Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. 2007 жылғы 27 қыркүйекте Бразилияда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік
паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
(2008 жылғы 8 қыркүйекте күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі,
екі жақты қарым-қатынасқа жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
қазіргі бар достық қатынастарды нығайтуға деген ұмтылысты назарға ала отырып және бір Тарап мемлекеті азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына сапарларына жәрдемдесу мақсатында,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар Тараптардың бірі мемлекетінің және екінші Тараптың мемлекеті аумағында тіркелмеген азаматтары осы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келу, кету және транзитпен өту үшін визалық талаптардан тоқсан (90) күннен аспайтын кезеңге босатылады.
2-бап
Тіркелінетін мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің жазбаша сұрау салуы негізінде қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органдары болу мерзімін ұзартуға рұқсат бере алады.
3-бап
Дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері болып табылатын және жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары, сондай-ақ олармен бірге тұратын және жарамды дипломатиялық немесе қызметтік паспорттары бар отбасы мүшелері өздерінің тағайындалу немесе іссапарға жіберілу мерзімі ішінде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, онда бола алады және кете алады.
4-бап
Осы Келісімнің 1 және 3-баптарында аталған паспорттары бар әрбір Тарап мемлекетінің азаматтары халықаралық қатынастар үшін ашық, шекараны кесіп өтудің барлық өткізу пункттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келе алады және кете алады.
5-бап
Екінші Тараптың мемлекетінде Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы 18 сәуірдегі Вена конвенциясында немесе Консулдық қатынастар туралы 1963 жылғы 24 сәуірдегі Вена конвенциясында көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді иемденбейтін бір Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары осы екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде оның ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.
Тараптар шетел азаматтарының келуіне, кетуіне, транзитпен өтуіне және болуына қатысты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларындағы кез келген өзгерістер туралы бір-бірін хабарландырады.
6-бап
Тараптардың әрқайсысы қабылдаушы мемлекеттің аумағында болуы қолайсыз деп танылған, екінші Тарап мемлекеті азаматының келуінен бас тарту, болу мерзімін қысқарту немесе тоқтату құқығын сақтайды.
7-бап
Тараптар осы Келісімде көрсетілген жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен осы Келісімге қол қойылған күннен бастап отыз (30) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы алмасады.
Жаңа дипломатиялық және қызметтік паспорттарды енгізген немесе қолданыстағы паспорттар өзгерген жағдайда, Тараптар оларды қолданысқа енгізгенге дейін кем дегенде отыз (30) күн бұрын аталған паспорттардың үлгілерін дипломатиялық арналар бойынша бір-біріне жолдайды.
8-бап
Тараптардың әрқайсысы қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын уақытша тоқтата тұру, ішінара немесе толық тоқтату құқығын сақтайды.
Екінші Тарап осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданғанға дейін кем дегенде 72 сағат бұрын дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.
Бұл ретте оның қолданысының тоқтатылуы осы Келісімнің 1 және 3-баптарында аталған және екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген азаматтардың құқықтық жағдайына ықпал етпейді.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын қосымша хаттамалармен ресімделеді.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты даулар мен пікір алшақтықтары Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешілетін болады.
11-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күн өтісімен күшіне енеді.
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын Тараптардың бірі алған күннен бастап үш (3) ай өткенге дейін күшінде қалады.
2007 жылғы»27 қыркүйекте Бразилия қаласында әрқайсысы күші бірдей қазақ, португал, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Бразилия
Республикасының Федеративтік
Үкіметі үшін Республикасының
Үкіметі үшін