Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен
толықтырулар енгізу туралы
1-бап
. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының
Заңына
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж.,N 8-9, 237-құжат, 2004 ж., N 17, 100-құжат, 2005 ж., N 21-22, 87-құжат; 2007 ж., N 20, 152-құжат):
1) 2-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автор - шығармашылық еңбегімен туынды жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары;
3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты автордың, сабақтас құқықтар иесінің немесе айрықша құқықтардың өзге иелерінің рұқсатынсыз іс-әрекеттердің жүзеге асырылуын болдырмайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;
4) авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектісінің контрафактілік данасы - жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелеріне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына сәйкес авторлық құқық және сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушінің рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген, авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық әдістерін айналып өтуге мүмкіндік беретін заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегімен жасалған авторлық құқықтың және сабақтас құқықтардың объектілері де контрафактілік болып танылады;
5) авторлық шарт - нысанасы автордың мүліктік құқықтарын беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;
6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иесімен бірге туындыларды, орындауларды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын пайдалана алатын құқығы;
7) айрықша құқық - автордың немесе сабақтас құқықтар иеленушінің туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын осы Заңда белгіленген мерзім ішінде өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалану жөніндегі мүліктік құқығы;
8) аккредиттеу - уәкілетті органның осы Заңда белгіленген ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың құқықтылығын ресми тану рәсімі;
9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі мен (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық кіруді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;
10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің тіркелген серияларынан құралатын (дыбыспен немесе дыбыссыз берілетін) туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу әдісіне қарамастан кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (теле- және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;
11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туынды жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелері болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;
12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;
13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;
14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындау жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;
15) кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбіл, сым, оптикалық талшықтар арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегімен хабарлау;
16) көпшілік алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - кадрларды дыбыспен сүйемелдеу арқылы оларды ретімен көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда орындау;
17) көпшілікке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тікелей немесе слайд, кино-, телекадр түрінде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегімен немесе кез келген өзге әдіспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігінен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда көрсету;
18) көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару) - жазбаша және басқа да графикалық туындылар түпнұсқаларының немесе көшірмелерінің фотокөшірме жолымен немесе басып шығарудан өзге басқа да техникалық құралдар арқылы кез келген мөлшерде және нысанда бір немесе одан да көп данасын факсимильдік қайта шығару. Репрографиялық қайта шығаруға аталған көшірмелерді электрондық (цифрлық көшірмелерін қоса), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау немесе қайта шығару кірмейді;
19) қайта шығару - туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектілерінің бір немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдіспен және кез келген нысанда, толық немесе ішінара, тікелей немесе жанама түрде дайындау. Дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екі өлшемдік немесе үш өлшемдік туындының бір немесе одан да көп даналарын дайындау, сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін кез келген материалдық нысанда кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау қайта шығару түрлері болып табылады;
20) құқық иеленуші - авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонофаммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар беру ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;
21) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа немесе фонограммаға немесе туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбір құқық иеленушіні бірдейлендіретін ақпарат. Ақпараттың кез келген элементі туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берілетін, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонофамманы хабарлауға және (немесе) жеткізуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берілген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;
22) құрамдас туынды - материалдарды іріктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтің нәтижесін білдіретін туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);
23) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тікелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бір техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбілдік телевизия және басқалары) көмегімен көрсету. Дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын реті бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;
24) орындаушы - актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын қандай да бір өзгедей жолмен орындайтын басқа да адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;
25) пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға;
26) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тікелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;
27) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонофамма жасаушының, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары;
28) сәндік-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсіпшілік туындысын немесе өнеркәсіптік әдіспен дайындалған туындыны қоса алғанда, іс жүзінде пайдаланылатын заттарға көшірілген екі өлшемді немесе үш өлшемді өнер туындысы;
29) спектакльді қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклін немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;
30) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тілде білдіру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилін де бұрмаламайтын болуға тиіс;
31) туындының данасы - туындының кез келген материалдық нысанда дайындалған көшірмесі;
32) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпыжұрттың назарына жеткізу арқылы және өзге де әдістермен оған көпшіліктің алғаш рет қолын жеткізетін іс-әрекетті автордың келісімімен жүзеге асыру;
33) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бір жанрдан екінші жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлері болып табылады;
34) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесінде жасалған туынды;
35) уәкілетті орган - авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
36) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;
37) фонограмманың данасы - фонограммадан тікелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бөлігін қамтитын кез келген материалдық жеткізгіштегі фонограмма көшірмесі;
38) фонограмма шығарушы - қайсыбір орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған жеке немесе заңды тұлға.
39) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлі көркемдік мұраларға (халық ертегілері, халық поэзиясы, халық әндері, халық аспаптық музыкасы, халық билері мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдік нысандары және басқалар) тән элементтерді қамтитын туынды;
40) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейінірек кезеңдегі нәтижесі болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткізгішке жазу кезінде ЭЕМ-мен белгілі бір міндеттерді орындау немесе нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілетін сөздер, схемалар немесе бейнелеудің өзге де кез келген түрінде бейнеленген командалар жиынтығы;
41) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгілеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтінге өзгертуді қамтитын техникалық тәсіл;
42) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендіру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейімделуге жатпайтын кез келген өзгерістері;
43) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейімдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;
44) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетуді немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбілдік телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерік арқылы эфирге беру кезінде жердегі станциядан жерсерікке сигналдар қабылдау және жерсеріктен сигналдар беру эфирге беру деп түсініледі, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшіліктің нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткізу мүмкін болады. Егер көпшілікке кодты ажырату құралдарын эфирлік хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берілсе, код белгіленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;
45) эфирге кейінгі беру - бұрын эфирде берілген немесе кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін қайталап беру;
46) эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының хабары - эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының өзі жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебінен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар.";
2) 14-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыны пайдалануға айрықша мүліктік құқықты жұмыс беруші иеленеді.";
4-тармақ алып тасталсын;
3) 16-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы);";
6-тармақта "және құқық иеленушінің" деген сөздер "немесе өзге құқық иеленушінің" деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 18-баптың тақырыбы және 1-тармағы "автордың немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
19-баптың тақырыбы және бірінші абзацы "автордың немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
21-бапта "автордың немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
7) 25-бапта:
бірінші абзац "автордың немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
2) тармақша "авторымен немесе" деген сөздерден кейін "өзге де" деген сөздермен толықтырылсын;
28-баптың 3-тармағы алып тасталсын;
35-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Фонограмма жасаушы, эфирлік және кәбілдік хабар таратушы ұйымдар осы тарауда көзделген құқықтарды орындаушымен, сондай-ақ фонограммаға жазылған не эфирде немесе кабель бойынша берілетін туындының авторымен жасалған шарт бойынша алған құқықтары шегінде жүзеге асырады.";
4-тармақтың бірінші абзацында "жасаушы" деген сөз "шығарушы" деген сөзбен ауыстырылсын;
10) 43-бапта:
1-тармақта:
"олардың" деген сөз алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар ұжымдық басқарудың мынадай:
1) көпшілік алдында орындалуына, эфирде немесе кәбіл бойынша, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;
2) мұндай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе эфир немесе кәбіл бойынша хабарлау үшін сыйақы алуға дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторы болып табылатын композиторлардың құқықтарын жүзеге асыру;
3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;
4) жеке мақсатта фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын қайта шығару үшін сыйақы алуға авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жасаушылардың құқықтарын жүзеге асыру;
5) коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ эфирде немесе кәбіл бойынша хабарлау үшін сыйақы алуға орындаушылардың құқықтарын жүзеге асыру;
6) коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ эфирде немесе кәбіл бойынша хабарлау үшін сыйақы алуға фонограмма жасаушылардың құқықтарын жүзеге асыру;
7) жарияланған туындыларды репрографиялық қайта шығаруды басқару құқығына салаларында құрыла алады.";
2-тармақта "коммерциялық іспен айналысуға, сондай-ақ " деген сөздер алып тасталсын;
5-тармақта "Авторлардың" деген сөз алып тасталсын, "қоғамдық" деген сөз "коммерциялық емес" деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 44-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес алынған өкілеттіктер негізінде мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланудың тиісті тәсілдеріне пайдаланушылармен лицензиялық шарттар жасасады. Мұндай лицензиялық шарттардың талаптары бір санаттағы барлық пайдаланушыларға бірдей болуға тиіс. Аталған ұйымдардың оған жеткілікті негіздерсіз пайдаланушыға лицензиялық шарттар жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.";
12) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"46-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым:
1) авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері туралы және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға;
2) осы Заңның 45-бабындағы 4)-тармақшасының ережелеріне сәйкес жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалануға тиіс. Бұл орайда ұйым жиналған сыйақыдан өзінің мұндай сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге кеткен нақты шығынын өтеуге қажетті соманы, сондай-ақ өзі өкілі болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің келісімімен және солардың мүддесіне сай сол ұйым құрған арнайы қорларға жіберілетін соманы ұстап қалуға құқылы;
3) туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін нақты пайдалануына қарай осы тармақтың 2)-тармақшасында аталған соманы шегеріп отырып, жиналған сыйақыны бөлуге және ұдайы төлеп отыруға;
4) құқық иеленушілер туралы, оған басқаруға берілген құқықтар туралы, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтер қамтылған тізілімдерді қалыптастыруға тиіс. Мұндай тізілімдерде қамтылған мәліметтер заңға сәйкес құқық иеленушінің келісімінсіз жария етілмейтін мәліметтерді қоспағанда, барлық мүдделі тұлғаларға ұсынылады.
5) авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілерінің атауын, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің атын қосқанда, оған басқаруға берілген құқықтар туралы ақпаратты WЕВ-сайтта орналастыруға;
6) авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану үшін сыйақы жинау, бөлу және төлеу функцияларын жүзеге асыратын жер-жерлерде өкілдіктердің болуы туралы ақпаратты WЕВ-сайтта орналастыруға;
7) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қызметі туралы пайдаланушыларды ақпараттандыру мақсатында WЕВ-сайт құруға міндетті.
2. Осы Заңның 45-бабының 4)-тармақшасында көзделген сыйақы жинауына қатысты мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың өкілеттік бермеген авторлық және сабақтас құқықтар иелері жүргізілген бөлуге сәйкес ұйымнан өздеріне тиесілі сыйақының төленуін талап етуге, сондай-ақ бұл ұйым пайдаланушыларға берген рұқсаттардан өз туындылары мен сабақтас құқықтар объектілерін шығарып тастауға құқылы.";
13) мынадай мазмұндағы 46-1, 46-2-баптармен толықтырылсын:
"46-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 1-тармағында көзделген ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлік алуға құқылы.
2. Аккредиттеу осы Заңның 43-бабының 1-тармағында көзделген салалардың әрқайсысы бойынша бөлек жүргізіледі.
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 1-тармағында көрсетілген ұжымдық басқарудың бір, екі және одан да көп салаларында қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы куәлікті ала алады.
Аккредиттеу туралы куәлікті алған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым құқықтарын басқару туралы шарт жасасқан құқық иелерімен қатар мұндай шарт жасаспаған құқық иелері үшін де сыйақы жинауды жүзеге асыруға құқылы.
46-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеуді жүргізу тәртібі
1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу ерікті болып табылады және осы Заңға сәйкес мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың өтінішінің негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын уәкілетті орган жанындағы аккредиттеу ұйымдары мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын Акредиттеу ұйымдары жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде (бұдан әрі - аккредиттеу жөніндегі комиссия) уәкілетті органмен жүзеге асырылады.
3. Акредиттеу жөніндегі комиссияның құрамы мен ережесі уәкілетті органмен бекітіледі.
Аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күн туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және оның ресми WЕВ-сайтында аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін 60 күнтізбелік күннен кешіктірмей жариялайды.
4. Аккредиттеу алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға жазбаша түрде өтініш жібереді. Өтініш аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жіберілуге тиіс.
5. Өтініште:
1) өтініш берушінің атауы, оның орналасқан жері;
2) осы Заңның 43-бабының 1-тармағында көзделген, өтініш беруші аккредиттеу алуға ниеті бар ұжымдық басқару саласы көрсетіледі.
6. Өтінішке:
1) құрылтай құжаттарының нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
2) өтініш берушінің бухгалтерлік есебінің шынайылығын растайтын аудиторлық қорытынды қоса берілген өтініш берудің алдындағы соңғы есептік күнге бухгалтерлік теңгерімнің өтініш беруші куәландырған көшірмесі;
3) өтініш беруші құжаттарды бергеннен кейін қолданылу мерзімі бір жылдан кейін аяқталатын құқықтарды басқару жөніндегі өкілеттіктерді беру туралы құқық иеленушімен жасалған шарттар (құқық иеленушінің тегі, аты, әкесінің аты, шарттың деректемелері, басқаруға берілген құқықтардың санаты, құқықты пайдалану аумағы);
осыған ұқсас шетелдік ұйымдармен өтініш берушінің өзара өкілдігінің мүддесі;
авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану үшін сыйақы жинау, бөлу және төлеу функцияларын жүзеге асыратын жер-жерлерде өкілдіктердің болуы;
осы Заңның 46-бабының 1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес ұйым қалыптастырған тізілімнің болуы;
өтініш берушінің WЕВ-сайты туралы өтініш беруші куәландырған мәлімет;
4) ұсынылған құжаттардың өтініш беруші куәландырған тізімдемесі қоса беріледі.
7. Уәкілетті орган өтініштерді қабылдайды және өтініштерді тіркеу журналында нөмір беріп және қабылдау күнін көрсетіп, олардың есебін жүргізеді.
Уәкілетті орган өтініштерді қабылдау аяқталған соң мәліметтердің толықтығын және шынайылылығын тексеруді жүзеге асырады және аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысына алдын ала қорытынды жасайды.
8. Комиссия отырысы, егер отырысқа оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, шешім қабылдауға құқылы. Комиссия шешімі отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің басым даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең болса, комиссия төрағасы шешуші дауысқа ие болады.
Комиссия мүшелеріне сырттай дауыс беруді жүргізу арқылы шешім қабылдауына және өз өкілеттіктерін басқа адамға беруіне жол берілмейді.
9. Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша уәкілетті орган отырыс аяқталған күннен кейін 5 күннен кешіктірмейтін мерзімде аккредиттеу туралы шешім қабылдайды және өтініш берушіге 5 жыл мерзімге аккредиттеу туралы куәлік береді.
Уәкілетті орган:
1) осы баптың 6-тармағында көзделген құжаттар ұсынбаған;
2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәліметтер толық болмаған жағдайларда аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
10. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге заңнамада белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
11. Аккредиттелген ұйымдар туралы ақпаратты уәкілетті орган оның WЕВ-сайтында орналастырады.
12. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар таратылған жағдайда тиісті ақпаратты ұсынады және уәкілетті органға мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын акредиттелген ұйымды тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті органға қайтарады.
13. Қайта тіркелген не қайта ұйымдастырылған жағдайда, аккредиттелген ұйым көрсетілген мәліметті растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қайта тіркеу не қайта ұйымдастыру туралы уәкілетті органға он жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлайды.
Уәкілетті орган өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей аккредиттеу туралы куәлікті береді.
14. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда уәкілетті орган мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның жазбаша өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.";
14) 47-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
"Жыл сайын, есептік кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей, уәкілетті органға жиналған және аударылған сыйақының мөлшері, және ұйымның шығыстарын жабуға одан ұсталған сомалар туралы есепті жіберуге міндетті.";
2-тармақта "қоғамдық бірлестіктер туралы" деген сөздер "коммерциялық емес ұйымдар туралы" деген сөздермен ауыстырылсын;
15) мынадай мазмұндағы 47-1-баппен толықтырылсын:
"47-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу
Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті орган:
1) құжаттарда аккредиттеу туралы шешім қабылдауға негіз болған шынайы емес мәліметтерді анықталған;
2) уәкілетті органға белгіленген мерзімде аккредиттелген ұйымның қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынбаған;
3) аккредиттелген ұйым аккредиттеуден өз еркімен бас тартуы туралы өтінішті ұсынған;
4) осы Заңның 46-2-бабы 12-тармағымен көзделген жағдайларда;
5) уәкілетті органға аккредиттелген ұйымның қызметі туралы көрінеу жалған мәліметті қамтитын жыл сайынғы есепті ұсынған жағдайда қайтарып алуы мүмкін.";
16) 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"48-бап. Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы
1. Осы Заңда көзделген авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық, қылмыстық және әкімшілік жауаптылық туындайды.
2. Туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты:
1) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын қолдану арқылы белгіленген туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға шектеулерді алуға бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруға;
2) егер мұндай іс-әрекеттер нәтижесінде авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын пайдалану мүмкін болмаған не осы техникалық құралдар аталған құқықтардың тиісті қорғалуын қамтамасыз ете алмаған жағдайда олардан пайда табу мақсатында пайдалануға не қызмет көрсетуге кез келген құрылғыны немесе оның компоненттерін дайындауға, таратуға, прокатқа (жалға) беруге, уақытша пайдалануға беруге, импорттауға, жарнамалауға;
3) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз авторлық құқықтарды басқару туралы ақпаратты жоюға немесе өзгертуге;
4) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараттың жойылуына немесе өзгертілуіне қатысты туындыларды қайта шығаруға, таратуға, тарату мақсатында импорттауға, көпшілік алдында орындауға, эфирде немесе кәбіл бойынша хабарлауға, жалпы жұрттың назарына жеткізуге жол берілмейді.".
2. 1999 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Патент
заңына
(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 20, 718-құжат; 2004 ж., N 17, 100-құжат, 2005 ж., N 21-22, 87-құжат, 2007 ж., N 5-6, 37-құжат):
1) 10-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"10-бап. Патент иеленуші
1. Қорғау құжаты:
1) өнеркәсіптік меншік объектісінің авторына (авторларына);
2) осы баптың 2-тармағында көзделген реттерде, жұмыс берушіге;
3) олардың құқықтық мирасқорына (құқықтық мирасқорларына), оның ішінде тиісті құқықты беру тәртібімен алған адамға (адамдарға);
4) бір-бірімен келісімдері болған жағдайда осы тармақта көзделген адамдарға бірге беріледі.
2. Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік өнертабысқа қорғау құжаттарының құқықтары жұмыс берушіге тиесілі болады.
3. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, өзінің қызметтік міндеттерін немесе жұмыс берушіден алған нақты тапсырманы орындауға байланысты емес, бірақ жұмыс берушінің ақпаратын, сондай-ақ материалдарын, техникалық және өзге де құралдарын пайдаланып автордың жасаған өнертабысына қорғау құжатын алу құқығы авторға тиесілі.
Егер қызметтік өнертабыс ұйымның қызметкері болып табылмайтын адам кіретін бірнеше адамның бірлескен шығармашылық еңбегімен жасалса, осы адамның көрсетілген қызметтік өнертабысқа қатысты құқығы оның осы ұйыммен және басқа да авторлармен жасалатын шартымен анықталады.
Егер қызметтік өнертабыстар шарт негізінде бірнеше ұйымдардың бірігіп жұмысты орындау нәтижесінде авторлармен жасалса, бұл ұйымдардың көрсетілген өнертабысқа құқығы олардың арасындағы шартпен анықталады.
4. Қызметтік өнертабыс жасалған жағдайда, автор жұмыс берушіні жазбаша түрде қызметтік өнертабысты жасау фактісі анықталған күннен бастап бір айдың ішінде хабардар етеді.
Хабарламаға автор (авторлар) қол қояды және онда:
1) автордың тегі, аты, әкесінің аты және атқаратын қызметі;
2) қызметтік өнертабыстың атауы;
3) оның жасалу жағдайы мен орны, болжамды қолданылу саласы;
4) өнертабыстың мәнін ашуға, санатын айқындауға және жұмыс берушінің қызметіндегі жарамдылығын бағалауға жеткілікті толық жасалған сипаттамасы қамтылуға тиіс.
Жұмыс беруші автор берген қызметтік өнертабысты жасағандығы туралы хабарламаны оны берген күннен бастап қабылдауға және тіркеуге міндетті, бұл жөнінде авторға жазбаша түрде хабарланады.
Егер сипаттама және өтінімді ресімдеуге қажетті басқа да мәліметтер толық болмаса, жұмыс берушінің қызметкерден қызметтік өнертабыс туралы қосымша материалдарды сұратуға құқығы бар, ол қосымша материалдарды сауалды алған күннен бастап бір ай ішінде ұсынады. Мұндай жағдайда осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім тоқтатылады және сұратылған мәліметтер алынғаннан бастап қайта қалпына келтіріледі.
5. Егер қызметкер қорғау құжатын алуға құқылы жұмыс берушіні қызметтік өнертабыстың жасалғандығы туралы хабардар етпесе, осы баптың 7-тармағында көрсетілген мерзім жұмыс берушіге оның жасалғаны туралы белгілі болған күннен басталады.
Егер қызметтік өнертабыстың жасалу фактісін жұмыс беруші анықтаған жағдайда, онда ол қызметтік өнертабыс авторына бұл туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер қызметтік өнертабысқа қорғау құжатын алу құқығы жұмыс берушіге тиесілі болса, ол авторға тиісті өтінімді ресімдеудің басталғандығы туралы хабарлауға міндетті, ал автор жұмыс берушінің талабы бойынша жазбаша түрде қызметтік өнертабысқа өтінімді ресімдеу үшін қажетті қосымша ақпаратты және қызметтік өнертабыстың барлық авторларының тізімін беруге міндетті.
6. Жұмыс беруші қорғау құжаттарын алуға өтінім бергеннен кейін қызметтік өнертабысқа қорғау құжатын алуға немесе қорғау құжатын күшінде ұстап тұруға қызығушылығын жоғалтқан жағдайда, авторға алынған қорғау құжатын алуға не алынған қорғау құжатына құқықты уақытылы және өтеусіз беруге міндетті.
7. Егер жұмыс беруші жасалған өнеркәсіп меншігі объектісі туралы автор өзін хабардар еткен күннен бастап төрт ай ішінде өтінім бермесе, қорғау құжаттарын алу құқығын басқа адамға бермесе және тиісті объектіні құпия сақтау туралы авторға хабарламаса, қорғау құжатын алу құқығы авторға көшеді. Бұл жағдайда жұмыс берушінің патент иеленушімен шарт бойынша тиісті өнеркәсіптік меншік объектісін өз өндірісінде пайдалануға басым құқығы болады.
8. Тараптардың ешқайсысы екінші тарапқа бұл туралы хабардар етпей, қызметтік өнертабысқа қатысты өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін сараптама ұйымына қорғау құжатын алуға өтінімді бермеуге тиіс.
9. Қызметтік өнертабыс үшін авторға сыйақы төлеудің мөлшері, талаптары және тәртібі автор мен жұмыс беруші арасындағы келісіммен белгіленеді. Келісімге қол жетпеген жағдайда шешімді сот қабылдайды. Егер қызметтік өнертабысты жасаудағы автор мен жұмыс берушінің үлестерін мөлшерлеу мүмкін болмаса, жұмыс беруші алған немесе алуға тиісті пайданың жартысына автор құқылы деп танылады.".
2-бап
. Осы Заң 2009 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1) тармақшасының он бірінші абзацын, 12), 13), 14) және 15) тармақшаларын қоспағанда, алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті