Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылғы 16 тамызда Бішкек қаласында қол қойылған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері;
өзара құрмет және тең құқылық негізінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің халықтары арасында достық және ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайтуға және дамытуға ынта білдіре отырып,
Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2002 жылғы 7 шілдедегі Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына бейілділік таныта отырып,
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды мән бере отырып,
Тараптар мемлекеттерінің тең құқықтық және этномәдени өзіндік ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттарымен, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және нығайтуға ұмтыла отырып,
төмендегі туралы келісті:
Тараптар халықаралық құқық нормаларына және өз мемлекеттерінің
ұлттық заңнамаларына сәйкес музыка, театр, бейнелеу өнері, кинематография, мұрағат, кітапхана және мұражай ісі, мәдени мұра объектілерін қорғау, халықтық кәсіпшілік, сәндік-қолданбалы, көркемөнерпаз, эстрадалық және цирк өнері, сондай-ақ шығармашылық қызметтің басқа да түрлері саласындағы өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
Тараптар ынтымақтастықты және осы мақсатта, қажеттілігіне қарай, Тараптар мемлекеттерінің мәдениет саласындағы өзара іс-қимылы мәселелері бойынша ақпараттық және нормативтік-құқықтық базасын одан әрі нығайтуды қолдайды.
Тараптар жекелеген халықаралық шарттар және ұлттық заңнама негізінде мәдениет пен өнердің жекелеген мамандықтарының қызметкерлерін даярлау және біліктілігін арттыру саласында ынтымақтасады, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің мәдениет және өнер оқу орындары арасындағы тікелей өзара іс-қимылға қолдау көрсетеді.
Тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер аумағында болып жатқан мәдени өмір оқиғалары туралы (семинарлар, конкурстар, конференциялар, колоквиумдар, дөңгелек үстелдер, сессиялар, фестивальдер және шығармашылық және ғылыми тәжірибе алмасудың басқа да нысандары) ақпарат алмасады және өз өкілдерінің осы іс-шараларға қатысуына ықпал жасайды.
Тараптар халықаралық құқық нормаларына және өз мемлекетінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз құзыреті шеңберінде заңсыз әкету нәтижесінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарында табылған мәдени құндылықтарды анықтау және қайтару жөніндегі ынтымақтастықты дамытады, сондай-ақ мәдени құндылықтарды заңсыз әкелудің және әкетудің алдын алу іс-шараларын жүзеге асырады, осы проблема жөнінде ақпарат алмасады және заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды қайтаруға жәрдемдеседі.
Тараптар мәдени мұра ескерткіштері мен объектілерін қорғау, сақтау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады, мәдениет саласындағы халықаралық жобаларды іске асыру шеңберінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылына ықпал жасайды.
Ынтымақтастық нысандары, сарапшылар тобын қалыптастыру, жұмыс тәртібі жекелеген халықаралық шарттармен және өзге де құжаттармен анықталады.
Тараптар кинематография саласында, оның ішінде өз мемлекеттерінің ұлттық киномұрағаттары (фильм қорлары) арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Тараптар:
- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің кинодистрибьютерлері, сондай-ақ кинематография мекемелері мен қызметкерлерінің шығармашылық одақтары арасындағы ынтымақтастыққа;
- Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерде ұйымдастырылатын халықаралық кинофестивальдерге осы фестивальдердің регламентіне сәйкес Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің фильмдерінің, өнер қайраткерлері мен кинематографистерінің қатысуына;
- Тараптар мемлекеттері арасында коммерциялық емес негізде киножобаларды іске асыруға және киноөнімдер алмасуға жәрдемдеседі.
Тараптар дәстүрлі мәдениет және көркем халық кәсіпшілігі саласындағы байланыстарға, халық шеберлерінің көрмелерін, халық шығармашылығы фестивальдерін ұйымдастыруға ықпал жасайды, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер аумағында өткізілетін акцияларға, іс-шаралар мен халықтық мерекелерге фольклорлық ұжымдардың қатысуына жәрдемдеседі.
Тараптар екі жақты шарттардың негізінде мәдениеттану саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениетіне, тарихына, географиясына, қоғамдық дамуына қатысты мұрағаттық, ғылыми және өзге де материалдармен алмасады.
Тараптар баспа ісі, кітап шығару, көркем шығармаларды, ғылыми және арнайы әдебиеттер мен басқа да баспа өнімдерін аудару, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында кітап көрме-жәрмеңкелерін ұйымдастыру мен өткізу саласындағы ынтымақтастықты көтермелейді.
Тараптар өз құзыреті шегінде және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау саласында ақпарат алмасады.
Тараптар жастар мен балалар шығармашылығын дамытуға байланысты мәдениет саласындағы олар үшін қызығушылық тудыратын көп жақты бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтасады.
Егер басқа халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Келісім шеңберіндегі іс-шараларды қаржыландыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
жіберуші Тарап мемлекеті өз ұжымдарының, делегацияларының және жекелеген өкілдерінің жол жүру жөніндегі көліктік шығыстарын, деректемелерді алып өту, өз аумағындағы кедендік шығыстарды және әуежай алымдарын, орындаушыларға гонорар (келісім-шарт болған жағдайда), медициналық сақтандыруды төлейді;
қабылдаушы Тарап мемлекеті өз ұлттық заңнамаларына сәйкес өзінің аумағындағы қонақ үйде тұру және тамақтану, көлік қызметі, қойылымдар үшін қажетті техникалық жабдықтары бар залды жалға алу, жарнаманың барлық түрі, көмекші және техникалық қызметкерлердің, аудармашылардың қызметі, кедендік және әуежай алымдары, мәдени бағдарлама бойынша шығыстарды төлейді.
Көрмелер мен басқа да іс-шараларды өткізу шарттары, сондай-ақ Тараптардың өзара міндеттемелері (мерзімдер, экспонаттарды алып жүру, ілесіп жүрушілердің жол жүру жөніндегі көліктік шығыстары, кедендік және қоймалық шығыстар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сақтандыру) Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдарымен әр нақты жағдайда келісіледі.
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен іс-әрекеттерді үйлестіру, мәдениет саласындағы ынтымақтастық шеңберінде нақты іс-шараларды келісу және жүзеге асыру мақсатында Тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет саласындағы өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі сараптамалық жұмыс тобын құрады.
Сараптамалық жұмыс тобы нәтижелерді қорытындылау және осы Келісімді орындау жөнінде одан әрі стратегияны әзірлеу үшін жылына бір реттен кем емес немесе қажеттілігіне қарай (екі немесе одан да көп Тараптың өтініші бойынша) отырыстар өткізеді.
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.
Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.
Осы Келісім қатысушылары Тараптар болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
Осы Келісім Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелікке қабылданған кез келген мемлекеттің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30-күні күшіне енеді.
Осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 30 күн ішінде Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жолдайтын Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
Осы Келісімнің қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның ережелері іске асыру кезеңінде тұрған бағдарламалар мен жобаларға қатысы бойынша олардың толық аяқталуына дейін күшінде қалады.
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оған әр қол қоюшы Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы депозитарийдің соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу күніне дейін кемінде үш ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жолдап, шыға алады. Депозитарий осындай ниет туралы басқа Тараптарды мұндай хабарлама алған күннен бастап 30 күн ішінде хабардар етеді.
2007 жылғы 16 тамызда Бішкек қаласында орыс және қытай тілдерінде бір түпнұсқа данада жасалды, әрі екі мәтіннің де бірдей заңды күші бар.
Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін
РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі қытай тіліндегі мәтіні берілген.