Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-француз іскерлік кеңесін құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-француз іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы»10 маусымдағы
N 562 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Француз Республикасының Үкіметі арасындағы
Қазақстан-француз іскерлік кеңесін құру туралы келісім
(Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар),
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге ниет білдіре отырып,
2008 жылғы 19 мамырда Астана қаласында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында,
сауда-саттық алмасудың, инвестициялардың өсуін, бірлескен жобаларды қолдауға бағытталған экономикалық ықпалдастықты дамытуға және жақсартуға ықпал ете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жалпы ережелер
Тараптар Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы экономикалық қатынастардың тиімділігін арттыруға ықпал ететін және өз қызметін Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының тең төрағаларымен өзара іс-қимыл жасау үшін жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Қазақстан-француз іскерлік кеңесін құру туралы (бұдан әрі - Іскерлік кеңес) келісті.
Берік экономикалық байланыстарды қамтамасыз ету мақсатында Іскерлік кеңес жоғары деңгейдегі ресми екі жақты кездесулер шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды өткізуге тартылуы мүмкін.
2-бап
Негізгі мақсаттары мен функциялары
Іскерлік кеңестің негізгі мақсаттары:
екі елде де қазақстандық және француздық экономикалық имиджді арттыруға жәрдемдесу;
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасында сауда-саттық алмасу және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және тереңдетуге жәрдемдесу болып табылады.
Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін Іскерлік кеңес мынадай функцияларды орындайды:
екі жақты қатынастарды одан әрі дамытуды ынталандыратын сауда және инвестициялық жобаларды айқындауға жәрдемдесу;
тең құқылы іскерлік ынтымақтастық және бәсекелестік контекстінде сауда-саттық алмасу мен кәсіпкерлікті дамытуға бөгет болатын ықтимал проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеу жолымен жәрдемдесу;
қазақстандық және француздық іскер топтарда екі елдің экономикалық имиджін, атап айтқанда оларды екі елдің әрқайсысында болатын экономикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және қатысуға (қазақстандық және француздық іскер топтардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, көрмелер, съездер мен форумдар) тарту жолымен нығайтуға жәрдемдесу;
Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі адамдарға ақпараттық-консультативтік көмек көрсету.
3-бап
Ұйымдық құрылымы
Іскерлік кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының ұлттық белгісі бойынша тепе-тең негізде екі жақты экономикалық қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға қатысуға өз мүддесін білдіретін іскер топтарының өкілдері кіреді.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының тең төрағалары Іскерлік кеңестің құрамын бекітеді.
Іскерлік кеңес өз қызметін Іскерлік кеңес мүшелерінің арасынан қалыптастырылған Іскерлік кеңес алқасының басшылығымен екі жылға жүзеге асырады.
Іскерлік кеңестің алқасы 6 адамнан (төраға мен төрағаның орынбасарын қоса алғанда) тұрады, мұнда Тараптардың әрқайсысы саны жағынан тең өкілдердің бірдей санымен ұсынылады.
Іскерлік кеңес алқасының төрағасы және төрағаның орынбасары Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының екі тең төрағасының ұсынымы бойынша консенсус жолымен екі жылға сайланады.
Іскерлік кеңес алқасының шешімдері мен ұсынымдары дауыс беру жолымен қабылданатын болады.
Іскерлік кеңестің алқасы қаралуы тиіс мәселелер аясын белгілейді, Іскерлік кеңес қызметінің жұмыс жоспарын, отырысының күн тәртібінің жобасын бекітеді, Іскерлік кеңес қызметінің мониторингін үйлестіреді және жүзеге асырады, Іскерлік кеңестің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін өзге де іс-шараларды жүзеге асырады.
Іскерлік кеңестің алқасы әрбір отырыстың қорытындылары бойынша Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының тең төрағаларына Іскерлік кеңес қызметінің нәтижелері туралы есеп береді. Бұл ретте, Іскерлік кеңестің алқасы қажет болған жағдайда бір жыл ішінде қосымша есептер беруі мүмкін.
Іскерлік кеңес өз қызметінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының бастамалары мен ұсынымдарын назарға алады.
4-бап
Отырыстарды ұйымдастыру және өткізу
Іскерлік кеңестің отырыстары қажет болған жағдайда жылына кемінде 2 рет, оның ішінде біреуі Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының отырыстары шеңберінде екі елдің бірінде өткізіледі.
Іскерлік кеңестің қызметі шеңберінде жекелеген мәселелерді талқылау және шешу үшін сараптау топтары ұйымдастырылуы мүмкін.
Іскерлік кеңестің отырыстарын ұйымдастыруды және өткізуді Іскерлік кеңестің алқасы қамтамасыз етеді.
5-бап
Бірлескен отырыстар өткізу жөніндегі шығыстар
Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды өз бюджеттік мүмкіндіктері шегінде дербес көтереді.
6-бап
Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу
Осы Келісім Тараптардың өзара келісімі бойынша өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін. Барлық өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделеді.
7-бап
Қолданылу кезеңі
Осы Келісім қол қойылған сәтінен бастап күшіне енеді, 5 жылға жасалады және бұл мерзім өткен соң, егер Тараптардың бірде-бірі басқасын Келісімнің қолданылуының тиісті мерзімі өткенге дейін кемінде 6 ай бұрын өзінің оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда хабардар етпесе, автоматты түрде бес жылдық кезеңге ұзартылады.
_______ жылғы "__" _______ ________ қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін