Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 901 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған "Автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздікке қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 27 наурыздағы
N 294 қаулысымен
бекітілген
"Автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікке
қойылатын талаптар" техникалық регламенті
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Қолданылу саласы
1. "Автомобиль жолдарын жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптары" техникалық регламентіне сәйкес келетін және автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган белгіленген тәртіппен пайдалануға қабылдаған оларда орналасқан әртүрлі мақсаттағы инженерлік құрылыстары мен жол қозғалысын ұйымдастыру құралдарымен бірге олардың техникалық санатына қарамастан, жалпы пайдаланымдағы барлық автомобиль жолдары (бұдан әрі - автомобиль жолы) осы "Автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары" техникалық регламентінің (бұдан әрі - Техникалық регламент) объектісі болып табылады.
2. Осы Техникалық регламент автомобиль жолдарының көліктік пайдалану жай-күйіне және оларды күтіп ұстау мен жөндеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға қойылатын ең аз қажетті қауіпсіздік талаптарын белгілейді.
Осы Техникалық регламенттің талаптары өндірістік кәсіпорындар мен емдеу-сауықтыру, әлеуметтік-мәдени және өзге де мақсаттағы объектілерге кірме автомобиль жолдарын қоспағанда, қалалар мен елді мекендердің көшелеріне және шаруашылық жолдарға қолданылмайды.
2. Техникалық регламентте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
3. Осы Техникалық регламентте "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі Заңында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай түсініктер пайдаланылады:
жолдың техникалық санаты - жолдың көліктік пайдалану көрсеткіштерін және оның тұтынушылық қасиеттерін анықтайтын сипаттама;
ілінісу коэффициенті - тартымдық немесе тежеу күшінің доңғалақтың жол бетіне түсіретін қысымына қатынасы, бұл ретте доңғалақтар босқа айнала немесе сырғанай бастайды;
жол жамылғысы - көлік құралдарынан түсетін жүктемені тікелей қабылдайтын, жол негізіне салынатын және берілген пайдаланымдық талаптарды қамтамасыз ету мен жол негізін атмосфералық факторлардың әсерінен қорғауға арналған жол төсемесінің бір немесе көп қабатты жоғары бөлігі;
автомобиль жолының тұтынушылық қасиеттері - көлік ағындары қозғалысының қауіпсіздігі мен үнемділігін, соның ішінде, жолдың қозғалыспен жүктелу деңгейін, көлік ағыны қозғалысының жылдамдығын, қауіпсіздігін және қолайлылығын қамтамасыз ететін автомобиль жолының көліктік пайдалану көрсеткіштері;
автомобиль жолының шекті жай-күйі - жолды әрі қарай пайдаланудың техникалық мүмкін еместігіне немесе тиімсіздігіне сәйкес келетін жай-күйі;
автомобиль жолдарын пайдалану процесі - автомобиль жолдарын өз мақсатында пайдалану, сондай-ақ автомобиль жолын күтіп ұстау мен жөндеуді қамтитын, автомобиль жолдарының сапасы іске асырылатын, қамтамасыз етілетін және қалпына келтірілетін олардың қолданыста болу циклінің негізгі сатысы;
автомобиль жолдары мен жол құрылыстарын күтіп ұстау - қызмет көрсетілетін жолдар бойынша көлік құралдарының жыл бойы қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған, жолдарға, жол құрылыстарына және бөлу жолағына жүйелі күтім жасау жөніндегі жұмыстар кешені;
автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау - автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын қар басып қалудан қорғауға, оны уақтылы тазартуға және жол жамылғысының қысқы тайғақтығымен күресуге байланысты айрықша жұмыстар кешені;
автомобиль жолының қызмет ету мерзімі - салынған жолды пайдалануға тапсырудан бастап оның шекті жай-күйі басталғанға дейінгі пайдаланудың күнтізбелік ұзақтығы;
жолдардың техникалық пайдалану сапасы мен сипаттамасы - пайдалану процесінде жолдың инженерлік құрылыс ретіндегі жұмысқа қабілеттілігін және сенімділігін белгілейтін сипаттамасы;
автомобиль жолының көліктік пайдалану жай-күйі - жолды зерттеу сәтінде оның тұтынушылық қасиеттерін қамтамасыз ететін жолдың техникалық деңгейінің және пайдалану жай-күйінің параметрлері мен сипаттамаларының іс жүзіндегі мәндерінің кешені;
автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары - автомобиль жолының сапасына, қызмет етудің белгіленген мерзімі ішінде оны жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйде ұстауға бағытталған жұмыс түрлері мен технологияларына қойылатын талаптар жиынтығы;
автомобиль жолдарын пайдалану - көлік құралдарының үнемді, қауіпсіз, ыңғайлы және үздіксіз қозғалысы кезінде жолды пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешені.
3. Жалпы талаптар
4. Автомобиль жолдарының көліктік пайдалану жай-күйі және оны ұстап тұру жөніндегі іс-шаралар жол қозғалысына қатысушылардың, сондай-ақ жануарлар мен өсімдіктердің, қоршаған орта қауіпсіздігінің қажетті деңгейін және автомобиль жолын пайдаланудың белгіленген мерзімі ішінде ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі тиіс.
5. Осы Техникалық регламентте белгіленген талаптарды автомобиль жолдарының меншік иесі болып табылатын және (немесе) автомобиль жолында жөндеу-құрылыс және пайдалану жұмыстарын жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар қамтамасыз етуі тиіс.
6. Пайдалану жөніндегі іс-шаралар олардың белгіленген қызмет ету мерзімі ішінде автомобиль жолдары арқылы жүктер мен жолаушыларды тасымалдаудың қауіпсіз жағдайларының жасалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мынадай қағидаттарды сақтауға бағытталуы тиіс:
автомобиль жолдарын пайдалану кезінде климаттық, төтенше және басқа да факторлар мен оқиғаларға байланысты болдырмауы мүмкін болмайтын және жол-көлік оқиғаларының туындауына әкелетін тәуекелдерден қорғау;
автомобиль жолының пайдаланымдық жай-күйінің қолайсыз әсерінің салдарынан адамдар, жануарлар мен өсімдіктер, қоршаған орта мен ұлттық қауіпсіздік үшін жол-көлік оқиғаларының және басқа да қауіп түрлерінің туындау тәуекелін уақтылы жою немесе төмендету;
автомобиль жолының пайдаланымдық жай-күйінің нашарлауының және қабылданған қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігінің немесе төтенше жағдайлардың туындауы салдарынан оның жекелеген учаскілерінде жол-көлік оқиғаларының туындауының мүмкін болатын қалдық тәуекелі туралы ақпараттың болуы және қол жетімділігі.
7. Автомобиль жолдарын пайдалану кезінде автомобиль жолдарындағы мынадай тәуекелдерге байланысты негізгі қауіпсіздік талаптарын назарға алу қажет:
жол-көлік оқиғасының туындау мүмкіндігі;
автомобиль жолының толығымен немесе оның жекелеген құрылымдық элементтерінің қирауы;
автомобиль жолы мен оның инфрақұрылымы жұмысының сенімділігі көрсеткіштерінің қысқа немесе ұзақ уақыт өзгеруіне әкеп соқтыратын табиғи-климаттық, техногендік және өзге де факторлардың әсері.
8. Автомобиль жолын пайдалану кезінде қауіпті жағдайдың туындау мүмкіндігін анықтайтын негізгі факторлар мыналар болып табылады:
1) автомобиль жолдарын пайдаланушылардың «Автомобиль жолдарын жобалау жөніндегі қауіпсіздік талаптары» техникалық регламентінің, басқа техникалық регламенттердің және ұлттық стандарттардың талаптарын сақтауы, мыналарға:
габариттік өлшемдерге, жалпы салмақ пен осьтік жүктемелердің параметрлеріне, ал жекелеген жағдайларда тасымалдау процесінде пайдаланылатын көлік құралдарының өзге де техникалық сипаттамаларына және олардың техникалық жай-күйіне;
тасымалдау процесі жүзеге асырылатын автомобиль жолын пайдаланудың штаттық жағдайларында да және пайдалану қызметі оны күтіп ұстау мен жөндеу жөніндегі сол немесе өзге де технологиялық операцияларды жүргізу кезінде көлік құралының типін, автомобиль жолының техникалық санатын және табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, автомобиль қозғалысының жылдамдық режиміне қойылатын басқа да техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттарды сақтау;
2) жер төсемінің, жол төсемесінің және жасанды құрылыстардың геометриялық элементтері параметрлерінің, сондай-ақ жол жағдайы мен пайдаланылатын жолдың инженерлік жайғастырылуының жобаға сәйкестігі;
3) уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген көлік құралдарының қозғалысы қарқындылығының жылдық орташа тәуліктік орташа көрсеткіштерінің пайдаланылатын автомобиль жолының техникалық санатына сәйкестігі;
4) жүргін бөлік пен жол жиегінің, жасанды құрылыстардың, жол жағдайының, жолды инженерлік жайғастыру мен қозғалысты ұйымдастыру заттарының техникалық жай-күйінің осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігі;
5) пайдалану қызметі техникалық персоналының тиісті техникалық регламенттер, ұлттық стандарттар, технологиялық карталар мен қағидалар талаптарын сақтауы:
автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі әртүрлі жұмыстарды орындау кезінде пайдаланылатын материалдардың, бұйымдардың, машиналар мен тетіктердің сипаттамаларына, сондай-ақ осы жұмыс түрлерін орындауға тартылатын қызметкерлердің біліктілігіне;
автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстардың орындалу мерзімдері мен кезеңділігіне;
жол пайдалану жұмыстарды ұйымдастыруға және орындау технологиясына;
автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін пайдаланылатын машиналардың, тетіктер мен жабдықтардың құрамына, оларды пайдалану мен тұраққа қою шарттарына;
жөндеу-құрылыс материалдары мен бұйымдарының қажетті қорларын орналастыру мен жинастыру шарттарына;
автомобиль жолын күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстар орындалатын аймақтағы қозғалысты ұйымдастыруға;
жол пайдалану жұмыстарының сол немесе өзге түрін жүргізуге байланысты іс-шаралардың бүкіл кешенін іске асыру кезінде қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге;
пайдаланылатын автомобиль жолының жол бойы жолағында орналасқан, қозғалысқа қызмет көрсететін құрылыстарды пайдалану мен жолды абаттандыру шарттарына;
автомобиль жолын күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстардың орындалу сапасын бақылауды және оның пайдаланымдық мониторингін ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын тиісті техникалық регламенттердің, мемлекеттік стандарттардың, техникалық карталар мен ережелердің талаптарын сақтауы.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
9. Автомобиль жолдарын пайдалану процесiнде орындалатын және осы Техникалық регламенттiң қолданылу саласына жатқызылатын жұмыстың барлық түрлерi аталған Техникалық регламентте, сондай-ақ талаптары оларға қолданылатын үйлестiрiлген ұлттық стандарттар мен басқа да техникалық регламенттерде белгiленген негiзгi қауiпсiздiк талаптарын қамтамасыз етуi тиiс.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
10. Автомобиль жолы қарамағында болатын заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ күтіп ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстарды өндірушілер (пайдаланушы ұйымдар) олар осы Техникалық регламентте көзделген талаптарды төмендетпейді деген шартпен адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ету үшін қажетті деп есептейтін қосымша талаптар белгілей алады.
11. Автомобиль жолының (немесе жол желісінің) пайдаланымдық жай-күйі осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, автомобиль жолы (немесе жол желісі) бойынша қозғалыс толығымен тоқтатылғанға дейін уақытша шектеулер енгізілуі тиіс. Шектеулерді енгізу тәртібін автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган белгілейді.
2-бөлім. Автомобиль жолдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік
талаптары
4. Қауіпсіздіктің негізгі техникалық талаптары
12. Мыналардың техникалық сипаттамалары мен пайдаланымдық жай-күйі қауіп көзі болуы мүмкін:
жүру бөлігі;
шеткі жолақтардың, жол жиектері мен бөлу жолақтары;
жер төсемі;
жасанды құрылыстар;
қозғалысты ұйымдастыру құралдары;
жол қоршаулары;
жол сервисі құрылыстары мен жолды абаттандыру;
жасанды жарықтандыру.
13. Жүру бөлігі жамылғысының жай-күйіне қойылатын талаптар:
1) жүру бөлігі жамылғысында автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін қауіп тудыратын немесе көлік құралдарының рұқсат етілген жылдамдықпен қозғалуын қиындататын ойықтар, жолдың отыруы, шұңқырлар және өзге де зақымданулар немесе ақаулар, сондай-ақ бөгде заттар болмауы тиіс.
Жекелеген зақымданулардың шекті өлшемдері ұзындығы бойынша 0,15 метрден, ені бойынша 0,6 метрден және тереңдігі бойынша 0,05 метрден аспауы тиіс.
