Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылғы 7 тамызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы келісім
(2008 жылғы 2 ақпанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2009 ж., № 3, 12-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі
бұдан әрі "шаруашылық жүргізу субъектілері" деп аталатын Тараптар мемлекеттері өнеркәсібінің қорғаныс салалары кәсіпорындарының экономикалық, өндірістік және ғылыми-техникалық ынтымақтастығы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар арнайы мақсаттағы өнімді, автоматика-телемеханика және прибор жасау жүйелерін әзірлеу, өндіру, жөндеу және қайта жаңғырту саласында шаруашылық жүргізу субъектілері арасындағы өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациялық байланыстарды өзара тиімді негізде құруға, сақтауға және дамытуға ықпал етеді.
Тараптар арнайы мақсаттағы өнім деп қару-жарақты, әскери техниканы, құжаттаманы, жұмыстарды, қызметтерді, зияткерлік қызмет нәтижелерін, оның ішінде оларға (зияткерлік меншікке) айрықша құқықты және әскери-техникалық саладағы ақпаратты, ақпаратты қорғаудың техникалық құралдарын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен экспорттық бақылауға жататын кез келген басқа өнімді түсінеді.
2-бап
Материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жинақтаушы бұйымдарды, оқу және көмекші мүлікті, технологиялық және ғылыми-техникалық сипаттағы қызметті кооперацияланған бірігіп жеткізу қазақстандық және әзірбайжандық шаруашылық жүргізу субъектілері арасындағы келісім-шарттары (шарттары) негізінде Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
3-бап
Тараптар кооперация бойынша жеткізілетін тауарларға белгіленетін пайдалылықтың шектік деңгейлерін жақындату жөнінде консультациялар жүргізетін болады.
4-бап
Тараптардың осы Келісімге сәйкес өзара жеткізілетін арнайы мақсаттағы өнімді, автоматика-телемеханика және прибор жасау жүйелерін, ол туралы ғылыми және техникалық ақпаратты, көмекші мүлікті үшінші тарапқа сатуға немесе беруге Тараптар өзара келіскен жағдайда рұқсат етіледі.
5-бап
Тараптар мемлекеті заңнамасының және олардың мемлекеттері бір мезгілде қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес осы Келісім шеңберінде алынған қол жетімділігі шектелген ақпаратты қорғау жөнінде Тараптар өзіне міндеттемелер алады.
6-бап
Тараптар зияткерлік қызмет нәтижесіне деген құқықты өзара қорғау және мемлекеттік құпияларды сақтау туралы қосымша келісімдерге қол қою жолымен арнайы мақсаттағы өнімді, автоматика-телемеханика мен прибор жасау жүйелерін әзірлеу, өндіру, жөндеу және қайта жаңғырту саласындағы авторлық құқықтар мен мемлекеттік құпияны сақтайтын болады.
7-бап
Осы Келісімге сәйкес өнімді жеткізу кезінде шаруашылық жүргізу субъектілері арасында туындауы мүмкін барлық даулы мәселелер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында және келісім-шарттарда (шарттарда) көзделген тәртіппен шешіледі.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі;
Әзірбайжан тарапынан - Әзірбайжан Республикасы қорғаныс өнеркәсіп министрлігі болып табылады.
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптарға дипломатиялық арналар бойынша уақтылы хабарланады.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді Тараптар консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімге Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 10-бабына сәйкес күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың оның күшін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
2007 жылғы»7 тамызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің Ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін