен жоюға бел шеше кiрiсіп,
мұндай пайдаланудың адамзаттың ар-намысына қайшы келетiнiне және осы қауiптi азайту үшiн ешқандай да күш-жiгердi аямау керектiгiне сене отырып,
мыналар туралы келiстi:
І бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет ешқашан, ешқандай жағдайда:
1) микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттер мен токсиндердi, шығу тегi немесе өндiру әдiсi қандай болса да, профилактикалық, қорғаныс немесе басқа да бейбiт мақсаттарда қолдануға болмайтын түрлерiн соншалықты мөлшерде;
2) осындай агенттер мен токсиндердi дұшпандық мақсаттарда немесе қарулы қақтығыстарда қолдануға арналған қаруды, құрал-жабдықты немесе жеткiзу құралдарын жасамауды, өндiрмеудi, шоғырландырмауды, өзге де бiр жолдармен сатып алмауды және сақтамауды мiндетiне алады.
II бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет өзi иелiк ететiн немесе оның юрисдикциясында немесе бақылауында тұратын, конвенцияның I бабында көрсетiлген барлық агенттердi, токсиндердi, қаруды және жеткiзу құралдарын мүмкiндiгiнше жедел, бiрақ конвенция күшiне енгеннен кейiн тоғыз айдан кешiктiрмей, жоюды немесе бейбiт мақсаттарға жұмсауды мiндетiне алады. Осы баптың ережелерiн орындау кезiнде халықты және қоршаған ортаны қорғау мақсатында абай болудың барлық қажеттi шаралары қолданылуы тиiс.
III бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет кiмге болса да тiкелей, жанама түрде, қалай да болмасын, қандай да бiр мемлекетке, мемлекеттер тобына немесе халықаралық ұйымдарға көмектеспеудi, көтермелемеудi және қандай да бiр өзгеше тәсiлмен конвенцияның I бабында көрсетiлген кез келген агенттердi, токсиндердi, қаруды және жеткiзу құралдарын өндiруге немесе сатып алуға итермелемеудi мiндетiне алады.
IV бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет өздерiнiң конституциялық рәсiмдерiне сәйкес, қайда болса да оның юрисдикциясында немесе бақылауында тұратын, осындай мемлекет аумағының шегiнде, конвенцияның I бабында көрсетiлген агенттердi, токсиндердi, қаруды және жеткiзу құралдарын жасауға, өндiруге немесе сатып алуға тыйым салу және алдын алу бойынша қажеттi шаралар қабылдауды мiндетiне алады.
V бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет конвенцияның мақсатына немесе ережелерiнiң орындалуына байланысты туындауы мүмкiн кез келген мәселенi шешуде бiр-бiрiмен консультация алысуды және ынтымақтастық орнатуды мiндетiне алады. Осы бапты орындау үшiн консультациялар мен ынтымақтастықты жолға қою Бiрiккен Ұлттар Ұйымы шеңберiндегi тиiстi халықаралық рәсiмдердi пайдалану және оның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкiн.
VI бап
Қандай да бiр басқа қатысушы мемлекет конвенция ережелерiнен өрбитiн мiндеттемелердi бұза отырып iс-әрекет етуде деп мәлiмдеген осы конвенцияға қатысушы кез келген мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк Кеңесiне шағым беруiне болады. Мұндай шағымда оның негiздiлiгiн растайтын мүмкiн болған барлық дәлелдер, және оны Қауiпсiздiк кеңесiнде қарау туралы өтiнiш болуға тиiс.
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес Кеңес қабылдаған шағымның негiзiнде Қауiпсiздiк Кеңесi жүргiзуi мүмкiн кез келген тергеу жұмыстарына қатысуды мiндетiне алады. Қауiпсiздiк кеңесi конвенцияға қатысушы мемлекеттердi тергеу нәтижелерi туралы хабарландырып отырады.
VII бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес, конвенцияға қатысушының кез келгенi өтiнiш жасаса, егер Қауiпсiздiк Кеңесi мұндай қатысушыға конвенцияны бұзудың нәтижесiнде қауiп төндi деп шешiм шығарса, көмек берудi немесе қолдау көрсетудi мiндетiне алады.
VIII бап
Осы конвенциядағы ережелердiң қайсысы болмасын, 1925 жылғы 17 маусымда Женевада қол қойылған Тұншықтыратын, улы немесе басқа да осы сияқты газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттамаға сәйкес кез келген мемлекет қабылдаған мiндеттемелердi қандай да бiр шектеулi немесе жалынышты тұрғыда түсiндiрiлмеуi тиiс.
IX бап
Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет химиялық қаруға тиiмдiлiкпен тыйым салудың танылған мақсатын растайды және осы мақсатта ақ ниетпен таяу болашақта оны әзiрлеуге, өндiру мен қорын көбейтуге тыйым салу және оны жою жөнiндегі тиiмдi шаралар туралы және химиялық агенттердi қару ретiнде өндiруге немесе пайдалануға арналған құрал-жабдықтар мен жеткiзу құралдарына қатысты тиістi шаралар туралы келiсiмге қол жеткiзу үшiн келiссөздердi жалғастыруды мiндетiне алады.
Х бап
1. Осы конвенцияға қатысушы мемлекеттер ең толық көлемiнде мүмкiн болатын құрал-жабдықтармен, материалдармен, бактериологиялық (биологиялық) құралдарды және токсиндердi бейбiт мақсаттарда пайдалану туралы ғылыми және техникалық ақпарат алмасуға ықпал етудi мiндетiне алады және мұндай алмасуға қатысуға құқылы. Осыған жағдайы келетiн конвенцияға қатысушы мемлекеттер сондай-ақ жекеше немесе басқа мемлекеттермен яки халықаралық ұйымдармен бiрлесiп, ауруларды болдырмау үшiн немесе басқа да бейбiт мақсаттар үшiн бактериология (биология) саласындағы ғылыми ашылымдарды одан әрi әзiрлеу мен қолдануға жәрдем көрсетуге қатысатын болады.
2. Осы конвенция, бактериологиялық (биологиялық) агенттер мен токсиндердi қайта өңдеу, бейбiт мақсаттарда пайдалану немесе өндiру үшiн бактериологиялық (биологиялық) агенттермен және токсиндермен халықаралық алмасуды қоса алғанда, конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң экономикалық немесе техникалық дамуына яки бейбiт бактериологиялық (биологиялық) қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа кедергi келтiрмеу жолымен жүзеге асырылады.
XI бап
Кез келген қатысушы мемлекет осы конвенцияға түзетулер ұсынуына болады. Түзетулер, осы түзетулердi қабылдайтын әрбiр қатысушы мемлекет үшiн, оларды конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң көпшiлiгi қабылдағаннан кейiн, ал кейiннен қалған қатысушы мемлекеттер үшiн олардың осы түзетулердi қабылдаған күнi күшiне енедi.
XII бап
Осы конвенция күшiне енгеннен кейiн 5 жылдан соң немесе бұл мерзiмнен ерте, егер де мұны конвенцияға қатысушылардың көпшiлiгi осы мақсатпен депозитарий-мемлекеттерге ұсыныстар беру арқылы талап ететiн болса, Женевада (Швейцария) конвенцияның қалай жұмыс iстеп жатқанын қарау үшiн, ережелердi қоса алғанда, конвенцияның кiрiспесi мен ережесiнде мазмұндалған химиялық қару туралы келiссөздерге қатысты мақсаттардың жүзеге асып жатқандығына сенiмдi болу үшiн конвенцияға қатысушы мемлекеттердiң конференциясы шақырылады. Мұндай қарау кезiнде конвенцияға қатысы бар барлық жаңа ғылыми-техникалық жетiстiктер назарға алынуға тиiс.
XIII бап
1. Осы конвенцияның мерзiмi шексiз болып табылады.
2. Осы конвенцияға қатысушы әрбiр мемлекет өзiнiң мемлекеттiк егемендiгiн жүзеге асыру ретiнде егер де ол конвенцияның мазмұнына байланысты ерекше жағдайлар оның елiнiң жоғары мүдделерiне қатер төндiрдi деп шешсе, конвенциядан шығуға құқылы. Мұндай шығыс туралы ол конвенцияға қатысушы барлық басқа мемлекеттер мен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк Кеңесiн үш ай бұрын хабардар етедi. Мұндай хабарламада ол оның жоғары мүдделерiне қатер төндiру ретiнде қарайтын ерекше жағдайлар туралы мәлiмдеме болуға тиiстi.
XIV бап
1. Осы конвенция барлық мемлекеттердiң қол қоюы үшiн ашық. Конвенцияға ол күшiне енгенше қол қоймаған кез келген мемлекет осы баптың 3-тармағына сәйкес оған кез келген уақытта қосыла алады.
2. Осы конвенция оған қол қойған мемлекеттердiң бекiтуiне жатады. Бекiту грамоталары мен қосылу туралы құжаттар осымен депозитарий-үкiметтер ретiнде тағайындалатын Ресей Федерациясының, Ұлыбритания мен Солтүстiк Ирландияның Бiрiккен Корольдiгiнiң және Америка Құрама Штаттарының үкiметтерiне тапсырылады.
3. Осы конвенция үкiметпен қоса, конвенцияның депозитарийлерi болып тағайындалған жиырма екi үкiметтiң бекiту грамоталарын сақтауға тапсырғаннан кейiн күшiне енедi.
Конвенция 1975 жылғы 26 наурызда күшiне ендi.
4. Қосылу туралы бекiту грамоталары немесе құжаттары Осы конвенция күшiне енгеннен кейiн сақтауға тапсырылатын мемлекеттер үшiн ол олардың қосылу туралы бекiту грамоталары немесе құжаттары сақтауға тапсырылған күнi күшiне енедi.
5. Депозитарий үкiметтер кешiктiрмей осы конвенцияға қол қойған және қосылған барлық мемлекеттердi әрбiр қол қою күнi, әрбiр бекiту грамотасы мен құжатты сақтауға тапсырған күн, конвенция күшiне енген күн туралы, сондай-ақ олардың басқа да хабарламаларды алғандығы туралы хабарландырып отырады.
6. Осы конвенцияны Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес депозитарий үкiметтер тiркейтiн болады.
XV бап
Орыс, ағылшын, испан, қытай және француз мәтiндерi бiрдей түпнұсқалық болып табылатын осы конвенция депозитарий үкiметтердiң мұрағаттарына сақтауға берiледi. Депозитарий үкiметтер конвенцияның тиiстi дәрежеде расталған көшiрмелерiн конвенцияға қол қойған және оған қосылған мемлекеттердiң үкiметтерiне жiбередi.
Осыны растау үшiн, оған тиiстi дәрежеде өкiлеттi, төменде қол қоюшылар, осы конвенцияға қол қояды.
Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында, 1972 жылдың 10-күнi үш данада жасалды.
/қолдар/