Қазақстан Республикасының Үкiметi
ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң кеден органдары арасында тауарлар мен көлік құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы келiсiмге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министр
Жоба
2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң кеден органдары арасындағы тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы келiсiм
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi
Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк шекаралары арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарын тиiмдi кедендiк бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк шекаралары арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу рәсiмдерiн жеделдету мен оңайлатуға, заңсыз өткiзудiң алдын алуға және Тараптар мемлекеттерiнiң экономикалық мүдделерiн қорғау мақсатында тауарлар мен көлiк құралдарын тасымалдаудың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге ниет ете отырып,
ақпарат өңдеудiң қазiргi заманғы тәсiлдерiн пайдалану мен ақпараттық және коммуникациялық технологияларды қолдану аясын кеңейтуге осы мақсаттарда шаралар қабылдай отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары БЭК құруға бағытталған халықаралық шарттарға, Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына және осы Келiсiмге сәйкес өз құзыреттерiнiң шеңберiнде кедендiк ресiмдеу мен кедендiк бақылауды жетiлдiру, Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк шекаралары арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөнiндегi шараларды қабылдайды.
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары арасындағы ақпарат алмасу екi жақты және/немесе көп жақты негiзде жүзеге асырылуы мүмкiн.
2-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары осы Келiсiмнiң негiзiнде ақпарат алмасуды ұйымдастырудың техникалық жағдайларын әзiрлеу басталғанға дейiн мыналарды:
ақпараттың құрамын;
алмасуға қатысушыларды;
ақпараттық өзара iс-қимыл деңгейлерiн;
техникалық iске асыру үшiн жауаптыларды;
басқа да мәлiметтердi әзiрлейдi және келiседi.
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары алынған ақпаратты пайдалану жөнiндегi iс-қимылдар тәртiбiн айқындайды.
Тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастырудың техникалық жағдайларында:
ақпараттың құрылымы мен форматы;
ақпарат беру тәсiлдерi;
ақпарат алмасуды ұйымдастыру тәртiбi;
Тараптар мемлекеттерiнiң уәкiлеттi органдарымен келiсiлген ақпаратты қорғау жөнiндегi талаптар болуы тиiс.
3-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары осы Келiсiмнiң 1 және 2-баптарының ережелерiн басшылыққа ала отырып, кеден органдарының iс-қимыл жасау тәртiбiн айқындау, өзара iс-қимылды жүзеге асыру үшiн ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық-техникалық шешiмдердi қолдану мақсатында ақпарат алмасу жөнiндегi эксперименттердi ұйымдастырады және жүзеге асырады.
Тараптар мемлекеттерiнiң кеден органдары өткiзiлген эксперименттердiң нәтижелерiн құжатпен ресiмдейдi және қажет болған кезде Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамасында көзделген тәртiппен нормативтiк құқықтық кесiмдерге өзгерiстер енгiзу жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
4-бап
Тараптар мемлекеттерiнiң кедендiк шекаралары арқылы тауарлар мен көлiк құралдарын өткiзу туралы ақпарат алмасуды ұйымдастыру туралы шешiм тұрақты негiзде құжатпен ресiмделедi, бұл ретте мiндеттi түрде өткiзiлген эксперименттердiң нәтижелерi мен алмасудың басталған күнi көрсетiледi.
5-бап
Осы Келiсiмдi iске асыру кезiнде ақпаратты қорғау Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес қамтамасыз етiледi.
Тараптар осы Келiсiм шеңберiндегi ақпараттық өзара iс-қимылдың нәтижесiнде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етедi.
6-бап
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасында консультациялар мен келiссөздер жүргiзу жолымен шешiледi.
Келiсiмге келмеген жағдайда Тараптардың кез келгенi дауды Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде дауларды шешу жөнiндегi органның шешуiне бере алады.
7-бап
Кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады.
Осы Келiсiмге қосылу шарттары осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер мен қосылатын мемлекет арасында жасалатын халықаралық шартта анықталады.
8-бап
Осы Келiсiмге ескертпелерге жол берiлмейдi.
9-бап
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
10-бап
Осы Келiсiмнiң күшiне ену және одан шығу тәртiбi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру жөнiндегi халықаралық шарттардың күшiне ену және одан шығу тәртiбi туралы хаттамамен анықталады.
Осы Келiсiмге сәйкес алынған ақпаратты қорғау жөнiндегi мiндеттемелер оның қолданылуы тоқтағанына немесе Тараптардың бiреуiнiң одан шығуына қарамастан, күшiнде қалады.
200___ жылғы "___"__________ ___________қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Депозитарийдiң функциялары Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң Комиссиясына берiлгенге дейiн Қазақстан Республикасы осы Келiсiмнiң Депозитарийi болып табылады.
Депозитарий осы Келiсiмге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның куәландырылған көшiрмесiн жiбередi.
Беларусь Республикасының
Үкiметi үшiн
Қазақстан Республикасының
Үкiметi үшiн
Ресей Федерациясының
Үкiметi үшiн
Украина Министрлер
Кабинетi үшiн