Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Серік Нығметұлы Ахметовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 11 қыркүйектегі
N 687 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
көлік саласындағы өзара қарым-қатынастардың қағидаттары мен шарттары туралы келісімді, сондай-ақ 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның (бұдан әрі - Конвенция) қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
әуе көлігі саласындағы өзара ынтымақтастықты күшейту мен дамытуға тілек білдіре отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Анықтамалар
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі терминдер мыналарды білдіреді:
а) "авиациялық билік орындары" Қазақстан Республикасына қатысты - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Тәжікстан Республикасына қатысты - Тәжікстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, немесе қазіргі уақытта осы министрліктер орындайтын функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті кез келген тұлға не ұйым;
б) "тағайындалған авиакәсіпорын" - осы Келісімнің 4-бабына сәйкес тағайындалған және уәкілеттік берілген авиакәсіпорын;
в) "аумақ" - Тараптар мемлекеттерінің егемендігіне жататын жер беттері, аумақтық және ішкі сулар және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;
г) "тариф" - поштаны және агенттік пен басқа да қосалқы қызметтер көрсету үшін ставкалар мен шарттарды қоса алғанда, осы ставкалар қолданылатын жағдайлардан басқа, жолаушыларды, багажды және жүкті тасымалдау үшін белгіленетін ставкалар;
д) "алымдар" - Конвенцияның 15-бабына сәйкес әуежайлық және өзге де алымдар;
е) "Конвенция" - 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенция, сондай-ақ Тараптар қабылдаған және оларға қолдануға болатын шамада оған кез келген қосымша мен кез келген түзету;
ж) "әуе қатынасы" - жолаушыларды, жүкті және поштаны қоғамдық тасымалдау мақсатында әуе кемелері жүзеге асыратын кез келген тұрақты және тұрақты емес әуе қатынасы;
з) "халықаралық әуе қатынасы" - бірден артық мемлекеттің аумағы үстіндегі әуе кеңістігі арқылы жүзеге асырылатын әуе қатынасы;
и) "авиакәсіпорын" - халықаралық әуе қатынасын ұсынатын немесе орындайтын кез келген авиакөлік кәсіпорны;
к) "коммерциялық емес мақсаттармен аялдау" - жолаушыларды, жүкті немесе поштаны бортқа қабылдаудан немесе түсіруден өзге кез келген мақсатта қону.
2. Осы Келісімге қосымша оның ажырамас бөлігін құрайды.
2-бап
Тасымалдау құқықтарын беру
1. Әрбір Тарап халықаралық әуе қатынасын (бұдан әрі тиісінше "келісілген желілер" және "белгіленген бағыттар" деп аталатын) орнату мақсатында осы Келісімде көзделген құқықтарды екінші Тарапқа береді.
2. Әрбір Тарап тағайындаған авиакәсіпорын белгіленген бағыттар бойынша келісілген желілер кезінде мынадай құқықтарды пайдаланатын болады:
а) екінші Тараптың аумағы арқылы қонусыз ұшып өту;
б) екінші Тараптың аумағында осы Келісімге қосымшада көрсетілген пункттерде коммерциялық емес мақсаттармен қону;
в) Тараптардың аумақтары арасында шығатын жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны тиеу және (немесе) түсіру мақсатында екінші Тараптың аумағында осы Келісімге қосымшада көрсетілген пункттерде қону;
г) үшінші елдердің пункттеріне/нен шығатын жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны тиеу және (немесе) түсіру мақсатында екінші Тараптың аумағында осы Келісімге қосымшада көрсетілген пункттерде қону. Мұндай құқық Тараптардың авиациялық билік орындарының арасындағы келісім бойынша беріледі.
3. Осы бапта ешнәрсе де бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына екінші Тараптың аумағындағы пункттер арасында жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны сыйақы үшін немесе жалдау шартымен тасымалдау үшін бортқа алуына құқық беру ретінде қаралмайды.
3-бап
Келісілген желілерді пайдалану шарттары
1. Келісілген желілер бойынша әуе кемелерінің ұшу бағыттарын және мемлекеттік шекаралардың үстінен ұшып өту пункттерін әрбір Тарап өз аумақтарында белгілейді.
2. Келісілген желілердегі әуе кемелерінің ұшуына және жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны тасымалдауға қатысты техникалық және коммерциялық мәселелер, сондай-ақ коммерциялық ынтымақтастыққа, оның ішінде, әуе кемелері рейстерінің жиілігіне, түрлеріне, авиаотын құюға, жерде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуге және қаржылық есеп тәртібіне қатысты мәселелер, тағайындалған авиакәсіпорындар арасында уағдаластық бойынша шешіледі. Уағдаластық болмаған жағдайда осы мәселелерді Тараптардың авиациялық билік орындары шешеді.
3. Қосымша және чартерлік рейстер тағайындалған авиакәсіпорынның алдын ала өтінімдері бойынша әрбір Тарап мемлекетінің заңдары мен ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Осы өтінімдер екінші Тараптың авиациялық билік орындарына демалыс және мереке күндерін есептеместен, әуе кемесінің ұшуына дейін 48 сағаттан кешіктірмей берілуі тиіс.
4-бап
Өкілеттіктер
1. Әрбір Тараптың белгіленген бағыттар бойынша келісілген желілерді пайдалану мақсатында екінші Тарапты бұл туралы жазбаша хабардар ете отырып, авиакәсіпорынды (дарды) тағайындауға құқығы бар.
2. Осындай хабарламаны алысымен екінші Тарап осы баптың 3 және 4-тармақтарының ережелеріне сәйкес әрбір тағайындалған авиакәсіпорынға ұшуды орындауға арналған тиісті рұқсатты дереу береді.
3. Бір Тараптың авиациялық билік орындары ұшуды орындауға арналған рұқсат берілгенге дейін екінші Тарап тағайындаған авиакәсіпорыннан халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асырған кезде осы билік орындары әдетте қолданып жүрген заңдар мен ережелерде көзделген және өз деңгейі бойынша Конвенция талаптарынан аспайтын шарттарды орындауға қабілетінің барлығына дәлелдемелер талап етуі мүмкін.
4. Әрбір Тарап осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұшу рұқсаттарын беруден бас тартуға немесе осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген құқықтарды тағайындалған авиакәсіпорын пайдаланған кезде қажет деп есептейтін осындай шарттарын орындауды осы авиакәсіпорынды тағайындаған Тараптың, оның органдарының немесе азаматтарының осы авиакәсіпорынға басым иелену және пәрменді бақылау жасай алатындығының дәлелдемелері болмаған кез келген жағдайда талап етуге құқығы бар.
5. Осы Келісімнің 13-бабына сәйкес белгіленген тарифтер осы желілерде күшіне енгізілген, сондай-ақ, осы Келісімнің 3-бабының 3-тармағында көзделген барлық техникалық және коммерциялық мәселелер шешілген жағдайда көрсетілген рұқсатты алған тағайындалған авиакәсіпорын келісілген желілерді пайдалануды бастайды.
5-бап
Берілген құқықтардың күшін жою және тоқтата тұру
1. Әрбір Тараптың ұшуларды орындауға арналған рұқсаттың күшін жоюға немесе екінші Тарап тағайындаған авиакәсіпорынға берілген осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген құқықтардың пайдаланылуын тоқтата тұруға немесе осы құқықтарды пайдалану кезінде ол қажетті деп есептеген осындай шарттардың мынадай жағдайда орындалуын талап етуге құқығы бар:
а) осы авиакәсіпорынды басым иелену және пәрменді бақылау осы кәсіпорынды тағайындаған Тарапқа оның органдарына немесе азаматтарына тиесілігіне сенімді болмаған кез келген жағдайда;
б) егер авиакәсіпорын осы құқықтарды беретін Тараптың заңдары мен ережелерін сақтамаған жағдайда;
в) егер авиакәсіпорын қандай да бір жағдайда осы Келісімде көзделген шарттарды сақтамаған жағдайда.
2. Егер заңдар мен ережелердің одан әрі бұзылуын ескерту үшін осы баптың 1-тармағында көрсетілген рұқсаттың дереу күшін жою, тоқтата тұру немесе шарттардың орындалуын талап ету қажетті болып табылмаса, онда осы тармақта айтылған құқық Тараптардың авиациялық билік орындары арасында жүргізілген консультациялардан кейін ғана пайдаланылатын болады. Авиациялық билік орындары арасында мұндай консультациялар сұрау салынған күннен бастап мүмкіндігінше қысқа мерзім ішінде өткізілуі тиіс.
6-бап
Ұшуларды қамтамасыз ету
1. Тараптар келісілген желілерді қауіпсіз және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Әрбір Тарап екінші Тарап тағайындаған авиакәсіпорынның әуе кемелеріне келісілген желілерді пайдалану үшін қажетті радиожарықтехникалық, метеорологиялық және басқа да қызмет көрсетулер түрлерінің барлық құралдарын ұсынады.
2. Бір Тараптың авиациялық билік орындары екінші Тараптың авиациялық билік орындарына қосалқы және негізгі әуеайлақтар, әуе жолдары, байланыс жүйелері және аэронавигациялық құралдар, әуе қозғалысын басқару туралы және келісілген желілерде әуе кемелерін қауіпсіз және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде басқа да мәселелер бойынша мәліметтерді ұсынуы тиіс.
7-бап
Заңдар мен ережелердің қолданылуы
1. Бір Тараптың халықаралық ұшуларды орындайтын әуе кемелерінің келуін және оның аумағынан ұшып кетуін немесе оның аумағы шегінде болу кезінде осы әуе кемелерінің пайдаланылуын немесе навигациясын реттейтін заңдары мен ережелері екінші Тарап тағайындаған авиакәсіпорынның әуе кемелеріне қолданылады.
2. Бір Тарап мемлекетінің экипаждардың, жолаушылардың, багаждың, жүктің және поштаның оның аумағына ұшып келуін, онда болуын және одан жөнелтілуін реттейтін халықаралық тасымалдарға қатысты заңдары мен ережелері және атап айтқанда, паспорттық, кедендік, валюталық және санитарлық ережелерге қатысты рәсімдер екінші Тарап тағайындаған авиакәсіпорынның әуе кемелерінің жолаушыларына, багажына, жүгіне және поштасына қатысты олардың көрсетілген аумақ шегінде болуы кезінде қолданылады.
8-бап
Алымдар ставкалары
Әрбір әуежайды, оның құрылыстарын, техникалық және басқа да құралдары мен қызметтерін қоса алғанда, пайдалану үшін алынатын алымдар мен басқа да төлемдер, сондай-ақ аэронавигациялық құралдарды, байланыс құралдарын және қызметтерін пайдалану үшін төленетін кез келген басқа да төлемдер әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағында белгілеген ставкалар мен тарифтерге сәйкес, мұндай алымдар мен төлемдер үшінші басқа мемлекеттердің әуе кемелерін пайдаланушылардан өндіріп алынатын ұқсас алымдардан аспайтын болуы шартымен өндіріп алынады.
9-бап
Куәліктерді тану
1. Бір Тарап берген немесе жарамды деп таныған ұшуға жарамдылық туралы куәліктерді, біліктілік куәліктерін және рұқсаттарды осы Келісімге қосымшада көрсетілген бағыттар бойынша ұшуларды орындау кезінде екінші Тарап жарамды деп таниды.
2. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағы шегіндегі ұшулар үшін екінші Тарап оның мемлекетінің азаматтарына берген ұшуға жарамдылық туралы куәліктерді, біліктілік куәліктері мен рұқсат қағаздарын жарамды деп танудан бас тарту құқығын өзіне қалдырады.
10-бап
Ұшу қауіпсіздігі
Келісілген желілері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір Тарап халықаралық тәжірибеге сәйкес екінші Тараптың әуе кемелеріне осы ұшуларды орындау үшін талап етілетін барлық қажетті радио, жарық техникалық, метеорологиялық және басқа да қызмет көрсету құралдарын ұсынады, сондай-ақ екінші Тарапқа осы құралдардың деректері мен қону жүргізілуі мүмкін негізгі және қосалқы әуеайлақтар туралы мәліметтерді және өз мемлекетінің аумағы шегіндегі ұшу бағыты туралы хабарлайды.
11-бап
Тікелей транзиттік тасымалдар
Бір Тараптың аумағы арқылы тікелей транзитпен өтетін және осы мақсат үшін бөлінген әуежай ауданын тастап шықпаған жолаушылар, багаж және жүк, егер бұл авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты шаралардан туындамаса тек оңайлатылған бақылаудан ғана өтеді. Транзитпен өтетін багажға және жүкке кедендік алымдар мен басқа да салықтар салынбайды.
12-бап
Тасымалдар көлемін реттеу
1. Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындарына екі Тараптың да мемлекеттерінің аумақтары арасында белгіленген бағыттар бойынша келісілген желілерді пайдаланудың әділ әрі тең жағдайлары ұсынылады.
2. Бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны келісілген желілерді пайдалану кезінде авиажеліні осы бағыт немесе оның бөлігі арқылы пайдаланатын осы авиакәсіпорынның тасымалдарына зиян келтірмес үшін екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнының мүдделерін назарға алуы тиіс. Осы мақсаттарда Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындары өзара бірлесіп пайдалану немесе пулл туралы келісімдер жасасуы мүмкін.
3. Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындары қызмет көрсететін келісілген желілер белгіленген бағыттардағы тасымалдарға деген қоғамдық қажеттіліктерге сәйкес болуы тиіс және әрбір авиакәсіпорынның бірінші кезектегі міндеті тиеудің ақылға қонымды коэффициентінде екі Тараптың да мемлекеттерін аумақтары арасындағы жолаушылардың, багаждың, жүктің және поштаның тасымалдарына деген қазіргі бар және ақылға қонымды болжамды қажеттіліктерге жауап беретін сыйымдылықты ұсыну болып табылады.
13-бап
Тарифтер
1. Кез келген келісілген желідегі тарифтер пайдалану шығыстарын, ақылға қонымды пайданы, авиажелі сипаттамасын және белгіленген бағыттың кез келген бөлігі үшін белгіленген басқа авиакәсіпорындардың тарифтерін қоса алғанда, барлық тиісті факторларды ескере отырып, орынды деңгейде белгіленеді. Бұл тарифтер осы баптың төменде көрсетілген шарттарына және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес белгіленеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тарифтер, сондай-ақ осы тарифтерден ұсталатын агенттік және комиссиялық алымдардың мөлшері, барлық бағытты немесе оның бөлігін пайдаланатын тағайындалған мүдделі авиакәсіпорындардың арасындағы белгіленген бағыттардың әрқайсысы бойынша, мүмкіндігінше келісілуі тиіс.
3. Егер тағайындалған авиакәсіпорындар 15 күннің ішінде осы тарифтердің кез келгенімен келісе алмаса немесе басқа қандай да бір себептерге байланысты осы баптың 2-тармағына сәйкес тариф келісілмеген болса, Тараптардың авиациялық билік орындары өзара уағдаластық бойынша тарифтерді белгілеуге тырысулары тиіс.
4. Егер авиациялық билік орындары қандай да бір тарифті белгілеу мәселесі бойынша келісімге қол жеткізе алмаса, бұл келіспеушілік осы Келісімнің 21-бабына сәйкес реттелуі тиіс.
5. Осы баптың ережелеріне сәйкес белгіленген тарифтер жаңа тарифтер белгіленгенге дейін күшінде қалуы тиіс.
14-бап
Кестелерді беру
1. Әрбір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны ұшулардың басталуына дейін 45 күннен кешіктірмей екінші Тараптың авиациялық билік орындарына ұшу жиілігін, әуе кемесінің үлгісін, үйлесімі мен сатуға болжанып отырған орындар санын көрсете отырып, болжанып отырған кестені бекітуге ұсынуы тиіс.
