Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасында Отын-энергетикалық кешендердi дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Сергеевич Школьникке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкiметi арасында Отын-энергетикалық кешендердi дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм жасасуға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь
Республикасының Үкiметi арасындағы Отын-энергетикалық
кешендердi дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Беларусь Республикасының Үкіметі,
жалпы қабылданған халықаралық құқықтың қағидаттарын, 1999 жылғы 4 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған ұзақ мерзiмдi экономикалық ынтымақтастық туралы шартты , 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияға шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
тең құқықты және өзара тиiмдi сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту, екі мемлекеттiң экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеттерiн тиiмдi пайдалану қажеттiлiгiн, Тараптар мемлекеттерiнiң ұзақ мерзiмдi негізде мамандануын, кооперациясын және технологиялық өзара байланысты өндiрiстерiн сақтау мен дамытудың орындылығын негізге ала отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң отын-энергетикалық кешендерi саласындағы мақсатты бағдарламалары мен ғылыми-техникалық ынтымақтастық жобаларын бiрлесiп әзiрлеу мен iске асырудың қажеттігін мойындай отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң шикiзат базасын тиiмдi пайдаланудағы, отын-энергетикалық кешендерi саласындағы бiрлескен кәсiпорындар мен мемлекетаралық компанияларды құруды ұйымдастырудағы, Тараптар мемлекеттерінің заңды тұлғалары арасында нарықтық қатынастарды жетiлдiру үшiн қолайлы жағдайлар жасаудағы өзара мүдделiлiгін ескере отырып,
төмендегілер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар өзара пайда, өзара көмек және Тараптар мемлекеттерiнiң әрқайсысына экономикалық залал келтiретiн әрекеттерге жол бермеу негізiнде отын-энергетикалық кешендерi саласындағы ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесетiн болады.
2-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi құзыреттi органдары:
Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi;
Беларусь Тарапынан - Беларусь Республикасының Экономика министрлігі болып табылады.
3-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына отын-энергетикалық ресурстарының транзитi мен болуы мүмкiн өзара жеткiзiлiмдерiнiң жыл сайынғы көлемдерiн белгiлеудi тапсырады.
Тараптар қолданыстағы көлiк жүйелерiнiң қазiргi бар мүмкiндiктерi шегiнде отын-энергетикалық ресурстарының кедергiсiз транзитiн қамтамасыз eтeдi.
Тараптар отын-энергетикалық ресурстарының тасымалдау жағдайлары мен транзитiн нашарлатуға әкеп соқтыратын шешiмдердi бiржақты тәртiппен қабылдамауға мiндеттенедi.
4-бап
Отын-энергетикалық ресурстарының, тауарлардың және қызметтер көрсетудiң транзитi мен жеткiзiлiмдерi Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес Тараптар мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргiзушi субъектiлерi арасында жасалатын шарттардың (келiсiм-шарттардың) негiзiнде жүзеге асырылады.
Қазақстан Тарабы "ҚазТрансОйл" акционерлiк қоғамын Беларусь Республикасының уәкiлеттi шаруашылық жүргізушi субъектiлерi мен шарттарды және мұнайды тасымалдау мен аудару жөнiндегi басқа да құжаттамаларды ресiмдеу бойынша барлық қазақстандық мұнай компанияларының мүдделерiн бiлдiретiн, қазақстан мұнайының Беларусь Республикасына транзитi мен болуы мүмкiн жеткiзiлiмдерiн жүзеге асыру жөнiндегi уәкiлеттi ұйым - бiрыңғай операторы етiп белгiлейдi.
5-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы бойынша отын-энергетикалық ресурстарының транзитiн жүзеге асыру жөнiндегі қызметтерге ақы төлеу Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес белгiленген тарифтер бойынша жүзеге асырылады.
6-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының отын-энергетикалық кешендерiнде түрлi меншiк нысандарының бiрлескен жобаларын жасауға жәрдемдесетiн болады.
7-бап
Тараптар энергетикалық бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде интеграциялық байланыстарды одан әрi тереңдету, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, Тараптар мемлекеттерiнiң отын-энергетикалық кешендерi салаларында жаңа технологияларды енгiзу мақсатында өзара консультациялар өткiзуге келiстi.
8-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң отын-энергетикалық кешендерi салаларында жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу және қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi халықаралық нормалардың, ережелер мен стандарттардың талаптарына қол жеткiзуде өзара жәрдем көрсететiн болады.
9-бап
Тараптар отын-энергетикалық кешендерi саласында Тараптар мемлекеттерiнiң шаруашылық жүргізушi субъектiлерiнiң қызметi және (немесе) бiрлескен қызметi Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады деп келiстi.
10-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң отын-энергетикалық кешендерi объектiлерiнде табиғи зілзалалардың, авариялардың туындауының алдын алу және олардың зардаптарын жою саласында өзара әрекет ететiн болады.
11-бап
Тараптар электр энергиясын, көмiрсутек шикiзатын және мұнай өнiмдерiн тасымалдауды жүзеге асыру үшiн Тараптар мемлекеттерiнiң аумағы бойынша өтетiн магистральдық электр беру желiлерiнiң, мұнай-газ құбырларының және мұнай өнiмдерi құбырларының қауiпсiз және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайтын болады.
12-бап
Тараптар Тараптар мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарына осы Келiсiмнiң орындалу барысы туралы ақпарат алмасуды жүзеге асыруды тапсырады.
13-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру және қолдану бойынша даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келiссөздер және консультациялар жолымен шешетін болады.
14-бап
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
15-бап
Осы Келiсiм белгiленбеген мерзiмге жасалады және оның күшiне ену үшiн қажеттi барлық мемлекетiшiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi.
Осы Келiсiм Тараптардың бiрi екiншi Тараптың оның қолданысын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
2005 жылғы "___" _________ Астана қаласында әрқайсысы қазан және орыс тiлдерiндегi екi түпнұсқа данада жасалды, әрi мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.
Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасының
Үкiметi үшiн Үкiметi үшiн