Жамылғының мың шаршы метріне келетін зақымданулардың жиынтық ауданы көктемгі және қысқы кезеңде (жылдың өзге мерзімдерінде) пайдаланылудағы автомобиль жолы бойынша жеңіл автомобильге келтірілген қозғалыс қарқындылығы кезінде мынадай мәндерден аспауы тиіс:
6000 авт./тәу. артық - тиісінше 1,5 м 2 және (0,3 м 2 );
2000-нан 6000 авт./тәу. дейін - тиісінше 3,0 м 2 және (1,0 м 2 );
1000-нан 2000 авт./тәу. дейін - тиісінше 4,5 м 2 және (1,5 м 2 );
200-ден 1000 авт./тәу. дейін - тиісінше 6,0 м 2 және (2,0 м 2 );
200 авт./тәу. кем - тиісінше 7,0 м 2 және (2,5 м 2 ).
Автомобиль жолдарындағы зақымдануларды жою мерзімі мыналардан аспауы тиіс:
I және II техникалық санаттағы - бес тәулік;
техникалық санаттағы - жеті тәулік;
және V техникалық санаттағы - он тәулік.
2) жол жамылғысының IRI немесе соққы өлшегіштің көрсеткіштерін пайдалана отырып өлшенген тегістігі жол төсемесінің типі мен қозғалыс қарқындылығына байланысты нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуі тиіс;
3) жүру бөлігінен су бұру жамылғы мен жол жиегінде судың жиналуын болдырмайтын жай-күйде ұсталуы тиіс;
4) жол төсемесінің жамылғысы автомобиль жолын пайдаланудың штаттық жағдайларында ПКРС-2 аспабымен өлшенген бұжыртабан суреті жоқ шиналар үшін 0,3-тен және бұжыртабан суреті бар шиналар үшін 0,4-тен кем емес ілінісу коэффициентін қамтамасыз етуі тиіс;
5) тұтқырғыштың булануына байланысты туындаған тайғақтықты жою, жамылғыны ластанудан тазарту, жамылғының кедір-бұдырлығын арттыру арқылы жол жамылғысының ілінісу сапасын жақсарту жөніндегі жұмыстарды орындау мерзімін автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган белгілейді;
6) жеңіл автомобильге келтірілген, қозғалыс қарқындылығы тәулігіне алты мың автомобильден артық болған жағдайда жүру бөлігінің бүкіл ені бойынша батпақ болуына жол берілмейді. Жеңіл автомобильге келтірілген аз қозғалыс қарқындылығы кезінде ені 0,5 метрге дейінгі жамылғы жиегінде ластанған жолақтардың болуына жол беріледі, олардың көлемі жамылғының жалпы ауданының төменде келтірілген пайыздық мәнінен артық болмауы тиіс:
2000-нан 6000 авт./тәу. дейін - 3;
1000-нан 2000 авт./тәу. дейін - 5;
200-ден 1000 авт./тәу. дейін - 8;
200 авт./тәу. кем - 10;
7) І техникалық санаттағы автомобиль жолдарының жүру бөлігінде жолтабан болмауы тиіс. Өзге техникалық санаттағы автомобиль жолдарының жүру бөлігіндегі жолтабан тереңдігінің рұқсат етілген шекті мәндері үйлестірілген стандарттарда белгіленеді.
14. Жол жиектері мен бөлу жолақтарын күтіп ұстауға қойылатын талаптар:
1) жол жиектерінің жүру бөлігімен жанасу тұсындағы биіктік белгісі жүру бөлігі жиегінің биіктік белгісімен бірдей болуы немесе одан төрт сантиметрден артық төмен болмауы тиіс. Жүру бөлігінің жол жиегімен жанасу тұсында жиектеме болған жағдайды қоспағанда, жол жиегінің жүру бөлігі жиегінің деңгейінен жоғары болуына жол берілмейді;
2) жол жиектерінің бұзылулары мен зақымданулары болмауы тиіс. Жол жиектерінің бар бұзылулары мен зақымдануларын жою мерзімі үш тәуліктен аспауы тиіс;
3) жол жиектерінің техникалық жай-күйі оларда көлік құралдарының қысқа мерзімге тоқтау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс;
4) жол жиектерін мыналарға пайдалануға тыйым салынады:
жөндеу жұмыстарын орындау учаскелерінде уақытша айналма жолдар жайғастырылған жағдайларды қоспағанда, жол-құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде жол-құрылыс материалдарын жинауға;
құрылыс-жол машиналары мен көлік құралдарын тәуліктің қараңғы уақытын қоса алғанда, ұзақ мерзімге тұраққа қоюға;
автомобиль жолын жайғастыруға қатысы жоқ бөгде заттарды орналастыруға;
5) жол жиектері мен бөлу жолағындағы зақымданулардың, отырулар мен су жиналу орындарының автомобиль жолдарын жазғы және қысқы (көктемгі) кезеңде пайдалануға қатысты жамылғының 1000 м 2 келетін жалпы ауданы (жеңіл автомобильге келтірілген қозғалыс қарқындылығы кезінде) мынадай мәндерден аспауы тиіс:
6000 авт./тәу. артық - тиісінше жол жиектері бекітілген жағдайда 0,3 (1,5) м 2 және жол жиектері бекітілмеген жағдайда 0,5 м 2 ;
2000-нан 6000 авт./тәу. дейін - тиісінше 1,0 (3,0) м 2 және 7,0 м 2 ;
1000-нан 2000 авт./тәу. дейін - тиісінше 1,5 (3,5) м 2 және 10,0 м 2 ;
200-ден 1000 авт./тәу. дейін - тиісінше 2,0 (6,0) м 2 және 12,0 м 2 ;
200 авт./тәу. кем - тиісінше 2,5 (7,0) м 2 және 15,0 м 2 .
15. Жер төсемін күтіп ұстауға қойылатын талаптар:
1) автомобиль жолының жер төсемі қызмет ету мерзімі ішінде жобада көзделген кеңістіктегі орналасу мен жобалық геометриялық параметрлерді сақтауы тиіс;
2) жер төсемін күту жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде оның жобалық енін азайтуға, жол жиектері мен еңістердің көлденең, құламасын өзгертуге жол берілмейді;
3) жер төсемінің жол жиектері мен құламаларында жер төсемінің топырағы мен жол төсемесінің негізін кейіннен шамадан тыс ылғалдандыруға алып келетін нөсер және еріген қар суларының тұрып қалуы мүмкін ойықтар мен шөгінділер түріндегі беттік ақаулар болмауы тиіс;
4) жер төсемінің құламалары жол қозғалысын ұйымдастыруға және автомобиль жолын жайғастыруға қатысы жоқ бөгде заттарсыз таза болуы тиіс;
5) автомобиль жолын пайдалану процесінде ісінуге бейім жерлерді анықтаған және оларды уақтылы жою, сондай-ақ жолды пайдаланушыларды қауіпті аймақтағы қозғалыс режимі туралы уақтылы хабар ету жөнінде шаралар қабылдаған жөн.
16. Жолдардағы жасанды құрылыстарды күтіп ұстауға қойылатын талаптар:
1) көпір құрылыстары.
Көпір құрылыстары қызмет ету мерзімі ішінде жобада көзделген қалыпта қалуы тиіс.
Көпір құрылысының техникалық жай-күйі тұтастай алғанда бүкіл құрылыс пен оның жеке бөліктерінің есептелген жүктемелер мен әсерлерге механикалық қарсыласуын және құрылыстың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Көпір құрылысының аралық құрылымының негізгі элементтерінің техникалық жай-күйі жүк көтергіштіктің жобалық шамасын қамтамасыз етуі тиіс.
Көпір астындағы кеңістіктің жай-күйі есептелген су тасқынынан асып кетудің белгіленген ықтималдығынан жоғары сулардың, сең мен ағаштың қауіпсіз жүруін, ал тиісті мемлекеттік уәкілетті орган белгілеген жағдайларда навигациялық кезеңде өзен класын ескере отырып кеме қатынасы бойынша кемелердің кедергісіз өтуін қамтамасыз етуі тиіс.
Көпір құрылысының жүру бөлігінің жамылғысында қозғалысқа қатысушылар үшін қауіп төндіретін немесе көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қиындататын зақымданулар болмауы тиіс.
Жүру бөлігіне бөгде заттарды қоюға рұқсат етілмейді. Қар мен қоқыс жүру бөлігінен және жаяу жолдардан құрылыстан тыс жерлерге дереу шығарылуға жатады.
Зақымданған қоршау құрылғылары жол пайдалану қызметі зақымдануды анықтаған сәттен бастап үш тәуліктің ішінде қалпына келтірілуі тиіс. Қоршау құрылғыларында зақымданулар анықталған кезде көпірге шығатын жол алдына қауіптілік туралы ескертетін жол белгілерін орнатқан жөн, олар зақымданулар жөнделгеннен кейін алынып тасталуы тиіс.
Жол өткелінің аралық құрылыстары арқалықтарының бөлігі (бір немесе екі) габаритті емес көлік құралдарымен зақымданған кезде қираған арқалықтардың үстіндегі жүру төсемінің бөлігін дереу автокөлік құралдарының жүріп өтуінен бөліп қоршап, қираған арқалықтарды ауыстыру және жүру төсемін қалпына келтіру шараларын қабылдаған, сондай-ақ осы төтенше оқиғаны қызметтік тексеруді ұйымдастырған жөн.
Тіректер мен аралық құрылыстар толығымен қираған кезде тиісті қоршау құрылғыларын және жарық шағылдырғыш құрылғылары бар жол белгілерін орната отырып, қираған құрылыс ауданындағы жол учаскесінде қозғалысты тоқтатқан жөн. Жол белгілері қоршаудың алдында кемінде жүз метр қашықтықта орнатылуы тиіс. Көпір құрылысының қирауы туралы жоғары тұрған ұйым мен тиісті мемлекеттік уәкілетті органдарды дереу хабарландырған жөн;
2) шағын көпірлер мен су өткізгіш құбырлар.
Құбырдың немесе шағын көпірдің қирауы анықталған кезде қираған құрылыс ауданындағы жол учаскесінде қозғалысты дереу тоқтату, айналма жолды дайындау және құрылысты қалпына келтіруге немесе ауыстыруға кірісу керек.
Қысқы кезең басталар алдында құбырдың кіретін және шығатын жерлеріндегі саңылауларды қалқандармен жабу керек, ал көктемде қар еру басталар алдында орнатылған қалқандарды алып, су өткізгіш құрылыстардың саңылауларын қардан, мұздан, шөптен және өзге де бөгде заттардан тазарту керек. Еріген сулар кеткеннен кейін көпірлер мен құбырларды тексеріп, оның материалдары бойынша анықталған ақауларды жою жөнінде жұмыстар белгілеу керек.
17. Қозғалысты ұйымдастыру құралдарын күтіп ұстауға қойылатын талаптар:
1) жол белгілері.
Жол белгiлерiнiң орналасқан жерi мен негiзгi параметрлерi тиiстi ұлттық стандарттардың талаптарына сай болуы тиiс.
Жол белгiлерiнiң ең аз көрiнiмi тәулiктiң жарық және қараңғы уақытында нақты жол жағдайларында автомобиль жолдарының түрлi санаттары мен көлiк құралдарының әр түрiне арналған тиiстi ұлттық стандарттарда рұқсат етiлген қозғалыс жылдамдығын қауiпсiз iске асыруды есепке ала отырып жүз метрді құрауы тиiс.
Жол белгілерінің зақымдануларын жою мерзімі үш тәуліктен, ал басымдылық белгілері үшін - бір тәуліктен аспауы тиіс.
Уақытша орнатылған белгілер оларды орнату қажеттігін тудырған себептер жойылғаннан кейін бір тәуліктің ішінде алынып тасталуы тиіс.
2) жол таңбалау.
Жол белгілерін қолдану қағидалары, айырмашылығы мен негiзгi фотометриялық параметрлерi тиiстi үйлестiрiлген ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес болуы тиiс.
Талап етiлетiн фотометриялық айырым параметрлерi төмендеген кезде (белгінің боялған қабатының ескiруi және тозуы салдарынан) жол белгісін тиiстi үйлестiрiлген ұлттық стандарттарда белгiленетiн мерзiмдерде қалпына келтiру керек.
3) жол бағдаршамдары.
Жол бағдаршамдарын орналастыру, топтары, типтері, түрлері, орнату тәсілдері тиісті мемлекеттік стандарттар мен нормалардың талаптарымен белгіленеді.
Жол бағдаршамдарын орналастыру, орнату топтары, типтерi, түрлерi, тәсiлдерi тиiстi ұлттық стандарттар мен нормалардың талаптарында белгiленедi.
Жасанды жарықтандырудың жарық көзі зақымданғандығы анықталған кезде зақымдануларды жою мерзімі үш тәуліктен аспауы тиіс. Өткізгіштердің үзілуі және тіректердің бұзылуы түріндегі зақымданулар дереу жойылуы тиіс;
4) жол қоршаулары мен бағыттаушы құрылғылар.
Жол қоршаулары мен бағыттауыш құрылғыларды орнату орнын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарын сақтай отырып анықтаған жөн.
Сызаттардың ашылған торлары, арматураға дейін бетон жарықшасы бар темір-бетон тіректер мен аралықтарды, көлденең қимасының физика-механикалық қасиеті сәйкес келмейтін (есептелгеннен аз) немесе механикалық зақымданулары бар ағаш және металл тіректер мен арқалықтарды пайдалануға жол берілмейді.
Белгі беретін бағаналарда кезге көрінетін қираулар мен деформациялар болмауы тиіс және олар тәуліктің жарық кезінде кемінде жүз метр қашықтықтан анық көрінуі тиіс.
Қоршайтын немесе бағыттайтын құрылғылардың зақымдануларын (қирауларын) жою мерзімі зақымданулар анықталған сәттен бастап бір тәуліктен аспауы тиіс.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.07.02 № 761 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 23.07.2013 № 735 қаулыларымен.
18. Қысқы күтіп ұстауға қойылатын талаптар:
жолдарды қардан тазартуды әдетте жер төсемінің енін толық бойлай, ал қысқы тайғақтықты жоюды - жүру бөлігінің ені мен бекітілген жиектеме жолақтарды бойлай жүргізу керек;
қар үйіліп қалатын жол учаскелері боранда борайтын қарды жолдан тысқары ұстап қалатын құралдармен қорғалуға тиіс;
жолда көктайғақ және күртік қар пайда болған кезеңдерде құм немесе ұсақ фракциялы тас материалдарды, сондай-ақ қысқы тайғақтықпен күресудің химиялық немесе аралас әдістерін пайдаланып, жол жамылғысының ілінісу қабілетін жақсарту жөнінде шаралар қабылдау қажет;
қар жауған немесе боран тоқтаған сәттен бастап қарды тазартуды және әртүрлі санаттағы автомобиль жолдарында қысқы тайғақтық пайда болған сәттен бастап оларды жоюды аяқтау мерзімдері төменде сағатпен келтірілген мәндерден аспауы тиіс:
I техникалық санат - 2;
II техникалық санат - 4;
ІІІ техникалық санат - халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 5 және тұрақты автобус қатынасы бар жергілікті маңызы бар жолдарда 6;
IV техникалық санат - қозғалыс қарқындылығы тәулігіне бес жүз автомобильден артық болған жағдайда 6, ал қозғалыс қарқындылығы аз болған жағдайда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 8, ал жергілікті маңызы бар жолдарда: тұрақты автобус қатынасы болған жағдайда 10 және көлік құралдары қозғалысының қысқа мерзімді үзілісі мүмкін болған кезде 12;
V техникалық санат 16, ал қозғалыс тұрақты болмаған жағдайда - 48;
5) қарды тазарту және қысқы тайғақтықты жою жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін қозғалыс қарқындылығы тәулігіне бес жүз автомобильден артық болған кезде халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жамылғыларында тығыздалған қардың болуына жол берілмейді;
6) мынадай жерлерде қар үйінділерінің қалыптасуына жол берілмейді:
автомобиль жолдарының бір деңгейде қиылысуында;
бір деңгейде темір жол өтпелеріндегі көрінім үшбұрышының аумағында;
қоғамдық көліктің аялдау пунктінен жиырма метрден жақын;
кіші радиустардың аумағында қисықтардың ішкі жағында;
қоршау құрылыстары мен жиектемелер орналасқан учаскелерде;
жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары орналасқан орындарда;
таудағы автомобиль жолдарының көшкін қаупі бар учаскелерінде көшкін қаупінің уақтылы алдын алу және оны жою, сондай-ақ түрлі мақсаттағы көшкінге қарсы қажетті құрылыстардың жайғастырылуы жөнінде шаралар қабылдануы тиіс.
19. Жол-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік талаптары:
1) жұмыстар жүргізілетін орындарда тиісті қоршаулар орнату және жол белгілерінің, нұсқағыштар мен қозғалысты ұйымдастырудың және басқарудың басқа да құралдарының көмегімен, олардың жол жұмыстарын жүргізу уақытында сақталуын және олар толығымен аяқталған соң уақтылы алынуын қамтамасыз ете отырып, жолдарды пайдаланушыларға қозғалыс шарттары мен режимдері туралы қажетті ақпаратты ұсыну қажет;
2) жүру бөлігінің және жол жиегінің жол жөндеу жұмыстары орындалып жатқан жерлерінде және автомобиль жолының оларға іргелес учаскелерінде мыналарға:
осы жұмыс ауысымының технологиялық операцияларында пайдаланылмайтын жол машиналарын, автомобильдерді, мүкәммал мен жабдықтарды орналастыруға;
осы жұмыс ауысымының қажеттілігінен асатын көлемде құрылыс материалдары мен бұйымдарын қоймаға салуға;
бір жұмыс ауысымының аяқталуы мен басқа жұмыс ауысымының басталуы аралығында, тәуліктің қараңғы уақытын қоса алғанда, жол машиналарын, технологиялық көлікті, мүкәммал мен жабдықтарды тұраққа қоюға тыйым салынады.
5. Сәйкестік презумпциясы
20. Нормалары осы Техникалық регламенттің және Техникалық регламентке 1-қосымшада көрсетілген онымен үйлестірілген стандарттармен, сонымен бірге "Автомобиль жолдарын жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптары" техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келетін пайдаланымдағы автомобиль жолдары осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес деп есептеледі.
21. Осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкестігін растау үшін жобалау ұйымдары мен жол пайдалану кәсіпорындары нормалары мен көрсеткіштері үйлестірілген стандарттардың талаптарынан төмен болмайтын өзге де нормативтік құжаттарды қолдана алады.
6. Сәйкестікті растау
22. Автомобиль жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздікке қойылатын талаптарға сәйкестігін растау нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес анықталған және автомобиль жолдары жөніндегі мемлекеттік уәкілетті орган мен пайдаланушы ұйымның пайдалану процесінің тиісті кезеңінің қабылдау актілерімен қол қойылған үйлестірілген стандарттар мен осы Техникалық регламентке сәйкес автомобиль жолының көліктік пайдалану жай-күйі болып табылады.
3-бөлім. Ауыспалы ережелер
7. Ауыспалы ережелер
23. Осы Техникалық регламент қолданысқа енгізілген сәттен бастап Қазақстан Республикасының аумағында қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілер осы Техникалық регламентке сәйкес келтірілгенге дейін тек осы Техникалық регламенттің талаптарына қайшы келмейтін және автомобиль жолдарын пайдалану кезінде ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қорғау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам өмірін немесе денсаулығын және қоршаған ортаны қорғау мақсаттарына сәйкес келетін бөлігінде ғана орындалуы тиіс.
24. Пайдаланымдағы автомобиль жолдарының, оның ішінде қайта жаңғыртылғандарының осы Техникалық регламент қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар оларда белгіленген мерзімдер аяқталғанға дейін жарамды деп есептеледі.
"Автомобиль жолдарын пайдалану
кезіндегі қауіпсіздікке
қойылатын талаптар"
техникалық регламентіне
1-қосымша
Осы Техникалық регламентпен үйлестірілген
нормативтік-техникалық құжаттардың тізбесі
1. ҚР СТ 1053-2002 Автомобиль жолдары. Терминдер мен анықтамалар.
2. ҚР СТ 1124-2003 Жол қозғалысын ұйымдастыру техникалық құралдары. Жол таңбалары. Техникалық талаптар.
3. ҚР СТ 1125-2002 Жол белгілері. Жалпы техникалық шарттар.
4. ҚР СТ 1219-2003 Автомобиль жолдары және аэродромдар. Негіздер мен жамылғылардың тегіссіздігін өлшеу әдістері.
5. ҚР СТ 1278-2004 Жолдық шектеулер жүйелері. Металдан жасалған қауіпсіздік тосқауылдары. Техникалық шарттар.
6. ҚР СТ 1279-2004 Автомобиль жолдары және аэродромдар. Жол жамылғысының кедір-бұдырлығын және жол жамылғысымен автомобиль доңғалақтарының ілігу коэффициентін анықтау әдістері.
7. ҚР СТ 1293-2004 Автомобиль жолдары және аэродромдар. Қатты емес жол төсемдерінің серпімділік модулін анықтау әдістері.
8. ҚР СТ 1378-2005 Автомобиль жолдары. Қозғалыс қарқындылығын есепке алу.
9. ҚР СТ 1397-2005 Автомобиль жолдары. Құрылысқа, қайта жаңғырту мен күрделі жөндеуге жобалық және жұмыс құжаттамасының құрамы мен ресімдеуге қойылатын талаптар.
10. ҚР СТ 1412-2005 Жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдары. Қолдану ережелері.