Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ
:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
міндетін атқарушы
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы
2006 жылғы 19 қыркүйекте Сингапур қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім және оған Хаттама ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН СИНГАПУР РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ ТАБЫСҚА САЛЫНАТЫН САЛЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚОСАРЛАНҒАН САЛЫҚ САЛУДЫ БОЛДЫРМАУ ЖӘНЕ САЛЫҚ САЛУДАН ЖАЛТАРУҒА ЖОЛ БЕРМЕУ ТУРАЛЫ
КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі,
Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім жасасуға ниет білдіре отырып,
мыналар туралы келісті:
1-бап
КЕЛІСІМ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ТҰЛҒАЛАР
Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің біреуінің немесе екеуінің де резиденттері болып табылатын тұлғаларға қолданылады.
2-бап
КЕЛІСІМ ҚОЛДАНЫЛАТЫН САЛЫҚТАР
1. Осы Келісім алу әдістеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттің немесе оның әкімшілік бөлімшелерінің немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға қолданылады.
2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан алынған табыстарға салынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан немесе табыстың жеке элементтерінен алынатын барлық салықтар табысқа салынатын салықтар болып саналады.
3. Осы Келісім қолданылатын қазіргі салықтар атап айтқанда, мыналар болып табылады:
а) Қазақстанда:
корпорациялық табыс салығы;
жеке табыс салығы;
(бұдан әрі - "қазақстан салықтары" деп аталатын);
b) Сингапурда:
табыс салығы;
(бұдан әрі - "сингапур салығы" деп аталатын).
4. Осы Келісім сондай-ақ осы Келісім күшіне енген күннен кейін қолданыстағы салықтарға қосымша немесе олардың орнына алынатын бірдей немесе мәні бойынша ұқсас кез келген салықтарға қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары өздерінің салықтарға қатысты заңнамаларында болуы мүмкін кез келген елеулі өзгерістер туралы бірін-бірі хабардар етеді.
3-бап
ЖАЛПЫ АНЫҚТАМАЛАР
1. Егер түпмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін:
а) "Қазақстан" термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынасында қолданғанда "Қазақстан" термині халықаралық құқыққа сәйкес Қазақстан теңіз табанына, жер топырағына және табиғат ресурстарына қатысты өз құқықтарын жүзеге асыратын немесе жүзеге асыра алатын және Қазақстанның салықтарын реттейтін заңдар қолданылатын Қазақстанның аумақтық суларын және аумақтық сулардан тыс кез келген аймақты білдіреді;
b) "Сингапур" термині Сингапур Республикасын білдіреді және географиялық мағынасында қолданғанда "Сингапур" термині Сингапурдың аумақтық суларын және Сингапурдың аумақтық суларынан тыс жердегі кез келген аймақты, Сингапур заңнамасына сәйкес және халықаралық құқыққа сәйкес Сингапур бар немесе жоқ табиғи ресурстарды барлау мен өндіру мақсаттары үшін өзінің егеменді құқықтарын жүзеге асыратын осындай кез келген аймақтың теңіз табаны мен қойнауын қамтиды;
с) "Уағдаласушы Мемлекет" және "екінші Уағдаласушы Мемлекет" термині түпмәтінге байланысты Қазақстанды немесе Сингапурды
білдіреді;
d) "тұлға" термині жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бірлестігін білдіреді;
е) "компания" термині салық салу мақсаттары үшін корпорациялық құрама ретінде қарастырылатын кез келген корпорациялық құраманы немесе кез келген басқа экономикалық бірлікті білдіреді;
f) "Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" және "екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны" терминдері тиісінше Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды білдіреді;
g) "халықаралық тасымал" термині теңіз немесе әуе кемесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің пункттері арасында ғана пайдаланылатын жағдайлардан басқа, Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорыны пайдаланатын теңіз немесе әуе кемесімен кез келген тасымалды білдіреді;
h) "ұлттық тұлға" термині Уағдаласушы Мемлекеттің азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны немесе өзінің мәртебесін Уағдаласушы Мемлекеттің қолданыстағы заңнамасы негізінде алған кез келген заңды тұлғаны, серіктестікті немесе қауымдастықты білдіреді;
і) "құзыретті орган" термині:
(і) Қазақстан жағдайында: Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін;
(іі) Сингапурда: Қаржы министрін немесе оның уәкілетті өкілін білдіреді.
2. Уағдаласушы Мемлекет осы Келісімді кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтіннен өзге мағына туындамаса, осы Келісім қолданылатын салықтарға қатысты осы Мемлекеттің заңнамасы бойынша осы кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаны иеленеді, осы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес қолданылатын терминнің кез келген мағынасы осы Мемлекеттің басқа заңдарымен терминге берілетін мәннен көрі басымдыққа ие болады.
4-бап
РЕЗИДЕНТ
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін "Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті" термині осы Мемлекеттің заңнамасы бойынша оның тұратын жері, резиденттігі, басқару орны, құру орны немесе осындай сипаттағы кез келген басқа өлшем негізінде онда салық салынуға жататын кез келген тұлғаны білдіреді.
2. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда оның мәртебесі мынадай түрде айқындалады:
а) ол өзінің иелігінде тұрақты баспанасы бар Мемлекеттің ғана резиденті болып саналады, егер оның иелігінде Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұрақты баспанасы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық қатынастары (өмірлік мүдделер орталығы) бар жердегі Мемлекеттің резиденті болып саналады;
b) егер оның өмірлік мүдделер орталығы бар Мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің ешқайсысында өзінің иелігінде тұрақты баспанасы болмаса, ол өзі әдетте тұрып жатқан жердегі Мемлекеттің резиденті болып саналады;
с) егер ол әдетте екі Мемлекетте де тұрса немесе олардың ешқайсысында да тұрмаса, ол өзі азаматы болып табылатын Мемлекеттің резиденті болып саналады;
d) егер резиденттің мәртебесі осы тармақтың (а) - (с) тармақшаларына сәйкес айқындалмаса, Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселені өзара келісе отырып шешеді.
