Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғамын құрудағы ынтымақтастық туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрi Бақтықожа Салахатдинұлы Iзмұхамбетовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғамын құрудағы ынтымақтастық туралы келiсiмге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғамын құрудағы ынтымақтастық туралы
КЕЛIСIМ
Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi
2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Ресей Федерациясының Yкiметi арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмдi басшылыққа ала отырып,
Қазақстан Республикасының Президентi мен Ресей Федерациясы Президентiнiң 2006 жылғы 17 шiлдедегi Қарашығанақ кен орнының газын өңдеу және сату саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастықты дамыту туралы бiрлескен декларациясының ережелерiн ескере отырып, Тараптардың оны iске асыру жөнiндегi iс-қимылдарын келiсу мақсатында,
газ саласындағы ұзақ мерзiмдi ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстан Республикасының Қарашығанақ кен орнының және Ресей Федерациясының Орынбор облысы кен орындарының көмiрсутегi шикiзатын өңдеу саласында өзара тиiмдi жағдай жасауға ықпал етуге ниет бiлдiре отырып,
мына төмендегiлер туралы келiстi:
1-бап
Тараптар "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлiк қоғамы мен "Газпром" ашық акционерлiк қоғамына (бұдан әрi - уәкiлеттi ұйымдар) Ресей Федерациясының Газбен жабдықтау бiрыңғай жүйесiнiң бiр бөлiгi болып табылатын Орынбор газ өңдеу зауытының базасында шаруашылық қоғамды (бұдан әрi - бiрлескен кәсiпорын) тепе-тең негiзде құруға жәрдем көрсетедi.
Бiрлескен кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысаны, сондай-ақ оның жарғылық капиталын қалыптастыру тәртiбi мен оның мөлшерi Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген шарттармен құрылтайшы құжаттарда белгiленедi.
Уәкiлеттi ұйымдар өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы бiр-бiрiне хабарлайды және тиiстi құқықтық мұрагерлiктi қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды.
2-бап
Бiрлескен кәсiпорын осы Келiсiмнiң мәнiне және мақсаттарына сәйкес көрсетiлген келiсiм-шарттардың талаптарында жылына кемiнде 15 млрд. текше м. көлемiнде Қарашығанақ кен орнында өндiрiлген шикi газды сатып алуды әрi бiрлескен кәсiпорынның қуаттарында өңдеудi және бiрлескен кәсiпорын өңдеген Қарашығанақ кен орнының газын Қазақстан Республикасының рыногында сату мен оны "Газпром" ашық акционерлiк қоғамының бiрыңғай экспорттық арнасы арқылы экспорттауды көздейтiн ұзақ мерзiмдi (кемiнде 15 жыл) коммерциялық келiсiм-шарттар жасалған жағдайда құрылады.
Бiрлескен кәсiпорынға өңдеуге берiлетiн Қарашығанақ кен орнының көмiрсутегi шикiзатынан алынатын өнiмдердi шығаратын ел - Қазақстан Республикасы болып табылады.
3-бап
Бiрлескен кәсiпорын қызметiнiң аясына:
- Қазақстан Республикасы Қарашығанақ кен орнының көмiрсутегi шикiзатын өңдеу;
- "Газпром" ашық акционерлiк қоғамы, оның еншiлес қоғамдары мен басқа да ұйымдар Ресей Федерациясында өндiрген көмiрсутегi шикiзатын шарттық негiзде өңдеу;
- қажеттi инвестициялық ресурстарды тарта отырып, Қазақстан Республикасының Қарашығанақ кен орнында және Ресей Федерациясының кен орындарында өндiрiлген көмiрсутегi шикiзатын тиiмдi өңдеу үшiн жұмыс iстеп тұрған өңдеу қуаттарын, сондай-ақ бiрлескен кәсiпорынның өндiрiстiк инфрақұрылымын қайта жаңарту, жаңғырту және бәсекеге қабiлеттi жаңаларын құру жатады.
Осы Келiсiмге қол қойылған күнiнен бастап бiрлескен кәсiпорын құрылғанға дейiн Қарашығанақ кен орнының көмiрсутегi шикiзатын өңдеу "ҚазРосГаз" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi мен "Орынборгазпром" жауапкершiлiгi шектеулi қоғамы арасында жасалған тiкелей шарт бойынша жүзеге асырылады.
Осы кезеңге, сондай-ақ бiрлескен кәсiпорын Қарашығанақ кен орнының газын Ресей Федерациясының кедендiк аумағында өңдеуге рұқсат алғанға дейiн осы рұқсатты "ҚазРосГаз" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң ресейлiк еншiлес ұйымына берiледi.
4-бап
Бiрлескен кәсiпорын Орынбор қаласында (Ресей Федерациясы) тiркеледi және өз қызметiн Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Бiрлескен кәсiпорынның бас офисi мен оның басқару органдары Орынбор қаласында (Ресей Федерациясы) орналасады.
5-бап
Бiрлескен кәсiпорынның қуаттарын шикiзатпен оңтайлы жүктеу және оның қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Тараптар Уәкiлеттi ұйымдарға мүдделi ұйымдармен Қарашығанақ кен орнынан тұрақсыз газ конденсатын бiрлескен кәсiпорынға өңдеуге жеткiзу туралы ұзақ мерзiмдi келiсiм-шарттарды жасасуда жәрдем көрсетедi.
6-бап
Уәкiлеттi ұйымдар бiрлескен кәсiпорын өңдеген Қарашығанақ кен орнының газын Қазақстан Республикасының рыногына басымды негiзде жеткiзудiң, оның iшiнде Тараптар мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес өзара тиiмдi шарттарда және Тараптардың Уәкiлеттi органдары және/немесе олар белгiлеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлер арасындағы ұзақ мерзiмдi келiсiмдердiң негiзiнде қарсы жеткiзудiң тәртiбi мен шарттарын айқындайды.
Осындай қарсы жеткiзу тең көлемде және бiрдей бағамен жүзеге асырылады. Бұл ретте, қарсы жеткiзу бойынша, оның iшiнде сатып алу-сату шарттары бойынша газдың бағасы салық салу мақсаттары және кедендiк бағаны белгiлеу үшiн түзетуге жатпайды.
7-бап
Қарашығанақ кен орнының газын, оны өңдеуге және тасымалдауға байланысты жұмыстар мен қызметтердi сатып алу, сондай-ақ басқа көздерден газды сатып алу және оны Қазақстан Республикасының iшкi рыногын басымды қамтамасыз ету мақсатында тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетiн мемлекеттiк сатып алулардың мәнi болып табылмайды.
8-бап
Осы Келiсiмнiң орындалуын үйлестiрудi және қадағалауды Тараптардың мынадай құзыреттi органдары жүзеге асырады:
Қазақстан Тарапынан Қазақстан Республикасы Энергетика
және минералдық ресурстар
министрлiгi;
Ресей Тарапынан Ресей Федерациясының Өнеркәсiп
және энергетика министрлiгi.
Өздерiнiң құзыреттi органдары өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
9-бап
Тараптар бiр-бiрiне өз мемлекеттерiнiң заңнамаларына сәйкес осы Келiсiмге байланысты мәселелер бойынша ақпарат бередi.
Тараптардың бiрлескен кәсiпорынның қызметi туралы құпия ақпаратты үшiншi тараптарға беруi Тараптардың өзара келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
10-бап
Құзыреттi органдар арасындағы консультациялар арқылы жоюға болмайтын осы Келiсiмдi түсiндiрудегi және қолданудағы келiспеушiлiктер дипломатиялық арналар арқылы немесе тиiстi хаттамалар ресiмделе отырып, Тараптар арасындағы келiссөздер арқылы шешiледi.
11-бап
Осы Келiсiм Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.
12-бап
Осы Келiсiмге оның ажырамас бөлiктерi болып табылатын және жекелеген хаттамалармен ресiмделетiн өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
13-бап
Осы Келiсiм қол қойылған күнiнен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшiне енуiне үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнiнен бастап күшiне енедi.
2006 жылғы "__" ________________ _________ қаласында әрқайсысы орыс және қазақ тiлдерiнде екi данада жасалды, әрi екi мәтiннiң күшi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде келiспеушiлiктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнедi.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясының
Yкiметi үшiн Үкiметi үшiн