2. Тағайындалған авиакәсіпорынның бекітілген кестесіне енгізілген кез келген келесі өзгерістер екінші Тараптың авиациялық билік орындарының бекітуіне ұсынылуы тиіс.
15-бап
Кедендік баждардан, салықтардан және алымдардан босату
1. Келісілген желілерде бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары пайдаланатын әуе кемелері, сондай-ақ олардың табельдік мүлкі, осындай әуе кемелерінің бортындағы отын қорлары және жағармай материалдары, борттық қорлар (азық-түлік тағамдарын, сусындар мен темекі бұйымдарын қоса алғанда) екінші Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін, осы мүлік, материалдар мен қорлар осы Тарап мемлекетінің аумағынан кері әкетілген сәтке дейін әуе кемесінің бортында қалу шартымен, кедендік баждардан салықтардан және алымдардан босатылады.
2. Сондай-ақ мұндай баждар мен салықтардан мыналар босатылады:
а) бір Тараптың аумағында осы Тараптың құзыретті органдары белгілеген лимиттер шегінде бортқа алынған және екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны келісілген желілерде пайдаланатын әуе кемесінің бортында пайдалануға арналған борттық қорлар;
б) бір Тарап мемлекетінің аумағына екінші Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны келісілген желілерде пайдаланатын әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету немесе жөндеу үшін әкелінген қосалқы бөлшектер.
Көрсетілген қызмет, сақтау мен кедендік ресімдеу үшін алынатын алымдар Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес алынады.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген материалдар кеден органдарының бақылауында немесе қадағалауында болуы мүмкін.
4. Табельдік борттық жабдық, сондай-ақ бір Тараптың әуе кемесінің бортындағы материалдар мен қорлар екінші Тарап мемлекетінің аумағына тек осы Тараптың кеден органдарының рұқсатымен ғана түсірілуі мүмкін. Бұл жағдайда олар кері әкетілгенге дейін немесе кедендік ережелерге сәйкес басқа мақсатқа ие болғанға дейін көрсетілген органдардың қадағалауында болады.
16-бап
Кірістерді аудару
1. Тағайындалған авиакәсіпорындардың арасындағы есеп айырысулар Тараптар арасында қолданылып жүрген есеп айырысулар мен төлемдер туралы келісімдерге сәйкес жүргізіледі.
2. Әрбір Тарап екінші Тараптың тағайындалған кәсіпорнына осы авиакәсіпорынның келісілген желілерді пайдалануынан алынған шығыстардан асатын кірістердің сомасын еркін аудару құқығын береді.
3. Осындай аудару Тараптар арасындағы қаржы қатынастарын реттейтін Келісім ережелеріне сәйкес жүргізілуі тиіс. Мұндай Келісім болмаған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары осындай аударудың тәртібін белгілеуі тиіс, егер бұл белгіленбеген болса, аудару Тараптар қолданатын валюта айырбастау ережесіне сәйкес аударатын күні қолданыстағы ресми айырбастау бағамы бойынша еркін айырбасталымды валютада жүзеге асырылуы тиіс.
17-бап
Коммерциялық қызмет
1. Келісілген желілерді пайдалануды қамтамасыз ету үшін Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнына екінші Тараптың аумағында қажетті әкімшілік, коммерциялық және техникалық персоналымен өз өкілдіктерін, сондай-ақ екінші Тараптың аумағында есеп айырысу және өзге де шоттар ашу құқығы беріледі.
2. Бір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны екінші Тараптың аумағында меншікті тасымалдау құжаттары бойынша авиатасымалдар қызметтерін дербес сату және осы Тарап мемлекетінің заңдары мен ережелеріне сәйкес оларды сату бойынша агенттерді тағайындау құқығына ие. Осындай сатулардан түскен кірістерге осындай Тарап мемлекетінің салық заңнамасына сәйкес салық салынады. Егер бір Тарап кәсіпорындарының екінші Тараптың аумағындағы коммерциялық қызметі Тараптардың арасындағы бөлек келісіммен реттелетін болса, онда осындай келісімнің ережелері қолданылатын болады.
18-бап
Авиация қауіпсіздігі
1. Тараптар халықаралық құқықтан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес олар бір-біріне қатысты алған азаматтық авиация қауіпсіздігін заңсыз араласу әрекеттерінен қорғау міндеттемесі осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтынын растайды.
Халықаралық құқық бойынша өздерінің құқықтары мен міндеттемелерінің жалпы қолданысымен шектеліп қоймай, Тараптар 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар мен кейбір басқа әрекеттер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басқыншылық жасаумен күресу туралы конвенцияның, 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда қол қойылған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттермен күресу туралы конвенцияның, 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда күш қолданудың заңсыз әрекеттерімен күресу туралы хаттаманың, екі Тараптың да мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдердің ережелеріне сәйкес әрекет етеді.
2. Тараптар өзара өтініші бойынша әуе кемелерін заңсыз басып алу әрекеттерін және басқа да әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлар мен аэронавигациялық құралдардың қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерге, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігіне төндіретін кез келген басқа қауіпті болдырмау жөнінде бір-біріне бүкіл қажетті көмекті көрсетеді.
3. Тараптар өздерінің қарым-қатынастарында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген, мұндай ережелер Тараптарға қолайлы болатындай деңгейде Конвенцияда бар авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерге және техникалық талаптарға сәйкес әрекет етеді. Олар негізгі қызмет орны немесе тұрақты болу орны осы мемлекеттердің аумағында орналасқан әуе кемелерін пайдаланушылар, сондай-ақ осы мемлекеттердің аумағында орналасқан халықаралық әуежайларын пайдаланушылары авиациялық қауіпсіздік жөніндегі осындай ережелерге сәйкес әрекет етуді талап етеді.
4. Әрбір Тарап әуе кемелерін пайдаланушылардан оның мемлекетінің аумағы шегіне кіру, шығу және болу үшін екінші Тарап көздейтін осы баптың 3-тармағында айтылған авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелердің сақтауын талап ете алатындығымен келіседі. Әрбір Тарап өз мемлекетінің аумағы шегінде отырғызу немесе түсіру уақытында және оған дейін әуе кемелерін қорғау және жолаушыларды, экипажды, қол жүгін, багажды, жүкті, поштаны және борттық қорды тексеру үшін тиісті шараларды тиімді қолдануды қамтамасыз етеді. Әр бір тарап сондай-ақ екінші Тараптың нақты қатерге байланысты қауіпсіздіктің негізді арнайы шараларын қабылдауы туралы кез келген өтінішін кідіріссіз қарайды.
5. Азаматтық әуе кемелер заңсыз басып алуға немесе әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипажының, әуежайлар немесе аэронавигациялық құралдарының қауіпсіздігіне қарсы бағытталған басқа да заңсыз іс-әрекеттерге байланысты оқыс оқиға немесе оқыс оқиға қатері туындаған жағдайда, Тараптар өзара байланысты жеңілдету арқылы және осындай қақтығысты немесе қақтығысы қатерін тез және қауіпсіз түрде жою мақсатында тиісті шаралар қолдану арқылы бір-біріне көмек көрсетеді.
6. Егер Тараптардың бірінде осы бапта қамтылған авиациялық қауіпсіздік жөніндегі ережелерді сақтауға байланысты қиындықтар туындайтын болса, онда осы Тараптың авиациялық билік орындары екінші Тараптың авиациялық билік орындарынан дереу консультациялар өткізуді талап етуі мүмкін.
19-бап
Ынтымақтастық
Тараптар:
әуе көлігі саласындағы ғылыми-техникалық саясат;
авиациялық мамандарды оқыту және оларды дайындау деңгейіне қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу;
техникалық пайдалану, авиациялық техниканы жөндеу және өзара жеткізу салаларында тығыз ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Ынтымақтастықтың көрсетілген салаларына қатысты мәселелер, Тараптардың авиациялық билік орындары арасындағы арнайы келісімдердің мәні болып табылады.
20-бап
Консультациялар
1. Тараптардың авиациялық билік орындары арасында осы Келісімді орындау және сақтау мәселелеріне, сондай-ақ оған болжамды өзгерістер мен түзетулерге қатысты консультациялар өткізіледі.
2. Осы консультациялар ауызша немесе хат алмасу жолымен жүргізілуі мүмкін және егер Тараптардың авиациялық билік орындары осы мерзімді ұзарту туралы келіспесе, сұрау салынған күннен бастап алпыс (60) күн ішінде басталуы тиіс.
21-бап
Дауларды реттеу
1. Тараптардың арасында осы Келісімді және оған қосымшаны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты дау болған жағдайда, Тараптар оны Тараптардың авиациялық билік орындары арасында тікелей келіссөздер арқылы шешуге күшін салады.
2. Егер аталған билік орындары келісімге келмесе, Тараптар арасындағы дау дипломатиялық арналар арқылы шешілетін болады.
22-бап
Өзгерістер енгізу
1. Осы Келісімге өзара келісім бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 24-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
2. Осы Келісімнің қосымшасына түзетулер Уағдаласушы Тараптардың тікелей авиациялық билік орындары арасында келісуі мүмкін. Олар уақытша аталған билік орындары бекіткен күннен бастап қолданылуы және дипломатиялық ноталармен алмасу жолымен расталғаннан кейін күшіне енуі мүмкін.
23-бап
Оқиғаларды тергеу
1. Бір Тараптың аумағында екінші Тараптың мәжбүрлі болған қонуы немесе әуе кемесімен оқиға болған жағдайда, осының аумағында оқиға орын алған Тарап екінші Тарапты дереу хабарландырады, оқиғаны тергеуді қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды, сондай-ақ егер де олар оқиға кезінде жарақатталса, экипажға және жолаушыларға жедел жәрдем көрсету бойынша шаралар қабылдайды және әуе кемесінің, оның бортындағы багаждың, жүктің және поштаның сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Оқиға жағдайларына тергеу жүргізетін Тараптың авиациялық билік орындары екінші Тараптың авиациялық билік орындарын тергеу туралы хабардар етеді және екінші Тараптың авиациялық билік орындарына оқиғаны тергеу кезінде қатысу үшін барлық мүмкіндіктер жасалады. Тергеуді жүргізіп жатқан Тараптың авиациялық билік орындары мүмкін болатын қысқа мерзім ішінде екінші Тараптың авиациялық билік орындарына тергеу туралы есепті жіберуге тиіс.
24-бап
Күшіне енуі
1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды және Тараптардың ол күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабардар еткен күннен бастап күшіне енеді.
2. Әрбір Тарап екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің осы Келісімнің күшін тоқтату ниеті туралы кез келген уақытта хабардар ете алады. Бұл жағдайда Келісімнің қолданылуы екінші Тарап мұндай хабарламаны алған күннен бастап он екі (12) ай өткен соң, егер Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы көрсетілген хабарлама Тараптардың екі жақты келісімі бойынша кері қайтарып алынбайтын болса тоқтатылады.
2007 жылғы "____"__________________ қаласында әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде алшақтық болған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Тәжікстан
Республикасының Үкіметі арасындағы
Әуе қатынасы саласындағы
ынтымақтастық туралы келісімге
қосымша
1. Қазақстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорны (дары) екі бағытта пайдаланатын бағыттар:
Қазақстандағы пункттер |
Аралық пункттер |
Тәжікстандағы пункттер |
Тысқары жерлердегі |
2. Тәжікстан Республикасының тағайындалған авиакәсіпорны (дары) екі бағытта пайдаланатын бағыттар:
Тәжікстандағы пункттер |
Аралық пункттер |
Қазақстандағы |
Тысқары жерлердегі |
Ескертпелер:
1. Тараптардың аумақтарындағы пункттер авиациялық билік орындары арасында келісім бойынша белгіленеді;
2. Әрбір Тараптың тағайындалған авиакәсіпорны коммерциялық құқықты пайдаланбастан, тысқары жерлердегі кез келген пунктті пайдалануы мүмкін.