3. Егер 1-тармақтың ережелеріне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болса, ол тиімді басқару орны орналасқан Мемлекеттің резиденті болып саналады. Егер тиімді басқару орны анықталмайтын болса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселені өзара келісе отырып шешеді.
5-бап
ТҰРАҚТЫ МЕКЕМЕ
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін "тұрақты мекеме" термині кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметі толық немесе ішінара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын білдіреді.
2. Атап айтқанда, "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) басқару орнын;
b) бөлімшені;
с) кеңсені;
d) фабриканы;
е) шеберхананы;
f) шахтаны, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьерді немесе табиғи ресурстар өндіретін басқа да кез келген кен орнын қамтиды.
3. "Тұрақты мекеме" термині сондай-ақ мыналарды:
а) егер мұндай алаң немесе объект 12 айдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған немесе мұндай қызметтер 12 айдан астам уақыт бойы көрсетілген болса ғана, құрылыс алаңын немесе құрылыс, монтаждау немесе құрастыру объектісін немесе олармен байланысты қадағалау қызметтерін;
b) табиғи ресурстарды барлау үшін пайдаланылатын қондырғыны немесе құрылысты немесе олармен байланысты бақылау қызметтерін немесе мұндай пайдалану 9 айдан астам ғана созылса немесе егер мұндай қызметтер 9 айдан астам ғана көрсетілсе, табиғи ресурстарды барлау үшін пайдаланылатын бұрғылау қондырғысын немесе кемені;
с) егер мұндай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшін) басқа Уағдаласушы Мемлекеттің шегінде 9 айдан астам жалғасса, қызметшілер немесе кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған басқа персонал арқылы Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының консультациялық қызметтерді қоса алғанда, қызметтер көрсетуін қамтиды.
4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, "тұрақты мекеме" термині мыналарды:
а) құрылыстарды кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткізу мақсаттары үшін ғана пайдалануды;
b) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын сақтау, көрсету немесе жеткізу мақсаттары үшін ғана ұстауды;
с) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорын өзге кәсіпорынның қайта өңдеу мақсаттары үшін ғана ұстауды;
d) тұрақты қызмет орнын тауарлар немесе бұйымдар сатып алу мақсаттары үшін немесе кәсіпорынға арналған ақпарат жинау үшін ғана ұстауды;
е) тұрақты қызмет орнын кәсіпорын үшін дайындық немесе көмекші сипаттағы кез келген басқа қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін ғана ұстауды;
f) тұрақты қызмет орнының осындай тәсілдеменің нәтижесінде туындаған жиынтық қызметі дайындық немесе көмекші сипатта болған жағдайда тұрақты қызмет орнын а) тармақшасынан е) тармақшасына дейін көрсетілген қызмет түрлерінің кез келген тәсілдемесін жүзеге асыру үшін ғана ұстауды қамтитын сияқты қарастырылмайды.
5. 1 және 2-тармақтардың ережелеріне қарамастан, егер оған 6-тармақ қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға кәсіпорын атынан әрекет етсе және Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпорын атынан келісім-шарттар жасасуға өкілеттігі болса және оны әдетте пайдаланып жүрсе, тек егер осындай тұлғаның қызметі 4-тармақта айтылған қызмет түрлерімен шектелмесе, ол егер кәсіпкерлік қызметтің тұрақты орны арқылы жүзеге асырылса да, осы кәсіпкерлік қызметтің тұрақты орны осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырылмаса, онда кәсіпорын осы тұлғаның кәсіпорын үшін қолға алатын кез келген қызметіне қатысты осы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылады.
6. Кәсіпорын осы Мемлекеттегі кәсіпкерлік қызметін делдал, бас комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшін ғана, егер осындай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылмайды.
7. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияны бақылауы немесе оның бақылауында болуы немесе осы екінші Мемлекетте кәсіпкерлік қызметпен айналысуы (не болмаса тұрақты мекеме арқылы немесе өзге жолмен айналысуы) фактісінің өзі-ақ осы компаниялардың бірін екіншісінің тұрақты мекемесіне айналдырмайды.
6-бап
ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІКТЕН АЛЫНАТЫН ТАБЫС
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алатын табысқа (ауыл немесе орман шаруашылығынан алынатын табысты қоса алғанда) осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. "Жылжымайтын мүлік" термині қаралып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша ие мағынаға ие болады. Термин кез келген жағдайда, жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында пайдаланылатын мал мен жабдықтарды, жер меншігіне қатысты жалпы құқық ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узуфруктын және минералдық ресурстарды, кен көздерін және басқа табиғи ресурстарды игеру немесе игеру құқығы үшін берілетін өтемақы ретіндегі өзгермелі немесе кесімді төлемдерге арналған құқықтарды қамтиды. Теңіз және әуе кемесі жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
3. 1-тармақтың ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
4. 1 және 3-тармақтардың ережелері кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысқа және тәуелсіз жеке қызметтер көрсету үшін пайдаланылатын жылжымайтын мүліктен алынатын табысқа да қолданылады.
7-БАП
КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТЕН АЛЫНАТЫН ПАЙДА
1. Егер кәсіпорын екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекемесі арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаса, Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын, жоғарыда айтылғандай, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда кәсіпорынның пайдасына екінші Мемлекетте, бірақ осындай тұрақты мекемеге жататын бөлігінде ғана салық салынуы мүмкін.
2. 3-тармақтың ережелерін ескере отырып, егер Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырса, онда
осы тұрақты мекеме нақ осындай немесе осыған ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе оған ұқсас қызметпен айналысатын оқшауланған және жеке кәсіпорын болған болса, өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан мүлдем дербес әрекет жасағанда алуы мүмкін пайда әрбір Уағдаласушы Мемлекетте осы тұрақты мекемеге жатқызылады.
3. Егер тұрақты мекеме ол қандай дәлелді түрде тұрақты мекемеге бөлінетін дәрежеде дербес кәсіпорын болса, тұрақты мекеменің пайдасын айқындау кезінде шегерім жасауға жатады-ау деген басқару және жалпы әкімшілік шығыстарды қоса алғанда, тұрақты мекеме орналасқан Мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалмағанына қарамастан, барлық шығыстарды шегеріп тастауға жол беріледі.
4. Осы тұрақты мекеме кәсіпорын үшін тауарларды немесе бұйымдарды сатып алуы негізінде ғана тұрақты мекемеге қандай да болсын пайда есептелмейді.
5. Егер осындай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептер болмаса, алдыңғы тармақтардың мақсаттары үшін тұрақты мекемеге жататын пайда жылдан жылға біркелкі тәсілмен айқындалады.
6. Егер пайда осы Келісімнің басқа баптарында олар туралы жеке айтылатын табыс түрлерін қамтитын болса, онда ол баптардың ережелері осы баптың ережелерін қозғамайды.
8-бап
ТЕҢІЗ ЖӘНЕ ӘУЕ КӨЛІГІ
1. Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны теңіз немесе әуе кемелерін халықаралық тасымалдауда пайдаланудан алған пайдаға тек осы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. 1-тармақтың ережелері пулға, бірлескен кәсіпорынға немесе көлік құралдарын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйымға қатысудан алынатын пайдаға да қолданылады.
9-бап
ҚАУЫМДАСҚАН КӘСІПОРЫНДАР
1. Мынадай жағдайларда:
а) Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
b) сол бір ғана тұлғалар Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса,
және кез келген жағдайда екі кәсіпорынның арасында олардың коммерциялық немесе қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін жағдайлардан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда солардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осы жағдайлардың орын алуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осы кәсіпорынның пайдасына қосылып, оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
2. Егер Уағдаласушы Мемлекет 1-тармақтың ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының осы Уағдаласушы Мемлекетте салық есептелген пайданы осы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына қосып, тиісінше салық салса және егер осы Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органдары консультация барысында осылай қосылған пайданың барлығы немесе бөлігі алғашқы аталған Мемлекеттің кәсіпорнына есептелуі мүмкін пайда болып табылады деп келіссе, егер екі кәсіпорынның арасындағы өзара қатынастар тәуелсіз кәсіпорындардың арасындағыдай болса, онда осы екінші Мемлекет осындай келісілген пайдадан алынатын салық сомасына тиісті түзету жасайды. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Келісімнің басқа ережелері ескерілуі тиіс.
10-бап
ДИВИДЕНДТЕР
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтеріне осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда резиденті дивидендтер төлейтін компания болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес мұндай дивидендтерге де салық салынуы мүмкін, бірақ егер дивидендтердің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық:
а) егер іс жүзіндегі иесі дивидендтер төлейтін компания капиталының кем дегенде 25%-ына тікелей иелік ететін компания болса, дивидендтердің жалпы сомасының 5%-ынан;
b) қалған барлық жағдайларда дивидендтердің жалпы сомасының 10%-ынан аспауы тиіс.
3. 2-тармақтың ережелеріне қарамастан:
а) Сингапур Республикасының резиденті болып табылатын компания төлейтін дивидендтер, егер олар:
і) Қазақстан Республикасының Үкіметіне;
іі) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне;
ііі) Қазақстан Республикасының уәкілетті органына;
іv) Қазақстан Республикасының Үкіметіне толығымен тиесілі, Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары арасында оқтын-оқтын келісілуі мүмкін кез келген басқа ұйымға төленсе, Сингапур Республикасында салықтан босатылады;
b) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын компания төлейтін дивидендтер, егер олар:
і) Сингапур Республикасының Үкіметіне;
іі) Сингапурдың Валюталық Кеңесіне;
ііі) Сингапурдың Рtе Ltd Үкіметтік Инвестициялық Корпорациясына;
іv) Сингапурдың уәкілетті органына;
v) Сингапур Республикасының Үкіметіне толығымен тиесілі және Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары арасында оқтын-оқтын келісілуі мүмкін кез келген басқа ұйымға төленсе, Қазақстан Республикасында салықтан босатылады.
4. Осы баптың ережелері компанияның дивидендтер төленетін пайдаға қатысты салық салуын қозғамайды.
5. "Дивидендтер" термині осы бапта пайдаланылғанда акциялардан немесе пайдаға қатысатын борыш талаптары болып табылмайтын басқа да құқықтардан алынатын табысты, сондай-ақ пайданы бөлетін компанияның резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес акциялардан алынатын табыс сияқты салық реттеуіне жататын басқа да корпорациялық құқықтарынан алынатын табысты білдіреді.
6. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын дивидендтердің іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания резиденті болып отырған екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемесі арқылы онда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты базадан және төленетін дивидендтерге қатысы бар, шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланыста болатын холдингтен тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндайда жағдайларға байланысты 7-баптың немесе 14-баптың ережелері қолданылады.
7. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алып тұрған болса, осы екінші Мемлекет, мұндай дивидендтер осы екінші Мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг шын мәнінде осы екінші Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен немесе тұрақты базамен байланыста болатын және де бөлінбеген пайдадан, тіпті егер төленетін дивидендтер немесе бөлінбеген пайда толығымен не ішінара осы екінші Мемлекетте пайда болған табыстан тұрса да компанияның бөлінбеген
пайдасынан салық алынбаған жағдайдан басқа екінші Мемлекет осы компания төлейтін дивидендтерден кез келген салықты ала алмайды.
8. а) Сингапурдың қолданыстағы заңнамасына сәйкес, егер Сингапурдың резиденті болып табылатын компания осындай дивидендтердің іс жүзіндегі иесі болып табылатын Қазақстанның резидентіне дивидендтер төлейтін болса, онда Сингапурда компанияның пайдасына немесе кірісіне қатысты есептелетін салыққа қосымша дивидендтерге есептелетін дивидендтерге салық салынбайды.
b) Егер осы Келісімге қол қойылғаннан кейін Сингапурдың резиденті болып табылатын компанияның пайдасына немесе кірісіне қатысты есептелетін салыққа қосымша дивидендтерге Сингапур салық салатын болса, осындай салық есептелуі мүмкін, бірақ осындай дивидендтердің іс жүзіндегі иесі болып табылатын Қазақстанның резиденті алған дивидендтерге осылайша есептелген салық 2-тармақтың ережелеріне сәйкес келуі тиіс.
9. Осы Келісімдегі ештеңе де Уағдаласушы Мемлекетке осы Мемлекеттің тұрақты мекемесіне жататын компанияның пайдасынан алынатын салыққа қосымша, осылайша есептелген қосымша салық осы тұрақты мекеменің салықты төлегеннен кейінгі пайдасының 5%-ынан аспайтын жағдайда осы тұрақты мекеменің пайдасына салынатын салықты төлегеннен кейін бөлімшеге қосымша салық салуға бөгет жасау ретінде ұғынылмайды.
11-бап
ПАЙЫЗДАР
1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін пайыздарға осы екінші Мемлекетте салынуы мүмкін.
2. Алайда мұндай пайыздарға олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы да мүмкін, бірақ егер пайыздардың іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылай алынған салық пайыздардың жалпы сомасының 10%-ынан аспауы тиіс.
3. 2-тармақтың ережелеріне қарамастан:
а) Сингапур Республикасының резиденті болып табылатын компания төлейтін пайыздар, егер олар:
і) Қазақстан Республикасының Үкіметіне;
іі) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне;
ііі) Қазақстан Республикасының уәкілетті органына;
іv) Қазақстан Республикасының Үкіметіне толығымен тиесілі, Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары арасында оқтын-оқтын келісілуі мүмкін кез келген басқа ұйымға төленсе, Сингапур Республикасында салықтан босатылады;
b) Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын компания төлейтін пайыздар, егер олар:
і) Сингапур Республикасының Үкіметіне;
іі) Сингапурдың Валюталық Кеңесіне;
ііі) Сингапурдың Рtе Ltd Үкіметтік Инвестициялық Корпорациясына;
іv) Сингапурдың уәкілетті органына;
v) Сингапур Республикасының Үкіметіне толығымен тиесілі және Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары арасында оқтын-оқтын келісілуі мүмкін кез келген басқа ұйымға төленсе, Қазақстан Республикасында салықтан босатылады.
4. "Пайыздар" термині осы бапта пайдаланылған кезде кепілмен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, борышкерлердің пайдасына қатысу құқығын беретін немесе бермейтін қандай да болсын борыш талаптарынан алынатын табысты және атап айтқанда, үкіметтік бағалы қағаздардан алынатын табысты және осы бағалы қағаздар, облигациялар және борыштық міндеттемелер бойынша төленетін сыйлықтар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты білдіреді. Уақтылы төленбеген айыппұлдар осы баптың мақсаттары үшін пайыздар ретінде қарастырылмайды.
5. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын пайыздардың іс жүзіндегі иесі пайыздар пайда болатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса немесе осы екінші Мемлекетте орналасқан тұрақты базадан тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе және пайыздар төленетін борыш талабы шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға қатысты болса, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндайда жағдайларға байланысты 7-баптың немесе 14-баптың ережелері қолданылады.
6. Егер төлеуші осы Мемлекеттің өзі, оның әкімшілік бөлімшесі, жергілікті билік органы, мемлекеттік органы немесе осы Мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздар төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табыла ма, жоқ па - оған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте пайыздар төленетін қарыз пайда болған тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болса және мұндай пайыздарды осындай тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлейтін болса, онда мұндай пайыздар тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болады деп есептеледі.
7. Егер төлеуші мен пайыздардың іс жүзіндегі иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасында арнайы қатынастар болуы себепті төленетін борыш талабына қатысты пайыздардың сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде, төлеуші мен пайыздардың іс жүзіндегі иесі арасында келісіле алатындай сомадан асып кетсе, онда осы баптың ережелері тек соңғы айтылған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда, төлемнің басы артық бөлігіне осы Келісімнің басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынады.
8. Егер өзіне қатысты пайыздар төленетін борыш талаптарының жасалуына немесе берілуіне байланысты кез келген тұлғаның негізгі мақсаты немесе негізгі мақсаттарының бірі осы борыш талаптарын жасау немесе беру арқылы осы баптан пайда табу болса, осы баптың ережелері қолданылмайды.
9. Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне осы баптың 8-тармағы ережелерінің негізінде екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салуды азайтудан бас тартылған жағдайда, осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы бірінші ескертілген Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органын хабардар етеді.
12-бап
РОЯЛТИ
1. Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Алайда, мұндай роялтиге, сондай-ақ ол пайда болатын және осы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес Уағдаласушы мемлекетте салық салынуы мүмкін, бірақ роялтидің нақты иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10%-ынан аспауы тиіс.
3. "Роялти" термині осы бапта пайдаланылған кезде компьютерлік бағдарламалық жасақтауды, кинематографиялық фильмдерді немесе радиоға немесе телеарнаға арналған фильмдерді немесе пленкаларды қоса алғанда, әдебиет, өнер немесе ғылым шығармаларына кез келген авторлық құқықты, кез келген патент, сауда белгісін, дизайнды немесе модельді, жоспарды, құпия формуланы не процесті пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық не ғылыми жабдықты пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін не өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат үшін сыйақы ретінде алынатын төлемдердің кез келген түрін білдіреді.
4. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің іс жүзіндегі иесі роялти пайда болған екінші Уағдаласушы Мемлекетте сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметпен айналысса немесе роялти өздеріне қатысты төленетін тұрақты база және құқық немесе мүлік орналасқан осы екінші Мемлекетте шын мәнінде осындай тұрақты мекемеге немесе тұрақты базаға байланысты тәуелсіз жеке қызметтер көрсетсе, 1 және 2-тармақтардың ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда, мән-жайға қарай 7-баптың немесе 14-баптың ережелері қолданылады.
5. Егер төлеуші осы Мемлекеттің өзі, оның әкімшілік бөлімшесі, жергілікті билік органы, мемлекеттік орган немесе осы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер роялти төлеуші тұлға Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табыла ма, жоқ па - оған қарамастан Уағдаласушы Мемлекетте роялти төлеу міндеттемесі пайда болған тұрақты мекемесі немесе тұрақты базасы болса және осындай роялтилерді тұрақты мекеме немесе тұрақты база төлесе, онда мұндай роялтилер тұрақты мекеме немесе тұрақты база орналасқан Мемлекетте пайда болды деп саналады.
6. Егер роялти төлеуші мен оның іс жүзіндегі иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да болсын басқа бір тұлғаның арасында ерекше қатынастар болу салдары негізінде төленетін құқықты немесе ақпаратты пайдалануға тиісті роялтидің сомасы мұндай қатынастар болмаған кезде роялти төлеуші мен оның нақты иесі арасында келісуге болатындай сомадан асып кетсе, онда осы Баптың ережелері тек соңғы айтылған сомаға ғана қолданылады. Мұндай жағдайда, төлемнің басы артық бөлігіне осы Келісімнің басқа ережелерін нақты ескере отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамаларына сәйкес салық салынады.
7. Егер өзіне қатысты роялти төленетін құқықты жасауға немесе беруге байланысты кез келген тұлғаның негізгі мақсаты немесе негізгі мақсаттарының бірі құқықтарды жасау немесе беру арқылы осы Баптан пайда табу болса, осы баптың ережелері қолданылмайды.
8. Егер Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне осы баптың 7-тармағының ережелерінің негізінде екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салуды төмендетуден бас тартылған жағдайда, осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органы бірінші ескертілген Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органын хабардар етеді.
13-бап
МҮЛІК ҚҰНЫНЫҢ ӨСІМІНЕН АЛЫНАТЫН ТАБЫС
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті 6-бапта анықталған және екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан алатын табыстарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті:
а) өз құнының 50%-ынан асатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен тікелей немесе жанама алынатын акцияларды, ресми танылған қор биржаларында сатылатын акциялардан өзгелерді, немесе
b) активтері (ресми танылған қор биржаларында сатылатын акциялардан өзгелері) екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен тікелей немесе жанама өз құнының 50%-ын алатын серіктестікке немесе трастқа қатысу үлесін иеліктен айырудан алынатын табыстарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
3. Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте иеленіп отырған тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бір бөлігін құрайтын жылжымалы мүлікті немесе мұндай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен қоса) немесе мұндай тұрақты базаны иеліктен айырудан алынған табыстарды қоса алғанда, тәуелсіз жеке қызмет көрсету мақсаттары үшін екінші Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекет резидентінің иелігіндегі тұрақты базаға жататын жылжымалы мүлікті иеліктен айырудан алынатын табыстарға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
4. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңіз немесе әуе кемелерін немесе мұндай теңіз немесе әуе кемелерін пайдалануға байланысты жылжымалы мүлікті иеліктен айырудан алынған табыстарға тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
5. Осы баптың бұрынғы тармақтарында айтылғаннан өзге кез келген мүлікті иеліктен айырудан алынған табыстарға резиденті мүлікті иеліктен айырушы тұлға болып табылатын тек осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
14-бап
ТӘУЕЛСІЗ ЖЕКЕ ҚЫЗМЕТТЕР
1. Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлғаның кәсіби қызметтер немесе тәуелсіз сипаттағы басқа қызмет көрсетуден алған табысы мұндай табыс екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін мынадай:
а) егер оның қызметін жүзеге асыру мақсатында екінші Мемлекетте жүйелі негізде оның иелігіндегі тұрақты базасы болса; бұл жағдайда тұрақты базаға жататын табыстың бөлігіне ғана осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін; немесе
b) егер оның осы екінші Мемлекетте болуы тиісті күнтізбелік жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жалпы саны 183 күннен асатын кезеңді немесе кезеңдерді құрайтын жағдайларды қоспағанда осы Мемлекетте ғана салық салуға жатады; бұл жағдайда, осы екінші Мемлекетте оның қызметін жүзеге асырудан алынған табыстың бөлігіне ғана осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. "Кәсіби қызметтер" термині, атап айтқанда, тәуелсіз ғылыми, әдеби, артистік, білім беру немесе оқытушылық қызметті, сондай-ақ дәрігерлердің, заңгерлердің, инженерлердің, сәулетшілердің, тіс дәрігерлерінің және бухгалтерлердің тәуелсіз қызметін қамтиды.
15-бап
ТӘУЕЛДІ ЖЕКЕ ҚЫЗМЕТТЕР
1. 16, 18 және 19-баптардың ережелерін ескере отырып, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті жалданып істеген жұмысына байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да осындай сыйақыға егер жалданып жұмыс істеу екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалатынын қоспағанда, тек осы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалданып істейтін жұмыс осылайша орындалса, онда осыған байланысты алынған мұндай сыйақыға осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. 1-тармақтың ережелеріне қарамастан, екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалатын жалданып жұмыс істеуіне байланысты Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған сыйақыға салық, егер:
а) алушы тиісті күнтізбелік жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жалпы алғанда 183 күннен аспайтын кезең немесе кезеңдер бойы осы екінші Мемлекетте болса;
b) сыйақы осы екінші Мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жалдаушы немесе жалдаушының атынан төленсе;
с) сыйақы жалдаушының екінші Мемлекеттегі тұрақты мекемесінен немесе тұрақты базасынан туындамаса, тек алғашқы айтылған Мемлекетте салынады.
3. Осы баптың мұның алдындағы ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны халықаралық тасымалдарда пайдаланатын теңіз немесе әуе кемелерінің бортында орындалатын жалдау жұмысына қатысты алынған сыйақыға салық осы Мемлекетте салынуы мүмкін.
16-бап
ДИРЕКТОРЛАРДЫҢ ҚАЛАМАҚЫЛАРЫ
Екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияның директорлар кеңесінің немесе оған ұқсас органның мүшесі ретінде Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған директорлардың қаламақыларына және басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
17-бап
АРТИСТЕР МЕН СПОРТШЫЛАР
1. 14 және 15-баптардың ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе теледидар артисі немесе сазгер ретінде немесе спортшы ретінде екінші Уағдаласушы Мемлекетте осындай түрде жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
2. Егер артист немесе спортшы жүзеге асыратын қызметтен немесе оның жеке қызметіне байланысты табысы артистің немесе спортшының өзіне емес басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа 7, 14 және 15-баптардың ережелеріне қарамастан, артистің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.
18-бап
ЗЕЙНЕТАҚЫЛАР
19-баптың 2-тармағының ережелерін ескере отырып, бұрын орындаған жұмысы үшін сыйақы түрінде Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін зейнетақылар мен басқа да осындай сыйақыларға осы мемлекетте ғана салық салынады.
19-бап
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ
1. а) Жеке тұлғаға осы Мемлекет немесе оның бөлімшелері немесе жергілікті билік органы немесе мемлекеттік орган үшін жүзеге асырған қызметтеріне қатысты Уағдаласушы Мемлекет не оның әкімшілік бөлімшесі, орталық және жергілікті билік органдары немесе уәкілетті орган төлейтін зейнетақыға қарағанда өзге қызметақыға, жалақыға және басқа осыған ұқсас сыйақыға тек осы Мемлекетте салық салынады.
b) Алайда мұндай қызметақыға, жалақыға және басқа осыған ұқсас сыйақыға, егер қызметтер осы екінші Мемлекетте жүзеге асырылса және:
(і) осы Мемлекеттің азаматы болып табылатын; немесе
(іі) қызметтерді жүзеге асыру мақсаты үшін ғана осы мемлекеттің резиденті болмаған жеке тұлға осы Мемлекеттің резиденті болып табылса, екінші Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
2. а) Жеке тұлғаға осы мемлекет немесе оның әкімшілік бөлімшесі, орталық және жергілікті билік органдары немесе уәкілетті орган үшін жүзеге асырған қызметтеріне қатысты Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік бөлімшесі, орталық және жергілікті билік органы немесе уәкілетті орган не олар құрған қордан төленетін кез келген зейнетақыға осы Мемлекетте салық салынады.
b) Алайда, мұндай зейнетақыға егер жеке тұлға осы Мемлекеттің резиденті және азаматы болып табылса, тек екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынады.
3. 15, 16, 17 және 18-баптардың ережелері Уағдаласушы Мемлекет, оның әкімшілік бөлімшесі, орталық және жергілікті билік органы немесе уәкілетті орган жүзеге асыратын коммерциялық қызметке байланысты көрсетілген қызметтерге қатысты қызметақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақы мен зейнетақыларға қолданылады.
20-бап
СТУДЕНТТЕР МЕН ПРАКТИКАНТТАР
Уағдаласушы Мемлекетке келер алдында тікелей екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын және тек білім алу немесе практикадан өту мақсатында бірінші айтылған Мемлекетте болған студент немесе практикант өзін ұстау, білім алу немесе практикадан өту мақсаты үшін алатын төлемдерге осы төлем көздері осы Мемлекеттен тысқары жерде болған жағдайда, салық салынбайды.
21-бап
БАСҚА ДА ТАБЫСТАР
Алдыңғы баптарда айтылмаған және Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын табыстар түрлеріне осы Мемлекетте ғана салық салынады.
22-бап
ҚОСАРЛАНҒАН САЛЫҚ САЛУДЫ ЖОЮ
1. Қазақстан жағдайында қосарланған салық салу мынадай түрде жойылады:
а) Егер Қазақстан резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Сингапурда салық салынуы мүмкін табыс алатын болса, Қазақстан осы резиденттің табысына салынатын салықтан Сингапурда төленген табыс салығына тең соманы шегеруге мүмкіндік береді.
Жоғарыда келтірілген ережелерге сәйкес шегерілетін салық сомасы Қазақстанда қолданылатын ставкалар бойынша осындай табысқа есептелуі мүмкін салықтан асып кетпеуге.
b) Егер Қазақстан резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес тек Сингапурда ғана салық салынатын табыс алса, Қазақстан тек қана Қазақстанда салық салуға ұшырайтын осындай басқа табысқа салынатын салық ставкасын анықтау мақсаты үшін ғана осы табысты салық салу қорына енгізе алады.
2. Сингапур жағдайында қосарланған салық салу мынадай түрде жойылады:
Егер Сингапур резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес Қазақстанда салық салынуы мүмкін табыс алатын болса, Сингапур Сингапурдан өзге кез келген елде төлеуге жататын Сингапур салығына қатысты кредитті шешуге рұқсат ету жөніндегі өзінің заңнамасының ережелерін ескере отырып, Қазақстанда төленген салықты тікелей немесе осы резиденттің табысынан төлеуге жататын Сингапур салығына қатысты шегеру жолымен есептеуге жол береді. Егер мұндай табыс Қазақстан резиденті болып табылатын компания аталған компаниялардың алғашқысының акционерлік капиталының кемінде 10% тікелей немесе жанама иемденетін компания болып табылатын Сингапур резидентіне төлейтін дивидендтер болып табылса, есептеу кезінде осы компания өзінің пайда бөлігінде дивидендтер төленетін Қазақстан салығы назарға алынатын болады.
23-бап
КЕМСІТПЕУ
1. Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғалары нақ осындай жағдайларда осы екінші Мемлекеттің ұлттық тұлғалары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салуға және соған байланысты міндеттемелерге қарағанда анағұрлым ауыртпалықты кез келген салық салуға немесе соған байланысты кез келген міндеттемеге екінші Уағдаласушы Мемлекетте ұшырамайды.
2. Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі тұрақты мекемесіне салық салу ұқсас осындай қызметті жүзеге асыратын осы екінші Мемлекеттің кәсіпорнына салық салуға қарағанда осы екінші Мемлекетте неғұрлым қолайлы болуға тиіс.
3. Осы бапта ештеңе де Уағдаласушы Мемлекетті мыналарды беруге міндеттейтін болып түсіндірілмеуге тиіс:
а) екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне өз резиденттеріне беретін салық салу мақсаттары үшін кез келген жеке жеңілдіктерді, кемітулерді және шегерімдерді; немесе
b) басқа Мемлекеттің ұлттық тұлғаларына осы Мемлекеттің резиденттері болып табылмайтын өзінің азаматтарына немесе осы Мемлекеттің салық заңнамасында анықталуы мүмкін басқа тұлғаларға беретін салық салу мақсаттары үшін кез келген жеке жеңілдіктерді, кемітулерді және шегерімдерді.
4. Капитал екінші Уағдаласушы Мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі немесе олардың тікелей немесе жанама түрде бақылауында болатын Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны бірінші айтылған Мемлекетте салық салуға немесе бірінші айтылған Мемлекеттің басқа ұқсас кәсіпорындары ұшырайтын немесе ұшырауы мүмкін салық салу мен онымен байланысты міндеттемелерге қарағанда онымен өзгеше немесе анағұрлым ауыртпалықты болып табылатын кез келген салық салу немесе онымен байланысты кез келген міндеттемелерге бірінші айтылған Мемлекетте ұшырамауы тиіс.
5. Егер Уағдаласушы Мемлекет оның ұлттық саясаты мен өлшемдеріне сәйкес экономикалық немесе әлеуметтік дамуына септігін тигізу мақсатында өзінің ұлттық тұлғаларына салықтық ынталандыру ұсынса, онда бұл шара осы бапқа сәйкес кемсіту сияқты түсіндірілмеуі тиіс.
24-бап
ӨЗАРА КЕЛІСІП АЛУ РӘСІМІ
1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де іс-әрекеттері өзін осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар етіп отыр немесе душар ететін болады деп есептесе, ол осы Мемлекеттердің ішкі заңдарында көзделген қорғау құралдарына қарамастан, өзінің ісін өзі резидент болып табылатын сол Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының қарауына немесе егер оның ісі 23-баптың 1-тармағының қолданысына түссе, өзі ұлттық тұлғасы болып табылатын сол Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының қарауына бере алады. Өтініш осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға душар еткен іс-әрекеттер туралы бірінші хабарлама берілген сәттен бастап үш жыл ішінде берілуі тиіс.
2. Құзыретті орган, егер ол өтінішті негізді деп есептесе және егер өзі қанағаттандырарлық шешімге келе алмаса, осы Келісімге сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында істі басқа Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткізілген келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің ұлттық заңнамаларында көзделген уақыттағы кез келген шектеуге байланыссыз орындалатын болады.
3. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәнды өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Олар сол сияқты Келісімде көзделмеген жағдайларда, қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында бір-бірімен консультация өткізе алады.
4. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары өткен тармақтарды түсінуде келісімге қол жеткізу мақсатында бір-бірімен тікелей байланысқа түсе алады.
25-бап
АҚПАРАТ АЛМАСУ
1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін немесе осы Келісім осы заңнама бойынша салық салу осы Келісімге қайшы келмейтіндей дәрежеде қолданылатын салықтарға қатысты Уағдаласушы Мемлекеттердің ішкі заңнамаларын орындау үшін қажет ақпаратпен алмасады. Уағдаласушы Мемлекет алған кез келген ақпарат осы Мемлекеттің ішкі заңнамасы шеңберінде алынған ақпарат сияқты құпия болып саналады және осы Келісім таралатын салықтар жөнінде бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот бойынша қудалаумен немесе аппеляцияларды қараумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана хабарланады. Осындай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдаланады. Олар осы ақпаратты ашық сот отырысы барысында не сот шешімдерін қабылдаған кезде ашуы мүмкін.
2. Ешқандай жағдайда 1-тармақтың ережелері Уағдаласушы Мемлекеттерге:
а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына және әкімшілік іс-тәжірибесіне қайшы келетін әкімшілік шараларын қолға алу;
b) осы немесе басқа Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілік іс-тәжірибесі барысында алуға болмайтын ақпарат беру;
с) сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (қоғамдық тәртіпке) қайшы келуі мүмкін ақпаратты беру міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндірілмейді.
26-бап
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ МИССИЯЛАР МЕН КОНСУЛДЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ МҮШЕЛЕРІ
Осы Келісімдегі ештеңе де дипломатиялық миссиялар мен консулдық посттар мүшелерінің халықаралық құқықтың жалпы нормалары беретін немесе арнайы келісімдердің ережелеріне сәйкес берілетін артықшылықтар сияқты салық артықшылықтарын қозғамайды.
27-бап
КҮШІНЕ ЕНУІ
1. Әрбір Уағдаласушы Мемлекет екіншіге оның заңнамасына сәйкес талап етілетін осы Келісімнің күшіне ену рәсімінің аяқталғаны туралы хабарлайды.
2. Осы Келісім 1-тармақта айтылған хабарламаның соңғысын алған күннен бастап күшіне енеді және оның ережелері:
а) Қазақстанда:
осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталатын немесе одан кейінгі салық кезеңіндегі салыққа қатысты;
b) Сингапурда:
осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі екінші күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталатын немесе одан кейінгі кез келген жылда есептеуге жататын салыққа қатысты қолданылады.
28-бап
ҚОЛДАНЫЛУЫН ТОҚТАТУ
Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің бірі оның қолданылуын тоқтатпайынша күшінде қала береді. Кез келген Уағдаласушы Мемлекет осы Келісім күшіне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейінгі кез келген күнтізбелік жылдың аяқталуына кемінде алты ай қалғанда қолданылуын тоқтату туралы дипломатиялық арналар арқылы хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда, осы Келісім:
а) Қазақстанда:
хабарлама берілген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталатын немесе одан кейінгі салық кезеңіндегі салыққа қатысты;
b) Сингапурда:
хабарлама берілген жылдан кейінгі екінші күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталатын немесе одан кейінгі кез келген жылда есептеуге жататын салыққа қатысты өзінің қолданылуын тоқтатады.
29-бап
ТҮЗЕТУЛЕР
Уағдаласушы Мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын хаттамалармен енгізіле алады. Осыны куәландыру үшін өз Үкіметтері тиісті дәрежеде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
Сингапур қаласында 2006 жылғы қыркүйек айының 19 күні қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Мәтіндер арасында алшақтықтар пайда болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін айқындаушы болады.
ҚАЗАҚСТАН СИНГАПУР
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН
ХАТТАМА
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы осы келісімге қол қойған кезде екі Үкімет мынадай ережелер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатынына уағдаласты.
1. 5-бапқа қатысты:
а) Егер мұндай құрылғы, кеме, құрылыс немесе жабдық мән-жайларға байланысты табиғи ресурстарды өндіруге пайдаланылса, 2 (f) тармағының мақсаттары үшін "табиғи ресурстар өндіретін басқа да кез келген кен орны" термині бұрғылау құрылғыларды, кемені, құрылыстарды немесе жабдықтарды да қамтиды.
b) 3 (с) тармағының мақсаттары үшін қызметтің екі бөлігі коммерциялық және географиялық жағынан байланысты болып қала берсе, жобалар байланысты ретінде қарастырылады.
2. 11-баптың 2-тармағына және 12-баптың 2-тармағына қатысты:
Егер осы Келісім күшіне енген күннен кейін Қазақстан мен үшінші Мемлекет арасында жасалған кез келген Конвенцияға, Келісімге немесе Хаттамаға сәйкес Қазақстан пайыздар мен роялтиге көздерде өзінің салық салуын осы Келісімде белгіленгеннен гөрі аз ставкаға төмендетсе, атап өтілген кіріс түрлері үшінші Мемлекетпен осындай Конвенция, Келісім немесе Хаттама үшін атап өтілген кіріс түрлеріне белгіленген ұқсас ставка (бұдан әрі қайта қаралған ставка ретінде аталатын) осы Келісім үшін осындай Конвенцияның, Келісімнің немесе Хаттаманың, қайсыбірі кешірек қабылданғанына қарамастан, күшіне енген күннен бастап қолданылатын болады. Мұндай жағдайда, Сингапур мен Қазақстан, мән-жайларға байланысты қайта қаралған ставканы 11 және 12-баптардың 2-тармағының мақсаттары үшін қолданады.
Осыны куәландыру үшін өз Үкіметтері тиісті дәрежеде уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
Сингапур қаласында 2006 жылғы қыркүйек айының 19 күні қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі данадан жасалды, барлық мәтіндердің күші бірдей. Мәтіндер арасында алшақтықтар пайда болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін айқындаушы болады.
ҚАЗАҚСТАН СИНГАПУР
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТ ҮШІН ҮКІМЕТ ҮШІН