Қазақстан Республикасының " Мемлекеттік материалдық резерв туралы " 2000 жылғы 27 қарашадағы, " 2008 жылға арналған республикалық бюджет туралы" 2007 жылғы 6 желтоқсандағы заңдарына және "Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 наурыздағы N 225 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Жамбыл облысындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою жөніндегі бірінші кезектегі жұмыстарды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік материалдық резервтен 3 маркалы (қысқы) дизель отыны - 0,2-35 60 (алпыс) тонна мөлшерінде броньнан шығарылсын.
2. Жамбыл облысының әкімі жоғарыда көрсетілген материалдық құндылықтарды жеткізу жөніндегі көліктік шығыстарды төлеуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған материалдық құндылықтар шығындарын өтеу үшін Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттер аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға 2008 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен 6120000 (алты миллион бір жүз жиырма мың) теңге бөлінсін.
4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ө.Е. Шөкеевке жүктелсін.
7. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардың бастап қолданысқа енгізілетін 4-тармақты қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі