Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берілiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң (бұдан әрi - Келiсiм) жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрi Болат Советұлы Смағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан
Республикасының Yкiметi арасындағы Туризм саласындағы
ынтымақтастық туралы
Келiсiм <*>
(2005 жылғы 13 қазанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2006 ж., N 2, 19-құжат)
Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзiрбайжан Республикасының Үкiметi,
Қазақстан мен Әзiрбайжан халықтары арасында достық байланыстарды кеңейтуге және олардың өмiрiмен, тарихымен және мәдени мұрасымен жақсы танысуға ықпал етуге ниет бiлдiре отырып,
туризм халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктi нығайтудың, iзге ниет бiлдiрудiң және қарым-қатынастарды нығайтудың маңызды құралы болып табылатынын түсiне отырып,
халықаралық құқықтың жалпы қабылданған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар осы Келiсiмге, Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына және өздерi қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес теңдiк пен өзара тиiмдiлiк негiзiнде туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және дамытады.
2-бап
Тараптар Қазақстанның және Әзiрбайжанның туризм саласына күрделi қаржы салуды, сондай-ақ туристерге қызмет көрсету мақсатында бiрлескен кәсiпкерлiктi жүзеге асыратын туристiк ұйымдары арасында ынтымақтастық орнату және оны дамыту саласындағы өздерiнiң туризмдi басқаратын мемлекеттiк органдарының қызметiн қолдайды.
3-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес және өзара негiзде екi мемлекет арасында туристiк алмасумен байланысты шекаралық, кедендiк және өзге де рәсiмдерiн оңайлатуға ұмтылады.
4-бап
Тараптар ұйымдастырылған да, жеке де туризмдi, мамандандырылған туристер топтарымен алмасуды, соның iшiнде спорттық iс-шараларға музыкалық, театрлық және фольклорлық фестивальдерге, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерiнiң ынтымақтасушы ұйымдары арасында жасалған тiкелей шарттар негiзiнде туризм мәселелерi бойынша өткiзiлетiн көрмелерге, симпозиумдерге және конгрестерге қатысу мақсатында, көтермелейдi.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес:
өз мемлекетiндегi туристiк қызметтi реттейтiн нормативтiк кесiмдер туралы;
туристiк көрнектi орындар болып табылатын табиғи және мәдени ресурстарды қорғаумен әрi сақтаумен байланысты ұлттық заңнама туралы;
Тараптар мемлекеттерiнiң туристiк ресурстары туралы;
қонақ үйлердi және туристердi орналастырудың басқа да құралдарын басқару тәжiрибесi туралы ақпаратты қоса алғанда туризмдi басқарудың мемлекеттiк органдарының арасында статистикалық, анықтамалық-ақпараттық, жарнамалық және туризм саласындағы басқа да материалдармен алмасуға жәрдемдеседi.
6-бап
Тараптар өз мемлекеттерiнiң ұлттық заңнамаларына сәйкес туризм саласындағы оқу технологияларымен және зерттеулерiмен алмасатын болады, сондай-ақ туристiк бизнестi ұйымдастырудағы және басқарудағы тәжiрибемен алмасуға ықпал етедi және Тараптар мемлекеттерiнiң ынтымақтасушы ұйымдарының арасында тiкелей шарттар жасасу негiзiнде туризм саласындағы персоналды оқытуда бiр-бiрiне жәрдем көрсететiн болады.
7-бап
Мемлекеттік туризмдi басқару органдары Дүниежүзiлiк туристiк ұйымның және өзге де халықаралық туристiк ұйымдардың щеңберiндегi ынтымақтастықты үйлестiредi.
8-бап
Тараптар осы Келiсiмдi iске асыруға байланысты шығыстарды дербес көтередi.
9-бап
Тараптардың осы Келiсiм ережелерiнiң орындалуына жауапты уәкiлеттi органдары:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi;
Әзiрбайжан тарапынан - Әзiрбайжан Республикасы Жастар, спорт және туризм министрлiгi болып табылады.
Тараптар жоғарыда аталған уәкiлеттi органдардың атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда, дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiн уақтылы хабардар етедi.
10-бап
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын жеке хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
11-бап
Осы Келiсiм Тараптар мемлекеттерi қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
12-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде немесе қолдануда даулар немесе келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келiссөздер жолымен шешетiн болады.
13-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi, белгiленбеген мерзiмге жасалады және Тараптардың бiрi екiншi Тараптың оның қолданысын күшiн тоқтату туралы өзiнiң ниетi туралы жазбаша хабарламасын алған күнiнен бастап алты ай өткенге дейiн күшiнде қалады.
Осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтату, егер Тараптар өзгеше белгiлемесе, оның қолданылуы барысында қабылдануы мүмкiн бағдарламалардың орындалуына әсер етпейдi.
200 __ жылғы "___" ________ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзiрбайжан және орыс тiлдерiнде екi түпнұсқа данада жасалды, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiру кезiнде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгінетiн болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЗIРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКIМЕТI ҮШIН ҮКIМЕТI ҮШIН