Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы "ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
1-бап. "ЖҚТБ ауруының алдын алу туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 5 қазандағы Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., N 16-17, 212-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 23, 921-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы";
2) 1-бап мынадай мазмұндағы 1-1), 4-1), 4-2), 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:
"1-1) ЖҚТБ-мен ауыратын науқас - өлім-жітімге әкелетін жұқтырылған қорғаныш тапшылығының салдарынан осы аурудың органдар мен жүйелерді жаппай зақымдап, үдемелі дамуымен сипатталатын АҚТҚ инфекциясының терминалды сатысындағы адам;";
"4-1) диспансерлеу - денсаулық сақтау ұйымдарында АҚТҚ жұқтырған адамның және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастың денсаулық жағдайын байқау және оған емдеу-алдын алу көмегін көрсету;
4-2) адамды құпия медициналық куәландыру - тексерілетін адамның жеке басы мен куәландыру нәтижелерінің дәрігерлік құпиясын медициналық қызметкердің сақтауына негізделген, адамның АҚТҚ жұқтыруы мәніне тексеру жүргізу;
4-3) медициналық куәландыру - адамның АҚТҚ жұқтыруы мәніне медициналық тексеру жүргізу.";
3) мынадай мазмұндағы 1-1-баппен толықтырылсын:
"1-1-бап. АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен
емдеу саласындағы мемлекеттік реттеу
АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу саласындағы мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті орган, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.";
4) мынадай мазмұндағы 2-4, 2-5-баптармен толықтырылсын:
"2-4-бап. АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен
емдеу мәселелеріндегі мемлекет кепілдіктері
Мемлекет:
1) АҚТҚ жұқтыруы мәніне тегін негізде жасырын тексерудің, ерікті, құпия медициналық куәландырудың қол жетімділігі мен сапасына, АҚТҚ жұқтырғандарды және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды диспансерлеуді, психологиялық-әлеуметтік, заңдық және медициналық консультациялар беруді қамтамасыз етуге;
2) ЖҚТБ-ның алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтар мен денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде АҚТҚ жұқтырғандарға және ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарға тегін медициналық және дәрі-дәрмектік көмек көрсетуге;
3) АҚТҚ жұқтырған адамдар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды әлеуметтік және құқықтық қорғауға;
4) АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды ауруының сипаты бойынша қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуге кепілдік береді.
2-5-бап. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөніндегі шаралар
1. Қазақстан Республикасында АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөніндегі іс-шаралар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген негізде және тәртіппен жүргізіледі.
2. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөніндегі іс-шаралар мынадай қағидаттармен жүзеге асырылады:
1) АҚТҚ инфекциясының алдын алу үшін мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі;
2) АҚТҚ инфекциясынан зардап шегуші адамдарға денсаулық сақтау ұйымдарында берілетін медициналық көмектің қол жетімділігі;
3) АҚТҚ инфекциясының алдын алуға қатысты ақпараттың қол жетімділігі;
4) ведомствоаралық (сектораралық) өзара іс-қимыл;
5) халықтың, соның ішінде оның осал топтары арасында АҚТҚ инфекциясының алдын алу мақсатында қоғамдық ұйымдарды тарту.
3. АҚТҚ инфекциясының алдын алу жөніндегі іс-шаралар мынадай жолмен жүзеге асырылады:
1) халықтың әртүрлі топтарына арналған мақсатты алдын алу және білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
2) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АҚТҚ инфекциясы бойынша эпидемиялық ахуал және алдын алу шаралары туралы хабардар ету;
3) халықтың әр түрлі топтары үшін ақпараттық материалдар әзірлеу және тарату;
4) шприцтерді айырбастау, презервативтерді тегін тарату бағдарламаларын және басқа бағдарламаларды іске асыру;
5) сенім, жасырын тестілеу, психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар беру пункттерін құру;
6) халыққа тері қабаттарының бүтіндігін бұзатын әрекеттерді қолдана отырып, қызметтер көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету.";
5) 5 және 6-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
"5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен
азаматтығы жоқ адамдардың АҚТҚ жұқтыруы мәніне
медициналық куәландырудан өту құқығы
Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың АҚТҚ жұқтыруы мәніне денсаулық сақтау ұйымдарында тегін жасырын тексерілуге, ерікті, құпия медициналық куәландырудан өтуге және АҚТҚ жұқтыру мәселелері бойынша консультация алуға құқығы бар.
Он сегіз жасқа дейінгі балалар мен әрекетке қабілетсіз адамдарды АҚТҚ жұқтыруы мәніне куәландыру олардың заңды өкілдерінің келісімімен немесе олардың тілегі бойынша жүргізіледі.
Медициналық куәландырудан өткен адамның өз қалауы бойынша сол немесе басқа денсаулық сақтау ұйымында қайта медициналық куәландырудан өтуіне құқығы бар.
Медициналық куәландыру кезінде АҚТҚ жұқтырған адамды анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары оны нәтижелері туралы әрі өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттілігі, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі туралы жазбаша хабардар етеді.
АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратындардың диагностикасына, оларды емдеуге, зертханалық зерттеу нәтижелеріне қатысы бар мәліметтер құпия болып табылады және тек тікелей оларға қатысты адамға, оның заңды өкіліне немесе денсаулық сақтау, прокуратура, алдын ала тергеу, анықтау және сот органдарының сұрауы бойынша ғана берілуі мүмкін.
АҚТҚ жұқтыруы мәніне құпия медициналық куәландыру мен жасырын тексеру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
6-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен
азаматтығы жоқ адамдардың АҚТҚ жұқтыруы мәніне
медициналық куәландырудан өту жөніндегі міндеттері
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар эпидемиологиялық айғақтар, денсаулық сақтау органдарының сұрауы бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен АҚТҚ жұқтыру мәніне құпия медициналық куәландырудан өтуге міндетті.
2. Қанның және оның компоненттерінің, ұлпа еттер мен органдардың донорлары АҚТҚ жұқтыруы мәніне міндетті түрде медициналық куәландыруға жатады.";
6) 7-бапта:
1) екінші бөліктегі "16" деген сандар "он сегіз" деген сөздермен ауыстырылсын;
2) мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа, АҚТҚ-ға тексерілу нәтижелері туралы сертификаттар (анықтамалар) талап етуге тыйым салынады.";
7) 8, 9, 10-баптар алып тасталсын;
8) 12-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"12-бап. Еңбек қызметі АҚТҚ жұқтыру қаупімен байланысты
адамдар
АҚТҚ жұқтырылған материалмен жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің қызмет және кәсіби міндеттерін орындау кезінде АҚТҚ жұқтыруы кәсіби ауруларға жатады.";
9) 13-бап алып тасталсын;
10) мынадай мазмұндағы 15 және 16-баптармен толықтырылсын:
"15-бап. АҚТҚ жұқтырғандардың және ЖҚТБ-мен ауыратындардың
құқықтары мен міндеттері
1. АҚТҚ жұқтырғандар және ЖҚТБ-мен ауыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы ратификациялаған тиісті халықаралық шарттарда көзделген Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын пайдалануға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шегінде диспансерленуге және тегін емделуге құқығы бар.
2. АҚТҚ жұқтырғандар мен ЖҚТБ-мен ауыратындар өзінің денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтау жөнінде сақтық шараларын сақтауға міндетті.
АҚТҚ жұқтырғандарға қанның және оның компоненттерінің, ұлпа еттер мен органдардың донорлары болуға тыйым салынады.
16-бап. Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының,
ЖҚТБ-ның алдын алу туралы заңдарын бұзғаны үшін
жауаптылық
Қазақстан Республикасының АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы заңдарын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа әкеп соғады.".
2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті