1. Қоса берiлiп отырған Үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарларға қатысты әкетiлетiн кедендiк баж туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрi Владимир Сергеевич Школьникке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарларға қатысты әкетiлетiн кедендiк баж туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Yшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарларға қатысты
әкетiлетiн кедендiк баж туралы
келiсiм
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 2003 жылғы 19 қыркүйектегi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы келiсiмге қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi,
үшiншi елдермен саудадағы келiсiлген тарифтiк саясат Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құрудың басты мақсаттарының бiрi болып табылатынын мойындай отырып,
төмендегiлер туралы келiстi:
Әрбiр Тарап осы Келiсiмге қол қойылған күнi оларға қатысты Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларында әкетiлетiн кедендiк баж қолдану көзделген, үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарлардың тiзбесiн қалыптастырады.
Тараптар осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап 30 күнтiзбелiк күн iшiнде Бiртұтас экономикалық кеңiстiк комиссиясына (бұдан әрi - БЭК комиссиясы) Тауарлар тiзбесiн жiбередi.
БЭК Комиссиясы осы Келiсiм күшiне енген күнiнен бастап 60 күнтiзбелiк күн iшiнде Тараптардың мемлекеттерiнде оларға қатысты әкетiлетiн кедендiк баж қолданылатын тауарлардың жиынтық тiзбесiн қалыптастырады және оны Тараптарға жiбередi.
Тараптар осы Келiсiмнiң 3-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, Әкетiлетiн кедендiк баж салынатын, үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарлардың тiзбесiн кеңейтпейдi.
Осы Келiсiм кез келген Тараптың үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарларға әкетiлетiн кедендiк баж қолдану құқығына, егер ол мыналарға қатысты болса кедергi болмайды:
1) азық-түлiк немесе iшкi нарық үшiн айтарлықтай маңызды болып табылатын өзге тауарлардың iшкi нарығында тауарлардың дағдарысты жетiспеушiлiгiн болдырмау не азайту үшiн тауарлар экспортына уақытша шектеулер енгiзу;
2) қоғамдық моральдi қорғау;
3) адамның өмiрi мен денсаулығын, жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау;
4) алтын мен күмiстiң экспортын реттеу;
5) көркем, тарихи немесе археологиялық құндылықтардың ұлттық қазыналарын қорғау;
6) осы Келiсiмнiң ережелерiне қайшы келмейтiн заңдарды немесе нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз ету;
7) егер осы тәрiздi шаралар iшкi өндiрiстi және тұтынуды шектеумен бiр уақытта жүргiзiлсе, қайта қалпына келтiрiлмейтiн табиғи ресурстардың таусылуын болдырмау;
8) мемлекеттiк қолдау бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесiнде отандық өнiмнiң iшкi бағасы әлемдiк бағадан кем болса, осы өнiмнiң экспортын шектеу;
9) жалпы немесе жергiлiктi тапшылық кезiнде тауарларды сатып алу немесе тарату;
10) мемлекеттiк құпия мәселелерi жөнiндегi құпия ақпараттың жылыстауы болдырмауды қоса алғанда, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
11) қару-жарақ, әскери техника, оқ-дәрi саудасы;
12) радиоактивтi материалдар саудасы.
Тараптар БЭК Комиссиясына шешiм қабылданғаннан кейiн 7 күннен кешiктiрмей әкетiлетiн кедендiк баж мөлшерiнiң және Тараптардың мемлекеттерiнде оларға қатысты әкетiлетiн кедендiк баж қолданылатын Үшiншi елдерге жеткiзiлетiн тауарлар тiзбесiнiң өзгеруi туралы хабарлайды.
БЭК Комиссиясы ақпараттың келiп түсуiне қарай Жиынтық тiзбенi түзетудi жүзеге асырады және Тараптарға тиiстi өзгерiстер туралы хабарлама жiбередi.
Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және/немесе қолдануға қатысты Тараптардың арасындағы даулар мен келiспеушiлiктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келiссөздер жолымен шешiледi.
Келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда Тараптардың кез келгенi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде Дауларды шешу жөнiндегi органға дауды шешуге бере алады.
Кез келген мемлекет осы Келiсiмнiң қатысушысы бола алады.
Осы Келiсiмге қосылудың шарттары осы Келiсiмге қатысушы мемлекеттер мен қосылатын мемлекеттердiң арасында жасалатын халықаралық шартта белгiленедi.
Тараптардың өзара келiсiмi бойынша осы Келiсiмге хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Осы Келiсiмнiң күшiне ену және одан шығу тәртiбi Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру жөнiндегi халықаралық шарттардың күшiне ену және олардан шығу тәртiбi туралы хаттамада белгiленедi.
200__жылғы "___"_______________ _______________қаласында орыс тiлінде бip түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Депозитарийде сақталады. Депозитарийдiң функциялары Бiртұтас экономикалық кеңiстiк комиссиясына берiлгенге дейiн осы Келiсiмнiң Депозитарийi Қазақстан Республикасы болып табылады.
Депозитарий осы Келiсiмге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшiрмесiн жiбередi.
Беларусь Республикасының
Үкiметi үшiн
Қазақстан Республикасының
Үкiметi үшiн
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Украинаның Министрлер
Кабинеті үшін